0 дауыс
26.6k көрілді
Тас дауирендеги турактар жане канша? Тас дәуірінде қандай тұрақтар болды және қанша?

3 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

ТАС ҒАСЫРЫН ДӘУІРЛЕРГЕ БӨЛУ

Тас дәуірінің хронологиясы.Адамзат тарихының бастапқы кезеңі тас дәуірі деп аталады. Оның бұлай аталу себебі алғашқы адамдар темір немесе басқа да металл түрлерін өндіруді әлі де меңгерген жоқ еді, олардың негізгі қарулары мен еңбек құралдарының барлығы дерлік тастан жасалды.

Тас дәуірі өз ішінен палеолит(ежелгі тас дәуірі), мезолит(орта тас дәуірі) және неолит(жаңа тас дәуірі) болып негізгі үш кезеңге бөлінеді. Неолит кезеңінен кейін келетін энеолит(мысты-тас дәуірі) кезеңі – тас дәуірі мен қола дәуірінің арасын жалғастырушы кезең болып табылады. Біз бүгінгі сабағымызда палеолит дәуіріне тоқталамыз.

Палеолит дәуірі адамзат тарихының өте орасан зор уақыт кеңістігін – осыдан 2,6 млн. – 12 мың жыл бұрынғы уақыт аралығын қамтиды. Палеолит дәуірінің өзі ерте (төменгі)және кейінгі(жоғарғы) палеолит болып екіге бөлінеді. Ерте палеолит осыдан 2,6 млн. – 35-40 мың жылдар аралығын қамтиды. Ерте палеолиттің өзі үш кезеңге бөлінеді:

Олдувай (Дошель) кезеңі – 2,5-2,6 млн. – 700 мың жыл аралығы;

Ашелькезеңі – 700 мың – 150-140 мың жыл аралығы;

Мустьекезеңі – 140 мың – 40-35 мың жыл аралығы.

Кейінгі палеолит – 40-35 мың жыл – 12 мың жыл аралығын қамтиды.

Тас дәуірін археология ғылымы зерттейді. Сол дәуірде өмір сүрген ежелгі адамдардың өмірі мен тұрмысын зерттеуде де археология ғылымына сүйенеміз.

Археологиялық зерттеулерге қарағанда жер шарындағы ең ежелгі адамзат іздері Африка құрлығынан табылған. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Африкадан табылған адам сүйектері мен тұрақтарының мерзімі 2,5-2,6 млн. жылды құрайды. Ежелгі адамзат іздері Қытай, Индонезия аумақтарынан да табылып отыр.

Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштері.Қазақстандағы алғашқы адамзат Ашель (700 мың – 140 мың жыл) кезеңінде пайда болған. Бұл дәуірдің ескерткіштері еліміздің оңтүстік, орталық және батыс аймақтарынан табылған. Қазақстан аумағындағы ең көне тас құралдары Қаратау жотасының оңтүстік-батыс жағында орналасқан Арыстанды өзенінің бойынан табылған. Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтары да ең алғаш табылып зерттелген белгілі ескерткіштер қатарына жатады. Орталық Қазақстанның Құдайкөл, Жаман Айбат,СолтүстікБалқашөңірінің Семізбұғытұрақтары да Ашель кезеңінің ескерткіштері болып табылады. Батыс Қазақстанның Шақпақ Ата, Өңежекескерткіштері, Мұғалжар өңірінен ашылған тұрақтар да Ашель дәуіріне жатады. Бірақ Қазақстан аумағынан тас дәуірі адамдарының сүйектері әзір табылған жоқ, олар табиғи-климаттық жағдайларға байланысты бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Біздің күнге дейін келіп жеткен олардың тастан жасаған құралдары ғана.

Қазақстан аумағынан мустье және кейінгі палеолит дәуірінің ескерткіштері де ашылған. Мустье кезеңіне жататын белгілі ескерткіш – Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы көп қабатты тұрақ, сонымен бірге Көшқорғанкешені де аталған кезеңге жатады. Кейінгі палеолит тұрақтары Шығыс Қазақстаннан көптеп ашылған, олардың ішінде – Қанай, Үңгір, Свинчатка, Шульбинка тұрақтарын атауға болады.

