Ақселеу Сланұлы Сейдімбек- қазақтың маңдайына біткен дара жұлдызы болған жазушы, этнограф, шежіреші, зерттеуші, ғалым Ақселеу атамыз жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Біреу ол кісінің білімділігін айтса, біреу шежірешілдігін, тағы біреу əншiлiгiн мақтайды. Ақселеу Сейдімбек қайтыс болғанда әрі досы, әрі замандасы жазушы Әбіш Кекілбаев : «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бəрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кəтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бəрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» –деп орны толмас қазаға қатты қайғырған екен [1]
Ақселеу Сейдімбек өткен ғасырдың 70-80 жылдар аралығында көркем әдебиет жанрында біқаншама қалам тербейді. «Қыз ұзатқан», «Күзеуде»,«Бір атым насыбай», «Аққыз» сынды шығармалар жазып жүріп, «Көркем шығарма дегенің бос сөздің желқабызы екен. Одан да еліміздің руханиятын құтқаратын ғылыми-көпшілік жанрға көшем», – деп, әріптесі әрі досы Тұрсын Жұртбайға пікірін айтып,біржола ғылымға бет бұрған да Ақселеу Сейдімбек атамыз еді.
Зерттеуші –ғалым қазақ тарихы мен әдебиетіне көптеген мұра қалдырған. Ата- бабамыздың тарихы мен шежіресін, тарихта болған батырлар мен билердің өмірі, Қорқыттан кейін тартылуы әлсіреп бара жатқан күй шежірелеріне қосқан үлесі мол болбаны көпшілікке аян. Алайда жазушының қаламынан шыққан көркем туынды туралы өзіндік көзқарас та, өзгешелік те ерекше екенін айтып өтпекпін.
Жазушы қаламынан шыққан «Қыз ұзатқан»,« Бір атым насыбай», «Аққыз» хикаяттарында ХІХ ғасырдағы қазақ даласының тұрмыс- тіршілігін анық көреміз. Мұнда қазақтың көшпелі дәуірдегі мамыржай тіршілігі, елдегі тартыс пен барымташылық, адамдар арасындағы рухани адамгершілік қатынас, сыйластық пен өз мақсаты мен махаббаты үшін күрескен кейіпкер бейнесін анық көреміз.
Ақселеу Сейдімбектің «Аққыз» хикаятында ХІХ ғасырдағы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігін көреміз.Көркем туындыда төрт түлік малмен күн көрген қазақтың тұрмыс – тірішілігі де, жастардың серілік дәурені мен саятшылық өнері, екі жастың арасындағы сезім шынайылығы, отбасындағы бала тәрбиесі, үлкенге деген құрмет пен кішіге деген ізет, достықтың адалдығы мен туысқандық қатынастар суреттелген.
Аққыз –Қараағаштағы Таймас байдың жеті перзентінен қалған жалғыз үкілі үміті. Әкесі қызын мал- дүние қызығын көру үшін емес, ұрпағын жалғастыратын жалғыз алданышы ретінде тәрбиелейді. Бар байлықтың иесі де, дәулетінің қорғаны, ел- жұртының қамқоршысы да, абыройын арттырып, атағын шығаратын –осы Аққыз. Таймас бай қартайғанын сылтау етіп, соңғы кезде көршілес ел арасындағы дау- дамайды шешуге де Аққызды аттандырып отырады. Бұл- жазушы қаламынан шыққан тың кейіпкер.Иә, жалғыз қызын еркекшораша өсіріп, малға ие етсе де, бойжеткен кезінде , уақыты келгенде сұрап келгендер болса, қызын ұзатқан. Ал Аққыз әке дәулеті арқасында бұлаң өсіп қана қоймай, Таймас бай қызын сұрап келгендерді жазалап, дүре соқтырғаннан кейін, маңайындағылар оның қыз екенін білдіруге де тартынатын болған. Осылай бойжетіп келе жатқан Аққыз да әке үмітін ақтап сабырлы, саналы болып ержетеді. Небір дау-дамайларға араласып, ел іші мен көршілес ел арасында атағы шығады. Ер жігіттер арасында да достары мен жолдастары көбейіп, оны бойжеткен қыз деп емес, адал жолдас ретінде көреді. Әке үмітін ақтаған Аққыз да ақылына көркі сай, уәдеге берік жан. Ел арасында болған даудың бірінде дұрыс шешім айтқан Аламан батырға уәдесін бергенімен, еркін өскен Аққыздың жанын жабырқататыны- әйел үстіне, яғни тоқалдық қамытын кигісі келмегендігі. Бірақ берген сертінен тайқу-бұл Аққыз үшін емес еді. Көңілі жабырғаса да, Аламанға: « Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде отырған әкемнің жалғызы едім.