0 дауыс
1.5k көрілді
Ұятмен деген кім? Бұл түсінік қайдан шықты?
Интернетте пайда болып, тараған сөз ғой. Көп жағдайда, “ұят болады, мынауың дұрыс емес, қазаққа тән емес” деген сияқты сөздерді қолданушыларды солай атайды.

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Соңғы кездері «ұятмен» деген жаңа түсінік пайда болды. Ұятмен – өзінің жеке моральдық қатаң түсініктерімен өмір сүретін адам-мыс. Осыдан екі жыл бұрын Мұрат Дильманов есімді суретші Ұятмен батырды ойлап тауып, өзінің фейсбуктегі парақшасына: «Кеше қайғылы жағдайларға байланысты халықтың сүйіктісі Ұятмен қайтыс болды. Ол туралы әңгіменің барлығы біздің жүрегімізде қара нүкте боп қала береді. Ұятменнің жерлеу рәсімі мен жерленген орны қосымша кейінірек хабарланатын болады» – деп жазып, салған суретін жүктеді. Бұл әңгіменің басы негізінен Талғат Шолтаев есімді астаналық тұрғынның Астанадағы әйел мүсіннің тым анайы екенін айтып, үстіне орамал жауып қойғанынан басталған еді. Сол кезде жұрт пікірі екіге жарылды. Бірі Талғатты қолдаса, бірі даттап, жерден алып, жерге салды. Заңгер Талғат Шолтаев суретшінің комикс кейіпкері болып, әлеуметтік желіде бәрі оны ұятмен санап, кейін сол сөз жастардың лексиконына айналып кетті. Мұрат Дильмановтың бұл суреті ащы мысқылға толы туынды еді. Ол ойлап тапқан суперқаһарманның жаудың ашық жерлеріне орамал ататын «Ұяталити» деген қаруы да бар. Жарайды, тақырыптан ауытқымай негізгі әңгімеге көшейік.

Осы оқиғадан соң бүгінгі таңда халықтың ашық пікір алаңына айналған әлеуметтік желіде ерінбегеннің бәрі пікір білдірді. Жоғарыда айтып өткен «ұятмен» сөзінің пайда болуына да осы оқиға әсер еткен секілді. Осыдан кейін-ақ әлеуметтік желіде #ұятмен атты хэштек пайда болды. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Қоғам болғасын әр түрлі көзқарастың болуы заңды. Алайда, кейінгі уақытта бұл тақырып ең танымал, ең жиі айтылатын сөзге айналғанын жұрт жақсы біледі. Байқасақ, осындай әңгімеден соң жұрт ұят пен ұят еместің аражігін ажырата алмай жүргендей көрінеді. Қалай дегенде де бұл күйіп тұрған мәселе болып отыр.

Кешіріңіздер, біз «Байзақовалардан» жеңіле бастадық. Біз оларды мазақтап, кемшіліктерін бетіне басамыз ба дедік, кейінгі ұрпақ олардан үлгі алмаса екен деп тіледік. Сөйтіп отырған кезде олар бізден пысықтық танытып, «ұятмен» дейтін сөзді шығарып, өзімізді тақырға отырғызып кетті. Осындай кезде біз не істеуіміз керек? Руханияттың адамдары, қоғамның арлы өкілдері қандай әрекет жасауы керек? Әлде мазақ боп отыра береміз бе? Бір кездері «мәмбет» деген атаққа қалған кезіміз де болды. Шын мәнінде ол соншалықты масқара атау емес еді. Мәмбет – мәңгүрттің синонимі деп біледі екен кейбір адамдар. Оған жеткізген жоғарыда атап өткен «жұлдыздар» дер едік. Енді бізді тағы да осындай дәрежеге түсіріп отырған жайы бар. Сондықтан осылармен қалай күресеміз? Осы мақсатта белгі адамдардың пікірін білмек болып, сауал жолдадық.

  1. Қазіргі қоғамда жиі талқыға салынып, жұрт пікірін екіге бөлген «ұятмен» сөзі қайдан пайда болды? Бұл мазақ па, жоқ әлде?..

