Азияның шығысындағы Жапония мен Қытай әлем экономикасы мен даму қарқынына белсенді қатысушы елдер. Қытай мен жапон қарым-қатынасы ежелден шиеленіске толы. ХХ ғасырдың бас шенінде басталған бұл кереғарлық, Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін тіптен өршіді. Бірде қабындап, бірде бәсеңдеп, әр кезеңде әртүрлі қайшылықтармен ұласып келеді. Анық бір әскери-саяси қақтығыстарға бармағанымен, бір-бірінің шекаралық аймақтарына баса-көктеп кіру, теңіз айдынында соғыс кемелері арқылы қыр көрсету, шекараға жақын маңда әскери оқу-жаттығулар өткізу сынды бір-бірінің саяси ұстанымдарына қайшы әркеттері үзбей жалғасуда. Екі тараптан да достық қарым-қатынасқа мұтылу белсенділігі байқалған емес.
Олай болса, қытай-жапон қарым-қатынасындағы шиеленістің себебіне үңіліп көрейік. Бұл, біріншіден тарихи оқиғаларда, екі ел ара жүргізілген шапқыншылық соғыстарда болса, екіншіден қос елдің ұлттық менталитетінде жатыр. ХІХ ғасырдың соңында Жапония ұлттық бірегейлік жолында маңызды реформаға қадам басты. Мемлекет басқару ісін жаңартып, дамудың тың сатысына өтті. Содан бастап, Жопония Шығыс Азиядағы алдыңғы қатарлы елге айналды. Жапондық ұлттық сана-сезім оянып, өзіне тән жапондық дүниетаныммен әлемге қарай бастады. Өткен ғасырдың басында Қытайды отарлаушы сегіз мемлекеттің қатарында, Қытайдың шығыс-солтүстік аймақтарына өз ықпалын жүргізді. 1911 жылы феодалдық Чиң патшалығын құлатып, Қытайда халықтық республика Минго үкіметі билікке келді. Бұған қарсы Жапония өзі ықпал етіп тұрған шығыс-терістік аймақта бұрынғы Чиң патшалығын құрушы манжүрлерді қолдап, Манжурия үкіметін құрды. Ал, Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Жапония фашизмдік соғыс ашып, Қытайға басып кірді. Міне, осы оқиғалар екі елді бітіспес ата жауға айналдырса керек.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония ғылым-техника мен экономикасын жандандырып, тың даму жолын тауып кетті. Ал, Қытайда азаматтық соғыс толастап, социалистік ҚХР құрылғаннан кейін де көп уақыт жабық күйде, дамудан кенже қалып қойды. Осы кездерде Қытай Жапонияға ашық түрде қарсылық позициясынан танбай келген. Қытай реформаторы Дың Шиаопин билігінен кейін Қытай әлемге есік ашып, дипломатиялық, сауда-экономикалық байланыс жасай бастады. Жапония-Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтті. Екі ел арасындағы импорт-экспортқа орай, жапон өндіріс техникалары бұрынғыдан да көбірек кіргізілді. Жапонияға көптеген қытайлық студенттер білім алуға барды. Дей тұрғанмен, Қытай өз ішінде Жапонияны сынап-мінеуін, халыққа жапондықтарды жау етіп көрсетуден қайтпады.
Қазіргі күні, екі ел арасындағы саяси дүлдараздыққа тұз себетін жағдайлар қазір де жүз беруде. Мәселен, қытай билігі үшін Тайвань мәселесі «Үлкен Қытай» (Қытай, Тайвань, Гонгонг) идеясындағы маңызды мәселе. Осы реткі АҚШ президентіне кандидат Трамп Тайвань басшысының телефонын қабылдағаны үшін де қытайлық БАҚ көп даурықты. Ал, Жапония Тайвань мәселесінде Бейжіңнің қабағына қараған емес. Ортада Дяо Идао аралы оқиғасы туылғаны мәлім. Кейбір сарапшылар осы оқиғаны Қытай билігінің өзі ұйымдастырды деген пікір айтады. Неге олай дейтініне сәл кейін тоқталйық. Шығыс Азияның екі алпауыты арасындағы үлкенді-кішілі теке-тірестер, олармен достық байланыстағы елдерді кейде әбігерге салып қояды. Қытай кез-келген елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатарда ең алдымен айқындайтыны – сол елдің «Үлкен Қытай» саясатына болған ұстанымы. Егер, бұл ұстаным Қытайдың ойлағанындай шықпаса, дипломатиялық қатынас сәтсіз деп қарайды. Бұл Қытай мен келесі бір елдің ғана емес, Қытай қатысқан халықаралық саммиттер немесе достық-ынтымақтастық ұйымдарда да қатты қадағалайтын саяси түйінді мәселесі.
