Асан қайғының тағы бір ныспысы – Асан Ата, халық оны әулие тұтады, ерекше жаратылған жан деп есептейді. Алайда Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі жайында бізге жеткен деректер тым аз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде, Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда, Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан «Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр» деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан – 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда «оның жасы 120-да еді» делінеді. Халық әңгімелерінде дана, ақылгөй адамның қашан да тұғырдан таюға айналған ақ сақалды қария етіліп көрсетілгені мәлім, сондықтан мұндай деректерді нақты деп қабылдай беруге де болмайды. Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз: Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлұғ-Мұхамедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол – егде тартып қалған адам. Соған қарағанда, Асан қайғының өмір сүрген дәуірі – XV ғасырдың іші. Тарихи Асан туралы біздің білетініміз осымен шектеледі. Алайда тағы бір Асан бар. Ол – халық қиялы тудырған аңыздар мен әңгімелердің геройы Асан.
---------------------------------------------------------------------------------------------------
Тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асан
Асан қайғы жайындағы толып жатқан аңыздардың нәр алған көзі – тарихи Асанның тірлігі мен кешкен өмірі. Алайда «Біз білетін, желмая мініп жер кезген данышпан қарттың шын Асанмен ортақ несі бар, тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асанның арасындағы қатыс қаншалық, бұлардың соңғысына қарап алғашқысының кейпін елестете аламыз ба?» деген мәселелерді шешу өте қиын. Әйткенмен, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Аңыз әңгіменің тарихтық адамды біржола өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды... Әрбір аңыз әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын кескінінің түбегейлі ерекшеліктері жүреді». Сондықтан халық аңызы жасаған Асан қайғының бейнесіне бажайлап қарасақ, белгілі дәрежеде тарихи Асанның кейпін де көруіміз хақ. Жұрт санасынан орын алған Асан – халық бақытын, ел тыныштығын ойлаған дана қария. Ай, ағамыз, ағамыз, Болдың бізге панамыз. Ноғайдың жетім-жесірін Қойдай айдап сен бақтың. Аш-арық болған ноғайға Пана болып, оларға Тамақ беріп, жем таптың! – дейді ер Тоған Асан қайғыға Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батырында».
Ол қалай Қайғы атанды?
Асан жайындағы аңыздардың енді бір алуаны – оның қалайша Қайғы атануына байланысты. «Сенің талайыңа су перісінің әмірі су сұлтанының қызы несіп болайын деп тұр екен, – дейді бал аштырған жас Асанға балгер. – Төрт үлкен өзен бар: күнбатыста Еділ, Жайық – екі су, оңтүстікте ұзын аққан Сырдария, шығыста өр Ертіс. Бәріне де қармақ сал, бірінен болмаса бірінен ілінер». Перінің қызы Асанның қармағына Ертістің басынан ілініпті. «Адамзаттан өзге бөлек түрі жоқ, сұлулықта міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы – сөйлесерге тілі жоқ». Біраз тұрмыс құрған соң, түсініспеушілік нәтижесінде шарттарын орындай алмаған Асанды тастап, қыз көкке ұшып кетеді. Ғашықтық азабынан Асан мұңды болып, сол себепті Қайғы атанған екен. Әрине, халық ұғымындағы Асанның қайғысының төркіні махаббаттан емес. Бұл бір зары адамды мұңға батырып, сарқылмас азапты ойдың тұңғиығына тартып кетер қаза күйі іспеттес нәрсе. Асан қайғысы – күнделікті өмірдің күйбеңі туғызған әдепкі, пенделік қайғы емес, адам атаулының қайғысынан мүлде өзгеше хал. Айтылмыш аңыздың бір нұсқасында Асанның өзінің асылы періден делінеді. Асан қайғы шын әулие болса, оның сүйегінде адамзаттық емес, құпия бірдеңе болуға тиіс. Тарихтан белгілі, кейбір адамдардың халық аңыздарында нұрдан, күн сәулесінен жаралған немесе перінің қызынан туған болып көрсетілетіні де сондықтан. Асан қайғысының түп себебі – перінің қызынан айырылудың зары деп ұғыну да – Асанды көтермелеудің, Асанға табынудың бір көрінісі, Асан қайғысының кәдімгі пенделік қайғы емес екендігін атап көрсетуге ұмтылудан туған құбылыс. Перінің қызы мен адамзаттың қосылуы, бірақ, асылы басқа болғандықтан тұрмыстарының ұзаққа созылмай, айырылысуы – қазақ фольклорында ескіден келе жатқан сюжет. Алайда айтылмыш аңызды осы кезбе сюжеттің тағы бір көрінісі деп қана қарауға болмайтын сияқты. Асан мен перизат жайындағы хикаяның Қазақстанның әр жерінен жазылып алынған оннан астам нұсқасы бар. Соның бәрінің өзегі – Асанның бақытсыз махаббаты. Егер халық түсінігі туғызған перінің қызын жай қызбен алмастырсақ, оқиға шындықтан онша алыс болмай шығады. Хикаяның алғашқыда Асан өміріндегі белгілі бір оқиғаға байланысты тууы ғажап емес. Уақыт оза келе ертегіге айналуы мүмкін.