0 дауыс
2.7k көрілді
Сол туралы видеога тусу керек.сагат 5ке деин жберу керек.тез аитыныздаршы

1 жауап

0 дауыс

Қолымда Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы. Аялай ұстап, толқи оқимын. «Біздің кейде өткенді еске алсақ болды, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеуге ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында, тұнық күйінде болмысына ұйытып алады да, сол қалпында сақтай біледі.  

Бала қиялы ол көргендерінен көлемді ой түйіп жатпайды. Қайта үзік-үзік үміттің өзінен рақат сезімге бөлене береді. Дәл қазір менің көз алдымда сонау сәби кездегі қызық пен қуаныштың елестері түйдек-түйдек жаңғырығып, жанымды жай таптырмай отыр».

Баукеңнің осынау тебіреніске толы көңіл күйі менің жан дүниемді зілзалаға салып отыр десем, өмірдің ащы-тұщысынан немесе тәтті-дәмдісінен аузы уылған біраз адамдар кекесінмен сүле-сапа, қыжырта қабылдарына күмәнданбаймын.

Балғын балалық шағын өткен ғасырдың 20-50-ші жылдар аралығындағы қан-қасап қырғындар мен ашаршылықта, үрей мен кіріптарлықта, аштық пен жоқшылықта өткізген бақытсыз ұрпақтың қиянға құлаш ұрар әсершіл періште сезімге бөленген қымбатты естеліктері, әрине, тапшы болды. Ал бүгінгі жастардың болашағына алаңдаған Баукеңнің: «Ертексіз өскен бала –
рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам, менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең болып қалмаса деп қорқамын», деп қауіп етуге толық қақысы болғанын ендігі жерде дәлелдеп тыраштанудың жөні болмас.

Ел қамқоры, ұлт жанашыры Баукеңдердің ұлағатты сөздерін жадында жаңғыртқан Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халқына арнау сөзін «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» толғаныспен бастағаны тегін емес еді. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды... Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын».

Ата дәстүрден, ана-әже құшағынан аулақ өсіп ержеткен, соның салдарынан күн санап көбейіп бара жатқан көкек әке-шешелермен және тасбауыр, өзімшіл, қатыгез де аяуды білмейтін ұрпақпен бетпе-бет келіп отырмыз. Еуропа мен Американы пір тұтып, «адам құқын» жалаулатқан саясаткерсымақтар осындай сын сағаттарда да қаны сорғалаған шындықты мойындағысы келмей далбасалап, қайдағы бір «жасөспірім балалар құқығын қорғау», «жалғыз басты аналар құқығын қорғау» және гендерлік саясатты қолдауды жалаулатып, үйден, бала-шаға тәрбиесінен аулақтатып, баяғы «Қызыл отаудан» жұлқынып шыққан Күлтайлар мен Алмаларды мінбелер мен мәртебелі орындарға сүйрелегеннен не табарымызды ойлаған кім бар?

Осылардың, тағы басқа да әлеуметтік, тілдік, ділдік және діндік азғындаулардың кесапаты қорқынышты-ақ. Осындайда Бауыржан Момышұлының өкініш пен өкпе-ренішке толы жоғарыдағы базынасы, ұлтқа, отағалары мен отаналарына айтқан аманаты еске түсіп, батыр Баукеңді ұлттың – қазақтың қамқор да батагөй атасы болғанын әлі толық түсініп, танып, әспеттей алмаған екенбіз-ау деп қынжылғандай болады екенсің.

Баукеңе тағдыр сыйлаған жауынгерлік-қолбасылық һәм шығармашылық ғұмырдың соншама мағыналы да жемісті болуының ішкі себептері мен қайнар көздеріне назар аударар болсақ, бала Баукеңнің сүйікті әжесі Қыздығой мен Имаш атаны, Момыш пен нағашысы Серікбайлар бастаған аса көргенді, тәрбиелі, айрандай ұйыған тамаша нақ қазақы отбасын – қырандарды көкке самғатқан қастерлі ұшқан ұясының қасиетін атаймыз.

Бауыржан Момышұлы деген ұлы тұлғаға тән өмір шындығы бар болмыс-бітімімен ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дейтін қазақы философияда жатқанын, ата-әже, әке-шеше, нағашы жұрт дейтін үш тұғырға барып тірелетінін әлі күнге сезбейтін тәріздіміз.

Батыр Бауыржан өзін де, әкесін де, жаратушы Алланы да атасы Имаш пен әжесі Қыздығойдың бесік жырымен, күнделікті үлгі-өнегеге толы парасатты ақыл-кеңестерімен, нақтылы іс-әрекеттерімен қордаланған имани тәлім-тәрбиесі арқылы танып-біліп барып қазақтың мақтанышына айналып, ұлт төріне көтерілген болатын.

