0 дауыс
447 көрілді

Қазіргі заманның аурулары, пандемия ауруларына сипаттама жасаңыз

1 жауап

0 дауыс

Дүние жүзін жайлаған пандемия дерті туралы білікті маманның айтары аз емес. Қазіргі таңда пандемия індеті біршама бәсеңдегенімен ол толық жойылып біткен жоқ. Сондықтан карантин алынды екен деп босаңсуға болмайды. Бізге ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн. Бүгінгі әңгіме осы жөнінде болмақ.

— Әңгімемізді коронавирус ауруының тарихына, оның эпидемиологиясына қысқаша түсінік беруден бастасақ.

— Өткен жылдың соңында Қытайда пайда болған 2019-nCoV вирусы бүкіл әлемге таралып, халықаралық төтенше жағдай жарияланды. Көптеген ел оның зардабын тартуда. Вирус вирионының түрі тәжге ұқсайтындықтан, жаңа латын тіліндегі сorona (күн тәжі) және viridae (вирустар) сөздерінің бірігуінен құралған. Бұдан бөлек вирустың Ухань коронавирусы және Ухань пневмониясы деген атаулары бар.

Індеттің пандемиясы Қытайдағы Ухань қаласындағы жануарлар мен теңіз өнімдері базарынан шыққан. Тұрғындар түсініксіз өкпе қабынуына шалдыққан, яғни инфекция алғаш рет адамнан анықталды. Науқастардағы алғашқы клиникалық көрініс 8 желтоқсан күні біліне бастаған. Ал, 2019 жылдың 31 желтоқсанында індеттің жаппай тарай бастағаны туралы алғашқы мәлімет жарияланды. Содан Уханьдағы базар жабылып, клиникалық белгілері бар науқастар оқшауланды. Жарияланған геном негізінде филогенетикалық зерттеу жүргізіліп, аурудың вирус жұқтырған жануардан тарауы мүмкін деген болжам туындады. Осыдан кейін Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрін анықтады – SARS-CoV-2. Оның генетикалық құрылымы ауыр жіті респираторлы синдромды (атипті пневмония деген атаумен танымал) қоздыратын SARS-CoV вирусына 70% ұқсайтыны белгілі болды. Осылайша олар карта құрып, жаңа вирустың генетикалық құрылымын анықтады.

Ауыр жіті респираторлық синдромы – тыныс алу жолдарының жұқпасын тудыратын, адамнан адамға берілетіні дәлелденген жұқпалы вирус. Қазіргі таңда COVID-19 індетінің қоздырғышы. Аурулардың жіктелуінде ол COVID-19 ретінде тіркелді.

— Демек, тұмауға ұқсас коронавирустың адам арқылы жұғуы қауіпті күшейтіп тұр ғой...

— Иә, вирус тасымалдаушы — адам. Сондықтан симптомдар байқалмаса да, басқа адамдарға 1-2 метр қашықтықта жұқтыруы әбден мүмкін. Коронавирус жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде, сондай-ақ сөйлесу кезінде пайда болатын сілекей тамшылары арқылы беріледі. Ауру тасымалдаушының аузынан ұшатын ұсақ бөлшектер инфекцияны таратудың негізгі жолдарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, адам кез келген ластанған затты ұстап, сосын қолымен аузы-басын, қолын, көзін ұстағанда жұқтырады. Сондықтан, адамдар қарым-қатынасында ара қашықтықты сақтау керек немесе оқшаулану қажет.

Инкубациялық кезең 2-ден 14 күнге дейінгі аралықты құрайды. Коронавирус қоршаған ортаға төзімсіз, 57° және одан жоғары температурада жойылады, залалсыздандырушы және құрамында 45-70° спирт бар заттарға төзімсіз. COVID-19 коронавирусының бастапқы байқалуы өкпе қабынуына өте ұқсас: 90% жағдайда қызба сияқты дене қызуы көтеріліп, қалтырайды. Ал, 80% жағдайда әлсіздік, құрғақ, қақырықсыз жөтел пайда болады. 20% жағдайда тыныс алу қиындап, ентігу, бас ауруы, бұлшық еттердің ауырсынуы, тамақ ауыру, есінен тану, кеуде тұсындағы ауырсыну сезімі, тез шаршағыштық байқалады. Науқастың жүрегі айнып, құсады, іші өтуі мүмкін. Сонымен қатар иіс, дәм сезу рефлексі жоғалады. Итальяндық және испандық дәрігерлер балалар мен жасөспірімдерде кездесетін коронавирустың бөртпелер мен шешекке немесе қызылшамен ауыратын ауруға ұқсас екенін айтады. Әдетте, саусақтарда қызару пайда болады, содан кейін тыртықсыз жазылады. Басқа вирустық респираторлық аурулар сияқты асқыну қаупі әсіресе балаларда, қарттарда, иммундық жүйесі әлсіреген, қатерлі ісік және созылмалы аурулары бар, атап айтқанда, тыныс алу жүйесінің аурулары бар адамдарда жоғары.

— Сонда коронавирус пен тұмау вирусының айырмашылығы неде?

