Дос іздеген адамға дос болғым келеді! Рас айтам! Кім бар? Қайсың бар?Күйбең тірліктен шаршап, әлемнің бәрі теріс айналғандай сезім билеп бойыңды, түзге де, үйге де барғың келмей, ішіңді ақтарар, ақтарар сырыңды түсінер адам іздеген жан бар ма? Мен! Мен тыңдайын сырыңды! Бірге мұңайып, бірге жылайын. Тығырыққа тірелген болсаң шығар жолды бірге іздейік… Жегідей жеген іштегіңнің бәрін түсінейін. Сенің уайымың - менікі болсын, сенің дертің - маған да жұқсын… Кешегіңі өкініп, ертеңіңе алаңдап, сол екеуінің арасында беймақсат күн кешіп, өмір деген мұхиттың тап ортасында жападай жалғыз басың ғана бір бөренеге жабықандай халде болсаң - маған айтшы. Бірге жүріп бөренеден кеме жасайық, кемеге желкен болар үмітті, ескек болар сенімді бірге жүріп табайық… «Достарым» деп жүрген адамдармен айтысатын әңгіме - жұмыс бабы, ақшаның қамы, баланың наны мен тамақтың дәмінің шеңберінен аспайтын боп кетсе - маған айтшы… Салып ап, Алатаудың қойнауына тартайық. Қаланың шуынан алыстап, майға піскен ыстық тоқашты кілегейге матырып жеп, баппен ысталған бал қымызды сіміріп отырып жерік болған жағымды әңгіменің тізгінін жіберейік! Балалықты айтайық, даналықты айтайық… Адамдықты айтайық, надандықты айтайық… Ірілік пен кеңдікті, елдік пен өрлікті айтайық… Айтайық бәрін!
Қысқасы, шын достыққа құмар болған адамға достық ұсынғым келеді!
Әйтпесе, мына әлеуметтік желідегі жазбаларға қарасам - елдің бәрі жалғыздықтан жапа шегіп жүрген сияқты ғой. Түсінетін ешкімі болмаған соң бар ызасын осында ақтаратындай… Әттең, жауапкершілік сезімінен айырылып бара жатырмыз-ау… Әр адам өз сөзіне, өз отбасына, өз ауылына жауап берсе, жауапкершілікті сезінсе - еш мәселе қалмас па еді… Өзінен өзгенің бәріне кінә арта бергенше, қайта қоғамдағы әр құбылысқа өзін жауапты сезіне білуіміз керек емес пе еді? Адамды ірі ететін мінез - ондағы жауапкершілік сезімі емес пе? Жауапкершіліктен қашқан сайын қайта ұсақтала беретіні белгілі ғой…
Мұқағалидің мына өлеңі неткен мағыналы еді, шіркін….
Бәріне жауаптымын.
Қашан менен қалғалы тағат, тыным,
Пісіп тұрған егінді бұршақ ұрса,
Айтыңдар жауапты кім?
Әрине, мен.
Мен оған жауаптымын.
Бүгінгі сәт, кешегі ағаттығым,
Салғырттықпен өткізген салақ күнім.
Сыртылдаған босқа өтсе сағат тілі,
Оған да жауаптымын, жауаптымын.
Біреу кессе орманның тірі ағашын,
Жауап бермей қалайша тұра аласың.
Қарындасым алдыма жылап келсе,
Тік тұрып жауап берер мына басым.
Бұл шақта текті кімдер, тексіз кімдер,
Көрсоқырлар қаншама көпті күндер.
Дос адамдар өзара жауласса егер,
Ол да менің кінәмнен деп біліңдер.
Қол сынса, бас жарылса, қанап мүрын,
Ол да - менің сорақы ағаттығым.
Ар сотының алдына алып барып,
Алдымнан есігін аш абақтының!
Себебі, бәріне мен жауаптымын!