0 дауыс
3.6k көрілді
Дін және қоғам эссе жазу

1 жауап

0 дауыс

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деп айта аламыз ба? Өкінішке орай, қоғамдағы кейінгі кезеңде көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар керісінше жауап беруге мәжбүрлейді. Кейбір зерттеушілердің пікірінше «қазақтардың діншілдігі «үстірт», «таяз», әсіресе жастар ислам дінінің негізгі қағидаларын білмейді». Шындығында, мешітке барып намазға жығылып немесе үйінде бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтындардың көпшілігі өзінің ислам дінімен байланысын ұлттық дәстүрдің құбылысы ретінде қарайтындығы шындық. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – дінге сенем деушілердің көпшілігінің діни білімнің негізгі ұстанымдары, қағидаларын, тарихын жете білмейтіндігінде.

Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Дін – Алла Тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз Жаратқан иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Сондықтан ислам діні кейбір замандастарымыздың санасында қалыптасқандай дінтанушы-молдалардың ғана ісі емес, Алла тағаланың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйы. Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандығымыздың мызғымас діңгегіне айналды.

Дін өзінің ақиқат болмысымен жақсылық жөніндегі шым- шытырық түсініктерді бір ізге салып, оны  бірден-бір тура жолға айналдыратын кемел ілімге айналса, ақиқат  өзінің дін ретіндегі көрінісімен адам жанына кір шалдырмай, оны үздіксіз тазартып отыратын, оның мәңгілік табиғатын жалғандық қоспалардан аршып, оны нұрландыратын нақты амалға айналады.

Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді.

Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиеті діннің басты бір маңызы болып табылады.

Басында айтқанымдай дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарымызға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде мына нәрселерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген дұрыс. Діни сауатын арттыратын орын ретінде мешітке бағыт бағдар беретін едім. Өйткені қазір мешіттің жанында жастардың діни сауатын ашу мақсатында курстар  ашылған. Сол жерлерден діни білім алса қоғамға да пайдасын тигізер жастарымыз өсіп- өнер еді. Мен өзім Түркияда оқыған кезімде жаз мезгілінде жастардың барар жері орталық мешіті еді. Сол жерден білмегенін имамнан сұрап, білгендерін бөлісіп білімдерін жетілдіретін. Сол жағдайды бізде қолға алып, жастарымыздың діни сауатын арттырсақ қоғамда тыныштық, береке боларына сенімдімін.

https://abai.kz/post/77611

...