Ертеде өмір сүрген адамдар тас құралдарын өте көп мөлшерде пайдаланған. Олар тасты шебер өңдеу арқылы құралдардың шапқы, қырғыш, үшкіртас, бұрғы, пышақ, тескішсияқты әралуан түрлерін жасаған. Мұндай тас құралдар Оңтүстік Қазақстанның Қаратау жоталарынан көптеп табылған. Ежелгі адамдар тастарды бір-біріне соғып, жару арқылы тас құралдарын жасаған. Бұл үшін өзен малтатастары көп пайдаланылды және олардан цилиндр тәрізді, жұмыр қарулар жасалынды. Мұны малтатас мәдениеті деп те атайды. Мустье дәуірінде тас өңдеудің өзгеше тәсілі пайда болған, бірақ малтатастарды да бұрынғыша пайдалана берген.

Қазіргі күнде адамның пайда болуының негізгі үш теориясы бар, олар – эволюциялық, теологиялықжәне адам жерден тыс өркениет арқылы жаралғандеген теориялар. ХІХ ғ. Чарльз Дарвин негізін қалаған адамның эволюциялық жолмен пайда болуы жөніндегі пікір ғылымда үстем болып келеді. Бұл пікір бойынша ертеде өмір сүрген маймыл тектес адамдардың еңбек етуі арқасында дене құрылыстары мен ойлау қабілеттері бірте-бірте жетіліп, табиғи ортаға бейімделген. Еңбек құралдарын үздіксіз жетілдіру нәтижесінде өздері де жетілген. Бұл теория соңғы жылдары бірқатар сынға ұшырауда.

Адамның пайда болуының теологиялық теориясы – адамды құдай жаратқан деген негізге сүйенеді. Бұл теория адам ешқандай да эволюциялық жетілу жолы арқылы емес, жаратылу арқылы пайда болған деген пікірде, және бұл теория діни кітаптарды басты негізге алады. Адам жерден тыс өркениет арқылы пайда болған деген теорияның негізі – адамды басқа өркениет, басқа жаратылыс иелері жаратқан немесе ойлап шығарған деген пікірге барып тіреледі. Бұл теория бастапқы екі пікірге қарағанда кейіннен пайда болған.

Қазіргі әлемдік ғылымда адамның пайда болуының эволюциялық жолмен пайда болғаны туралы теория ғылыми дәлелденген болып саналады. Ол көптеген археологиялық зерттеулер арқылы да беки түсті. Археологиялық қазбалардан ежелгі маймыл тектес адамдар мен бойлары тіктелген ежелгі адамдардың қалдықтары, олардың тас құралдары көптеп табылды.

Ежелгі адамдардың қоғамдық құрылысы.Ежелгі адамдар қауымдасып өмір сүрді. Оларда жеке меншік, мүлік теңсіздігі сияқты ұғымдар болған жоқ, себебі олар жеке-жеке өмір сүре алмайтын. Еңбек құралдарына да қауымдық меншік орнады. Қауымның ер адамдары найза, сүңгі сияқты тас қарулармен аң аулады, жануарларды қаумалау арқылы да ұстады. Әйелдер мен балалар терімшілікпен айналысты, ер адамдарға көмектесті. Ежелгі адамдар үңгірлерді паналады, жануарлар терілерінен, бұталардан күрке тәрізді алғашқы үй орындарын да жасады. Ежелгі адамдардың отты пайдаланып үйренуі – олардың тіршілігіндегі үлкен жетістік болып табылды, осы арқылы олар өздерін қоршаған хайуанаттар дүниесінен жоғары тұрған тіршілік иелері екендерін дәлелдеді. От адамдарды суықтан, жыртқыш аңдардан қорғады. Оттың арқасында тағамдардың да түрлері көбейді. Дегенмен, қоғам өте баяу дамыды, себебі алғашқы адамдардың уақытының көбі тамақ тауып жеуге жұмсалатын.

Кейінгі палеолит дәуірінде адамдар арасында нәсілдер мен нәсілдік топтар қалыптаса бастады. Адамның ақыл-ойының дамуы нәтижесінде қоғам да дамып, заттай және рухани мәдениеттер дами түсті. Адамдардың қоғамдық ұйымдасуының нәтижесі ретінде рулар пайда болды және ана тектес шеше жағынан топтасқан аналық ру пайда болды. Қоғамдық өмірдегі әйелдердің жоғары дәрежесі үй шаруашылығының өзгешелігінен шықты, ол әйелдің руды өрбітуші ретіндегі отбасындағы рөлінен туындады.