Тым болмаса көзі жұмылғанша көңілін күпті қылмасам деп едім. Қашан болса да, хабардың өзімнен болуына шыдам жасап күтсең, дегенің болсын»-дейді. Яғни, Аққыз - жазушы қаламынан туындаған жаңа, тың кейіпкер. Осындай кейіпкерін жазушы да күндестіктің құлы еткісі келмейді. Сондықтан Аққызға өз серілігі мен батылдығының арқасында қол жеткізген Наймантайды тудырады. Наймантай да Аққыздың батылдығын, ақылдылығын, биязылығын, сертке беріктігін құрметтейді. Сондықтан да Аққызға өз көңілін білдіргенде қыз оған: «..Қанша бұлғақтағанмен қыз болып дүниеге келген соң, тағдыр тұзағынан қашып құтылмайды екенсің. Әрі ойлап, бері ойлап сол тұзаққа менің де бас иген жайым бар. Және де табиғат тартуына бағынып, өзім іздеп, өз еркіммен бас иіп едім. Қинағаныңмен арымды аттап, уағда бұзып кете алмаспын»,- деп жауап береді. Аққыз да Наймантаймен сөйлесіп, достасып жүріп, сынап оны ұнатады, бірақ өзі берген уәдені бұзу Аққыз үшін арын аттап өтумен бірдей. Бұл туралы Аққыздың өзі «Қыз байғұстың уәдені аттағаны, арын аттағаны емес пе?» деген сөзінен байқаймыз.Осыдан –ақ Аққыздың сезімге берілетін байдың қызы емес, сертке берік азаматтығын көреміз.Бұл бір жағынан өз арын аттап кеткісі келмеген ару мен ата-анасы мен елін дау-жанжалға қалдырғысы келмеген перзенттік парыздың жоғарылығы деп ойлаймын. Аққыздың осы іс- әрекеті-ақ қазіргі таңда тек қазақ қыздарына ғана емес, ер азаматтарға да үлкен үлгі болатын қасиет екенін жазушы көрсетпек болған.
Бірақ Наймантай да өз сүйіктісінен бас тартатын жігіт емес, қыз ауылынан аттанар кезде : «Егер тұзаққа түскен кептерді бұрын босатқан кісі қолына қондырып кетсе қалай болады?»-деген сұрағына, «Несі бар , тұзақ иесінің бітіспес дауынан құтыларайналы болса, айып-шамы жоқ қой!»-деген сөзі оған үміт береді. Қыздың осы бір ауыз әзіл сөзінен үміттенген Наймантай бар амалын салып, Аламан батырға Аққыздың атынан хат алып келіп, «қыздың өтінішін» жеткізеді. Батырдың күрең жорғасы мен сауыт-сайманымен Таймас байдың ауылына түнделетіп келіп, Аламан батыр сынды сақал- мұрт жалғап қызбен кедеседі. Бірақ мұның Аламан емес екенін Аққыз да, қыз жеңгесі Айкүміс те байқамайды. Торғай шырылдаған кезде қыз отауынан кетіп бара жатып, тосын өтінішін білдіріп Аққыздың басындағы бөркін, қолындағы білезігі мен мойнындағы алқасын сұрап алып кетеді. Жазушы осы детальдарды енгізу арқылы халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі салт- дәстүр үлгілерінің бір көрінісін әдейі кіргізгенін байқаймыз. Яғни қыз бала өз отауында болған азаматпен өз қалауымен кездескенінің белгісі екенін ұқтырғандай. Бұл жайында оқиға барысында Аққыз отауында болған азаматтың өзі уәде берген Аламан батыр емес, Наймантай екенін кеш түсінеді. Оны да жеңгесі Айкүмістің жылап тұрып айтқан сөзінен соң аңғарады.
