Мен оны өзімше білай түсінем. Адамдардан сыпайылық кетеді деген мағынада болу керек деп. Себебі, дүкенге не басқа жерлерге кіргенде бірінші сәлемдесіп сосын жөніңді айту ол мәдениеттіліктің, сыпайылықтың белгісі. Қазіргі кезде көбі олай жасамайды. Мен бұл мәселені солай түсінемін. Себебі, қалада мысалы әр көрген адаммен сәлемдесе беру мүмкін емес деп білемін.
Қазақ "Сәлем – сөздің анасы" деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Өйткені амандасуына қарап, баланың тәрбиесіне баға берген.
Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі. Сәлемі түзу балаға үлкендер "Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол" деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, "үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы" деп ата-анасын кінәлаған. Осылай баласына қарап, ата-анасына баға берген.
Археология және этнология, музейология кафедарасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Мейрманова қазақта амандасудың өз жөн-жоралғысы болған дейді.
– Салт бойынша жасы кіші бірінші амандасуға міндетті. Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде атты адамдар түзде жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға қолын беріп, көкірек түйістіре амандасқан.
Бұл амандасу кезіккен адамдардың ара-қатынасының алыс-жақындығына да байланысты.
Ал, әйел адамдарға жұмсағырақ "Есенсіз бе?" дейді. Қыздарға "Қарағым", "Шырағым, амансыңдар ма?" деген сөздерді қосады. Бірақ, жасы үлкен адамға ешқашан қалжыңдасып амандаспаған, – дейді Гүлжан Мейрманова.