Қан айналымы– қанның жүрек арқылы қан тамырлары бойымен жылжуы. Омыртқасыздардың көпшілігінде және төм. сатыдағы хордалыларда ашық қан айналу жүйесі дамыған. Адамдар мен барлық омыртқалы жануарларда тұйық қан айналым жүйесі болады. Қан айналымы тамырлар жүйесінен (артерия, капеляр), жүректен, бауырдан тұрады.
Кіші қанайналым шеңбері
Кіші немесе өкпе қанайналым шеңбері — жүректің оң қарыншасынан басталып, өкпе бағаны артериясы (бұлармен вена қаны ағады), өкпе, өкпе веналары (бұлармен артерия қаны ағады) арқылы жүректің сол жүрекшесіне дейінгі қанның жүретін жолы. Өкпеде газ алмасу процесі жүріп, жүректен келген вена қаны көмірқышқьш газын ауаға бөліп, ауа құрамындағы оттекпен қанығып, артерия қанына айналады.
Үлкен қанайналым шеңбері
Үлкен немесе жүйелік қанайналым шеңбері жүректің сол қарыншасынан (артерия қаны) қолқамен барлық артериялар арқылы организмнің барлық мүшелер жүйелеріне барып, қан капиллярларына таралып, одан әрі веналар арқылы (вена қаны) жүректің оң жүрекшесіне дейінгі қанның жүретін жолы. Үлкен қанайналым шеңбері организмнің барлық мүшелер жүйелеріндегі зат және газ алмасу процестерін қамтамасыз етеді. Аталған процестер микроайналым арнасы қан тамырларының қабырғалары арқылы қан мен қоршаған ұлпалар арасында үздіксіз жүріп отырады.
Адам мен жануарлар ұрығының эмбриондық дамуы кезеңінде іштегі нәресте мен жануарлар іштөлі организмдері қан тамырлар жүйесінде бірін-бірі ауыстырып отырып жетілетін екі: сарыуыздық және ұрықжолдастық (плаценталық) қанайналым шеңберлері болады.
Сарыуыздық қанайналым шеңбері
Сарыуыздық қанайналым шеңбері - ұрықтық дамудың алғашқы кезеңінде пайда болып, плацентарлық қанайналым шеңберіне ауысады. Сарыуыздық қан айналым шеңбері негізінен жұп жүрек түтікшелерінің алдыңғы ұшында жетіліп, дорсальдық қолқадан басталады. Одан сарыуыз - шажырқайлық артерия бөлініп, сарыуыз қапшығында капиллярлар торына тармақталады. Бұл тордан вена қанын жинайтын сарыуыз-шажырқайлық вена жүрек түтікшелерінің артқы ұшына ашылады.
Ұрықжолдастық қанайналым шеңбері
Ұрықжолдастық қанайналым шеңбері іштөлінің (іштегі нәрестенің жолдасы — ұрықжолдас пайда болғаннан бастап қызмет атқара бастайды. Бұл кезенде жүрек түтікшелері төрт бөлімді (камералы) жүрекке айналады. Ұрық организмінде артерия және вена қан тамырлары қалыптаса бастайды. Қан іштегі нәресте (іштөлі) организмінен жұп кіндік артериялары арқылы ұрықжолдасқа жеткізіліп, оның капиллярларында оттегі пен қоректік заттарға қанығып, артерия қанына айналады да, кіндік венасы арқылы ұрық денесіне (бауырға) әкелінеді. Бауырдан ағып шыққан артерия қаны артқы дене бөлігінен каудальды (адамда — төменгі) қуыс вена арқылы ағып келген вена қанымен араласып, аралас қанға айналады да, жүректің оң жүрекшесіне құйылады. Оң жүрекшеден жүрекшеаралық пердедегі сопақша тесік (foramen ovale) арқылы сол жүрекшеге, одан әрі жүрекше-қарын- шалық тесікпен сол қарыншаға, содан соң қолқа арқылы ұрықтың денесіне тарайды. Ұрық организмі бас бөлімінен жиналған вена қаны краниальды (адамда — алдыңғы) қуыс венамен оң жүрекшеге құйылып, одан оң қарыншаға өтеді де, өкпе артерия бағаны арқылы өкпеге бағытталады. Ұрық организміндегі өкпелік қан- айналымның қызметке қосылмауына байланысты, қан ерекше артерия өзегі арқылы қолқадағы аралас қанға барып құйылады. Туғаннан кейін, нәрестенің (іштөлінің) бірінші рет тыныс алуына байланысты (өкпенің қызметі қалыптасады) плаценталық қанайналымның орнында үлкен және кіші қанайналым шеңберлері қалыптасады.