Жылан — бауырымен жорғалаушылар класы қабыршақтылар отрядының бір тармағы. Денесі жұмыр, ұзын (ұзындығы 8 см-ден 12 м-ге дейін жетеді). Денесін мүйізді қалқаншалар мен қабыршақтар, арқасы мен бүйірлерін ұзына бойы қатарласа орналасқан, ромбы тәрізді қабыршақтар жапқан. Бауыры көлденең жатқан ірі қалқаншалармен жабылған, олар бір-бірімен жұмсақ тері қатпарлармен жалғасқан. Ірі денелі жемтіктерді жұтқанда тері қатпарлары жазылып, құрсақ қалқаншаларынын ұзына бойы созылуына мүмкіндік береді. Көздерінде қозғалмалы қабақтары болмайды, олар мөлдір қабықпен жабылған. Күндіз белсенді тіршілік ететін жыландардың көз қарашығы дөңгелек болса, ымыртта, түнде белсенді тіршілік ететіндерінде — тік бағытта орналасқан саңылау тәрізді. Сыртқы құлақ (есту) тесігі және дабыл жарғағы болмайды. Сондықтан жыландар ауадағы дыбысты естімейді. Тілі ұзын, ұшы — айыр. Сезу қызметін тілі мен бір жұп Якобсон мүшесі атқарады. Якобсон мүшесі — кенсіріктің ішкі жағындағы ауыз қуысына ашылатын, екінші ұшы тұйықталып біткен екі қуыс; бауырымен жорғалаушылар мен сүтқоректілерде болатын иіс сезу мүшесі (тек қолтырауын мен құстарда болмайды). Бұны дат анатомы Людвиг Якобсон ашқан. Тістері жіңішке, өткір, артқа қарай иілген, усыз жыландарда тістері жемтігін ұстау қызметін атқарады. Улы жыландардың үстіңгі жақтарында у ағатын өзекшесі бар улы тістері орналасқан, олар қозғалмалы (алға — артқа қарай) болып келеді. Жак сүйектері бір-бірімен серпімді сіңір арқылы байланысқан. Мұндай байланыс аузын кен ашуға мүмкіндік беріп, ірі жемтіктерді тұтастай жұтуға жәрдемдеседі. Аяқтары жоқ, тек айдаһарда, ұршық тәрізді жыландарда, соқыр жыландарда, бүрме ауызды жыландардың кейбір түрлерінде ғана жамбас белдеуінің қалдығы мен артқы аяқтарынын тырнақ тәрізді жұрнағы сақталған. Иық және жамбас белдеулерінің болмауына байланысты омыртка жотасы бөлімдерге анық жіктелмеген: қысқа әрі жуан жыландарда омыртқасының саны 141, ал ұзын әрі жіңішкелерінде — 435-ке жетеді. Жыландар жылына 2-4 мәрте түлейді. Сыдырық (жыланның түлеген эпидермис қабығы) тұтастай түседі. Тіршілік ететін ортасына сәйкес реңі алуан түрлі келеді. Жыландар Жер шарына кең тараған (тек Антарктидада ғана кездеспейді), 3 мыңға жуық түрі белгілі. Олар 12 тұқымдасқа бірігеді. Ең көбі - сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі бар. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын: соқыр жыландар (1 түрі), айдаһарлар (2 түрі), сарыбас жыландар (12 түрі), сұржыландар (2 түрі), бозша жыландардың (1 түрі) 18 түрі белгілі. Жыландардың көпшілігі құрлықта, әдетте, қалың шөп өскен жерлерде, ағаш басында, шөлді аймақтарда, кейбір түрлері тұщы сулар мен теңіз-мұхиттарда тіршілік етеді. Жыртқыш түрлері тышқантәрізділермен, бақалармен, омыртқасыздармен қоректенеді. Жылына бір рет көбейеді. Көпшілік жыландар жұмыртқа (қарашұбар жыландар, гюрзалар, т.б) салады, ал кейбіреулері (сұржыландар, бозша жыландар. т.б.) тірі туып көбейеді. Жеке дара немесе топтанып (мысалы, сұржыландар) қыстайды. Топтанып қыстайтын түрлерін халық «ордалы жыландар» деп атайды. Жылан зиянды кеміргіштер, моллюскілер және жәндіктермен қоректеніп пайда да келтіреді. Кейбір түрлерінің терісі әсемдік бұйымдар, еті тамақ жасау үшін, ал уы медицинада қолданылады. Жыландардың уы (әсіресе, тропикалық елдерде) тек жануарларға ғана емес, адам өмірі үшін де аса қауіпті. Орта Азия елдерінде улы жыландардан кобра, гюрза, эфа, Қазақстанда дала (тамғалы) сұржыланы, кәдімгі сұржылан, бозша жылан немесе қалқантұмсық жылан, оқ жылан кездеседі. Улы жыландардың көпшілігі адамға қарсы шабуыл жасамайды. Жыландардын терісі, еті, уы үшін көп аулау, сондай-ақ бейберекет өлтіру, олардың көптеген түрлерінің азаюына, таралған аймағынын тарылуына соқтыруда. Осыған орай олардың 26 түрі мен түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына», ал Қазақстандағы 4 түрі ұлттық «Қызыл кітапқа» (1996) енгізілген.
Толығырақ: https://balkhashlib.kz/kk/resurs_16/id/2098