Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және төсек қатынасынан тыйылу дегенді білдіреді.
– Дінімізде оразаның үкімі қандай?
– Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген.
– Оразаның ниеті мен уақыты жайлы айтсаңыз?
– Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Кез келген оразаны тұтудан бұрын жүрекпен ниет етілуі тиіс. Әбу Ханифа мазхабы бойынша Рамазан айының басында ниет ету сол қасиетті ай үшін жеткілікті болып есептелінеді, қаласа күнделікті ниет етуге де болады. Ешқандай ниетсіз күні бойы аш жүру оразаға жатпайды. Ал оразаның уақытына келсек, сəресі таң намазының уақытына дейін болады да, ақшам намазының уақытында ауыз ашылады.
– Рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат етілген себептер қандай?
– Тек төмендегідей шариғи себептер болғанда ғана ораза тұтпауға болады:
- Ауыруының айығуынан үміт жоқ, үнемі дәрі немесе уколға сүйенетін, ораза ұстаса денсаулығына зиян келетін науқастар,
- Ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер.
Алайда, оразаның сауабын алу үшін фидия төлеуі тиіс. Фидия дені сау адамға жүрмейді.