Ендеше «Ұшқан ұядан» алар тағылым, үлгі-өнегенің бүгінгі әр елдің догмалық педагогикасы мен тәлім-тәрбиесі дегендерге еліктеп-солықтаған реформашыл оқымыстыларға, жылда ауысып жататын шенеунік басшыларға берері ұшан-теңіз екенін оларға қалай ұқтырамыз? «Ұшар ұя» түзелмей қазақтың түлемейтінін қашан ұғынамыз, ағайын? Момынқұлдай жер-көкке сыймай аласұрып жүрген албырт жасты тезге салып, жөн көрсетер Серікбайдай әділ де қатал нағашылардың жоқтығынан қазақ баласы шынымен кежегесі кейіндеп бара жатқанын несін, кімнен жасыра аламыз?

Қайран оқымаған данышпан Қыздықой әженің Күн мен Ай, жел мен су және жарқанат жөнінде немерелеріне айтып берген аңыз-ертегілердің түйінін Баукең әжесінің: «Балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер. Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын» дейтін өсиетінен өрбітіп, «Біз осылай үлкендерден ғибрат алып өсіп едік. Ал үлкендердің әр өсиеті – өнер мен өнегенің ең шыңы ғой», деп әспеттейді.

Баукең ұшқан ұядан бүгінгі ұрпақ алар тағылымның бір парасы ауыл мен ағайын арасындағы дау-дамайды, телі мен тентекті қалай тектеп қандай шешім қабылдап келгенінен өрбіп жатса керек.

Егер де әр ауылда, әр әулетте телі мен тентегін тыйып, қатаң жазалай алатын Серікбайдай нағашысы, Бабастай туған інісін «қасқалап» араларынан аластап жібере алатын намысқой азаматтар болғанда бүгінгідей имансыз, арсыз, аяуды білмейтін қанды қол ұрпақ тайраңдап жүре алмас еді-ау! Ендеше қадірменді Баукең аса тебіреніспен жазып кеткен мына жолдарды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік. «Мұны естіген Бабас қайғыдан қатты күйініп қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Сонан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайдан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тымақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де қолына таяқ ұстатады.

– Енді қайда барсаң онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық, – деп теріс батасын беріп, қоныстан аластап шығарған екен.

Ол заманда қарғыстың ауыры «теріс бата», жазаның үлкені «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып қаңғытып жіберу болыпты ғой».

Туған інісіне осынша ауыр жаза тарттыруға итермелеген нәрсе ұрланған бір аттың күллі бір ауылды «қарақшылар қонысы», «ұрының ұясы», «алаяқтар ауылы» атандыруы болатын. Ал бүгінгі Бабастар бүгінгі Қабастарды шаштаразда отырғандай алдына алып отырып «қасқалап» тұрып елден аластамақ түгіл, бетіне қарап сөйлей ала ма? Өз кінәсін мойындап, «қасқаланған» күйімен елден кетуге дәті мен ұяты жеткен Қабастардан айналып кетпейсің бе? Оның үстіне жатжұртта тентіреп жүрсе де ұрпағына елін, жерін ұмыттырмай, үрім-бұтағын туған-туыстарымен қауыштырған Қабастардан айналып кетпейсің бе?!!

Қазақтың Бауыржандар өскен ұясы әлдеқашан бұзылып, бесігі әдірем қалған, мына «өркениеттер қақтығысы» апшысын қуырып, есін шығарып жатқан заманда ұлттық, мемлекеттік идеология тұтқасын ұстап отырған билік иелерінің пәрменді іс-әрекеттері, нақты қамқорлығы ауадай қажет емес пе?

Бүгінгі әр қазақ анық ел боламын десе, Баукеңнің «Ұшқан ұясын» оқып, тағылым-тәрбие алсын, әр отағасы мен отанасы өз отбасы, ұрпақ тәрбиелеп отырған ұяшығы туралы ойлансын дегім келеді. 70 жылдық социализмнен не таптық, неден айырылдық, енді не істеуіміз керек деген сұрақтың жауабын іздеуіміз керек болады.

Баукеңнің «әйел теңдігі», «қалың мал жойылады», «қыздар сүйген жігітіне шығады», деген сөздерді қазақтар қалай қабылдағаны туралы әсері де бүгінгі нақты өмірді басынан өткеріп отырған әр қазақты ойландырса керек еді. Басқа үлкен-кішілер мен қыздар жағын былай қойғанда, қадірменді Қыздығой әжесінің ашу-ызаға толы мына сөздерінде тарихи һәм ақиқи шындық та жатқан сияқты.

