Алғашқы қадамын поэзиядан бастап, шағын жанр арқылы романға келген Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің дамуында өзіндік орны бар қаламгер. Жазушыны өз замандастары «Қара сөздің Қабдеші», «тағдыры бөлек тарланбоз», «тағдырлы тұлға» деп атаған. Жазушы өзінің шығармашылығы, туындыларының дүниеге қалай келгендігі туралы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында жан-жақты тоқталған. Қаламгер шығармашылығының бір ерекшелігі – оның көтерген мәселелерінің, таңдаған тақырыбының сонылығы. Қабдеш Жұмаділов өзі туып өскен жері – Қытай жеріндегі Шығыс Түркістанның тарихын зерттеп, оны көркем дүниеге айналдыруды өзіне мақсат еткен. Шығыс Түркістан тарихы – сол кезде де тарих ғылымында да, әдебиетте де жете зерттелмеген мәселе болатын. Қазақ тарихындағы Шығыс Түркістан тақырыбы алғаш Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көш» роман-дилогиясында көрініс тапса, кейін «Тағдыр» романында жалғасты. Әуелгісі шекара асып өткен тұтас ұлттық көш болса, кейінгісі оның алдындағы кезең – сол шекараның пайда болу тарихы. Романдар негізінен тарихи кезеңге қатысты көркем шығарма ретінде жазылғанымен уақыт өте келе тарихилық сипаты басым түсіп келеді. Себебі, бұл романдардағы оқиғаның өмірде болғандығы, кейіпкерлерінің түпбейнелерінің халық жадында сақталғандығы екендігі түсінікті жайт болып отыр. Жазушының символикалық мәнге аса назар аударатындығын «Соңғы көш» романынан да байқаған болатынбыз. Бұл «Тағдыр» романында да айқын аңғарылады. Жазушы бұл романда Шығыс Түркістан халқының тарихындағы осы бір кезеңді өзінің ішкі-сыртқы қайшылықтарымен көрсете алған. Шығарманың басты кейіпкері – Демежан. Романның сюжеттік-композициялық тұтастығын дәнекерлеп тұрған негізгі арна да – Демежан, сонымен бірге оның қиянатшыл, әділетсіз Маншың өкіметінің зорлығына қарсы күресі. Демежан төңкеріс жасап, көтеріліске шықпаса да, әділетсіздікпен күресудің өзге амалын таңдаған. Ол халқының ауыз-бірлігін, елдігін сақтап қалу жолында тер төгеді. Шығармадағы Демежан характерінің қалыптасуын көрсететін әлеуметтік даулар толып жатыр. Солардың қай-қайсысы болмасын Демежан образын толықтыра түседі. Мысалы, Демежанның аймақтың әміршісі Ши-амбыдан жер, су сұрауы, шегараны бөлу комиссиясының мүшесі ретінде ел ішіндегі қоғамдық мәселелерге араласуы, Ли-шансыңмен қарым-қатынасы, халдайлармен арадағы қақтығысы т.б. толып жатқан сюжеттік желілер романның композициялық бітімін құрайды. Шығармадағы оқиғалар желісі Демежан төңірегінде өрбіп отырады. Жазушы орталық кейіпкер ретінде Демежанды бейнелей отырып, ол өмір сүріп отырған қоғамның, әлеуметтік ортаның шындығын көрсетуге тырысқан. Қабдеш Жұмаділовтың шығармашылығы туралы ғалым Шерияздан Елеукенов былай дейді: «Автордың мәселе қоюдағы бірер ерекшелігін айта кету артық болмас деймін. Ол қазақ қауымының отаршылдық езгіге түскеннен кейінгі жерде адамдардың ішкі жан сарайындағы өзгерістерді зерттеуге деген құштарлығы дер едім. Роман қазақы мінездегі сол өзгерістерге тоқталғанда ерекше шұқшиятын кемістігі – бірсыпырамызға тән әрекетсіздігіміз».
Толығырақ: https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/24582/