0 дауыс
3.2k көрілді
Асанқайғының өнегелі сөздермен көргенді ойлары эссені қалай жазуға болады?

1 жауап

0 дауыс

Қазан хандығы құрылғанда Асан жыраудың жаңа Орданың ұраншы-абызы болуы

Дешті-Қыпшаққа қайта оралған Асан би 1450 жылдан бастап, Əбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де ол көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пəлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Керей, Жəнібек сұлтандар бастаған рулардың Əбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асан қайғы болады. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жырау жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.

Асан қайғының Қазақ хандығы құрылған тұста жасы ұлғайған ақылман, абыз дəрежесіне жеткені мəлім. Ол Алтын Орданың ыдырауын, сондай-ақ Солтүстік Кавказға, Азауға (Азовқа), Қырымға дейінгі өлкелерді қамтыған Ноғайлы империясының да əлсіреп, «он сан ноғай бүлініп, ел айырыла», тоз-тоз бола бастауын қайғыра бастан кешті. Олардың орнында пайда болған хандықтар арасындағы бір-бірін əлсіреткен бітіспен соғыстар күшейіп келе жатқан орыс патшасының Солтүстік Кавказ бен Қазанды, Сібірді жаулап алу құлқын ұлғайтқанын көрді. Сарайда, Қазанда Ұлық-Мұхаммедтің пəрменді билерінің бірі бола жүріп, Қыпшақ жұрттарының біртұтастығын сақтап қалуға күш салды. 

Кемеңгер жырау ұлы Даланың негізгі аймағын, яғни орта ғасырлардағы Қазақ Даласы аумағын қолда ұстап қалудың бірден-бір жолы Керей мен Жəнібек хандар қуатымен жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын нығайтып, өрісін кеңейту екенін түсіне білді. Сондықтан да ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынды. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, əділет тұрғысынан шеше білді. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасады.

«Асан қайғы Жерұйығын таппай зар жылады» дегенде біз оның қиялындағы елінің болашақ замандағы ешкімнен (батысы — Орыс, шығысы — Қытайдан) қысым көрмей, өз жерінің амандығын тілегенін меңзейміз. Сондықтан да Жерұйық идеясын бүкіл халқының қамын ойлаған Асан қайғының елді берекелі бірлікке, шынайы түсіністікке, адал еңбек табысы арқылы мамыражай заманға жетуге шақырғаны деп ұғынған жөн. Ендеше, Асан қайғы кезінде таба алмаған Жерұйық қай бір заман адамдары үшін шындыққа айналуы əбден мүмкін.

Асан Атаның ақындық ойы мен жыраулық философиясы

Асан қайғының философиялық дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді .

Біріншіден, этикалық дүниетаным – ұлы жыраудың философиялық ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мəні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тəн ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды.

Екіншіден, поэтикалық зерде мен философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дəлелдеп берді. Адам өмірінің мəні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мəселелері Асан қайғы философиясының басты бағыттары.

Үшіншіден, Асан жыраудың гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан қайғы есімі ерекше ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады.

Асан айтқан нақыл сөз, Асан айтқан толғаулар, жырлар өте көп болған. Бізге соның кейбір жұқаналары ғана жеткен. Аздығына қарамай данагөй ақынның жырлары мен толғаулары мынадай танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді:

  1. Ел мүдддесі мен жұрт қамын өз міндетім деп санаған жыраулар қашанда өмір шындығынан ой түюге, жинақтаулар жасауға бейім. Мұнда қоғамдық мəні бар ірі мəселелермен қатар, адамдар арасындағы əр алуан қарым-қатынастар мен солар туралы сын-бағалары да қоса айтылады. Мəселен, адамгершілік пен зұлымдық, байлық пен кедейлік, достық пен жаулық, адалдық пен опасыздық, əділдік пен жауыздық, білімділік пен надандық, ізеттілік пен əдепсіздік секілді аса күрделі мəселелер жан-жақты сөз болып сарапталады.

