0 дауыс
812 көрілді

Ассаломағалейкум Нұрсұлтан аға Әлихан Бөкейханның Шөбересімін Шыңғысханны 25 ұрпағымын алдымда 24 атабабалардың тарихын зертеудемін , біраз мағлұмат жинап бір бейне таспа ролигін жасадым , енді Қазақ Хандығы деген киноны көргенде ұатты ұуандым.

Мына Қазақтың Ұлы даласында бір Сайлаубек деген әнші шығыпты , адам түгілі періште түсінбейтін тілде өлең айтып , елге танымал бопты ю. Сонда мына мен Қазақ тарихын қопарып жатқан келещек ұрпаққа үлгі боп қалсын деп тырысып жүрген Әліханның шөбересі Сайлаубектен қай жері кем деп ойладым да сізге хат жазуга бет бүрдым .

Менім ролигімді көрсеңіз Максим Горьки дің әйелі Екатерина Павловна Пешкова Маскеудегі Бутырька түрмесіне қамалған Ахмет Байтурсынов ағайға Әліханның атынан ақша мен тамақ апарғаны айтылады . Менің ниетім сол кездегі жақсы адамдардың істеген жақсылығын жастарға жеткізу , сонда ғана жастарда патриотизм сезімі оянады деп ойладым . Ал бейне таспада аяқ жағында әкемнің тасы көрсетіледі , сол таста Шыңғысханнан бастап әкеме дейінгі аталардың аттары жазылған Шыңғысхан , Жошыхан , Орысхан , Барақхан , Жәнібек т.с. б , олардың көбісінісінің тарихын зертеудемін. Мысалы бір атамыз Ақсақтемірмен шайқасқанын естідім , енді соны зертеуге ниеттендім , мына сылкадан көруге болады

Нұреке Әліханның шөбересі , сол Барақханұлы Жәнібектің тікелей ұрпағына көмек бере аласызба ? Қазақхандығы жалғасын түсіргенде бір атамның рөлін алсам деп армандап жүрмін , сол арманыма тек сіздің айтуыңызбен жетермін деп ойладым.

1 жауап

0 дауыс

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – қазақ тарихында, руханиятында төрден орын алатын ерекше қайталанбас тұлға. Ұлт көсемінің қазақ ұлтына сіңірген еңбегі әлі күнге зерделеніп келе жатыр. Алты Алаш көсемінің кім екенін, қандай қызметтер атқарғанын, негізінен, дүйім жұртшылық жақсы біледі. Бұл тұрғыдан алғанда К.Нұрпейісов, М.Қойгелді, С.Аққұлы сияқты бірсыпыра әлихантанушы ғалымдардың зерттеулері өз мақсатында жеткендігін көзбен көре аламыз. Ал көркем әдебиетте Әлихан Бөкейхан деген образ бар ма? Бар болса, қандай туындыларда кездеседі, қай шығармада басты кейіпкер немесе жанама эпизодтарда кезігеді деген сауалдар бірінен соң бірі туындай түсіп, ақыр соңында мақала жазуымызға тікелей түрткі болды. Шынымен де, қойылған сұраққа жауаптың болғаны абзал. Бірінші сұраққа жауап – Әлихан Бөкейхан образы көркем әдебиетте бар және бұл образдың өзіндік орны да бар. Осы мәселені белгілі алаштанушы, әдебиеттанушы, профессор С.Жұмағұл арнайы зерттеп, «Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі» атты хрестоматиялық жинақ құрастырды, оның алғысөзі мен түсініктерін жазды.  Бұл еңбек Әлихан Бөкейханды жаңаша тұрғыдан саралауға, бағалауға, көркем бейнесін көз алдымызға елестетуге зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ал қалған сауалдарға біртіндеп жауап беріп көрейік.

Әлихан Бөкейханның көркем бейнесі алғаш поэзиядан көрініс тапты. Әрине, бұл заңдылық еді, себебі Әлиханның өмір сүрген ортасы, әріптестері мен достарының көбі – ақындар еді. Мысалы, Шәкәрім, К. Жанатайұлы, А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, С.Торайғырұлы және т.б. Бұл қылқалам шеберлерінің әрқайсысы - өз ісінің шебері, нағыз ақын, өзіндік мектеп қалыптастырған біртуар тұлғалар. Олардың ақындық шеберлігін сол себептен дәлелдеп жатпайық. Алаш көсемінің патша заманындағы саяси оқиғаларға белсене араласып, 1913-1917 жылдары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлымен бірге «Қазақ» газетінің бетінде өткір мәселелерді қозғауы Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатайұлы тарапынан зор бағаға ие болады. Белгілі абайтанушы Қ.Мұхамедхановтың мына пікірінен осыған көз жеткізуге болады: «Көкбай ақын өз заманында Әлихан Бөкейхановты қазақтың алғашқы оқымысты, қамқор азаматы деп білген. Көкбай ақынның 1914 жылы Бөкейхановқа арнап жазған бұл күнге шейін жариялауға мүмкін болмай келген өлеңін келтірейік:

Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.

