0 дауыс
21.1k көрілді
Үй тапсырмасына мұғалымге хат деген тақырыпқа шағын шығарма жазу қажет.

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Біраз уақыттан бері сізге хат жазуды құнттап жүргем, бүгін қолға алып отырмын. Бүгін емтиханнан шығып уақыт тауып бір ұзағынан хат жазайыншы деп ыңғайландым. Оқу барысы сол, қиын, бірақ өте қызық. Емтихан науқанында күнде түннің ортасына дейін сабақ оқимын . Студенттік өмір – қызығы мен шұжығына толы тылсым дүние.
Кеше екі қазақ қыздарымен таныстым, «Болашақ» бағдарламасымен келіпті. Біреуі Өскеменнен, тағы біреуі Тараздан. Менің факультетімде оқуды бастады. Факультетті өздері таңдамапты, сол бағдарлама қай факультетке жолдайды, сол факультетте оқуға мәжбүр екен.. Олар да менің факультетіме кезіккеніне өкінбейді.

Біреуі Болашақ арқылы келгеніне өкінеді. Өз еркіңмен оқи алмайсың, белгілі бір бағаға ілiнуге тырысып, жақсы бағаға оқу мойнына міндеттелген. Солай біраз әңгімелестік.
Басқа тілдің мәшәқаты көп, неміс тілі күрделі, одан өзіңіз де хабардар боларсыз.. Бір жақсысы мұндағы профессорлар өте қарапайым, сен студентсің, мен профессормын деп тәкаппарланбайды. Қиыншылықтарды, ұқпағандарыңды айтып, бұйымтайыңмен барсаң, ылғи түсінікпен қарап уақыт береді, қиншылықты шешетін тиісті кісілерге бағдарлап отырады. Университетте тек қана сабаққа қатысты жағдайларда емес, арнайы шетелдіктердің ісімен айналысатын жауапты мамандар да бар.

Әр айдың бірінші сәрсенбісінде өң шетелдік студенттер, яғни бүкіл әлемнің өкілдері жиналып университетте кофе ішіп, ырду-дырду, сабаққа байланысты, жалпы студенттік өмір жөнінде тәжірибе алмасамыз, танысамыз, шүйіркелесіп әңгімелесеміз. Бұрын соңды көрмеген, тіптен естімеген ұлттар, ұлыстарды кездестіресің. Әрине қанша ұлт бар, сонша мәдениет, сонша тарихпен танысасың. Бір-бірімен танысып-білісіп дос боп кеткендер көп. Еуропа кішкентай ғана жер болғанымен көп ұлттардан, елдерден тұрады. Каникулда 1-2 күнге, тіптен 1 аптаға басқа елдерге барып қайтамыз. Солай, қай елден болса да шетелдіктер үнемі бірге жүреді. Ал немістерге келсек, олар кейбір шығыс елдеріндей аузы ашылса жүрегі көрінетін ашық-аңғал халық емес. Ойын саралап тоқ етерін айтады, ісіне тиянақты, мінезі тұйық халық. 1-2 минут кешіксең жақтырмайды.. Университеттегі студенттің басымы әрине немістер. Жалпы өз білім жүйелеріне көңілдері толмайды, реформа енгізбекші, қарап отырсаң әрқашан көңілі көншімейтін сияқты, әр нәрсенің ақауын тауып, айтып, түзетіп жүреді. Бірақ менің ойымша cалыстырмалы түрде алғанда, бұл елдің білім жүйесі біздікіне қарағанда әлдеқайда ілгері. Кітап оқу мәдениеті кеңінен таралған. Саяси білімге де қанық, қоғамдағы көңілінен шықпаған жағдаяттарға халық өз ойын белсенді білдіріп отырады. Студенттердің көзі ашық, көкірегі ояу. Өз таңдаған мамандығына қызығушылық білдіріп, жауапкершілікпен қарайды. Бұл профессорларға да қатысты. Парақорлық, сыбайластық-жемқорлыққа университетте жол берілмейді, пара алу- университетке бейтаныс, атауымен жоқ ұғым. Қазіргі оқуым бұрынғы студенттік өміріммен салыстыруға да келмейді!
Мүмкіндіктер басқаша, бұрынғыдай жәй ғана лекцияға барып-келу мақсат емес, сол лекцияны барынша түсіну, әры-қарай ой өрбіту мақсат. Және де студенттер өзіне ұнаған пәнін еркін таңдауға мүмкіндік берілген. Өз маманынан тыс «жалпы-білімге» жататын пәндерді таңдап, білмегеніңді біліп, білгеніңді тереңдетсең болады. Сабақ жоспарын деканаттағылар біздегідей дайындап, барлығына арнап іліп қоймайды. Қанша студент бар, сонша түрлі сабақ жоспары бар. Яғни әр студент өз сабағына өзі жауапты. Сабағын топпен бірге бітіре ме, жоқ асықпай 1-2 семестр кешірек бітіре ме өз қолында десе болады. Әрине менің тобымдағылармен сабақтың басымын бірге өткіземін. Бірақ философия, социология сияқты пәндерді қызығушылығыма қарай өзім таңдаймын. Былтыр философияны таңдадым, Кант, Гегель, Маркс сияқты философтардың еңбегін талқылап, бұрындары еш қызықпаған, түсінбеген пәлсәпа ғылымдарын қазір тереңірек түсінгендеймін. Не туралы жазғанын ертеректe түсініп болмағам, сөйтсем пәлсапашылардың сұрағы өмірдің мәні хақында екен. Жаттанды нәрсені айтып беріп баға алып, ертеңіне ұмытып кетуші едік… Қазіргі оқу орнымда көп нәрсені көңілге тоқып, тек мазмұнын біліп қана қоймай, мағынасын да түсіне білу лазым. Маркс айтқан екен: «Адамды адам еткен еңбек» деп. Бұл сөздәйектің тікелей мағынасы түсінікті сияқты болғанымен, қосалқы мағынасы әлдеқайда терең екен, қазір түсініп білгендеймін. Тек ерең еңбекпен ғана көздеген мақсатыңа жетеді екенсің. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кісінің ісі ешқашан алға баспайды.