«Қалың мал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы ғой, қашаннан қалыптасқан кәдеміз емес пе? ...Қалың малсыз өзге босағаны аттаған қызда қандай қасиет бар дейсің? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме? Өз аяғымен келіп, өз аяғымен кетті деген сөз болмай ма?».

Мәліметтерге сенер болсақ, соңғы жылдары отау құрғандардың 49-51 пайызы ажырасып кетеді екен, ал отырып қалған кәрі қыздар мен жалғыз басты жесірлер жарты миллион шамасын құраса керек. Жат діндер жетегінде жүргендер мен шетелдіктерге күйеуге кетіп қаңғырып қалғандар қаншама? Қазақ қазақ болғалы көрмек түгілі атын естімеген «түнгі көбелектер» мен қонақүй, сауналарда тәнін сатып жүргендердің санын кім түгендепті. Сонда біздің көзсіз еліктеп, өкпеміз өше ентіге жүргізіп келген «әйел теңдігі» мен гендерлік саясатымыздың қазаққа бергені мен алғанының аралығындағы аспан мен жердей алшақтықты кім жоймақ? Баукеңнің Қыздығой әжесінше айтсақ, «құны жоқ» қызды кім сыйламақ?! ...Өз аяғымен келіп, өз аяғымен кетіпті деуге мәжбүр болмаймыз ба? Қазақы салт-дәстүрді, ата-бабадан қалған отбасылық жол-жоралғыларды, ұрпақ өсіп-өнетін «ұшқан ұяны» көзге ілмейтін «өркениетшіл зиялысымақтар» ұлттық қадір-қасиетімізден жұрдай дүбәралардың аянышты тағдырына қалай қарайтыны айтпаса да түсінікті. «Бұқа кімдікі болса, оныкі болсын, бұзау өзімдікі» дейтін хайуани тірлікті қанағат тұтуға тура келгені ме?

Тоқал алуды, шетелге бала сатуды, жетімханалар мен қарттар үйін көптеп салуды заңдастырғысы келетін «қамқорлар» бейәдеп баспасөз түгіл, арагідік Парламент мінбесінен дауыс көтеріп жүргенін қалай түсінуге болады?

Баукеңнің өмірінің көбін ормандай тұтасқан славян тектілер арасында, қатал әскери тәртіппен өткізген гвардия полковнигінің тәнті етер тағы бір қыры – оның қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрге соншама жетіктігі ғана емес, туған халқына деген махаббаты мен адалдығы, айрықша ізет-құрметі.

Баукеңнің «Иә, қазекем жаңа келген нәрестеге жан-тәнімен қуана да білетін, қазаға қалың жұрт боп қайғыра да білетін халық қой, шіркін» деген жүрекжарды сөзі осыған дейінгі қуаныш пен қайғылы қазаны түйіндеп, жаңа мазмұнға жол ашады.

Батыр Баукең қай тақырыпқа барса да туған халқының асыл қасиеттерін асқақтатып, ерекше тебіреніспен төгілте жазады. Батыр мен балуанға арналған мына жолдарды келер күннен үміті зор қазағым қалай қабылдарын өзі білер. Қауіп-қатерге толы өмір жолында қазекем «үнемі... ерлікті аңсайды. Биікке құмартады, жеңіске құлшынады. Бұл ретте халқымның мінезі бәйгенің сәйгүлігіне, даланың дауылпаз сұңқарына ұқсайды. Әр қазақтың ат десе алғыр, құс десе арқасы қозып тұратыны да содан болса керек. Астындағы аты үшін небір қияметке де көнуге бар. «Ол ешқашан атсыз қалып «қу томар» атанғысы келмейді».

«Жүйрік ат аяғынан қалады», «сұңқар қанатынан қалады. Егер жігіт осы екеуінен де мақрұм болса, онда ол, ер атаулының санатынан қалады, халқымыз осылай намысқа тырысып өскен. Өйткені «атсыз ер, қанатсыз құспен тең», «жаяу қалсаң жау қолына түскенің, сан қорлықтың запыранын ішкенің».

Қадірлі замандастарым, «Ұшқан ұяны» оқи отырып, одан тапқан тағылымдық, танымдық ой-пікірлерімді өздеріңізбен бөлісіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың барша Алаш перзенттерін рухани жаңғыруға шақырған ұлағатты сөзіне қолдау көрсету баршамыздың азаматтық борышымыз екенін тағы да қаперлеріңізге саламын.

Толығырақ: https://egemen.kz/article/164436-ushqan-uya-ulaghaty

...