2. Шын мәнісінде қазақ ұғымындағы (болмысындағы) ұяттың алар орны мен салмағы қандай?

Дина ЕЛГЕЗЕК, журналист: Ұятты надандықпен шатастырады

1. Соңғы жылдарда «ұятмен» деген әжуа «термин» қоғамға еніп кетті. Оның пайда болуына қоғамда қызу талқыға салынған кей жайттар әсер етті деп ойлаймын. Астанадағы сұлу қыздың бейнесіндегі мүсінге тиісіп, үстіне киім кигізіп кеткендердің болғаны есіңізде шығар? Ол – өнер туындысы ғой. Жансыз атрибуттың төсін жауып, көйлек кигізген, әлгі мүсіннің көзін құрту керек деп айғайлаған қауымға «ұятмендер» деген ат қойылды. Әлемдік жауhарлардың қатарына кіретін «Давид», «Венера Милосская» секілді құнды өнер туындылары бар. Ғасырлардан бері келе жатқан ғажайып жауhарды адамзат көзінің қарашығындай аялап келеді. Сол мүсіндердің үстіне киім кигізген масқараны көрдіңіз бе? Басына орамал тақпаған қызды көрсе де әлгі «ұятмендер» жұлып-жеп, желіде аузына келгенін айтып, небір ерсі қылық көрсетті. Зайырлы мемлекет екенімізді ұмытып, өздерінің ежелгі замандық дәстүрін орнатпақ болған әлгілер «ұят» деген қасиетті ұғымды надандықпен шатастырды. Надандыққа қарсы бағытталып айтқан «ұятмен» дегеннің астарын кейін басқаша бұрмалап алғандар да бар. Шын мәніндегі ұят нәрселерге сын айтатындарға да «ұятмендер» деп айдар тағып, мазақ етіп, «ұятменнің» әуелгі әжуа атауы керісінше сипат алып кетті.

2. Ұят – имандылықтың белгісі. Ар мен адамгершіліктің бастауында «ұят» тұр… Қазақ «Өлімнен ұят күшті» деп бекер айтпаған. Осы мақалдан-ақ ұяттың біздің ұлт үшін нендей қасиеттің белгісі екенін салмақтауға болады.

Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ, тележүргізуші: Хайпты қуған Хамит көп.

1. «Ұятмен» сөзі қайдан пайда болды дейсіз бе? Біз қай нәрсенің де бітіп, таусыла бастағанында байқаймыз ғой. Бұл да сол сияқты. «Ұятмен» сөзі қоғамда ұяттың қапшығы ортайып, түбі тесіле бастағанда пайда болды деуші едім. «Абырой бар жерде ар шапаны сөгілмейді» демей ме?! Бұл сөз бұрын неге айтылмады?! Себебі ол қолдануға керек болмады. Ал қазір «ұятменнің» xит кезі. Бәріміз xайп қудық, сол xайп қуғандарды «ұятмендер» қуды. Бүгінде «Хайпты қуған Хамит» көп. Неге?! Халық анау-мынауға таңғалмайды, мән бермейді. Ал xалықтың назары, шуы – от. Қазаныңды қайнататын, тіршілік атты мұржаңнан түтін шығаратын от. Ол болмаса, иесіз қалған үйдейсің. Сондықтан ажиотажды елдің өзі аңсайды, күтеді. Бірақ өздері оны ешқашан мойындаған емес.

2. Ұяттың алар орнын мен айтпасам да әр қазақ біледі. Ұят пен қазақты бөліп қарауға болмайды. Неге?! «Ұят болады!» Тәрбие осы екі ауыз сөзбен түйінделеді. Бұрынғы қазақтардың тектілігі мен мықтылығына таңғалам. Ол кезде де бүгінгідей жағдайлар болды. Бірақ олар ұяттың ұртына жеткізбей, жақтап не жазалап алып отырды. Мысалы,  Қодар мен Қамқа өлімі. Екеуінің ісі – ұят. Жазасы – өлім. Қазақ шығармаларында атастырып қойып, ұрын бару. Одан соң өзгемен қашу. Мұндай мысалдар көп. Айырмашылығы уақытта. Бүгін оның бәрі қалыпты жағдай. Сондай жағдайды студияда айтып, экранға шығару – ұят па?! Өмірде, айналасында болып жатқанды көргісі де, мойындағысы да келмейді.

