Ол екеуміз күн шуақта шүйіркелесіп ұзақ отырдық.
- «Биікке шықсаң – көңілің ашылар, жақсымен тілдессең – зейінің ашылар» дегендей, осы мен сенімен кездессем, тілдессем, неге екенін қайдам, әйтеуір зейінім ашылып, арғы-бергі ішімдегі ой сарайым кеңіп, мына жалған дүниеге сын көзбен қарап, армансыз ақтарылғым келеді де тұрады, - деймін оған.
- Иә, кәріміз де, жасымыз да заман ағымының орынды өзенінде зымырай ағып келеміз. Қай күні, қай сағатта асау толқын жағаға лақтырары белгісіз. Алла сызған шеңберден пенде шығып көрген жоқ. Ал, пенделік жолмен Аллаға асылық келтіріп, сол шеңберден ары аттағысы келгендер Тәңірдің тәлкегіне, жасаған иенің жазасына тап болып жатады. Мұндайлармен өмірде жиі кездесіп, жиі ұшырасып жүрміз. Ондайда тәубеге еніп, «Алла, осыныңа да қанағат» дейміз жасағанға жалбарына. «Құдайдан қорыққан ынсапшыл келеді» деген сөзге ден қоя отырып, астамшылықтан ауылымызды аулаққа қондыруға тырысамыз. Адамға адамның қайырымдылығын, ізгі ниеттілігін, пенде қиналғанда қол ұшын беретін ақ ниетті жандардың көбейе түскенін қалайды. Алайда «зады жарыған аш болса да, асатпай ас жемейді, зады жарымаған тойып отырса да «мә» демейді». Ашкөз көлеңкесіне ит жатпас сараңдарды көреміз де, «осылар мына жалғандағы жинаған боқ дүниесін ертең ана жаққа ала кетер ме екен» деп опына ойланамыз. «Жылағанның алдынан өкірген шығады» демекші, кейде әлгіндейгілерге назаланып, налып отырсаң, одан да сорақысына кездесіп, сәмсіреп қалатынымыз тағы бар. Осы біз шындық жолында шырылдағанмен, жазғанмен не өзгеріс бар? Қай уақытта да әділетсіздік есіктен кірсе, шындық түндіктен қашатынын көріп жүрміз. Иә, қай уақытта да, қай заманда да «елім» деп туған ерлеріміз аман болсын. Алла солардың жанына жамандық бермесін деп тілейік.
«Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды, тұлпар ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деген аталар сөзі жадымызда жатталып жүрсе, кәні! «Көрегендікті көсемнен, шеберлікті шешеңнен, қамқорлықты әкеңнен үйрен» деген сөзде қаншалықты мағына жатыр. Үлкеннен ұлағат алып, кішіге қамқор қолын созатын кейінгі толқын інілеріміз көбейе берсе, нұр үстіне нұр емес пе?!
Жердегі жем аспандағы құсты ұятқа қалдыратыны, кейбір ақылды да абзал азамат деп жүрген басшы інілеріміздің қу дүние – ақша жолында жанын жалдап, арына дақ түсіріп, қылмыскер болғанын көргенде, қарының ашып, күйінішті күйге енесің.
Жетпістің ауылын ойдың жайлауына қондырып, жан-жағымызға, арттағыларымызға назар салып, мына өмірдің көш керуенін бағдарлап отыру біздей үлкендерге ата-бабамыздың артып кеткен аманаты екенін сені мен менің, біздей қарттардың қасиетті борышы екенін әсте естен шығармауымыз керек-ақ. Ендігі қалған мына кәрі қойдың жасындай қысқа ғұмырымызда «аттан құласақ та ақылды құлап», ашуды да ақылға жеңдіріп, орынды жерінде пайдалана білсек, құба-құп емес пе?!
Сені мен біз ендігі жерде қателеспеуге тырысайық. Өйткені сол қатені түзеуге уақытымыз (өміріміз) тым қысқа. Кейде маған осы біз сияқты ағашты түземей, оның көлеңкесін түзетеміз деп тыраштанып жүргендейміз деген ой келеді. Сол қисық ағашты түземес бұрын, оның сол қисық бұтақтарын қырқып жөнге келтірсек қана, оның көлеңкесі де, өзі де түзеледі. Қисық-қыңыр адамдар да сондай деген ой туындайды.
Ол маған қарап ұзақ сөйледі. Мен де бас изеп, ықыластана тыңдаймын. Ол тамағын кенеп алды.
- Алайда кейбір қарыны жуан, иманы жіңішке пенделерді өмір бойы түзете алмай өтеміз бе деген кермек ой мазалайтыны да шындық. «Өрлеген балық ауға жолығады, өркеуде жігіт дауға жолығады» деп атам қазақ бекер айтпаған. Кейбір өркеуде, кеудемсоқ, жоқ жерден дауды іздеп жүріп сатып алатын дарақы-даңғойларды қайткенде жөнге саларсың? Айтып-айтпай не керек, «құлақтыға сөз айтсаң – құлағының астында, құлақсызға сөз айтсаң – құла қырдың астында» демекші, оның тыңдаушысын айт!
Ынсапсыз, ашқарақ, Алланың берген несібесінен артық қарпитын бір мешкей тамаққа жарылып өліп жатса, шулап жылап жатқан балаларына бір құрдасы «неменеге шулайсыңдар, әкең аштан өлген жоқ қой» деп жұбататын көрінеді. Сондай-ақ Алланың пендесіне арнаған ырзық-несібесінен артық ішіп-жеу де – харам. «Ұят – иманның қабы» дейді Ислам әдебінде. Ал сол ұят адаммен бірге туғанмен кейбір пенделердің өзінен бұрын өлетіні өкінішті. «Ұятсыз, арсыз, салтынан, қалғып кетер артынан» дегендей, ұят, ардан, адамгершіліктен ада адамға айтқан сөз айдалаға атқан оқпен бірдей.
«Өгізді өрге салма – қанатың талар, наданға көзіңді салма – сағың сынар, досыңа өтірік айтпа – сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа – түбіңе жетер» деген ғой Төле би.
Со-л-ай, достым!
Ол екеуіміз жылы күзгі күн шуақта маңғаз қалпымызда осылай әңгіме өрбітіп отырдық.
- Өмір дегеніміз – мәңгілік ұйқы алдындағы қысқа мерзімді серуен ғана. Сондықтан сол қысқа ғұмырымызды мәнді де, мағыналы етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай етіп өткізгенге не жетсін, - деп ол бетіме барлай қарады.
- Осы біз көп сөйлеп, көпіріп кетпей тұрғанда, дәмді де, даналық сөздеріміз дарақыланбай тұрғанда, әдемі де, әсерлі әңгімемізді аяқтасақ қалай болар екен, - деймін мен.
- Дұрыс! Осы қалпымызда төрімізді төмендетпей, әдемі қартая білсек, бізге сол абырой, - деді ол күлімдей қарап.
Толығырақ: http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=2774:2014-07-03-04-46-02&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5