0 дауыс
512 көрілді
Жәндіктерді зерделеу

1 жауап

0 дауыс

Жәндіктер, немесе бұнақденелер немесе шыбын-шіркейлер (лат. Insecta) – буынаяқтылар типіне жататын омыртқасыз жануарлар класы.

Қазба қалдықтары девон кезеңінен белгілі. Филогенетикалық шығу тегі көп аяқтыларға жақын, арғы тегі сақиналы құрттар деп есептелінеді. Жер шарында кең тараған 1 млн-дай түрі анықталған (барлығы 1,5 – 2 млн. түрі болуы мүмкін).

Жәндіктер екі класс тармағына бөлінеді: алғашқы қанатсыз жәндіктер және қанатты жәндіктер. Қазақстанда 2 класс тармағына жататын 28 отряды 550-ден астам тұқымдасы бар. Бұлардың дене тұрқы бірнеше мм-ден (ең майдасы – трихограмма – 0,2 мм) – 33 см-ге дейін болады. Жәндіктердің ең басты ерекшелігі – денесі бас, кеуде және құрсақ бөлімдерінен тұрады. Денесін тығыз кутикула (эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша) жапқан. Басында екі күрделі фасеттік көздері, қарапайым майда көзшелері, екі мұртшасы болады. Ауыз құрылысы қоректену әдісіне қарай: инеліктер, тарақандар, дәуіттер, қоңыздардың аузы кеміруге; көбелектер, шыбындардың аузы сұйық қоректі соруға; өсімдіктердің шырынымен және адамның, жануарлардың қанымен қоректенетін маса, бит, қандала, цикада, т.б. аузы шаншып-соруға бейімделген. Жәндіктердің кейбір түрінде аузы болмайды (бөгелек, біркүндіктер). Үш бунақты (алдыңғы, ортаңғы және артқы) кеудесінде (әр буынында жұптан) алты аяғы болады, жәндіктердің ежелгі атының алтыаяқтылар (Нexapoda) деп аталуы осыған байланысты. Аяқтары жамбасша, ұршықбас, сан, сирақ және табаннан тұрады. Жәндіктердің жүруге, жүгіруге (тарақан, қоңыздарда, т.б.); секіруге (шегіртке, шекшек, бүргелер); жүзуге (жүзгіш қоңыздар, т.б.); қазуға (бұзаубас, т.б.); жемін ұстауға (дәуіт, т.б.); гүл тозаңын жинауға (бал арасы) бейімделген аяқтары болады. Ортаңғы және артқы буынында бір-бір жұп қанаттары бар. Тек қосқанаттыларда артқы кеуде буынындағы қанаттары – ызылдауыққа айналған.

Жәндіктердің басым бөлігінде ұшуға екі жұп қанаттарын (көбелектер, инеліктер, торқанаттылар, т.б.), кейбір түрі тек артқы жұбын (қоңыздар, т.б.) ғана қағады. Құрсағы көп бунақты, кейбір түрінде 11 бунақты. Құрсағында аяғы болмайды, бірақ олардың қалдықтары рудимент (жұмыртқа салатын мүшесі немесе шаншары, еркегінде – жыныс мүшесі) түрінде сақталған. Жәндіктердің бұлшық еті тек көлденең жолақты. Ет талшықтарының саны 1,5 – 2 мыңға жетеді. Бұлшық еттерінің жиырылып-жазылуы бас миымен тығыз байланысты және оларға бұлшық еттен бөлінетін жиырылғыш белок – актомиозин әсер етеді. Жәндіктердің ас қорыту жүйесі алдыңғы, ортаңғы, артқы ішектен және сілекей бездерінен тұрады. Олар қорегіне қарай фитофагтар (өсімдік қоректілер), жыртқыштар, өсімдік шірнесімен қоректенетіндер, некрофагтар (өлексемен қоректенетіндер), сапрофагтар (басқа жануарлардың өлексесімен қоректенетіндер), қан сорғыштар, т.б. болып бөлінеді. Жәндіктер атмосфералық ауаны – трахея (кеңірдек) жүйесімен жұтады, ал суда тіршілік ететін дернәсілдерінде екінші реттік трахея не кутикулалы желбезек дамиды. Жәндіктердің дене температурасы тұрақсыз, сондықтан олар салқынқанды жануарлар тобына жатады.

https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%96%D3%99%D0%BD%D0%B4%D1%96%D0%BA%D1%82%D0%B5%D1%80

...