Біраз уақыттан бері сізге хат жазуды құнттап жүргем, бүгін қолға алып отырмын. Бүгін емтиханнан шығып уақыт тауып бір ұзағынан хат жазайыншы деп ыңғайландым. Оқу барысы сол, қиын, бірақ өте қызық. Емтихан науқанында күнде түннің ортасына дейін сабақ оқимын . Студенттік өмір – қызығы мен шұжығына толы тылсым дүние.
Кеше екі қазақ қыздарымен таныстым, «Болашақ» бағдарламасымен келіпті. Біреуі Өскеменнен, тағы біреуі Тараздан. Менің факультетімде оқуды бастады. Факультетті өздері таңдамапты, сол бағдарлама қай факультетке жолдайды, сол факультетте оқуға мәжбүр екен.. Олар да менің факультетіме кезіккеніне өкінбейді.
Біреуі Болашақ арқылы келгеніне өкінеді. Өз еркіңмен оқи алмайсың, белгілі бір бағаға ілiнуге тырысып, жақсы бағаға оқу мойнына міндеттелген. Солай біраз әңгімелестік.
Басқа тілдің мәшәқаты көп, неміс тілі күрделі, одан өзіңіз де хабардар боларсыз.. Бір жақсысы мұндағы профессорлар өте қарапайым, сен студентсің, мен профессормын деп тәкаппарланбайды. Қиыншылықтарды, ұқпағандарыңды айтып, бұйымтайыңмен барсаң, ылғи түсінікпен қарап уақыт береді, қиншылықты шешетін тиісті кісілерге бағдарлап отырады. Университетте тек қана сабаққа қатысты жағдайларда емес, арнайы шетелдіктердің ісімен айналысатын жауапты мамандар да бар.
Әр айдың бірінші сәрсенбісінде өң шетелдік студенттер, яғни бүкіл әлемнің өкілдері жиналып университетте кофе ішіп, ырду-дырду, сабаққа байланысты, жалпы студенттік өмір жөнінде тәжірибе алмасамыз, танысамыз, шүйіркелесіп әңгімелесеміз. Бұрын соңды көрмеген, тіптен естімеген ұлттар, ұлыстарды кездестіресің. Әрине қанша ұлт бар, сонша мәдениет, сонша тарихпен танысасың. Бір-бірімен танысып-білісіп дос боп кеткендер көп. Еуропа кішкентай ғана жер болғанымен көп ұлттардан, елдерден тұрады. Каникулда 1-2 күнге, тіптен 1 аптаға басқа елдерге барып қайтамыз. Солай, қай елден болса да шетелдіктер үнемі бірге жүреді. Ал немістерге келсек, олар кейбір шығыс елдеріндей аузы ашылса жүрегі көрінетін ашық-аңғал халық емес. Ойын саралап тоқ етерін айтады, ісіне тиянақты, мінезі тұйық халық. 1-2 минут кешіксең жақтырмайды.. Университеттегі студенттің басымы әрине немістер. Жалпы өз білім жүйелеріне көңілдері толмайды, реформа енгізбекші, қарап отырсаң әрқашан көңілі көншімейтін сияқты, әр нәрсенің ақауын тауып, айтып, түзетіп жүреді. Бірақ менің ойымша cалыстырмалы түрде алғанда, бұл елдің білім жүйесі біздікіне қарағанда әлдеқайда ілгері. Кітап оқу мәдениеті кеңінен таралған. Саяси білімге де қанық, қоғамдағы көңілінен шықпаған жағдаяттарға халық өз ойын белсенді білдіріп отырады. Студенттердің көзі ашық, көкірегі ояу. Өз таңдаған мамандығына қызығушылық білдіріп, жауапкершілікпен қарайды. Бұл профессорларға да қатысты. Парақорлық, сыбайластық-жемқорлыққа университетте жол берілмейді, пара алу- университетке бейтаныс, атауымен жоқ ұғым. Қазіргі оқуым бұрынғы студенттік өміріммен салыстыруға да келмейді!
