+1 дауыс
13.2k көрілді
"Ақбілек" романындағы Мұқаш пен Ұрқияның ерекшелігі қандай?

Сайып келгенде Ж. Аймауытұлының қазақ қызының өмір, тағдыр жолын баяндағанда да ескі ауыл мен этнографиялық суреттерді, адамдар қарым-қатынасын көрсеткенде де ой мен сөздің табиғи оралымдарына, тіл байлығына, шеберлік иірімдеріне көз жеткіземіз. Сондай-ақ романдағы әлеуметтік-психологиялық иірімдер, жекелеген кейіпкерлерді мүсіндеу мен олардың ішкі монологтары, ең негізгісі - қазақ тұрмысы мен заман көріністері реалист суреткердің қолтаңбасын көрсетеді. Бұл ретте аудармашы әрі жазушы, қазақ тілінің жанашыры Г. Бельгердің төмендегідей пікірлеріне қосылып, қолдауға әбден болады, «Аймауытовты оқығанда еріксіз таң қаласың, әсіресе сөз кестесі, айшықты, әшекей тілі оқушының өзін бірден баурап, үйіріп әкетеді. Шын мағынасында эстетикалық ләззат алып, шынайы сезімге бөленесіз.

Аймауытов сөздік қоры орасан бай, ағыл-тегіл молдықтың арқасында жазушы қаламынан туған, дүниенің тынысы кең, емін-еркін көсіліп жазып, нақышына келтіріп суреттер жасайды... тіл байлығы ағыл-тегіл, төкпе жазушы-суреткер тақ-тұқты місе тұтпайды, еселеп, екпіндетіп, шабыты шалқып, рухтанып кетеді... Аймауытов сынды ұлттық мәдениеттің аса ірі қайраткерін қолына қалам ұстаған кейінгі ұрпақ жан-жақты зерттеп, талдап, терең ұғуымыз керек». Бұл жазушы шығармаларын оқығаннан кейінгі алғашқы әсер, құрғақ тамсану, түйсіну емес. Таза талантты тану, құрметтеу әрі көпке ұнамды, үлгілі қырларын да көрсету. Бұған аталмыш романды оқып, танысқан әрбір адам анық көз жеткізеді. Өйткені таза талант белгісі - бай да кестелі тіл, көркем ойларымен ерекшеленері хақ.

Түйіндей айтқанда, "Ақбілек" романы - қазақ ауылындағы дүрбелең жылдар шындығын, олардың дәстүрі мен тұрмысын, жекелеген адамдардың іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарын, әсіресе негізгі тұлға - Ақбілектің қызығынан қиындығы мол өмір жолдары жайында мұң мен шер де, сыр да толғайтын туынды. Сонымен бірге халқымыздың өткен өмір көріністерін, адамдар арасындағы көзқарастар қақтығысын, ел мен жер, келешек күндерге деген наным, сенімдері серпінді, шабытты, көркем кестеленеді. Кейіпкерлер келбеті, іс-қимылдары да нанымды жеткізіледі. Оқырманның - әдемі әлем, әсерлі ой құшағында қалары да анық. Араға ұзақ уақыт салып жарық көрген қаламгердің бір томдық «Шығармаларына» жазған алғы сөзінде ғалым - әдебиетші С. Қирабаев: «Ақбілек» бір қыздың тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріңдегі қазақ ауылының жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романының бірі десе, профессор Т. Кәкішев: «Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет тарихына оралуы, оның "Қартқожа", "Ақбілек" романдарымен, талай мәнді драматургиялық шығармаларымен әдебиетіміздің қалыптасу дәуірінде де шыншыл, реализм дәстүрінің озық үлгілері өзінің орасан зор ықпалын жасап қана қоймай, жаңа көркемдік әдіске ұласқанына нақты дәлел бола алады» деп, жазушы шығармашылығына, сөз өнеріндегі нақтылы көзқарасын білдіреді. Жазушы Р. Тоқтаров: «Ақбілек» романынан адам мінездерінің энциклопедиясын көруге болады» деп қысқа сөзбен нұсқалы, нақтылы түйін жасайды.

