Бірақ жекешелендіру барысында да кемшіліктер орын алды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде де (1991-92 жж. және 1993-95 жж.) мүліктің көпшілік бөлігінің талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы үшін берекесіздік тудырып, экономиканың терең дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне айналды. Сондай-ақ, елдің экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындары ескі әдетіне басып, өздерінің тауарларын эшелон-эшелонмен сыртқа жөнелте беруді ғана білді. Соның салдарынан республикадан 250 млрд. сомның өнімі сыртқа, негізінен алғанда Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріне су тегін кеткен болып шықты.
Сондықтан, бұл жағдай үкімет пен барлық экономикалық институттарды, Статистика мен Қолдау Комитетін қатыстыра отырып, терең талдау жасауды талап етті. Осымен байланысты 1994 жылдың қаңтарында Президент экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994-1995 жылдарға арналған бағдарламасы жасалды. Бағдарламада энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қойылды, өндірістің құлдырауы тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру, инфляцияны ауыздықтау қажет екені айтылды. 1993 ж. 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы – теңге енгізілді. Сөйтіп, біз экономикалық тәуелсіздіктің аса маңызды нышаны - ұлттық валютамыз теңгеге ие болдық. Бұл бізге 1994 жылы-ақ гиперинфляцияны бәсеңдетуге, ал 1995 жылы инфляция процесін ауыздықтауға мүмкіндік берді.
Реформаның барысында 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Сол сияқты ұлттық банктің несиеге алатын пайызы да қауырт азайды. Ақша-қаражат саласында да осындай түзеліс байқалды. Өнеркәсіптің кей салаларында да оңға басушылық орын алды.
Жалпы дағдарыстан шығудың, реформаны жүргізудің пәрменді құралының бірі – экономикалық орталық болу тиіс еді. Алайда, Министрлер кабинетінде реформаны ойластырып, алға бастыратын орталық болмады. Экономика министрлігі ондай орталық бола алмады. Нәтижесінде 1994-1995 жылдары дағдарысқа қарсы шаралар мен реформаны тереңдету бағдарламасы орындалмай қалды. Макроэкономикалық тұрақтандыру және құнсыздануды тоқтатуға қол жетпеді, тиімді сыртқы сауда саясатын жасау да көңілдегідей болмай шықты, әлеуметтік саясат та халықтың басым көпшілігінің наразылығын өршіткені болмаса разы етпеді.
Өзінің бүкіл кемшіліктеріне қарамастан іс жүзінде аяқталған жекешелендіру процесі нақты бәсекелестік үшін базалық жағдайларды құруға жеткізді. Қазіргі кезде республика өнеркәсіп өнімінің 85 процентке жуық көлемі жекеменшік секторда өндіріледі.
Нарықтық реформаға көшудегі жіберілген тағы бір қате – ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Оның себебі бізде бұған дейін нарықтық экономика болмады, сондықтан біздің экономистер нарыққа көшудің жолдарын, тетіктерін білмейді деп есептелді. Сондықтан нарықтық экономикаға көшу үшін кеңесші ретінде экономист-ғалымдар АҚШ-тан, Франциядан, Түркиядан, Ресейден т.б. жерлерден шақырылды. Бірақ олар өз елінде маман болғанмен, біздің жағдайды, халықтың менталитетін, психологиялық ерекшеліктерін ескермеді, тіпті білмеді де. Олардың білетіні Батыстың дамыған, қалыптасқан нарықтық экономикасы еді. Оған қоса ТМД елдерінде экономикалық дағдарыс капиталистік қоғамға тән классикалық артық өндіру дағдарысы емес, жетіспеушілік дағдарысы болатын. Екіншіден, ол елдерде ертеден тауар өндірісі, тауарлық қатынастар толық қалыптасқан. Ал бізде бұлар болған жоқ. Үшіншіден, ТМД елдерінде социалистік экономикадан нарықтық экономикаға көшу тез қарқын алды. Сондықтан шетел экономистерінің кеңесі тиісті нәтижесін бермей, аяқсыз қалды.
Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Қазан төңкерісінен кейінгі индустрияландыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістерге революциялық сипат беру. Ал біздің халық бұл үрдіске үйренбеген және ол халықтың психологиясына келе бермеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруде үкімет асығыстық жіберді. Дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке фермерлер басқа халықты асырамақ түгіл, өзін-өзі әрең асырап отырды. Нәтижесінде 1993-1995 жылдарға арналған бағдарламалардағы инфляцияны төмендету, өндірістің құлдырауын тоқтату және өндірістің ұлғаюы үшін жағдайлар жасау жоспарынан ешнәрсе шықпады. Сондықтан мақсатты нұсқамалар түрінде 15 айға арналған қосымша бағдарлама қабылданды. Оның оң нәтижесі деп инфляцияның баяулауын айтуға болады, бірақ өндірістің құлдырауын тоқтату мүмкін болмады. 1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 жылмен салыстырғанда 14,6%-ке, 1993 жылы – 28%-ке, 1994 жылы 48%-ке, ал 1995 жылы – 45%-ке жетті.
Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996-1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. Алайда, бағдарламада көзделген жекешелендіруді аяқтау, бірыңғай холдингтік, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығында қосымша 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құру айтарлықтай нәтижелер берген жоқ.
Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж болатын. Олар “Қазақстан –2030” ел дамуының Стратегиясында тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына “Қазақстан – 2030” деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе “Қазақстан барысын” қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда елдің ішкі бекем тұстарын және сыртқы саясатындағы мүмкіндіктерді барынша пайдалана отырып, мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыру көзделген. Олар: 1) ұлттық қауіпсіздікті сақтау; 2) ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту; 3) нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу; 4) Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқатын көтеру; 5) энергетика ресурстарын жете пайдалану; 6) инфрақұрылым, көлік және байланысты дамыту; 7) демократиялық кәсіби мемлекетті құру.
Тек осы аса маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы мүмкін екендігіне сенім білдірілді.