Неміс тілі былай тұрсын, қазір қазақ тіліне де ден қойдым. Неміс тілін жетік біле бастағаныммен бірге ана-тілді жетік білмейтінім біліне бастады. Мүмкін мектептен кейін қазақша оқымағаннан болар, мүмкін біздің орыс тілі – ұлы тіл деген тәліммен өскен, «отарлық санамызда» болар, әйтеуір қазақ тілім ақсап қалғандай. Қазір сол өз уақытында көңіл бөлмеген қазақ әдебиетіне бет бұрдым. Былтыр Алматыда сатып алған кітаптарымды шетінен оқып, өзіме көп жаңалық ашып жатырмын. Көбіне Кеңес өкіметінің гүлденіп тұрған уақытында жазылған шығармалар, мысалы: «Жапандағы жалғыз үй», «Шұғаның белгісі», «Ұшқан ұя» т.б. еңбектерден про-кеңестік пропаганда иісі бұрқырап тұр, яғни пролетариат көтерілісін қоштап, қоғами теңсіздікке қарсы күрестер баяндалған, насихатталған. Екінші жағынан адал да аңқау, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Кітаптар көптеген қазақи дәстүр мен ырым-үрдістердің түп-тамырын дa ұғымды етеді. Шетте жүргенде ең бірінші өз мәдениетің туралы ойлай бастайсың, неге біз былаймыз, бұлар басқаша деп, бұрындары түсінікті болып көрінген құбылыстарға шүйлігіп сынмен сұрай бастайсың. Басқалар сұрай қалса, өз тарихынан мәлім кісі ұялып төмен қарамайды. Сол себептен де білдей бір елдің өкілімін, дымбілместің кейпін келтірсем, бөтен кісі бүкіл қазақты менімен өлшейді емес пе!? Ұятыма тырысып қолыма түскен кітапты оқып, ой-өрісімді, ғылым-білім өрісін кеңейтуге тырысып жүремін. Білім түбіне жетпейсің, бірақ сонда да «Век живи, век учись», әлі де білгенім аз, білмегенім шексіз…Қазіргі көзқарасым, дүниетанымым осылай. Германия туралы мүмкін келесі жолы жаза кетермін. Жалпы атап өтсем: пенде қай жерде бомасын пенде ғой. Мұнда да кәдімгі адамдар, күйбең тіршілік. Бірақ салыстырып қарасам, өмір ағымының айырмашылығы әлдеқайда алшақ! Заман талабына сай, көп нәрседен ілгері. Мен қазір интернеттегі пернетақтамен қазақша әріптерді теріп отырмын. Қазақ интернетіне қатысып, Қазақстандағы таныстастарыммен интернет арқылы тікелей сұхбаттасып тұрамын. Соңғы уақытта Қазақфильмнің туындыларын интернеттен көріп жүрмін. Жақсы, сапалы фильмдер шығып жатыр. «Подарок Сталину», «Рэкетир» тағы басқа көптеген қазақша фильмдер жарық көріп жатыр. Барлығын болмаса да, біразын көрдім. Ұнады. Қазақстанның фильм өндірісі қарқынды дамып келе жатқаны, шетелдің ділін, дінін насихаттайтын кейбір әдепсіз фильмдерден арылуымызға жол ашады деп сенемін. Болашақта тек өз мәдениетімізге, тәлім-тәрбиемізге сай шығармаларды көгілдір экраннан көре алу мүмкіндігі қуантады .

Ал мен хатымды аяқтайын. Баяғыдан бері бір отырып ұзағынан жазайын деген ой болып, уақыт тапшы боп жүр еді, бүгін орайы келді! Бұл менің Еуропадағы студенттік өмірімнен қысқаша бір үзінді.

