Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамдық өміріміздегі айрықша құбылыс болды. Мақаладағы ең ерекше көңіл аударатын тұс – ұлттық кодты жоғалтпау мәселесі және ұлттық рухымызды жандандыру болып табылады.
Елбасы өз сөзінде: «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» – деді.
Осы орайда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, ұлттық рухымызды дәріптеу мақсатында ақын, қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың туғанына 172 жыл толуына орай Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Әлем таныған ұлы Абай» атты кітап-көрмесі ұйымдастырылды.
Абай – ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы. Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Ол қазақ поэзиясының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалы биікке алып шықты.
Ұлы ақынға арналған «Әлем таныған ұлы Абай» атты кітап-көрмесі:«Ұлы даланың ұлы ақыны», «Абай – мәңгі халқының жүрегінде», «Абайдың асыл мұрасы», «Абай және әлем әдебиеті» бөлімдерінен тұрады.
Бірінші және екінші бөлімдерде ойшыл, дана Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша шыққан «Абай Ибраһим Құнанбайұлы», М. Бейсенбаевтың «Абай және оның заманы», «Тәуелсіздік және Абай мұрасы», Н. Анастасьевтің «Абай», О. Сабденнің «Абай и будущее Казахстана» атты кітаптары қойылды.
Көрменің «Абайдың асыл мұрасы» атты бөлімінде халқымыздың дана да дара кемеңгері, данышпан ақыны, әрі ұлы ойшылы – Абай Құнанбайұлының қара сөздері, «Қазақ әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша Г.Бельгердің құрастыруымен «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...», «Сен де бір кірпіш дүниеге» т.б. шығармалары қойылды. Келесі бөлімде ұлы ақынның шетел тілдеріне аударылған еңбектері оқырман қауымға ұсынылды. Атап айтқанда: «Библиотека журнала АМАНАТ» сериясы бойынша жарық көрген ABAI «Book of words», жазушы Г. Бельгер құрастырған «Двадцать стихотворении на трёх языках», корей тіліндегі шығармалары қойылды.
Тәуелсіз Қазақстан елі әлемдік өркениет көшіне жол тартқан тарихи кезеңде хакім Абайдың асыл мұралары болашаққа жол бастап, темірқазық болып отыр. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ұлы ақынның шығармаларын кейінгі толқын көкірегіне тоқып, көңіліне шамшырақ етіп алары сөзсіз.