Тұтастай алғанда «Ақбілек» романы қысқа мерзімде жазылғанымен кезең, уақыт шындықтары, кейіпкерлердің орыны мен іс-әрекеттері бейнелі де бедерлі жеткізіледі әрі байыпты ой мен сөз жүйесінен, қалыптасқан қолтаңба мен стиль сұлулығынан табиғи талант белгілері терең танылады. "Ақбілек" романының шыны да, сыры да осы.

Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек: Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен қаламгерлік қызметі: / Сағынбекұлы Р. - Алматы: Санат, 1997.- 224 б.

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Іргелі қаламгердің "Ақбілек" романы да шабытты шақ пен талантты қолтаңба жемісі әрі халық өмірі мен тұрмысынан алынғаны шындық. Көрнекті сөз зергері Ғ. Мүсреповтың "Чудесный нәрсе" деп романға қатысты қысқа да ұтымды берілген бағасы. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фоножазбасындағы нөмірі 107 таспада сақтаулы. Белгілі қаламгердің "Менің ұстазым - Аймауытов!" деуі де оның таланты мен шығармашылығын танып, соған байланысты білдірілген әділ көзқарасын аңғартары анық. Пікір орайында, жазушы - аудармашы Б. Майлин атындағы сыйлықтың лауреаты Насыр Фазыловтың осы жолдар авторымен кездесуінде айтқан: "Ақбілектегі" ақ өлең үлгісіндегі жолдарды реттік жүйеге түсірсек - кәдімгі өлең оқимыз. Осындай ұқсастық Ғ. Мүсреповтың "Қазақ солдаты" романынан да ұшырасады. Демек, прозамен де өлең жазып, ақын атануға болады екен. Менімше, "Ақбілек" авторы кемел прозашы ғана емес, айтулы ақын да болған" деген сөздерінде шындық бар.

Күрделі жанрдағы шығарма "Әйел теңдігі" журналының 1927-28 жылдарғы бірнеше сандарында жарияланды. Бірақ кітап болып басылған жоқ. Демократия тағылымы нәтижесінде бірнеше қаламгерлермен (А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Жұмабайұлы т.б.) бірге ақталған Ж. Аймауытұлының аталмыш романы белгілі аудармашы X. Өзденбаевтан алынған нұсқасы бойынша "Жазушы" баспасынан (құрастырғандар: М. Атымов, Қ. Керейқұлов) жарық көрді.

Романның ішкі әлем-иіріміне енбес бұрын бірер жайтқа назар аударған жөн. Алдымен ойға оралатыны - жазушы мұрасын қазіргі әріпке түсіріп, қайта жаңғыртып, жариялау ісіне бұрынғы архив қызметкері Б. Байғалиев елеулі еңбек етті. Бұған "Ақбілек" романының қолжазбасын қайта қарап, бір ізге түсіруін еске алсақ та жеткілікті.

Романға қатысты және бір жайт - Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Ж. Аймауытұлының өзара жазысқан хаттарына көрінер еді. «Хатты» байырғы баспасөз - "Социалистік Қазақстан" газеті арқылы қалың көпке таныстырған филология ғылымының кандидаты С. Дәуітов. "Хатқа" маңыз беруіміздің себеп-сыры - "Ақбілек" романының шығармашылық тарихына қатысты ұнамды, ұтымды пікірлердің білдірілуінде деп білеміз. Мәселен, романға қатысты ойын автор былай білдірген: "Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істеді десеңіз, "Қылуатта" жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген "Қартқожадан" үлкендігі екі есе болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды болыппын, досты, жолдасты, құрметті қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын. Мен күнді қалай өткізеді десеңіз, міне былай: таңертең сағат сегізде тұрамын да, шай ішіп, қызметке - бала оқытуға кетемін. Күніне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемін, тамақ ішемін. Одан кейін ұйықтаймын. Сағат алты-жетілерде оянамын. Сүйтем де жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгі сағат екі-үшке дейін отырып қалам. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Міне, екі жарым айдай көрген өмірім осы". Бұдан кейін автор сөз еткен романының соңғы нүктесін қойып, "баспаға жіберіп отырмын" дейді. Жазушы өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер үшін бұл келтірілген үзіндінің маңызы жоғары екені арнайы дәлел, дәйектемені қажет етпесе керек.