Айна ДОСҚЫЗЫ, PR маман, блогер: Оны ұятқа қарсы адамдар ойлап тапты.

1. «Ұятмен» деген атауды шығарған осы әлеуметтік желідегі ұятқа қарсы адамдар. Мен бұған қарсымын. Себебі әр адамда ұяттың, жалпы өзінің ішкі шекараларының болғаны дұрыс. Өз басым қысқа, ашық-шашық киінуге мүлде қарсымын. Егер қоғамда ұят болмаса, әркім ойына келгенін істейді. «Ұялу – Алладан» дейді ғой. Менің де соны қолдайтын жақсы араласатын достарым бар. Олардың пікірінше, кім қалай жүрсе де, не кисе де  өзі біледі. Еркіндік және шектен шығу деген ұғым бар. Шектен тыс еркіндіктің арты азғындыққа апаруы мүмкін. Сондықтан бұған қарсымын.

2. Бұл ұғымды тек қана қазаққа тән деп есептемеймін. Меніңше, ұят ұлтқа бөлінбейді. Ұят барша адамзатқа тән қасиет. Өзің өмір сүріп отырған қоғамның ережелеріне бағынбау үлкен қателік. Қазір көп адам балаларын «сен индивидсің, сен ерекшесің, жұрт не десе о десін» деп тәрбиелейді. Бұл эгоцентризмге жол ашады. Сенің жасаған әрекеттерің ешқашан біреуге кесірін тигізбеуі тиіс. Өзің қоғамның бір бөлшегі болған соң бәрібір белгілі бір ережелерге бағынуың қажет. Егер қоғамда ереже болмаса немесе адамның өзінің ішкі шектеуі болмаса, онда ол адамды сырттан шектеу керек.

Эльвира ЕРҒАЛИНА, блогер: Ұятмендер» – бүгінгі заманның клоундары.

1. Қазіргі қоғамда жиі талқыға салынып, жұрт пікірін екіге бөлген «ұятмен» сөзі ұяттың аражігін ажырата алмаған, бірақ ұятты жалаулатып, болатын һәм болмайтын жерге қыстырыла беретін адамдарға қатысты пайда болды. Нағыз ұяттың не екенін білмейтін, десе де өзгенің жеке өміріне қол сұғу арқылы, өзіне көпшіліктің назарын аударту арқылы, өзінің эгосын қанағаттандыру арқылы, ұлттық құндылықтарды өтірік алға тарту арқылы ұпай жинағысы келген адамдарды «ұятмен» деп атап кетті. Шындығында олардың қолынан ештеңе келмейді. Олар өте қорқақ, көпшіліктің пікіріне арқа сүйейтін «диван батырлары». Дау да, атау да Астанадағы ғашықтар аллеясындағы мүсіннен басталды емес пе. Өнердің не екенін, оның неліктен дәл осылай қойылғанын түсінбегендер шу көтерді.  Жалпы Тәңір жаратқан кейбір заңдылықтарға адамның тәніндегі, мүсіндегі кейбір нәрселерге ұят деп кез келген дүниені таңа беру «ұятмендердің» ісі. Мұның қатарына кешегі Жан Ахмадиевті жатқызуға болады. Мен оны «ұятмен» деп айта аламын. Ұятмендер өмірде өздерінің сөзіне қарсы шығуы мүмкін. Өйткені әдетте адамдар өзінің бойында, санасында жүретін ойларды жұрттан көргіш келеді. Менің бұл қылығымды біліп қалмасын, әуелі бірінші өзім ұрандатып шығайын, сосын өзімді ақтап аламын, қалғаны менің мәселем емес деп ойлайтын эгоистердің тірлігі деп ойлаймын. Сол үшін халық оларды күлкіге айналдырады. Былайша айтқанда «ұятмендерді» бүгінгі заманның клоундары десек те болады.