Қоғамның баяу дамығанына қарамастан, ертедегі адамдарда белгілі бір наным-сенімдер болды. Олар үңгір қабырғаларына, жартастарға әртүрлі көріністерді бейнелейтін суреттер салды. Бұл суреттер адамзаттың ең алғашқы өнер туындылары болып саналады. Ертедегі адамдар арасында о дүние туралы түсінік қалыптасып, нәтижесінде күрделі әдет-ғұрыптық рәсімдер де пайда болды. Тас дәуірі адамзат тарихындағы аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады.

+1 дауыс
Тас дәуірі палеолит, мезолит және неолит болып үшке бөлінеді. Әуелгі палеолиттің өзі үш дәуірге бөлінеді. Олар олдувай (2,6 млн.-700 мың жыл бұрын), ашель (700 мың -150-120 мың жыл бұрын) жәнемустье (150-120 мың -31-30 мың жыл бұрын) дәуірлері. Тас құралдарының мынадай түрлері болды: шапқылар, қырғыштар, үшкір тастар, пышақтар.

Тас дәуірі

Ауыр салмақты, тік бұрышты, ұсақ шақпақ тастар ең ежелгі еңбек құралдарына жатады. Олар Қаратаудан табылды. Бөріқазған мен Тәңірқазған деген жерден табылған құралдар - ашельдік кезеңге жатады. Олар шапқылар, ауыр тас сынықтар, нуклевстар. Төменгі палеолитте адам тасты сындыру үшін басқа тасты пайдаланып, біріне-бірін ұрған. Мұндай техника "малта тас мәдениеті" (өзеннің малта тастарын пайдаланған) деп аталады. Мұны тапқан археолог халел Алпысбаев. Ашель уақытының ескерткіштері Орталық Қазақстанда Құдайкөл, Жаман айбат, Обалысай тұрақтары, батыс Қазақстанда – МаңғыстаудаШақпақата, Сарытас.

Мустье кезінде тас өңдеудің жаңа техникасы табылды. Ол оңтүстік Қазақстанда Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ деп аталынады. Адамдар бизон, жылқы аулаған.

Қазақстанның ежелгі тұрғындары эволюциялық даму жағынан хомо сапиенс (саналы адам) сатысына сай келеді.

Палеолит

Соңғы палеолит – б.з.б. 40-35 мың жылдық аяқталады. Адамдар жер бетінің барлық аймағында өмір сүрді. Ру пайда болды. Ана жағынан (экзогамия-аналық ру). Дүниетанымы өсті. Өнер шықты, жануарлар суреттерін жартасқа салу пайда болды.

О дүниеге сену болды. Мәдениеті – Шығыс Қазақстанда - Қанай, Свинчатка, Пещера, Шүлбі тұрақтары.

Мезолит

Мезолит – Қазақстанда аз зерттелді. Тек 80-90 жылдары Батыс және оңтүстік Қазақстанда археологиялық жұмыстар жүргізілді. Мезолит (орта) кезінде садақ пен жебе пайда болды. Тұрақтар өзен-көлдерге жақын болды. Мезолит тұрақтары – Қарағандыда - Әлімбек,Көкшетауда - Виноградовка, Қостанай маңында - Дачная, Маңғыстауда – Қызылсу және т. б.

Неолит

Жаңа тас ғасыры – неолит - бұл дәуірдің басы шамамен б.з.б. 7 мыңжылдық - 2 мың жылдық басы. Тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау түрі пайда болды. Басты белгісі - табиғаттың дайын өнімдерін пайдалану орнына, өндіретін шаруашылық, яғни мал шаруашылығы мен егін егу пайда болды. Қыш құмыра, тоқымашылық пайда болды. Қазақстанда 600-ден астам неолиттік, энеолиттік ескерткіш бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік болып 4-ке бөлінеді. Бұлақтық тұрақ көп тарады. Үй малдары пайда болды. Жылқы. От жағу пайда болды. Ескерткіштері -солтүстік Қазақстанда, Есіл өңірінде - Атбасар мен Торғай үстірті -маханжар неолиттік мәдениет; оңтүстік Қазақстанда - Қараүңгір үңгірінің неолиттік тұрағы. Атырауда Шатпакөл; Құлсары 1-5; Маңғыстауда Бозащы түбегі (Шебір), орталық Маңғыстауда Түйесу (Сенек 1,4).