Осы қарама-қайшылықтың басты себептері жоғарыда біз көрсеткен екі себеп болса, ал бұның жанамалай себебі тағы бар. Ол – Қытайдың анти-жапондық демонстрациясы. ҚХР құрылған жылдары елді жаппай социалистік құрылысқа бағыттады. Бұл кезде Қытай қоғамы жабық күйде, арасында Кеңес Одағымен ғана барыс-келіс жасады. Ел ішінде жеке басқа табындыру, коммунизм идеясын үгіттеу арқылы идеологияны бір бағытта ұстап тұрды. 1980 жылдарда Қытай реформа жасап, шетелдерге есік ашты. Халықаралық қарым-қатынастар болған жерде, әр ел өз мүддесін ортаға салары анық. Ол Қытай мүддесіне сай келу-келмеуі де мүкін. Бұл ғана емес, Қытай жедел даму сатысына өтіп, әлеммен жан-жақтылы байланыс орнатысымен, ішкі-сыртқы тың проблемаларға жолықты. Оның кейбірі бұрыннан қытайда бар проблемалар болса, ал кейібіреуі тыңнан туындаған дағдарыс қайнарлары еді. Мысалға, күн сайын артқан демографиялық өсім, содан келіп шығатын жұмыспен қамту, халықтың тұтыну қажеттілігін өтеу, байлық ресурстарының жетіспеушілігі сынды Қытай дағдарысының белгілері.
Қытай билігі ел ішінде өз сенімі мен ықпалын баяғыдай ұстап тұру үшін, қоғамдық пікірді өзге бағытқа бұруына тура келді. Жапон тақырыбы бұған таптырмайтын тақырып еді. Екі елдің тарихи қайшылықтары мен әлі ұмытылмаған жапон оккупациясының іздері биліктің халықты алдаусыратудағы маңызды қаруына айналды. Оған жапондықтардың біртоға, алған бетінен қайтпайтын мінездері де сай келіп тұр еді. Бұл істі жүзеге асыру үшін БАҚ, әдебиет, кино салалары жұмылдырылды. Тіпті, мектеп бағдарламасына дейін кіргізілді. Сонымен, Қытай ХХІ ғасырда ХХ ғасырдағы Қытай үшін Жапонияға кектенетін жаңа буын ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Оны отаншылдық рухтың басты көрінісі ретінде бейнеледі. Жоғарыда сөз болған Дяо Идао мәселесі де соның бірі болатын. Дяо Идао ісінен бұрын Қытайдың ішінде Тайвань мен Гонконгта Бейжің билігіне наразылықтар, Шынжаң, Тибет автономиялы өлкелерінде ұлтаралық жаңжалдар туылып жатты. Ішкі қытай өлкелерінде әлеуметтік жағдайларға байланысты билікке көңіл толмаушылық та күшейе бастады. Осы мәселелерді біржақтылы етуге мұрсат алу үшін, бүкіл қытайлықтарға ортақ жапон тақырыбын көтеріп, қоғамдық пікірді басқа арнаға бұрып кетті. Дяо Идао ісі жарияланысымен, ел ішінде жапонға қарсылық шаралар әр қала, өңірлерде болып жатты. Кей жерлерде жапондық кәсіпорындарды қирату, жапон тауарларын өртеу, бүлдіру сынды ұшқары істер де болды. Мұның бәрі айналып келгенде, Қытай билігінің анти-жапон демонстрациясының жемісі ғана.
Жақында аталған екі елдің жойғыш соғыс ұшақтары Шығыс Қытай теңізінде қақтығысып қала жаздаған болатын. Жапония Шығыс Қытай теңізінде Қытай әуе армиясының ұшағына жақындағанын мойындамады. Бірақ, 16 желтоқсан күні Қытайдың ең үлкен әскери істер тақырыбындағы сайты (www.js7tv.cn) осыған байланысты видео жариялап, жапон ұшақтарының сұғанақ әрекетін әшкерлегенін айтты. Бұл ақпаратқа сенер болсақ, жапондық F-15 қырғындағыш ұшағы Қытай әскери ұшағына өте жақын келген. Тіпті, ұшқыштар бір-бірін анық көрген. Әлемдік ақпараттарда қатты аңыс қозғамағанымен, бұл хабар қытайлықтарды тағы бір дүрліктіріп тастады.
Қытай-жапон қайшылығы жапондықтар үшін бәлендей маңызды мәселе болып саналмайды. Жапондықтардың тарихи танымы мен қытайлықтардың тарихи танымы да екі басқа. Олар тарихқа өткен іс ретінде қарайды және бұрынғы адамдардың жасаған қателіктеріне өздерін кінәлі деп есептемейді. Токио Бейжіңнің қас-қабағына қарап отырмай, өзіндік ұстанымын ашық көрсетеді. Сол үшін қытай ішіндегі қандай да бір қарсылық әрекеттер жапон елінде күрделі талқылауға түсіп кетпейді. Тек, жекелеген жапон ұлтышылдары ашық түрде айыптауларға барады. Жапония мен Қытай қайшылығы қай деңгейде болса да, өңірдің экономикалық дамуы тұрақтылығын сақтап келеді. Осының өзі бұл қайшылықтың бір жақтылы екенін көрсетсе керек.
Естай Божан
Дереккөз: https://qazaqtimes.com/article/279