Бұл мəселелерге кезінде Асан қайғы үлкен мəн берген. Жыраудың бұл топтағы жырлары мəселені көбіне-көп тұжырымды пікірлермен нақтылай отырып, мақал-мəтел іспеттес етіп құрады. Сондықтан бұл тұжырымдар дəлелдеуді көп қажет етпейді. Айталық, оның «Əділдіктің белгісі» деп аталатын мына бір жырына назар салып көрелік :

Əділдіктің белгісі — Біле тұра бұрмаса. Ақылдының белгісі — Өткен істі қумаса. Жамандардың белгісі — Жауға қарсы тұрмаса. Зұлымдардың белгісі — Бейбіттің малын ұрласа. Надандардың белгісі — Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер, Қабірге əзір қоймаса.

Артыңда қалған атақ жоқ, Тіріде даңқың болмаса.

  1. Асан Қайғы — қазақ дербес əдебиетінің алғашқы қалаушысы. Ол өз толғауларында адам табиғатын, мінез ерекшеліктерін, моральдық, этикалық қағидаларды аңғартады:

Есті көрсең кем деме, Бəрі тұйғын табылмас. Қарындасың жамандап, Өзіңе туған табылмас. Адам əзіз айтар деп Көңіліңді салмағыл.

Нəпсі алдаушы дұшпанның Насихатын алмағыл.

Бақыты оянған ерлердің Əрбір ісі оң болар.

Дəулеті күнге артылып, Не қылса да, мол болар.

  1. Ел қамын көп ойлаған Асан қайғы өзінің толғау-жырауларында не жақсы, не жаман, не ғарып деген мəселелер төңірегінде ой толғап, замана жайында философиялық пікірлерін сарапқа салған. Жырау халық мақалдарында айтылатын біраз ой-пікірлерді термелей келе :

Бұл заманда не ғаріп? Ақ қалалы боз ғаріп, Жақсыларға айтпаған Асыл шырын сөз ғаріп; Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез ғаріп; Қадірін жеңге білмесе, Бойға жеткен қыз ғаріп; Ел жағалай қонбаса, Бетегелі бел ғаріп,

Қаз-үйрегі болмаса, Айдын-шалқар көл ғаріп; Мүритін тауып алмаса, Азғын болса пір ғаріп.

Ата жұрты бұқара Өз қолында болмаса, Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ер ғаріп, — деп ел басқарар көсемнің əділ болуын, қол бастаған батырдың соңынан ертер сарбазы – қалың қолы –халқы болуын қалаған.

  1. Асан қайғының толғаулары Отанды сүюге, ізгі амал жасауға, жамандықтан сақтанып, бақытты өмір сүруге үндейді. Мəселен, мына бір толғауында жырау бабамыз өткінші дүниелік істерге бола ұрысып, таласпауға шақырады :

Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін, Желке терің құрысып, Əркімменен ұрыспа. 

Ашу-дұспан, артынан Түсіп кетсең қайтесің Түбі терең қуысқа!..

Расында да, кейде болмашы нəрсе үшін адам баласы пенделікке ұрынады, дүниелік істерге таласып, абыройсыздыққа душар болады. Ал Асан қайғы бəріне парасат биігінен қарауға үндейді.

  1. Асан сөздері өсиет, нақыл түрінде көп кездеседі. Мəселен :

Ақың болса біреуде Айыбын тап та ала бер, Ерегесіп ұрыспа.

Сенікі жөн болса да Атың шықпас дұрысқа. Мінезі жаман адамға Енді қайтіп жуыспа, Тəуір көрер кісіңмен Жалған айтып суыспа...

«Ашуға ақылды жеңгіз, көпшіл бол» деген өнегелі өсиеттің бүгінгі күнге дейін жастар үшін мəн- мағынасы жойылмаған дидактикалық қасиеті күшті кеңес екені даусыз.

  1. Ел қорғаушы азаматтың бойында қандай адамгершілік қасиеттің болуын қалаған Асан қайғы:

Еділ бол да, Жайық бол, Ешкімменен ұрыспа, Жолдасыңа жау тисе, Жаныңды аяп тұрыспа. Ердің құны болса да, Алдыңа келіп қалған соң, Қол қусырып барған соң, Аса кеш те қоя бер, Бұрынғыны қуыспа, —

деп, көпшіл бол, кешірімді бол, достықты бағалай біл деген үгіт-насихат айтады.

