+1 дауыс
114k көрілді
Абай қалың елім қазағым, қайран жұртым өлеңін оқу талдау?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» - қазағым, жұртым, елім деп өткен ақынның дара да дана қаламынан туындаған көркемдік дәрежесі биік, мағынасы тереңде жатқан туынды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» - Абайдың көлемі отыз жолдан тұратын, 11 буынды қара өлең ұйқасы түрінде жазылған өлеңі. Ол алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарық көрді [2]. Өлең сыни релистік сарында жазылған, мазмұны қазақ халқының сол замандағы бүкіл болмыс-бітімін, қоғамдық-тарихи және рухани ахуалын көрсетеді. Оны талқылау, талдауда түрлі зерттеушілердің пікірі бір нүктеде ұшырасады. Солардың ішінде М.О. Әуезов, А. Нұрқатов, С. Әшімбаев сынды әдебиеттанушылардың айтқан ойларының ғылыми құндылығы ерекше екендігін атап өткен жөн.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген жолдағы «қайран» одағайының ақынның ішкі ойын беруде мәні зор. «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» бұл одағайдың «дариға» сөзінің мағынасына жақындығы көрсетіледі және де «қайран» одағайы «ардақты, сүйікті, қымбатты мағынасында қынжылу, назалану түрінде келіп, өткенге аяныш, өкініш туралы айтылады» делінген. Осы сөздікте «қайран» одағайының мағынасын тереңірек түсіндіру үшін сөздік құрастырушылары қырғыз тіліндегі «Жаманға айтқан сөзің қайран», қазақтың  «Жаманға айтқаның тамға сөйлегенмен бірдей» деген мақалдарын мысал қылып келтіреді. Сонымен бірге тілімізде «қайран» одағайына мағыналас «әттең, есіл, шіркін» секілді синоним одағайлар кездеседі. Бұл түсініктемелерді қорыта келе ұғынатынымыз: ақын «қайран жұртым» деп халқының рухани-әлеуметтік жағдайының төмендегенін көріп, сол жағдайын түзетуге еш талпынбай жүргеніне, ілгері басып, келешегім деп білімге, ғылымға, еңбекке ынталанбағанына өкініш-назын айтып отыр. Аудармаларда Абай айтқан «қайран жұрт» бедолага (Қ.Досжан), бедный народ (С. Липкин, Ю. Кузнецов,) милый народ (Ә. Қодар), великий народ (М. Әдібаев) секілді нұсқалармен берілген. Орыс тіліндегі «бедный» лексикалық бірлігі «неимущий, скудный» мағыналарымен қоса «несчастный, жалкий», ал «бедолага» «бедняга, неудачник» мағынасымен түсіндіріледі [5]. Орыс тіліндегі түсініктемелерінен көрініп тұрғанындай, асыл нұсқадағы ақынның жұртына деген аянышқа, өкінішке толы сезімі аудармада өз деңгейінде берілмеген. М. Әдібаевтың «великий народ», яғни «ұлы халық» деп аударуын сәтсіз аудармашылық шешім деп атауға болады. Ә. Қодардың аудармасындағы «милый народ» тіркесіндегі «милый» сын есімінің коннотативті мағынасы орыс тілді оқырманның санасында асыл нұсқадағы түпкі мағынаны жаңғырта алмайды. Сондай-ақ Қ. Досжанның жолма-жол аудармасындағы, С. Липкин, Ю. Кузнецов аудармаларындағы «О, казахи мои» деп «О» одағайының алынуы да аудармашылардың сәтсіз шешімдері қатарына жатады деген ойдамыз. Себебі, біріншіден, бұл аудармашылық шешім түпнұсқадағы ақынның өкінішке толы сезімін жойып жіберіп тұр. Екіншіден, ақын тыңдаушының көңілін қарату үшін әлдебір одағай сөзді емес, «қазағым» қаратпа сөзін қолданып отыр. Аталған жайттар «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінің мазмұны мен мағынасының аудармадағы көрінісі өте қарапайым болып шыққандығына дәлел бола алады. 