Энеолит

Энеолит - адамдар өміріне мыс құралдар енген дәуір. Ботай мәдениеті (Көкшетау облысы, Ботай бекеті жанындағы қоныстың аты. Б.з.б. 3-2 мыңжылдық. Ботай мәдениетін зерттеген Зайберт В.В. (Энеолит. Урало-Иртышского междуречья, Петропавл,1993). Қазір 158 тұрғын үй жұрты табылды, сазбалшық, сүйектен жасалған ыдыстар, әшекейлер табылды. 70.000 жылқының сүйегі табылды. Маңғыстауда ең елеулі тұрақ Бозащыда, Шебірде табылды. Шақпақ тас, керамика, кішкене метал, біз табылды. Жылжымалы мал шаруашылығы пайда болды.

Қола дәуіріндегі тайпалар

Б.з.д. 2 мыңжылдықтың алғашқы ширегі бітер кезде Волга мен Алтай арасында мал шаруашылығымен айналасқан адамдар қола жасауды меңгерді. Мыс пен қалайының қосындысы қола. Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан қола дәуіріескерткіштері алғаш рет табылды. Оны 1913 ж. Б.В.Грязнов ашты. Ғылымда шартты түрде қола дәуірі ескерткіштерін Андронов ескерткіштері деп атайды.1927 жылы археолог М.П.Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тапты. Андронов ескерткіштері Қазақстан,Орта Азия, Сібірден табылып отыр.

Андронов мәдениеті

Жалпы, Қазақстанда Андронов мәдениетімен бірге, қима мәдениет ескерткіштері Батыс Қазақстанда табылған. Қима мәдениетінің бас ерекшелігі - қайтыс болған адамдарды қиылған ағаштың арасына салуы. Андронов мәдениетінің ескерткіштері Казақстанда мол кездесетін болғандықтан, осы хронологиялық кезеңді Андронов мәдениеті арқылы қарастырады.

Андронов мәдениеті шартты түрде үш кезеңге бөлінеді. Ерте қола -б.з.д. 18-16 ғғ, орта қола б.з.д.15-12 ғғ., кейінгі қола б.з.д. 12-8 ғ.б. Андронов мәдениеті 8-9 ғасырға созылады (б.э.д. 17-9 ғасырлар).

Орталық Қазақстандағы андронов мәдениеті

Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне рудниктер, құрбандық орындары, петроглифтер. Орталық Қазақстанның андронов мәдениетіне тән сипаты-оның мазарларының күрделілігі, тас өңдеумен байланысты құрылыс техникасының жетіле түскендігі.

Нұра кезеңі

Ертедегі Нұра кезеңі -жерлеу салтында кремация (мәйітті өртев) басым болған. Мәйтті табытқа салып қою рәсімімен де жерлев кездеседі. Керамика ыдыстар жоғары жағы ғана әсемделеді. Қабір ішінде мәйітпен қатар үй жануарларының сүйектері де табылған.

Атасу кезеңі

Келесі – Атасу кезеңінде жерді игеру, оның ішінде шөлейт аудандарды да игеру кеңінен жүргізіледі. Тау-кен жұмыстарының көлемі күрт өседі. Мәйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жатқызып жерлев жиірек ұшырасады.

Бегазы-Дәндібай мәдениеті

Кейінгі кезеңі – Бегазы-Дәндібай мәдениеті. Оның ерекшелігі - мәйіттерді шалқасынан жатқызып қою. Мысалы: Ақсу-Аюлы - 2 қабыры. Жер бетіне тастан қалап қабырғалы тұрғын үйлер салу рәсімі кең жайылады. Сондай-ақ ағаш та қолданылған.

Солтүстік және Батыс Қазақстан

Солтүстік және Батыс Қазақстанда Алексеев қонысы мен Тасты-бұтақ қорымы кеңінен мәлім болды. Топырағы төбешік болып үйілген, дөңгелек және тікбұрышты қоршаулары бар қорымдар көп кездеседі. Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасынан Арқайым қонысы ежелгі қалалардың мысалы болады.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу. Ескерткіштері - Таңбалы, Қаратау сияқты тастағы суреттер, Таутары қорымы. Сырдарияның төменгі жағынан Арал алқабынан - Тегіскен кесенесі ашылды.

Шаруашылығы

Андроновшылар қоныстары дала өзендері мен оның жағаларына егін, бау-бақша салып қоныстанған.

Тары ботқасы күйген құмыралар табылды. Қоныстардың бәрінен табылған ортақ олжалар: дәнүккіштер, келсаптар, орақтар мен тас кетпендер.

Мал өсіру маңызды роль атқарды. Негізгі тамағы сүт болды, сүзбе, ірімшік жасаған. Ет өте аз болған, оны мейрамдарда ғана, құдай жолына құрбандық жасағанда ғана пайдаланған. Негізгі мал қой, сиыр, жылқы.

