+1 дауыс
248k көрілді
Күлтегін жыры шығармасының қысқаша мазмұны, өте керек, мазмұнын түсінбедім?

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Күлтегін жыры (үлкен жазу) жер мен көктің және адам баласының жаралуы туралы философия толғаудан басталады (биікте Көк тәңірі, төменде қара жер жаралған да екеуінің арасында адам баласы жаралған). Бұдан кейін бүкіл адамзат баласына Білге қаған мен Күлтегін батырдың ата-бабалары билік жүргізгені, түгел түркінің басын қосып, қуатты мемлекет орнатқан Бумын қаған мен Істемі қаған мадақталады. 

«Күлтегін» жырының авторы Түрік қағандығының бүкіл әлемді аузына қаратқан айбарлы да абыройлы дәуірін зор мақтаныш сезіммен жырлайды. Сондай-ақ ақын Бумын қаған мен Істемі қаған қайтыс болған соң түркі елінің тағына дарынсыз қағандар отырғанын, халықты опасыз бектер мен жүгенсіз әміршілер билегенін күйінішке толы жыр жолдары арқылы жеткізген («Соңындағы інісі ағасындай болмады, Ұлдары әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар отырған екен, Жалтақ қағандар отырған екен»). Табғаш елінің алдауына көнген Түрік қағандығының бектері өзара араздасып, елдің ішкі бірлігіне көп нұқсан келтірді. Елде алауыздық туды. Түрік қағандығының іргесі шайқала бастады. Бұл өте қауіпті кезең еді. Автор түркі халқы ата-баба дәстүрін берік ұстаған кездерінде ешкімге тәуелсіз, еркін өмір сүргенін жырлай келіп, ол осы жолдан тайып, дұшпанға алданған сәттерінде: «Бек ұлдары – құл болды, Пәк қыздары – күң болды», – дейді. Міне, содан кейін Күлтегін батыр көп әскер жиып, түркі елін жаудан азат етуге кіріскені зор сүйіспеншілікпен суреттеледі. 

Түркі әскерінің оғыз, соғды, түргештерге, т.б. қарсы жүргізген шайқастары, ал Күлтегін батырдың шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, жауды ұдайы жеңіп отырғаны зор шеберлікпен бейнеленген. Жырдың авторы Күлтегін мінген аттың сипатын, ат әбзелдерінің әдемілігін, батыр қаруының сұсты көрінетінін ұтымды теңеулер арқылы көрсете білген. Жырда Күлтегін түркі елінің «төрт бұрышындағы» барлық жауды жеңіп, елде тыныштық, бейбіт өмір орнатады. Ақын Күлтегіннің ерлігі туралы: «Бастыны – еңкейтті, Тізеліні – бүктірді», – дейді. Сөйтіп, жырда Күлтегін батырдың күллі түркі халқын тәуелсіз еткені әрі оны байлыққа кенелткені «Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылык қылдым», – деп зор мақтаныш сезіммен баяндалады: «Күлтегін» жырының басты идеясы – түркі халқын ауызбірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылады. Жыр соңында Күлтегін батыр қайтыс болғанда бүкіл түркі халқы қатты қайғырып, аза тұтқаны, оны жоқтап, жерлеу салтанатына әлемнің төрт бұрышынан көптеген атақты адамдар – елшілер, батырлар, бектер, тас қашайтын шеберлер, т.б. келгені айтылады.

Күлтегін жыры – елдің ішкі бірлігін жыр еткен, идеялық мазмұны терең, көркемдік дәрежесі биік поэзиялық туынды. 2001 жылы 18 мамырда Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесі қойылды.

0 дауыс

Күлтегін жырының кейіпкерлері: Күлтегін батыр, Білге, Елтеріс, Бумын, Қапаған қағандар.

"Күлтегін" жырының басты идеясы: түркі халқын ауыз бірлікке, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылады. 

Тақырыбы:

"Күлтегін" (кіші жазу) жыры әрқайсысы өз алдына дербес әрі сюжеттік жағынан бір-бірімен тығыз байланысты сегіз топтамадан тұрады. Әрбір топтама – мазмұны жағынан бір-бір хикая. Оның бірінші топтамасы – қағанның өз халқына айтқан үндеуі; екіншісі Түрік қағандығы жерінің кеңдігін суреттейді; үшіншісі түркілердің әскери жорықтарын жыр етеді; төртіншісі көршілес табғаш халқының қастандық әрекеттері туралы әңгіме; бесіншісі табғаштармен қарым-қатынас түркілерге ажал қатерін төндіретіні жайында; алтыншысы түркі халқының көреген емес екені туралы; жетіншісі түркі халқының даңқын көкке көтерген Білге қаған жөнінде; сегізінші топтама осы ескерткіш-жырды жазуға себеп болған жайттарды баяндауға арналған.

"Қыз Жібек" жырының "Күлтегін" жырынан ерекшелігі: "Қыз Жібек" жыры - лиро-эпостық жыр. Онда сол замандағы әлеуметтік теңсіздік,жастардың бас бостандығы,қос ғашықтың махаббаты баян етілген. Ал "Күлтегін" жырында негізінен батырлардың ерлігі жазылған.