Өгіз өліп, болмаса арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы.

Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,

Тәңірім айырмасын талабыңнан,!

Қалған жоқ қоңсы қонбай ақылыңа,

Қазақтың – хан, қырғыздың манабынан...» 

Ал Әлиханның жан досы, партиялас әріптесі, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы ұлт көсеміне арналған «Достыма хат» деген өлеңінде былайша тебіренеді:

«Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!» [2,25 б.]

Әлиханды көзі тірісінде өлеңге қосқан келесі ақын әрі публицист – Сұлтанмахмұт Торайғырұлы болды. Ақын 1918 жылы «Таныстыру» поэмасын жарыққа шығарды. Шығарма екі қазақ: қара (яғни, оқымаған) және оқыған қазақтың өзара тілдесуінен тұрады. Қара қазақ - жас шамасы біраз жасқа келген, заманның әсерінен білім ала алмай қалған қартаң адам. Ал оқыған қазақ, керісінше, мейлінше жас, білімді, өмірге деген талпынысы мол, балғын кейіпкер. Екеуінің өзара әңгімесі арқылы ақын С.Торайғырұлы Ә.Бөкейханның көркем тұлғасын суреттеп, Алаш серкесіне лайықты баға береді:

«Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі?

Демейді қандай қазақ оны оң көзі,

Семей тұрсын, жеті облыс бар қазақтан,

Талассыз жеке дара тұр ғой өзі.

Елі үшін құрбандыққа жанын берген,

Бит, бүрге, қандалаға қанын берген.

Ұрыдай сасық ауа, темірлі үйде.

Зарығып алаш үшін бейнет көрген.

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір бас үшін жалданбаған.

Көркейер қайткенде алаш деген ойдан,

Басқа ойды өмірінде малданбаған...» [3,63 б.].

С.Торайғырұлының Ә.Бөкейханның азаматтық бейнесін толық ашатын «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласын айта кеткен жөн.  Аталмыш шығармада 1917 жылдың 21 қазанындағы Ә.Бөкейханның Семей өлкесіне келіп, жергілікті халықпен өткен кездесуі сипатталады. Әлиханның аман-есен елге келгеніне халық атынан Ш.Мұсатаев, комитет атынан А.Қозыбағаров, мұғалімдер алқасынан М.Тұрғанбаев құттықтау сөз сөйлегеннен кейін, сөз кезегі жастарға келіп, олардың жалынды жаршысы С.Торайғырұлы мынадай құттықтау өлең жолдайды:

«Көш бастаған еріміз,

Қуанышта еліңіз.

Төбеміз көкке жеткендей,

Көкіректен бүгін кеткендей,

Сізді көріп шеріміз.

Алаш туын һәм бағын,

Көзбен көріп төленді,

Көптен бергі теріңіз,

Алаш туын қолға алған

Қараңғыда жол салған

Арыстаным, келіңіз!» [4,106 б.]

Әлиханның ел тағдырындағы орнын айқындауға арналған бұл мақаланы көркем шығарма қатарына жатқызып отырған бір себебіміз осы өлең жолдары еді. Қарапайым халықтың шынайы құрмет-қошеметі мен зиялы қауым өкілдерінің алғысына ие болған Алаш көсемінің осынша құрмет пен мадақтауларға берген жауабын келтіру арқылы қайраткердің бейнесін ашуға өз үлесін тигізетінін аңғарамыз: «Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын»[4,107 б.]. Патшалық дәуірде ұлттық мүдделерді көздеп, үкіметтің озбырлығын сынап, үш мәрте түрме азабын тартқан Ә.Бөкейханның қарапайымдылығына осы жерден көз жеткіземіз. Халықтың отарлықтың бұғауынан босату үшін толассыз қуғын-сүргін көрсе-дағы, Алаш серкесі өзінің халқынан әлдеқайда төмен екенін өзінің жауабымен көрсетті. 