Жылқының үш тұқымы болды:

1. Биіктігі 128-136 см., басы үлкен, қалың жалды жатаған жылқы. Қазіргі монғол жылқысына ұқсас.

2. Шоқтығы орташа не биік 136-152 см-ге дейін салмағы 350 килоға дейін жететін жылқылар.

3. Асыл тұқымды биіктігі 152-160 см., аяқтары жіңішке, сымбатты, қой мойынды жылқылар.

Олар соғыс арбасына жегілетін болған. Андроновшылар мал бағудың қыр-сырын жетік меңгергендер болды. Олар дүние жүзінде алғаш рет малды қолда ұстауды енгізді. Қыста төлді жылы жерде ұстаған, ол үшін үйдің бір жағын қоршап бөліп тастаған. Тұрғын үйлерге жалғаса мал қора салды. Андроновшылар қос өркешті бактриан түйелерін өсірді.

Ерте және орта қола кезеңдерінде, яғни б.з.д. 1 мыңжылдық басында андроновшылар отырықшы болды. Аралас шаруашылықпен айналысқан. Малды үй іргесіне бағу нәтижесінде жайылым тез тозған. Сондықтан жайлаулық тәсілді ойлап табады. Бұл көктем, жаз айларында жастар мен ер адамдар алыс жайылымға малды айдап әкетсе, отбасылары егін өсірумен айналысты.

Ежелгі кеншілер

Кен өндіру б.з.-дан үш мың жыл бұрын пайда болды. Мысалы, Жезқазған осы кезде-ақ кен өндіріле бастады. Олар кенді тотықтандыру, қайлалау, отпен өндіру әдістерін меңгерді. Сондай-ақ әрбір отбасы өз ыдыс-аяқтарын өздері жасады. Әйелдер саз балшықты әзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға алаулатып күйдірген. Ыдыстар әртүрлі сызықтармен, геометриялық ою-өрнектермен әсемделген.

Үй кәсіптері

Андроновшылар үй тіршілігіне қажетті нәрсені өздері жасады. Жіп иіру, тоқу, теріні өңдеу, киімді түрлі-түсті жіппен әдіптев бәрін игерген. Матаға қажетті жіпті мал жүнінен игерген. Тоқыма станогы, ұршық болды. Олар өкшесіз аяқкиім киген, жүннен тоқыған, теріден тіккен құлақшын киген. Әйелдер көбіне ұзын жеңді етегі жер сызған жүн көйлек киіп жүрді. Әшкейлік бұйымдар сырға, салпыншақтар, моншақтар таққан. Ерлері қоладан үшкірлеп жасалған садақтармен қаруланды.

Халық, қоғам, әдет-ғұрып

Олар үлкен үйде отбасылық қауым болып өмір сүрді. Ағайын-туыстар шаруаны бірге атқарды. Обалар, қабырлар қазу ісінде өзгешеліктер болған. Бұл андронов қоғамының біртекті болмағандығын көрсетеді. Байлар, текті адамдар өлгенде олар ерекше құлпытас орнатылған мазарларға жерленді. Жауынгерлер, патшалар абыздар тәрізді әлеуметтік жік болған.

Діні мен өнері

Өліктер қабырда бастары батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып қойылды. Бұл о дүниемен байланыс жасайтын құдайға қарату деген мағынаны білдірді. Мәйіт бүктей жатқызылды. Сондай-ақ мәйітті өртеп жіберу де болды. Ол отқа табынудан шықса керек. Үй құрылысыда құрбандық шалудан басталған. Оған сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Тіпті балаларды да құрбандыққа шалған, оны үй едені астына көмген. Үйдің ошағы отбасының ең қасиетті жері болды.

Тастағы суреттер

Қола дәуірінің жартастар бетіне салынып, кілегей қоңыр қабыршақпен жабылып қалған суреттерінің өзіндік ерекшелгі бар. Бұл суреттер – жануарлар, күн бейнелі адамдар, соғыс арбалары, шайқас көріністері туралы тасқа салынған суреттер олардың дүние-танымын көрсетеді. Жартастағы суреттер-петроглифтер Қазақстанда Таңбалы, Ешкіөлмес, Қарату мен Маймақ, Тарбағатай мен Бөкентауда табылды.
0 дауыс
Тас дәуірі археология және этнография институтының порталы мемлекеттік рәміздер
...