0 дауыс
1.0k көрілді
Арқалық қаласы туралы аңыз әңгімелер керек?!

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Арқалық қаласының Сарыторғай ауылына жақын жабайы тастардан құрылған сфералық формадағы екі көне ғимарат орналасқан. Бұл жер Екідің деп аталады. Тарихы шамамен ерте темір ғасырынан басталатын нысан былтыр «Қасиетті Қазақстан» жобасына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жергілікті аңыздарға сенсек, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда діңдер тұрған төбелердің арасындағы аймақта кескілескен ұрыстар болған. Дәл осы жерде жауласушы рулар қолбасшыларының ордалары құрылған деседі. Діңдер орналасқан жазықтар мен төбешіктер жергілікті адамдар арасында құпияға толы мекен саналады. 

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевтың сөзінше, аталған екі дің бір-бірінен біршама алыс қашықтықта түрлі төбешіктердің үстінен орын тепкен. 

Бірінші дің Арқалық қаласының әкімшілігіне қарайтын әкімшілік территориясында Бейсен қыстауынан солтүстік-батысқа қарай 1,5 шақырым жерде тұр. Қасында Қараторғай өзені ағып жатыр. Үйіндінің диаметрі- 15, биіктігі - 0,7 метр. Сыртында ені 5 метр болатын ор қоршалған, оның тереңдігі - 0,3 метр. Дегенмен, ор діңді толығымен қоршамайды. Оның оңтүстік-шығыс жағында ені шамамен бір жарым метрдей болатын өткел бар. 

Екінші дің өткел маңындағы қырда орналасқан. Алыстан қарағанда оңай көрінеді. Киіз үй тәрізді құрылыс тақтатастан салынған, оның диаметрі - 6 метр, жалпы биіктігі - 3,8 метр. Қасындағы өткел шығыстан бағыт алады. 

«Екідің Торғай өңіріндегі көне заманнан қалған тарихи сәулет өнерінің ескерткіші ретінде белгілі. Оғыз, қыпшақ, қарлұқ қағанаттары кезінде кеңінен таралған мұндай құрылыстарды жау жолын қарап отыратын қарауыл ретінде пайдаланған дейді. Сонымен қатар ежелгі ғұн тайпасында мұндай діндер туралы түрлі аңыз-әңгімелер кездеседі. Бұл екі діңге 1959 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған археологтар зерттеу жүргізген. Кейінірек діңдерге жақын жердегі елді мекенге Екідің деген атауы берілді», - деді Батырлан Сағынтаев. 

Екі ежелгі құрылыстың ерте темір дәуіріне жатқызылатынын дәлелдеген де Әлкей Марғұлан. Оның жазуынша, Қазақстан аумағында сирек кездесетін «айтас» немесе «дің» деп аталатын киіз үй тәріздес бұл құрылыстар ерте кезде қасиетті салттарды орындауға арналған жер болуы мүмкін. 

«Бұл қасиетті «Діңдер» Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы кездерінде жау келер жақтағы жойқын даланы бір шолып өту үшін ұлы жиһангерге де қажет болған. Кейіннен Абылай ханға, Хан Кенеге де, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дарабоздары Әбдіғапар ханның, Амангелді, Кейкі батырлардың шолғыншы сарбаздарына да игі қызмет еткен. Жабайы тастан жасалған шар тәріздес формасы бар екі көне құрылыс Ислам діні орнағанға дейінгі уақытқа жатады. Қазақстан территориясында сирек кездесетін құрылыстар қазақтың көне «шошалы» формасы бойынша салынған және олардың салттық мәні болуы әбден мүмкін», - деп жазылған Әлкей Марғұланның 1959 жылғы «Қазақ архитектурасы» кітабында. 

Бақылап қарасаңыз, діңдердің үстіңгі бөлігі асқан шеберлікпен ойылған. Ауыл ақсақалдары айтқандай, ол түтін тартқыш ретінде де қолданылған. 

«Ертеректе жақындап келе жатқан жауды көрген қазақ жауынгерлері халықты ажалдан аман қалдыру үшін шұғыл түрде ескертуге жасауға міндетті болған. Дәл осы мақсатпен олар дің тұрғызып, оның ішіне от жақты. Халық алыстан түтінді байқап, осылайша, төнгелі тұрған қауіп жайындағы ескертуді алған. Діңнің төбесіне шықсаң, алыс жақын жердегі айналаның бәрі анық көрінеді. Сарбаздардың ауа райы қолайсыз кездерде үй есебінде пайдаланғаны айтылады», - дейді Батырлан Сағынтаев. 

Мұражай қызметкері осындай діндердің көптеу болғанын алға тартады. Бірақ, бүгінгі күнге дейін мұндай орындардың санаулысы ғана жетіп, аман қалды. ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында жергілікті тұрғындар бұзылған діңдерді ішінара қайта қалпына келтірген. Ескерткіш 1982 жылдан бері мемлекет қорғауында. 

Көне нысан туралы белгілі журналист, ақын Еркеғали Бейсеновтің «Екі Дің» атты поэмасы бар. Онда діңдер пішінінің киіз үйге ұқсайтыны, неден тұрғызылғаны айтылған. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта діңдер орналасқан Сарыторғай ауылының мәселесін өлеңмен жеткізеді. Расында да, халқы көшіп, тоғайы сиреп, өзені тартылған мекеннің бүгінгі жағдайы назар аудартады: 

Орын алған екі Дің асқар белден - 

Қызыл-қоңыр жәдігер тастан өрген. 

Киіз үйге ұқсайды көрінісі, 

Идеясы белгісіз басқа келген. 

...Жоқ, шашылған алтындай киіктері - 

Жырау жердің тұрақты кейіпкері! 

Мамонт шыққан маң еді, басқа түгіл... 

Өртеп жатыр өзекті күйік, тегі 

Екі дөңнің басында екі Дің тұр, 

Ескерткіші даламның, екі тұлдыр! 

Шежіреңді соларға аманаттап, 

Сарыторғай, шерменде кетілдің құр!

https://www.inform.kz/kz/aksak-temir-karauyl-koygan-ekidin-turaly-ne-bilemiz_a3258409

...