0 дауыс
9.2k көрілді
Астана бейбітшілік қаласы эссе жазып беріңдерші?

1 жауап

0 дауыс

Астана - бейбітшілік қаласы

Елімізде жыл сайын Астана күнін сән-салтанатымен атап өту дәстүрге айналған. Биылғы жылы да Астананың 15 жылдық мерейтойы өз деңгейінде атап өтілді. Елордамызды бір көруге құштар болып жүрген шалғайдағы халық та Астанаға сапарларын 6 шілдеге арнайы жоспарлайды. Мұның бәрі — олардың Астанаға деген құрметі мен сағынышының белгісі екені сөзсіз. Десек те, Астанамыздың тарихы ежелгі Бозоқ қаласынан бастау алатынын біріміз білсек, тағы біріміз білмейміз. Осы тұста, тарихқа көз жүгіртіп өткен артық болмас. 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штабтың тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра арнасын зерттей жүріп, Бозоқ көлінің жағасында көне қаланың орын тапқанын баяндайды.

Қаланың атауы Бозоқ екен. Ғалымдар Бозоқ қаласының гүлдену дәуірі біздің заманымыздың Х-ХІІ ғасырына келетінін айғақтайды. Көптеген тарихи шежіре нақ Орталық Қазақстан даласы арқылы бір кездері біздің заманымыздың алғашқы мыңжылдығының орта шамасында Еуразияның Батысы мен Шығысын жалғастырған Ұлы жол өткенін дәлелдейді. Олжайхан және Оғызхан туралы халық аңыздары нақ осы Орталық Қазақстанмен байланысты баяндалуы бекер емес. Ортау, Ұлытау, Кішітау, Ордатау және Әскер-құдық сияқты жерлер түрлі кезеңде даланың даңқты да ұлы баһадүрлері: Жошы, Бату, Орда, Ежен, Тайбұғы, Көшім, Орыс және Әбілқайыр Шайбанилермен аталады. Екі құрлықтың түйісінде көсіліп жатқан бұл кеңістік соғыс және басқыншылық шайқастар алаңы ғана болған жоқ. Сонымен бірге ол діндердің, мәдениеттердің, ұлттардың және ұлыстардың басын қосқан орталық еді. Әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолына дейін осы даламен Көне Эллада мен Қиыр Шығыс халықтары мен елдерін жалғастырған құба жол өткен-ді. Археологтардың тағы бір пайымдауынша, табылған Бозоқ қаласы қыпшақ хандарының әскери ордасы немесе тіпті резиденциясы болған тәрізді. Бұл көне қала қазір Астана қаласынан 15 шақырым жерде Бозоқты көлінің жағасында орналасқан екен.
Ал Ақмола қаласының тарихы 1830 жылдан, яғни Қарауыткөл алқабында Ақмола бекінісінің салынуымен басталады. 1830 жылдың 18 маусымында, ақсақалдардың қол қоюымен құжат жасалды. Бұл қазақ болыстарының аға сұлтандары мен ақсақалдарының берген тілхаты сияқты болды. Атын өзгертіп жатпады, патша әкімшілігінің бар қағазында Ақмола деп жазылып кетті. Ол кездері бекіністе бар-жоғы 313 адам тұрып жатты. Жылдар өтті. Ақмолаға Ресей мен Шығыстың сауда қатынасының көпірі іспеттес Сібір, Орал, Орта Азия көпестері қоныс аудара бастады. Кішкене ғана қорған біртіндеп қалаға айнала бастады. Мұндай мәртебе, Ақмола станицасына Ресейдің Ішкі істер министрлігінің 1862 жылдың жетінші мамырындағы шешіміне байланысты берілді. Қазіргі заманның тілімен айтқанда, Астана сол кездің өзінде инвесторлардың назарын аударатын еді. 1863 жылдың өзінде, Ақмолада елу бір ресейлік, үш жүз қырық шетелдік көпес тұрақты өмір сүретін. Саудагерлердің жалпы саны 1236 адамды құрады. Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырындағы шешімімен, Ақмола станицасына қала мәртебесі берілді.  Сол жылдан арада тура бір ғасыр өткенде қала атауы Целиноград болып өзгереді. Ол кездері қала тың өлкесінің орталығына айналды. Ақмола Целиноградқа айналып қана қоймай, 200 000 халқы бар үлкен қала деңгейіне жетті. Міне, осы шежірелік мағлұматтардан-ақ қала Елорда болуға лайық екенін түсінуге болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы қалаға тарихи Ақмола атауы қайтарылып берілді. Мінекей, сол тұста Ақмоланың ел астанасы боларын ешкім болжай да алмаған. Бұл туралы тарих былай дейді: «Қазақстан бойынша ел астанасын ауыстыруға әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, ауа райы, жер бітімі, сейсмикалық жағдай, қоршаған ортасы, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, құрылыс кешені, еңбек ресурстары сияқты түрлі көрсеткіштер бойынша Ақмола қаласы ең лайықтысы болып шықты. 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы шығарды».
Бұл қаулы үш жылдан кейін ғана жүзеге асты.
1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдаған Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, қазақ тарихында тағы бір ұлы көш басталды.
Ел астанасының көшірілуі қыстың қақаған аязына дөп келді. Сондықтан Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы 1998 жылдың 10 шілдесі күні кесілді. Біз күні кешеге дейін Астана күнін дәл осы 10 шілде күні атап өтіп келдік. Кейін Астана күні ел астанасын ауыстыру туралы қаулы қабылданған 6 шілдеге ауыстырылды. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге – Астана күні атауы беріліп, оны атап өту – шілденің 6-сына бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, шілденің 6-сы – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Астана үлкен қалалар мен Халықаралық астаналар Ассамблеясына кірген.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға ең жоғары белгілердің бірі «Бейбітшілік қаласы» деген атақ берілген болатын. Қала өркендеп өсіп келеді. Ол қайталанбас өзінің ырғағымен өмір сүруде. Шыны керек, қала күнін атап өту тек Астана халқы үшін емес, бүкіл ел үшін игі дәстүрге айналған. Сөзсіз ғажайып шаһар тек біздің ғана емес, дүниежүзіне зиялылық нұрын төгетін тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның сәулетті  қаласына айналып отыр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала – жас қаламыз – өнер,  білім  мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Ендеше, Астанадай ғаламат қала қазақ елінің мәңгілік жерұйығына айналарына сенім зор.

Мәлімет ашық ақпарат көздері арқылы дайындалды.

...