Ә.Бөкейханды кейіпкер ретінде суреттеген драмалық шығарма - 1935 жылы жазылған М.Титақұлының «Мұрат үшін майдан» тарихи драмасы. Өкінішке орай, бұл пьесаның толық мәтіні бізге жеткен жоқ, сол себепті жазушы, драматург Ө.Ахмет шығарманы аяқтауға жәрдемдесті. Драманың авторы Мұқтызар Төлекұлы Титақов жайында мәліметтер аса көп емес, деректерге сүйенсек, драматург 1904 жылы Қарқаралыда дүниеге келген. Семей қаласында тұрған, партия қатарында болмаған адам, 1936 жылы тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Мамандығы – экономист-плановик.

Пьесаның оқырман қауым үшін құндылығы аса жоғары, қай жағынан алсақ та, барынша шынайы жазылған дүние екендігі айдан анық көрінеді. Ал шығармадағы Ә.Бөкейхан бейнесі де өте сәтті шыққан образдардың қатарына жатқызуға болады. Пьесадағы бас кейіпкер Ә.Бөкейхановтың мына бір сөзінде осыған анық көз жеткізуге болады:«Құрметті ағызалар, бауырлар! Февраль төңкерісі болды, патша тағынан түсті, бүкіл Ресейдің қол астындағы халықтарға еркіндік тиді. Бостандық болды. Теңдік алды. Бүгінде, патшаның отаршылдық саясатында езілген елдер теңдікті алуға шабысты. Өз тізгініне өзі ие болып, бөлек Автономия, жұрт болуға қамданып, Құрылтай съезінің даярлық ісіне кірісті. Сол езілген елдің бірі – бүкіл қазақ елі де, өз алдына «Алаш» атты партия құрып, «Абылайдың ақ туын» қолына алып,  Отан болуға қалып еді. Қазіргі уақытта, жалпы Ресейді бүліншілік басты, астан-кестен дүние болды. Қызыл-қырман соғыстан ер күңіреніп, ел күйзелуге айналды. Қазірде, арқа тірерлік дүние қалған жоқ... Жалғыз үміттенеріміз – Жетісу фронты, Атаман Анненков... Олар соғыста жалғыз емес, Алашыңның атында «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкің бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкіңді жіберткелі отырсың...Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың. Жасасын, Алашың, жасасын.»[5]. Осы бір монолог арқылы ғана Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегі мен қазақ мемлекеттілігі үшін жүргізген күресінің негізгі нысанасын айқындай аламыз. Қияметке толы кезеңде ел мен жер тағдыры үшін таласқа түскен азаматтардың ерлігін пьесаның тақырыбы да, сюжеті де толық аша түседі. Осы шығармасы арқылы ұлтына адал қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің шынайы  бет-бейнесі оқырман қауымға көрсетіледі. Пьесада халыққа кеңінен таныс Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ақбайұлы, Р.Мәрсекұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасұлы, Ж.Аймауытұлы, Ә.Ермекұлы, С.Торайғырұлы, М.Әуезұлы сияқты зиялылармен қатар, И.Әділұлы, Х.Тоқтамысұлы сияқты есімдері сирек аталатын қайраткерлердің де көркем бейнесі сәтті сомдалған. Осы жағдайды ескерсек, М.Титақұлының ұлттың азаттығы үшін аянбай күрескен азаматтардың көркем бейнесін сомдап қана қоймай, олардың өміріндегі белгісіз оқиғалар жайында да маңызды деректер қалдырып кетті. Автор заманның ағымына, кеңестік идеологияның қаталдығына қарамастан тарихи шындықты келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында батыл қадамдарға барған.

38-дің қанды қырғыны ұлттың қаймағын толық сыпырып алғаннан кейін, идеология әдебиеттен де, тарихтан да олардың есімдерін өшіріп тастағандай асығыс қорытындыға келді. Әдебиетте «тұрпайы социализм» дәуірі кең қанат жайып, тарихи тақырыпқа барған жазушылар «ескілікті аңсаушы, кертартпа» деген аттарға ие бола бастады. Әйтсе де 1941 жылы Кеңес одағына жеткен екінші дүниежүзілік соғыс И.Сталинның жауынгерлердің рухын ояту мақсатында ертедегі батырлардың ерлікті істерін қайта жаңғыртуына әкеп соқты. Осы оңтайлы сәтті қазақ ғалымдары мен жазушылары сәтті пайдаланып үлгерді. Тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов Кенесары Қасымұлының патшалық Ресейге қарсы соғысын зерттеумен айналысса, кемеңгер жазушы, драматург, ғалым, қоғам қайраткері М.Әуезов қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тұрмыс-тіршілігі мен тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін атақты «Абай жолы» роман-эпопеясын осы дәуірде дүниеге келді. 