Абайдың тілі қазақ тілінің бүкіл байлығының, ал өлеңдері бүтін тыныстіршілігінің көрсеткіші екендігін айтып отырудың өзі артық. Біздің мақаламыздың талдау нысаны болып отырған «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» - осы ойымыздың анық дәлелі. Ақын өлеңде ауызбен орақ ору, басбасына би болу, байлауы жоқ, күш сынасқан күндестік, қырқын мінсе, қыр артылмас секілді тұрақты тіркестерді қолдана отырып ана тіліміздің байлығын көрсетіп қана қоймай, сол тілді қолдана білудегі шеберлігін, ақындық қуатын жеткізеді. Ол тұрақты тіркестермен қоса қыртың ету, бұртың ету, жыртың ету, пыш-пыш деу сияқты бейнелеуіш сөздермен адамның сыртқы көрінісін ғана емес мінез-құлқын, ішкі көңіл-күйін шебер сипаттайды. Ақынның өз сөзімен айтсақ, әр сөзінің іші - алтын, сырты – күміс. Оның әрбір сөзі қуатты да терең ойдан, ыстық жүректен туындаған.    Осы тұрақты тіркестердің, бейнелеуіш сөздердің аудармаларын оқып, Абайдың сөз қолданысындағы бірегей шеберлікті, оның ақындық қуатын сезіне алмайтынымыз жасырын емес. Осы ойымызды айғақтау мақсатында «аузымен орақ ору» тіркесі кездесетін бунақты қарастырайық.

Ақынның түпкі ойы деп отырғанымыз - барлық мәндік, мағыналық, құрылымдық ерекшелігі сақталып барып аударылуы тиіс көркем ақпарат. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңіндегі санаулы ғана көркем ақпарат есебіндегі бірліктердің бес түрлі аудармадағы нұсқаларын қарастырда келе, көркем ақпаратты аудармада барынша саймасай бере білу бірнеше шарттарға тәуелді болатынын тұжырымдауға болады. Аудармашы түпнұсқаны көркемдік құралдарды, мазмұндық және құрылымдық ерекшіліктерді тани, қабылдай, талқылай, бағалай білу арқылы ғана түпнұсқаны және ондағы астарлы, имплицитті көркем ақпаратты, авторды түсіне алады. Осы шарттардың бірінің назардан тыс қалуы сәтсіз аудармашылық шешімдер туындатады, түпнұсқа авторының ойын бұрмалауға әкеліп соғады деген тұжырымға келеміз

0 дауыс

1886

Ақынның терең де күрделі ойлары шерлі жүректен шымырқанып, толқып шыққан, тұтас халыққа арнап жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Адамгершілік, қайраткерлік биігіне көтерілген ақынның бұл өлеңі 1886 жылы 41 жасында жазылған.

Қайда жазылды?

30 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 6-бет). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 12-жол «Бір күн тыртың етеді, бір күн жыртың» делінсе, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда «Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың» болып алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта 13-жол «Өз басына би болған өңкей қыйқым» болса, кейінгі басылымдарда «Бас-басына би болған өңкей қыйқым» деп берілген. 1909 жылғы жинақтан бастап, барлық басылымдарда өлеңнің екі шумағы «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың» деп басылса, Оразке қолжазбасында «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп жазылған (Оразке қолжазбасы Абай мұражайының қолжазбалар қорында сақтаулы) және осы нұсқа кейінгі басылымдарға енген.

Өлең не жайында?

«Өлеңде ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді», — дейді М.Әуезов, — «Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны «қалың елі, қазағы…» Оны «қайран жұртым» деп, бар жанымен ынтыға сүйеді. Бұның қамын ойлағанда, қамырыққа көңіл толады». Абайды дерттендірген, халқының басына түскен тарихи трагедия – «Қалың елі, қазағы» Ресей империясының отарына айналып, ерікті елдігінен айырылып, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» хәлге душар болған қайғы-қасіреті еді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісінде жазылған, көлемі 30 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?

...