Мүмкіндіктер басқаша, бұрынғыдай жәй ғана лекцияға барып-келу мақсат емес, сол лекцияны барынша түсіну, әры-қарай ой өрбіту мақсат. Және де студенттер өзіне ұнаған пәнін еркін таңдауға мүмкіндік берілген. Өз маманынан тыс «жалпы-білімге» жататын пәндерді таңдап, білмегеніңді біліп, білгеніңді тереңдетсең болады. Сабақ жоспарын деканаттағылар біздегідей дайындап, барлығына арнап іліп қоймайды. Қанша студент бар, сонша түрлі сабақ жоспары бар. Яғни әр студент өз сабағына өзі жауапты. Сабағын топпен бірге бітіре ме, жоқ асықпай 1-2 семестр кешірек бітіре ме өз қолында десе болады. Әрине менің тобымдағылармен сабақтың басымын бірге өткіземін. Бірақ философия, социология сияқты пәндерді қызығушылығыма қарай өзім таңдаймын. Былтыр философияны таңдадым, Кант, Гегель, Маркс сияқты философтардың еңбегін талқылап, бұрындары еш қызықпаған, түсінбеген пәлсәпа ғылымдарын қазір тереңірек түсінгендеймін. Не туралы жазғанын ертеректe түсініп болмағам, сөйтсем пәлсапашылардың сұрағы өмірдің мәні хақында екен. Жаттанды нәрсені айтып беріп баға алып, ертеңіне ұмытып кетуші едік… Қазіргі оқу орнымда көп нәрсені көңілге тоқып, тек мазмұнын біліп қана қоймай, мағынасын да түсіне білу лазым. Маркс айтқан екен: «Адамды адам еткен еңбек» деп. Бұл сөздәйектің тікелей мағынасы түсінікті сияқты болғанымен, қосалқы мағынасы әлдеқайда терең екен, қазір түсініп білгендеймін. Тек ерең еңбекпен ғана көздеген мақсатыңа жетеді екенсің. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрген кісінің ісі ешқашан алға баспайды.
Неміс тілі былай тұрсын, қазір қазақ тіліне де ден қойдым. Неміс тілін жетік біле бастағаныммен бірге ана-тілді жетік білмейтінім біліне бастады. Мүмкін мектептен кейін қазақша оқымағаннан болар, мүмкін біздің орыс тілі – ұлы тіл деген тәліммен өскен, «отарлық санамызда» болар, әйтеуір қазақ тілім ақсап қалғандай. Қазір сол өз уақытында көңіл бөлмеген қазақ әдебиетіне бет бұрдым. Былтыр Алматыда сатып алған кітаптарымды шетінен оқып, өзіме көп жаңалық ашып жатырмын. Көбіне Кеңес өкіметінің гүлденіп тұрған уақытында жазылған шығармалар, мысалы: «Жапандағы жалғыз үй», «Шұғаның белгісі», «Ұшқан ұя» т.б. еңбектерден про-кеңестік пропаганда иісі бұрқырап тұр, яғни пролетариат көтерілісін қоштап, қоғами теңсіздікке қарсы күрестер баяндалған, насихатталған. Екінші жағынан адал да аңқау, қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Кітаптар көптеген қазақи дәстүр мен ырым-үрдістердің түп-тамырын дa ұғымды етеді. Шетте жүргенде ең бірінші өз мәдениетің туралы ойлай бастайсың, неге біз былаймыз, бұлар басқаша деп, бұрындары түсінікті болып көрінген құбылыстарға шүйлігіп сынмен сұрай бастайсың. Басқалар сұрай қалса, өз тарихынан мәлім кісі ұялып төмен қарамайды. Сол себептен де білдей бір елдің өкілімін, дымбілместің кейпін келтірсем, бөтен кісі бүкіл қазақты менімен өлшейді емес пе!? Ұятыма тырысып қолыма түскен кітапты оқып, ой-өрісімді, ғылым-білім өрісін кеңейтуге тырысып жүремін. Білім түбіне жетпейсің, бірақ сонда да «Век живи, век учись», әлі де білгенім аз, білмегенім шексіз…Қазіргі көзқарасым, дүниетанымым осылай. Германия туралы мүмкін келесі жолы жаза кетермін. Жалпы атап өтсем: пенде қай жерде бомасын пенде ғой. Мұнда да кәдімгі адамдар, күйбең тіршілік. Бірақ салыстырып қарасам, өмір ағымының айырмашылығы әлдеқайда алшақ! Заман талабына сай, көп нәрседен ілгері. Мен қазір интернеттегі пернетақтамен қазақша әріптерді теріп отырмын. Қазақ интернетіне қатысып, Қазақстандағы таныстастарыммен интернет арқылы тікелей сұхбаттасып тұрамын. Соңғы уақытта Қазақфильмнің туындыларын интернеттен көріп жүрмін. Жақсы, сапалы фильмдер шығып жатыр. «Подарок Сталину», «Рэкетир» тағы басқа көптеген қазақша фильмдер жарық көріп жатыр. Барлығын болмаса да, біразын көрдім. Ұнады. Қазақстанның фильм өндірісі қарқынды дамып келе жатқаны, шетелдің ділін, дінін насихаттайтын кейбір әдепсіз фильмдерден арылуымызға жол ашады деп сенемін. Болашақта тек өз мәдениетімізге, тәлім-тәрбиемізге сай шығармаларды көгілдір экраннан көре алу мүмкіндігі қуантады .
Ал мен хатымды аяқтайын. Баяғыдан бері бір отырып ұзағынан жазайын деген ой болып, уақыт тапшы боп жүр еді, бүгін орайы келді! Бұл менің Еуропадағы студенттік өмірімнен қысқаша бір үзінді.
Лажы болса сіз де жазып тұрыңыз.
Сәлеммен Сымба