Кітап жарық көргенге дейін 1929-1932 жылдары М.Әуезовтың репрессияның алғашқы толқынында қуғын-сүргін көріп, тағдыры талқыға түскенін жақсы білеміз. Жазушыға «алашордашыл, ұлтшыл» деген негізсіз айыптар тағылып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққаны өмірінде өшпес із қалдырды. Алаш-Ордадан бас тартуы жайлы ашық хат жазып, тар жерден аман қалса да, М.Әуезов қашан да еліне елеулі, халқына қалаулы азамат ретінде тарихта қалды. Алаш қайраткерлерінің тағы бір аманаты - Абайды келешек ұрпаққа жеткізуді өзінің мойнына алды. Аманатқа қиянат жүрмейді, осының айқын дәлелі 1942-1956 жылдары жарық көрген «Абай жолы» романы еді.   

Жазушының кітабының негізгі кейіпкері етіп дана Абайды алғанымен, шығарманы жазу барысында бірнеше тарихи кейіпкерлердің есімін өзгертіп, сюжеттің ішіне кірістіруге үлкен еңбек сіңірді. Мысалға алсақ, «Абай жолы» романының алғашқы кітабындағы Барлас ақын – зар заман ақыны Дулат Бабатайұлы екенін көзі ашық оқырман жақсы біледі. Алғашқы кітабында басталған осы үрдіс кейінгі кітаптарда да жалғасын тапты. Қуанышымызға орай, кеңестік дәуірдегі идеология М.Әуезовтың осы іс-әрекеттеріне қатты қадағалаған жоқ, есімдері өзгертілген тарихи бейнелердің кім екендігін анықтауға көбінің шамасы жетпегендей көрінеді, себебі эпопеяның төртінші кітабында Алаш көсемі Ә.Бөкейханның көркем бейнесі жанама кейіпкер ретінде суреттелді, бірақ шығармада есімі Әзімқан Жабайханов деп берілді. «Абай жолын» зерттеген кейбір ғалымдар бұл кейіпкердің жағымсыз екендігін алға тартып, жазушы айтқысы келген астарлы ой-тұжырымына зер салмады. Тек белгілі алаштанушы, әуезовтанушы, жазушы-ғалым Т.Жұртбай мектепте оқып жүрген кезінде Әзімқан Жабайқановтың жағымсыз кейіпкер емес екендігіне көзі жеткен. Ғалымның осы жайында өзінің ұстазына айтып, ақиқатқа көз жеткізуге тырысқан кезде зеректігі үшін мақтаудың орнына ұрыс естіп, осы уәждері үшін мектептен қуылғанын өз аузынан естідік. Алайда Т.Жұртбайдың уәждерінің орынды екенін уақыт көрсетті. Алаштанушының «Абай жолындағы» Әзімқан Жабайхановтың прототипі Әлихан Бөкейхан анықтаған ізденісі арқылы М.Әуезовтың ерекше батылдығы мен көрегендігіне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жазушы идеологияның қатаң бақылауына қарамай, келешек ұрпаққа Ә.Бөкейханның қайраткерлік істерін, нақтырақ айтсақ, 1897 жылы патшалық Ресейде тұңғыш ұйымдастырылған халық санағына қатысып, губерниялар мен уездердегі, болыстар мен ауылдардағы қазақтардың нақты санын білген жалғыз қазақ болғанын шегелеп айтты. Осы істерінің  арқасында Ә.Бөкейхан халықтың санын біліп қана қоймай, олардың отарлық бұғаудағы тұрмыс-тіршілігімен, мұң-мұқтажымен танысты. Елін осы бұғаудан босатудың алғышарттары осы кезде қалыптасты десек, артық кетпейміз. Міне, тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсерін тигізген сапардың жай-жапсары «Абай жолы» роман-эпопеясының төртінші кітабының «Қастықта» деген тарауында көрініс тапты.

Толығырақ: https://abai.kz/post/106133

...