0 дауыс
1.4k көрілді
Жоспары: 1 Кіріспе бөлім

                    2 Негізгі бөлім

                    3 Қорытынды

Жоспаоы міндетті түрде болуы керек еді. Алдын ала рахмет

1 жауап

0 дауыс
Жыраулар поэзиясындағы  патриотизм идеясы

«Патриотизм» сөзі (грек тілінде – patrіots – отандас, paths - отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді. Қазақ патриотизімін, отаншылдығын қалыптастыруда жыраулар поэзиясының алатын орны ерекше. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай ой түйеді: «Халық рухының ұшқыны ақындардың, сазгерлер мен айтқыш абыздардың жүрегінде тұтанып, жалындай бастады. Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау сияқты бұл дәуірдегі ұлттың шығармашылығында шынайы қазақ руханияты қалыптасып дамыды» [1,275].

Жыраулық поэзия – бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнеріміздің асыл мұрасы, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік белгісі. Ә. Тәжібаев: «Жырау – сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық-ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы» [2,224], - деп жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек жеке сала ретінде алып қарастырады.

ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы-өмірді танытушылық, философиялық-дидактикалық мағынасы мол мұра. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен, өнегелi iсiмен халыққа белсене қызмет етiп, ел ұйытқысы, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.
Жыраулар  ел болашағын жырлауы тұрғысынан дараланып келген, сол дәуірдің ой-сана, әдет-ғұрыптық, тілдік шаруашылық, тарихи көріністерін суреттеген. Бұл жөнінде Х. Досмұхамедов былай дейді: «Қазақтың жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады» [3,15]-деп ой түйсе, Е.Ысмайлов: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған» [4,42]. Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы – туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Асан қайғы:

«Ай, хан, мен  айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің

Қымыз ішіп, қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің», - деп ханның мінін бетіне айтып, орда маңында болып жатқан келеңсіздіктерді, елінің қараусыз қалғанын батырып айтады. Одан әрі халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген абыз жырау:

...Тіл алсаң іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір,

Мұны неге білмейсің!", - деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да:

"Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!... - деп еңіреп өткен. Қазтуған жыраудың бұл толғауы өзінің рухани қуатын, идеологиялық мағынасын әлі жоғалтқан жоқ. Бұл туынды өзінің елге деген, туған жерге деген патриоттық рухымен, ғасырлар бойы халықты жігерлендіріп келді.
"Еділдің бойын ел жайлап,

Шалғынына бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан

Бозбаламен күліп, ойнап,

Қымыз ішер күн қайда! " - деп Доспамбет жырау армандаған,
"Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе,

Май жемесе қонағым...

Он кісіге жараса,

Бір кісіге асқан тамағым", - деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған.

Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған әйгілі халық батырларының ерліктерін де жыр еткен. Мысалы, Тәтіқара жырау толғауында:

«Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменәлі Керейді Ер Жабайды айт» - деп батырлардың ержүректілігін, батылдығын жыр еткен.

Шалкиіз жырау ерлер жаудан да, сойдан да тартынбайтын, батырлығы басынан асқан жігерлі жандар.

Ғаділ төре ел бастар,

Шешен адам сөз бастар,

Аға жігіт ел бастар,

Шешен адам сөз бастар, - деп ер жігіттің ерлікпен аты шығатынын, нағыз батыр қиындыққа  шыдап, ел үшін күреске шығу керектігін айтады.

Ақтамберді жырау:

...Қоңыраулы найза қолға алып.

Қоңыр салқын төске алып,

Қол қашырар ма екенбіз, - деп өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке, жауға батыл аттануға шақырады.

Ал Бұқар жырау өз заманының басты идеологы болды, толғаулары сол тұстағы маңызды мәселелерге арналды. Сол тұста ерекше ерліктерімен көзге түскен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Тілеуке тағы басқа батырларды ханның сенімді серіктері, «қазақтың абырой-арына бар күшін сарп қылған» ел қорғаны, әйгілі батырлары, асыл азаматтары тұрғысынан жырлады. Жырау Абылай ханның
Қалмақты қашырдың.

Алатаудан асырдың.

Қазаққа жер кеңейттің,

Дұшпаныңды кеміттің,-деп жау қашырған қолбасы, батырлығы мен көсемдігін, өзгеге үлгі боларлық істерін жырлады. Сонымен, халқымыздың ауыз әдебиеті ұрпақ тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосты және әлі де үлес қосып келеді. Ақын-жыраулардың поэзиясы, олардың ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғырту идеясы қазірдің өзінде де өз күшін жойған жоқ.
Елбасымыздың “Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетіміздің ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.         
Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр. Қазақта мынандай мақал бар: «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» [1,267]. Сондықтан жыраулардың бай мұраларын қазіргі жастардың пайдаланатын тәлімдік құралы етіп, оларды елін, жерін сүюге, құрметтеуге баулып, адамгершілік қағидаларының басты ұстанымы екендігін жастар санасына сіңіру қажет.
Ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу тұрғысынан жыраулар мұрасы өз мәнділігін жоғалтпақ емес және ақын-жыраулар толғаған жырлар арқылы олардың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруымыз қажет.

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. -Алматы, 2003.

2. Тәжібаев Ә. Жылдар. Ойлар. -Алматы,1976.

3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. -Алматы,1998.

4. Ысмайылов Е. Ақындар. -Алматы,1956.

5. Бес ғасыр жырлайды. -Алматы,1984.
...