2. Қазір шын мәнісінде қазақ ұғымындағы ұятты жоғалтып алған сияқтымыз. Мысалы, көшеде өз бетінше кетіп бара жатқан қыздың киіміне, бояуына тиісіп, соған ер жігіттің әңгіме айтуы, болмаса соны суретке немесе видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап, мынау ұят деп айту жігіттікке жараспайтын ұят тірлік дер едім. Қазір уақыт өзгерді, заман дамып жатыр. Баяғы жаугершілік заман емес, бұрынғы Кеңес өкіметінің дәуірі де өтті. Біз бейбіт заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Бүгінгі дамыған бейбітшілік дәуіріне бұрынғы дәуірдің адамдары бейімделе алмай жатыр. Кейбір жастардың санасына да сол ескі программаны құйып жатқан сияқты. Қазіргі жастар адамның өз ұлтын, тілін, дінін, салт-дәстүрін сүю, құрметтеу секілді барлық құндылықтарды біледі. Бірақ олар соны жалаулатып көшеге шығып, сол үшін өздерін көшбасшы санап жүрмейді. Өкінішке қарай сол санатқа кірмейтін жастар өзінен көш ілгері жүретін замандастарының ісін күндейді. Не ішіп, не кисе де, қайда барып, кіммен жүрсе де бәрін ұят санайды. Олардың санасында өткен буынның қорқынышының табы қалып қойған. Сөйтіп біз шын ұят пен жалған ұяттың аражігін ажырата алмай қалдық. Адами тұрғыдан қарасақ біреудің жеке өміріне, жеке көзқарасына, араласатын ортасына қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ. Ол өте ұят. Өткен дәуір келмеске кетті. Қазір заман басқа. Әркім өз мүмкіндігінше дамитын заман. Жеке территория мен ортақ территорияны ажырата алмаған адамдар біреудің жеке өміріне өтіп, оған өзінің үстемдігін жүргізгісі келеді. Заманға бейімделе алмай жатқан адамдар қазіргі нағыз ұяттың не екенін білмей жатыр.

Біз ештеңеге таңғалмайтын дәрежеге жеттік. Бұрын өрескел қате, масқара, ұят делінген жағдайларға көз үйренгені сонша, етіміз өліп кеткен. Міз бақпаймыз. Азаннан кешке дейін жұмыстың соңында жүретін ата-ананың балаларымен тілдесетін уақыты жоқ. Адамдардың бір-бірімен виртуалды әлемде ғана араласатын жалған достығы, өтірік көлгірсу, бәрі-бәрі айналамызда болып жатыр. Тіпті, бүгін досымның туған күні. Баруға аса құлқым жоқ, WhatsApp-тан құттықтай салармын деген замандасымызды да көріп жүрміз. Шын көңілден хал сұрасу, көзбе-көз барып жағдайын білу, бір дастарханда отырып әңгіме-дүкен құрып, сырласу деген нәрсенің азайғанын несіне жасырайық? Осының бәрі бүгінгідей сорақылыққа жеткізіп отыр.

Күні кешегі Байзақованың іс-әрекетін қоғам боп талқыласақ та, әлі түбіне жетпедік. Бір адамның анайы әрекеті жаппай жұрттың «жағасын ұстатты». Бізді қынжылтатыны – соларды қолдайтын жастардың бар екені. Неліктен адам жаман жолды таңдауға бейім деген заңды сауал туындайды. Өйткені қай кезде де жабайы болу оңай. Оған ешқандай ақылдың керегі жоқ, күш жұмсамайсың. Бір қызығы, осы жабайылықты адамдар танымалдылықтың құралы жасап алғанға ұқсайды. Қазіргі тілмен айтқанда «қара пиар» арқылы атың тез таралады. Әрине, біз аттандап, даурыққымыз келмейді. Мүмкін, әлдеқандай себептер болған шығар. Тұрмыстан ауыр соққы алып, жаман жолға түскен дейді. Енді біреулер анасымен қатты ұрсысып, қасақана істейді дейді. Қалай десек те, оның бұл әрекетін құптамас едік. Жасап алған образы мен іс-әрекеті еш ақтауға тұрмайды. Қоғам тарапынан оның әрекетіне қарсылық болғанын сезіндіру керек еді. Оны қаншалықты сезініп, байыбына барғанын бір Құдай біледі.

