Бұдан шығар қорытынды Түрік Елі империясының негізгі ордасы, киелі қара шаңырағы, жер ұйығы — «Өтүкен» болып келген. Демек, осы өңір мыңдаған жылдар бойы далалық өркениеттің кіндігі, сарқылмас бастау бұлағы болды.
Түрік қағанатының VІ–VІІІ ғасырлардағы тарихы мен тағдыры Күлтегін жазуларында қаз- қалпында тасқа қашалып жазылып қалған. Сол замандағы мемлекетшілдік сананың жоғары болғандығы сонша арада мың жылдан артық уақыт өтсе де, Күлтегін жазуларын оқи отырып, байырғы түркі өркениетінің экономикалық, геосаяси, əлеуметтік, дүниетанымдық құндылықтарын, мемлекеттің ішкі жəне сыртқы саясатында қастерленген ұстанымдарын қаз-қалпында тануға болады [14; 72].
731 жылы Күлтегін қайтыс болады [9; 282]. Батырдың қайтыс болғанын естіп, оның қазасына дүниенің төрт бұрышынан көңіл айтуға елдер мен мемлекеттерден елшілер келеді.
Білге қаған Күлтегіннің қайтыс болғанын хабарлап, арнайы киелі орын құрылысын тұрғызатын шеберлер мен бəдізшілерді жіберуін өтініп, Тан империясынан көмек сұрайды. Ол туралы Күлтегін ескерткішінің мəтінінде Білге қағанның атынан «Менің сөзімді қайтармады (сындырмады). Табғач қаған (император) Орда бедерлеушісін (шеберін) жіберді», — деген мəлімет қалған [15].
Қытай империясының тарапынан жіберілген елшілердің құрамында Орхон өзені жағалауынан тамаша монумент тұрғызған шеберлер болды. Бітік тастағы жазуларда Күлтегінді жерлеу рəсімі ежгей-тегжейлі сипаталды. Бұдан біз VIII ғасырдағы халықаралық қарым-қатынастар деңгейінің қаншалықты жоғары болғандығын көреміз.
Түрік тайпаларының біріктіріп, мемлекетке айналдырудағы ұлы жорықтарда қаһармандық істерімен атағы жайылған Күлтегін батырдың зор жетістіктерін туған ағасы Білге қаған інісін мəңгі есте қалдыру үшін арнайы өзі дайындатқан зəулім қабырға тасқа көне түрік бітіктің таңба-əрпімен жазу жазып, тарихи дерек ретінде, баласы Иоллығ-тегінге жаздырып, келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырды. Күлтегін бітік тасына мəңгі жазуды қашап жазған адам əрбір сөзге, сөйлемге көп мағынаны сыйғызып жіберіп отырған. Барлық оқиғалар шындық тұрғысынан табиғи таза қалпында айтылған. Бұл адамгершілікке негізделген дала өркениетінің жəне байырғы түріктердің философиялық дүниетаным жүйесінің ерекшелігі болып табылады.
Осының бəрінен бүгінгі күнде біз сол заманда Ұлы Далада түріктердің бейбітшілік орнатып, сана-сезімдеріндегі асқақ мемлекетшілдік идеологиясының қалыптасқандығына көзімізді жеткіземіз.
Күлтегіннің құрметіне қойылған Мəңгі тас тек түрік халықтарының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес тарихи мұрасы болып табылады. Бұл Мəңгі тастағы өсиет-манифест Тəуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне өз үлесін қосады.
Толығырақ: https://articlekz.com/kk/article/15460