Неке және отбасы туралы кодексіне сәйкес 169-бап. Алимент бойынша берешек мөлшерін белгілеу
1. Алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не нотариатта куәландырылған алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де кірістерден қатарынан үш ай бойы өндiрiп алу мүмкiн болмаған кезде борышкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлкінен басқа мүлкiнен өндiрiп алынады.
2. Атқару құжатының негізінде немесе нотариатта куәландырылған келісімнің негізінде алимент ұстап қалу алиментті төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайларда, осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімге қарамастан және күтіп-бағуға алимент тағайындалған адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алимент бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.
3. Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар үшін, егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемеген болса, алимент бойынша берешек бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айқындалады.
Мүгедек болып табылатын борышкерлер үшін ай сайынғы төлем немесе алимент бойынша берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал егер олар жұмыс істемейтін жағдайда бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.
4. Сот орындаушысының алимент бойынша берешекті айқындауымен келіспеген кезде кез келген тарап Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сот орындаушысының іс-әрекетіне шағым жасай алады.
5. Баланың алимент төлеуден жалтарып жүрген ата-анасын іздестіру кезеңінде төленген, балаға Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңнамасында белгіленген ай сайынғы жәрдемақы сомалары төленген сомалардың он пайызын бюджет кірісіне есептеу арқылы сол ата-аналардан өндіріп алынады.
170-бап. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату
1. Алимент бойынша берешекті төлеуден босату немесе тараптардың келісімі бойынша алимент төлеген кезде осы берешекті азайту, кәмелетке толмаған балаларға алимент төлейтін жағдайларды қоспағанда, тараптардың өзара келісімі бойынша жүргізілуі мүмкін.
2. Алимент төлеуге міндетті адамның талап-арызы бойынша сот, егер алимент осы адамның науқастануына байланысты немесе басқа да дәлелді себептер бойынша төленбегенін және оның материалдық және отбасылық жағдайы алимент бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндік бермейтінін анықтаса, оны алимент бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы.
171-бап. Алиментті уақтылы төлемеу
1. Алимент төлеу туралы келісім бойынша алимент төлеуге міндетті адамның және (немесе) сот шешімі бойынша алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған кезде кінәлі адам алимент алушыға кешіктірген әрбір күні үшін төленбеген алимент сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыппұлын төлейді.
2. Алимент алушы алименттің уақтылы төленбеуіне кінәлі адамнан алиментті төлеу жөніндегі міндетін орындауды кешіктіруден келтірілген бүкіл залалының тұрақсыздық айыппұлымен жабылмаған бөлігін де өндіріп алуға құқылы.