Айкүміс шын жеңгелік мұңдастықпен құмыға жылады.Даусын шығармай булыға егіле отырып:
Аққыз:
-
Нені біліп ең?! Неден секем алдың ? Айтшы жөндеп!- деп қадала сұрады.
-
-Маған ұнамағаны, белгі болсын деп сұраған заттары еді, Еркем.
-
Онда тұрған не бар?!
-
Онда мән бар ғой... Өзің ойлашы, білезігіңді алғаны білегіңді ұстадым дегені, Алқаңды алғаны, кеудеңе шықтым дегені, Бөркіңді алғаны басың мендік дегені емес пе?
Сонда ғана Наймантайдың ісіне қорланғандай болған Аққыз жанына ешкімді ертпей жігіт ауылына ақбоз атқа отырып, ақ найзасын алып, жалғыз аттанады. Жол бойы ойланып, уәдесін бұздырған жігіттен өш алу мақсатында келген қыздың алдынан ақ шымылдық ұстап шыққан қыз-келіншек пен жігіттердің тобы, тағдырына мойынсұнғандығын білдіреді. Жазушы суреттегендей :«Ақ ниеттей ақ жібек шымылдық тақалғанда Аққыз шолақ найзасын Ақшоқының басына қалдырып, атынан түсті»
Қорыта келгенде:
-
Ақселеу Сейдімбек көркем шығарма үлгісінде көп туынды жазбаған жазушы. Бірақ қандай әңгіме, хикаят жазса да, жазушы қазақ халқының тарихы мен аңыздарын өз туындыларына арқау еткен;
-
«Аққыз» хикаятында баяндалған оқиға да өмірде, тарихта болған жандар туралы суреттелуі мүмкін;
-
Көркем туындыда жер-су атаулары анық суреттеліп, қазақ халқының тұрмысы мен тіршілігі, әдет-ғұрып, салт дәстүрлері, еркіндігі,рухани шынайылығы, ел арасындағы болып жататын тартыс пен дау-дамай шешімдері де дәл суреттелген.
-
Басты кейіпкер Аққыз бейнесі арқылы қазақ даласында қыз бала тек қалың малдың құрбаны емес, сонымен бірге ел басқарған даналық пен азамат та болғанын көреміз.
-
Жазушы екі жастың өз сезімдеріне ерік бермей, басты мәселе ел тыныштығына баса назар аударғанын, жастар осы мәселені тыныш , мәмілемен де шешуге болатынын көрсеткен.
-
Аққыз –ХІХ ғасырда қазақ тұрмысында суреттелген жаңа, тың кейіпкер. Ол тек қана байдың қызы емес, ел тыныштығы мен тұрмысы үшін уәдесінде берік тұратын, ел ішінде дау –дамайды шешуде шешендігі мен дала заңын білетін әділдігімен көзге түскен, өзіндік пікірі , көзқарасы бар азамат ретінде қалыптасқан жаңа тұлға;
-
Кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы қазақ даласындағы серілік, саятшылық өнерінің шынайылығы, отбасы тәрбиесінің маңыздылығы, әсіресе қыз бала тәрбиесіне аналалар мен жеңгенің рөлі үлкен екеніне басты назар аударған;
-
Шығармада қазақ мақалдары мен афоризмдерінің кеңінен пайдалануы: «Қарамаса қатын, бақпаса мал кетеді», «Атым барда желіп жүріп жер танып, асым барда беріп жүріп ел тану», «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар», «Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ» т.б.
https://infourok.ru/aza-debieti-aseleu-seydimbekti-aizhikayatindai-aiz-beynesi-3524849.html