Лажы болса сіз де жазып тұрыңыз.
Сәлеммен Сымба

0 дауыс

Ұстаз жүрегін жарып шыққан тебіреніске толы шұрайлы шығарманы назарларыңызға ұсынамыз! Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады. Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз – ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы. Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. 2011 жылы Алматы қаласындағы №1 мектеп-гимназияға қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын. Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр. Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде. Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген. Ұстаз болу - сезімнің ақындығы, Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Ұстаз болу - мінездің күн шуағы, Азбайтұғын адамның асылдығы. Осы төрт қасиет әр ұстаздың бойынан табылуы қажет. Себебі мұғалім қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпау керек. Ұстаз - Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.

https://massaget.kz/okushyilarga/shyigarma/22253

0 дауыс

ОҚУШЫЛАРДЫҢ МҰҒАЛІМДЕРГЕ ХАТЫ

*Маған қатаң талап қоюдан қорықпаңыз. Мен осыны қалаймын. Талап
пен тәртіп Менің өз орным мен іс-әрекетімнің шегін білуге көмек береді.
* Менімен қарым-қатынаста намысыма тиетін сөздер айтып, күш қолданудың қажеті жоқ. Өмірде ең маңызды нәрсе – үстемдік, күш көрсету деген ойды менің санама қалыптастырмаңыз. Сіздің Мені түсініп, жетекшілік жасауыңызды толығымен қабылдаймын.
* Әрбір іс-әрекетіңізде жүиесіздік болмасын! Жүйесіз жұмыс оқушыны шатастырады және қандай да бір жағдайда өз «қара басымды арашалап» алуға мәжбүрлейді.
* Маған бос уәде бермеңіз. Бұл Сізге деген Менің сенімімді жоғалтады.
* Сізді жек көремін деген сөзіме ренжімеңіз. Бұл Маған жасаған қателіктеріңіз үшін Сіздің бойыңызда өкініш сезімі пайда болсын дегенім.
* Өзімнің қолымнан келетін істі Мен үшін жасаудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай орын алған уақытта Сізден олай жасамауды талап етемін.
* Іс-әрекетіме байланысты ескертуді оңаша жерде жасауыңызды өтінемін. Түсініп, қабылдап, қайталамауға тырысамын.
* Кез келген мәселе бойынша келіспеушілік орын алған жағдайда уақытта сабырлы болыңыз. Ашуыңызды тарқаған соң Менімен сөйлесерсіз.
* Маған әрдайым ақыл айта бермеңіз. Түсіністік танытып, әңгіме барысында Менің «жақсы» мен «жаманды» ажырата білетініме көз жеткізсеңіз, өзіңізде таң қаласыз.
* Менің байқаусызда жіберген қателіктерім – қылмыс деген ойды менің бойыма қалыптастырмаңыз. КЕШІРІМДІ болыңыз, қателігімді түзеуге көмек беріңіз.
* Менің соңыма түсіп алмаңыз және дөрекі сөздермен қатты ұрыспаңыз. Жіберген қателіктерімді ақылмен түсіндіріп, Менің көзқарасымды өзгертуге тырысыңыз.
* Менің адалдығымды сынаққа сала бермеңіз. Қорыққанымнан Мен жалған сөздерді айтуым да мүмкін.
* Менің өсіп, дамып келе жатқанымды, яғни тәжірибеден өтіп жатқанымды ұмытпаңыз. Мен осылай үйренемін, өмірді түсінемін. Өтінемін, осыған мән беріп қараңыз!
* Әділ және тура сұрақ қойған жағдайда жауап беруден қашып, Менен теріс айналмаңыз. Керісінше, мүмкіндігіңіз болғанша жауап беруге тырысыңыз. Сұрақ қоюды азайтқаным, Сізді сыйлауым емес, сенімімнің азайғаны. Туындаған сұрақтардың жауабын басқа жерден де іздеп табатыным күмәнсіз.
* Менен кешірім сұрау Сіздің дәрежеңізді төмендетеді деп ойламаңыз. Сіз қателеріңізді шын мойындаған уақытта Менің Сізге деген құрметім де, жылулық сезімім арта түседі.
* Сіздің түсінігіңіз бен қолдауыңыз Мен үшін өте қажет екенін ұмытпаңыз. Оны Менсіз де жақсы білетіңізге сенімдімін. Зорлық-зомбылықтың жарасы жылдар бойы жазылмайды, немқұрайлылық пен елемеушіліктің таңбасы өмір бақи жанымда қалады. Сіздің ыстық ықыласыңыз, махаббатыңыз бен мейіріміңіз, достық қолдауыңыз бен сеніміңіз, Маған ең қымбат сыйлықтан да жақсы әсер етеді.
* Достарыңызға қалай қарасаңыз, Маған да солай қараңыз. Менің де Сіздің ең жақсы досыңыз болғым келеді.
*Күнделікті Маған берген біліміңіз, сыйлаған жылы тілектеріңіз бен асыл ойларыңыз, бүгін болмаса да жылдардан кейін үйіліп-төгіліп өзіңізге қайтатынын ұмытпаңыз!

Бұл дүниеде ең ғажайып нәрсе бар екенін есте сақтаңыз!
Бұл ғажайып – Мен, БАЛА!

...