Біз қанша жерден мойындамасақ та қазір «антиұяттың» кезеңі келді. Шешінуден қымсынбайтын әнші-әртістер көп. Олардың көбі өзіміздің қаракөздеріміз. Оларға еліктеген жастардың танымал болу деген осы деп түсінбесіне кім кепіл?! Алматылық дәрігер Әсел Баяндарованың да «қылығын» ұмытқан жоқпыз. Оның ойынша, «ұятмендер» қазақ әйелінің бостандығына тұсау салғысы келеді. «Қазақстандағы әйелдер өзін еркін сезінбейді. Сіз қоғамның қысымына қарсы тұру үшін күшті болуыңыз керек. Кәдімгі әйелдің мұндай жүкті көтеруі қиын», – дейді ол. Оның фейсбук желісіндегі жазбасы бір сәтте «атақты» қылып жіберді. «Әйгілі жазбасында» ол қазақ әйелі дәстүрлі қоғамның ақылсыз қағидаларымен жүруге міндетті емес екенін ашық айтты. Жартылай жалаңаш суретімен бірге жарияланған жазбасы жиырма мың лайк, сегіз мыңға жуық пікір жинады, мыңдаған адам бөлісті. Баяндарованы басқа да қазақстандық әйелдер қолдап, ню (французша – nudité, қысқаша – nu – «жалаңаштық», «жалаңаш») стиліндегі суретін әлеуметтік желілерге таратып, моральді қорғаушылардың қысымына наразылық білдірді. 2016 жылы Дана Кульжанова есімді қыз еліміздің көк байрағын Нью-Йорктағы гей-парадқа алып шыққаны да есімізде. «Қазақстандағылар ер адам басым рөл атқаратын ұжымдық рухы бар ауылдық қоғамда өмір сүруде», – дейді «Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеу орталығының президенті Гүлмира Илеуова. Әлеуметтанушының айтуынша, елде мәдени идеологияны іздестіру үдерісі жүріп жатыр. Ол қоғам өзін-өзі тану мен дамудың нақты бағыт-бағдарына мұқтаж екенін алға тартады.

Кейбір қоғам өкілдері бәрін «ұят боладыға» әкеп тіреп тастайтын секілді. Осы «ұят боладының» кесірі кері шегіндіреді дейді. Бізді осы ұятымыз сақтамайтын ба еді? Белгілі бір деңгейде ұятымызды іске қоспасақ, ішкі моральдық құндылықтарымыздың күл-талқаны шығар еді. Асылы, біз «ұят боладыны» дұрыс түсінбедік. Ұят пен ұят еместі шатастырып алдық. Орынды-орынсыз жерге қолдану арқылы ұятымыздың қадірін жоғалтып алғанға ұқсаймыз.

Біз бұл мақаламызда азды-көпті ушығып тұрған мәселенің мәнін іздеуге тырыстық. Ешкімге ақыл айтпадық деп ойлаймыз. Ақыл айтуға да аса құлықты емеспіз. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, бұл тамыры тереңдеп кеткен әңгіменің төркіні орыстілді қазақтардың қазақтілді қоғам өкілдеріне деген мазағындай әсер қалдырады. Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт бір сұқбатында: «Қазір іштегі моральдық кодекстің шекарасы бұзылған. «Ала жіпті аттамау» деген сөзді біз ұмыттық. Аттап кетіп жатырмыз. Табалдырықты басып та, керегемізді керіп те тұра береміз. Біздің көп нәрсеге етіміз өліп кетті…» – деген еді. Расында, біз қайда бара жатырмыз? Қазіргі бағытымыз дұрыс па? Қашанғы «түсіністікпен» қарай береміз? Соншалықты ішкі иммунитетіміз әлсіз бе еді? Бізді осындай сұрақтар мазалайды.

Толығырақ: http://zhasorken.kz/?p=25100

Ұқсас сұрақтар

...