Жалпы жоғарыда еске алған "Хат" автордың М.Ж. Көпеевпен байланыста болғанын ғана көрсетпейді, сонымен бірге әдеби мұраны жинау, бастыру, көпке ұсыну мәселесін де көтереді. Айталық, 1927 жылдың 20 мамырында Шымкент шаһарынан жазылған хатта М. Ж. Көпеевтің өткен өмірін, көп жасағанын еске ала отырып автор: "...қалған өмірде қаламға сырласып, өткен дұрыс" дейді. Оған тоқсан үш жастағы түрікпен ақынының сөзін, Майлы (Майлықожа) мен Шәңгерей өлеңдерінен ұтымды мысалдар келтіріледі. Сөйтіп: қазіргі және бүгінгі өлеңдерін, қазақ шежіресі мен ақындар айтысы, би-шешендердің өнегелі сөздерін еске түсіріп, жинап, жолдауын өтінеді. "...өз атыңызбен басылады" деуді де ұмытпайды. Бұл - Ж. Аймауытұлының ұстаздық, шығармашылық жұмыстарынан тыс әдеби мұраға, ұлттық қазынаға деген көзқарасын айқын аңғартады.

Ендігі бір түйінді мәселе - "Ақбілек" романының қайда жазылғандығы хақында. Біздіңше, мұның жауабы қысқа: алғашқы көлемді де көркем, "ұзақ әңгімесі" (автор осылай көрсеткен - Р.С.) "Қартқожа" 1926 жылы Қызылордада жарық көрсе, көп ұзамай Шымкент шаһарында алдымен ұстаз, сосын директорлық қызмет атқарған (педтехникумда - Р.С). Ж. Аймауытұлының келесі көркем әрі шабытты жазылған, талант қарымын мол жұмсаған "Ақбілек" романын қысқа мерзімде аяқтады. Оған жоғарыда еске алған «Хат» және филология ғылымының кандидаты Ә. Оспанұлының "Ақбілек" - Шымкентте жазылған" атты мақаласындағы: "...ең әуелі жазыла бастауы да, аяқталуы да біздің облыс орталығында жүзеге асқан" деген жолдар нақтылай түседі.

"Ақбілекті" оқып-танумен бірге, әдеби-ғылыми тұрғыдан да зерттеп, бағалаудың мәні зор.
Алдымен еске аларымыз: жазушы таланты, шығармадағы өмір оқиғалары мен әлеуметтік мәселелер, жеке адамдар тағдыры кім-кімді болса да бей-жай қалдырмайды. Романның композициялық, образдар жүйесіндегі айқындық, тіл бедері, оқиға мен айнала-әлемнің көрініс, суреттері т. б. қуатты қалам қайратын, қалыптасқан қолтаңба мәнерін көрсетері хақ. Аталмыш шығармаға дейін көптеген өлең мен әңгіме, сонымен бірге роман жанрында да автор қаламы өткір ұшталған, қара сөздің хас шеберіне айналған. Автор алғашқы тұстан-ақ оқиға өтетін орта, айнала-әлемді нанымды суреттейді. Ой мен сөз тұтастығы, тіл бедері бірден, еріксіз баурап алады: "Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ басында, алақанның аясында, бал татыған айна сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, шарап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқалаған ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі - Алтай жазы тау еркесі - киік болып, өзге елдерден биік болып, Марқакөлдің самалында сайран етіп жатқаны.

Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүті емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лақылдайды; қара саба емізіктеп, қою салқын, сары қымыз быжылдаған дәрі қымыз шара-шара шылпылдайды. Бір шарасын ішкен адам дәл қор қызын құшқандай боп, беті шиқан дуылдайды, аузы қобыз гуілдейді, мас болады, жас болады...

Әлгі Алтайдың аруларын айтуға тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса - есің кетіп, сұңқыл қақса - шым-шым етіп, бойың босап, қиялын қия кезеді".

Мұндай бедерлі сурет, табиғат көрінісі мен өмір өрнектері шығарманың өн бойынан жылы лептей есіп, көңілге кедергісіз ұялайды. Мұндай сәттерде кейіпкерлермен бірге өмірге енесің, кейде қуанып, күйінесің... Көркем шығарманың рухани олжасы да осында емес пе?
...