0 дауыс

Біздің бабаларымыз көне түріктер бағзы замандарда-ақ көшпелілер тұрмысына сай ұлттық дəстүрін, наным-сенімін, əдет-ғұрпын, тарихын, өнерін, жазуын, өзіндік кəсібін, күнтізбесін, философиясын, өмір сүру заңдылықтарын толық қалыптастырып, əлемдік мəдениет пен өркениеттің дамуына елеулі үлестерін қосты. Түрік халықтарының əлем өркениетінің дамуына қосқан үлестері зор. Оның дəлелі Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбалары жалпы адамзат өркениетінің үлкен қазынасы болып отырғаны бүгінде баршамызға мəлім.

Орхон ескерткіштері ішіндегі мазмұны мен көлемі жағынан ерекше саналатын көне түрік жазбаларының бірі — Күлтегінге арналған ескерткіш. Жазбада тарихи оқиға баяндалады. Онда Түрік қағанаты мен оның құрамына енген көптеген түрік тайпаларының тарихы, мəдениеті жəне əлеуметтік құрылысы жөнінде құнды деректер берілген. Ескерткіш қазіргі Монғол Халық Республикасының астанасы Улан-Батордың батысындағы 400 километр жердегі Орхон өзенінің бойындағы Көшө- Цайдам ойпатындағы Қарабаласағұн деп аталатын ескі қорғанан 45 километр солтүстігіндегі Эрдэни- Цзу ғибадатханасы маңында орналасқан.

Орхон өзені бойындағы Күлтегін бітік тасындағы көне жазуда ата-бабаларымыздың күшті мемлекет орнатудағы халыққа арнаған үндеу-манифесті жарияланған. Онда түріктер өздерінің қаһармандық істерін, мемлекет құрудағы зор жетістіктерін мəңгі тасқа арнайы ойып жазып қалдырған. Күлтегін ескерткіші екінші Түрік қағанаты кезіндегі маңызды кезеңдерді  қамтыған тарихи шығарма жəне мəңгілік мұра болып табылады. Күлтегін жазбасындағы ежелгі түркілердің манифест-үндеуінің негізгі мазмұны — елді біріктіріп, болашаққа нық сеніммен қадам басу ниетінен туындаған мемлекеттік маңызы бар құжат акт болады. Негізінде Күлтегін жазба ескерткішінің өзі Мəңгі Ел орнату жолындағы жан берген түрік тарихының шежіресі еді. Бұл — бірліктің, ынтымақтастықтың символы болған киелі орын, мəңгілік ел орнатамыз деген елдің тұтастығының белгісі.

Күлтегін жырында түрік елінің ең басты идеясы Түрік қағанатының мемлекеттік тəуелсіздік актісі — «Мəңгілік Ел»  идеясы  саяси  манифест  түрінде  салтанатты  түрде  халыққа  жария етілді [2; 199].

Елді басқарған қағандар үшін, түрік халқын оятып, біріктіріп, түрік қағанатын  орнату жолындағы ұлы жорықтар жасап, ортақ мақсатқа елді жұмылдыруға осындай үндеу-манифест аса қажет болды. Манифесте түріктерді азат болу үшін күреске шақырып, өзге елге кіріптар, бағынышты болмауға, көрші қуатты мемлекеттің шығарған тұрмыстық заттарына қызығып, олардың арбауына түсіп қалмауға шақырады. Түріктердің еш елден кем емес, қайта артық екенін мəлімдеп, оларға өздерінің құқықтарын қорғауға үндейді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін түрік халқының  рухын оятып, «көк түрік» болып бірігу міндеті тұрды. Өзге елге бодан болмай, өз алдына  тəуелсіз еркін Түрік империясын орнату қолға алынды. Күлтегін ескерткішіндегі жарияланған үндеуде Түрік халқының алға қойған мақсатының концепциясы мен идеологиясы айтылды.

Ежелгі түріктер барлық туыстас тайпаларды біріктіріп, біртұтас Түрік қағанатын орнату жолында күреске шыққан. Ал қағандары ақылды жəне ержүрек батыр қолбасшылар болды. Түрік бектері мен халқы қағанға, мемлекетке адал қызмет жасады. Осындай ұйымшылдық, ауызбіршілік, татулықтың негізінде түрік халқы көздеген мақсаттарына жетті. Қаған мен халық арасындағы тұтасқан бірліктің, ортақ мүддеге орай жұмыс жүргізудің арқасында хан елді ұзақ уақыт басқарып, заман талаптарына сай өмір сүру ережелерін қалыптастырды.

Түрік Елінің жиһангер қолбасшысы Күлтегін — көшпелілер тарихында ең көрнекті көсем, баһадүр тұлғалардың бірі. Ол атақты Мөде, Аттила, Шыңғыс қағандармен парапар, тіпті өзі қаған аталмағанымен күллі көшпелі этностарды көк байрақтың астына біріктіруші, Ұлы Түрік қағанатының сабақтастығын, əскер жорығын, дəстүрлі заңын жалғастыра білген кемеңгер ер, дара тұлға. Оның қолбасшылық дарыны мен əскери қабілетіне, жеке басының ерлігіне төтеп берген адам баласы ол заманда болған емес.

Күлтегін жырының басты идеясы — түркі халқын ауызбірлікте болуға, салт-дəстүрін берік ұстауға, сыртқы жауға қарсы тұруға шақырады. Елге тірік болған даңқты қолбасшы Күлтегін түркі халқының жауынгерлік рухын асқақтатты. Тастағы жазуда Күлтегін бейнесі теңдесі жоқ батыр, əйгілі қолбасшы есебінде көрсетіледі.

...