  1. Асан қайғы толғауларында үлгі-өсиеттік, насихаттық, тағылымдық ойларға ерекше мəн беріледі. Мұның бəрі айтылар ойдың ұтымдығы мен əсерлігіне орай қайталаулар (рефрен) мен дыбыс үндестігіне (ассонанс) құрылып отырады. Мəселен :

Көлде жүрген қоңыр қаз Қыр қадірін не білсін, Қырда жүрге дуадақ

Су қадірін не білсін! Ауылдағы жамандар Ел қадірін не білсін! Көшіп-қонып көрмеген Жер қадірін не білсін! Көшсе, қона білмеген, Қонса, көше білмеген, Ақылыңа көнбеген Жұрт қадірін не білсін!

  1. Жырау сөздерінің дені :

Құйрығы жоқ, жалы жоқ —

Құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ, қолы жоқ — Жылан қайтіп күн көрер?! Шыбын шықса жаз болып, Таздар қайтіп күн көрер?! Жалаң аяқ балапан,

Қаздар қайтіп күн көрер?!» — іспеттес нақыл, толғау түрінде келсе керек. Бұл жолдардан адам тағдыры ғана емес, жан иесі мақұлықтардың бəрінің тіршілігі толғантқан, көне заманда өмір сүрген көне философ-гуманистердің типіндегі ойшыл Асан танылады.

  1. Белгілі əдебиетші-ғалым Х. Сүйіншəлиев жазғандай , Асанның нысапсыз дүниеқорлар мен қорқақ-ездер туралы айтқан сөзі деген бір ұзақ толғауды 1940 ж. Толыбаев Мұқамбетəлі тапсырыпты. Бұл толғауда Асанға лайық жолдар бар :

Арғымаққа міндім деп Артқы топтан адаспа, Күнінде өзім болдым деп, Кең пейілге таласпа, Артық үшін айтысып Достарыңмен санаспа.

Ғылымым жұрттан асты деп, Кеңессіз сөз бастама.

Жеңемін деп біреуді Өтірік сөзбен қостама.

  1. Классикалық философияда (Аристотельде, Кантта, Гегельде т.б.), том-том шығармаларда, трактаттарда қарастырылған күрделі философиялық мəселелер, диалектикалық идеялар қазақ философиясында кейде бір ауыз сөзбен, бір шумақ өлеңмен түйінделеді. Бəрімізге белгілі Асан қайғының туындыларынан мысал келтіруге болады.

Халықты берекелі бірлікке, достыққа шақырып, сөз маржанын тізбектеп, терең ойды топшылап өткен Асан жырау :

Таза мінсіз асыл тас Су түбінде жатады, Таза мінсіз асыл сөз Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас —

Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз — Шер толқытса шығады, — деп көңілдегі көрікті ойдың адам сезімімен, көңіл-күймен байланысты туатынына пəлсапалық (философиялық) топшылау жасаған. Жыраудың осы жолдарын іргелі философиялық еңбектің тоқ етер түйіні деуге болады. Өйткені асыл сөз қалай болса, солай тектен тек айтыла салмайды. Атүсті пайда болмайды. Оның артында терең ой, пайымдау, көп нəрсені түсіну, өмір тəжірибесі жатыр. Асыл сөз оңайлықпен ауызға түспейді.

Жалпы, ұлы ақын сөздеріне тəн нəрсе тереңдік пен ойлылық. Ол тереңнен толғап, қияндағыны көздейді. Өткен-кеткенді еске алып, өзінше ой түйіндейді. Асан сөздерінің бəрі дерлік ойлы нақылдар. Сондықтан да болашақта Асан Атаның асқақ жырлары жете зерттеліп, оның өмірі мен шығармашылығын тани түсу – əдебиетшілердің кезек күттірмейтін қауырт жұмысының бірі.

...