— Коронавирус пен тұмау вирусының ұқсас белгілері болуы мүмкін, бірақ генетикалық жағынан олар мүлдем өзгеше. Тұмау вирустары өте тез көбейеді. Ал, оның белгілері инфекция жұқтырғаннан кейін екі-үш күнде пайда болады. Коронавирусты анықтау үшін 14 күнге дейін уақыт қажет. Қазақстанда қауіпті дерттің пайда болуы мен таралу қаупі туындаған кездегі маңызды шаралардың бірі — дер кезінде диагноз қою. Жаңа коронавирустың гендік құрылымы туралы ақпарат пайда болған сәттен бастап 7 күннен аз уақыт ішінде денсаулық сақтаудың ғылыми ұйымдарымен вирустың адам ағзасында болуын анықтау үшін диагностикалық жиынтықтардың екі нұсқасы жасалды. Жиынтықтар полимеразды тізбекті реакция (ПТР) деп аталатын молекулалық-генетикалық зерттеу әдісіне негізделген. Бұл әдісті пайдалану тест жүйелеріне айтарлықтай артықшылықтар береді. Біріншіден, ол өте сезімтал. Яғни дамыған тест жүйелерінің көмегімен вирустың бір данасының көшірмесін табуға болады. Екіншіден, ауруды диагностикалау үшін қаннан анализ алудың қажеті жоқ. Мақта тампонымен мұрын-көмей қуысының кілегейлі қабығын алса жеткілікті. Үшіншіден, талдау нәтижесін 2-4 сағат ішінде алуға болады. Еліміздің бүкіл аймақтарында қажетті диагностикалық құралдарды қолдану үшін қажетті жабдықтар мен мамандарға ие диагностикалық зертханалар бар.

Қазіргі уақытта бұл жұқпаның нақты емі жоқ. Патогенетикалық және симптоматикалық емдеу жүргізіледі.

— Індеттің алдын алуға, гигиеналық талаптарға көп нәрсе байланысты демексіз ғой.

— Өкінішке қарай, жұқпалы және вирустық аурулардан, әсіресе, әлеуметтік белсенді адамның сақтануы қиын. Микробтар науқастан сау адамға ауа тамшылары арқылы оңай жұғады және денеге бірден әсер етеді. Дәрі-дәрмектерді қабылдау немесе медициналық қорғаныш заттарын қолдану арқылы адам вирустардан және бактериялардан қорғана алады. Әсіресе, бетперде мұрынның шырышты қабаты мен инфекция көзі арасындағы кедергі болып табылады. Оның негізгі міндеті – шырышты қабыққа енетін вирус концентрациясын азайту. Бетпердені қолдану әдісі мүлдем қауіпсіз және бәріне қолжетімді. Ол мұрынды, ауызды және иекті толығымен жабуы керек. Стандартты бетперде үш қабатты, ал, ішкі қабаты негізгі сүзгіш функциясын орындайды. Естеріңізде болсын, кейде өте қарапайым деген заттардың өзі өмірді сақтайды.

Алдын алу шараларын мұқият ұстанған жөн. Мәселен, далаға шығарда мұрын қуысына вирусқа қарсы жақпа май жағып, содан соң бетперде тағу керек, қолды жиі-жиі сабындап жуып, құрғатып, ұзын жеңді киім киген жөн. Мүмкіндігінше бас киімді тастамағаныңыз абзал. Себебі, шашта вирус ұзақ сақталады. Үйге келгенде, қолға санитарлық тазалағыш бүркіп, сырт киім мен аяқ киімді шешкеннен кейін жуынатын бөлмеге кіріп, бетпердені шешпестен қолды жақсылап сабындап жуу керек. Бұдан әрі бетпердені абайлап шешіп, оны кәдімгі целлофан пакетке салып, аузын буып, қоқыс шелекке тастайды.

Содан кейін душқа түсіп, үйден шығарда жаққан мұрын қуыстарындағы жақпа майды сабынмен жақсылап жуып тастайды. Жуынып болғаннан кейін тамақты тұзды сумен шаю (бір стақан суға 1 шай қасық тұз) керек.

Есіктің алдына дезинфекциялық ерітіндіге малынған кілемшені немесе сүлгіні төсеу қажет. Мұндай ерітіндіні үйде дайындау оңай. Бір литр суда хлор таблеткасы немесе 50,0 мг қарапайым ағартқыш «Белизна» ерітіледі. Үйге кірерде осы төсенішке аяқ киіміңізді сүртіп кіріңіз. Күнде үйдегі едендерді, ең болмағанда кіреберісті, дәлізді хлордың дезинфекциялық ерітіндісімен жуып, барлық ұстайтын жерлерді, есіктің тұтқаларын, телефонды, планшетті, көліктің, үйдің кілттерін, қашықтан басқару құралдарын спиртпен немесе басқа дезинфекциялық заттармен мұқият сүрту керек. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанша қол алысып, сүйісуден, құшақтасудан аулақ болу, адам көп жиналатын жерлерден, ауру адамдардан оқшаулану қажет.

Егер адамда жіті респираторлық инфекцияның белгілері байқалса (қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақ ауруы) үйге жедел жәрдем шақыру керек. Жедел жәрдем келгенге дейін алдын алу шараларын (адамдармен байланысты шектеу, жөтел этикетін сақтап, бетперде кию, өз бетінше емделмеу) сақтау керек.

Толығырақ: https://okg.kz/post?id=21323&slug=koronavirus-zhai-tumau-emes

...