Кең байтақ қазақ жерінің бір бөлігі - Сарыарқа. Сарыарқа-Қазақстанның ұлан-ғайыр жерін алып жатыр. Шығысын шөлге беріп, төрт құбылысын желге беріп керіле созылып жатқан сары дала –Сарыарқа атауы халық атауы. Арқадай кең көсіліп жатқан сары дала қайталанбас тамылжыған табиғатымен кімде-кімді тамсандырады. Сарыарқаның төсінде соғатын самал жел лебінің өзі есіп қоя бергенде, өзіңді тамаша күйде сезінесің. Сағым ойнаған сары даланың самал желі ғана емес,табиғатының өзі керемет. Мұнда тұңғиығы тұнжыраған көлдерді, арналы өзендерді, аласа тауларды, сарғайған сары шөптерді,жазық даланы көруге болады. Табиғат адам жанына жылулық, сұлулық өміріне мән сыйласа, Сарыарқа жері,табиғаты сол сияқты өміріне мән сыйлайды. Таңғажайып табиғаты көңіліне бір кірбің түсірмейді. Сонау Сарыарқадай сары даладан елің жаудан қорғаған, жұртына қалқан болған батырларымызда шыққан. Сарыарқаның асыл тумалары, сонау Абылай заманындағы Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек, ақындар Шөже, Шашубай, Доскей, жазушы С.Сейфуллин және ақын Қ.Аманжолов, композиторлар Тәттімбет, Мәди, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Н.Әбдіров ғалымдар А.Чижевский және Е.Бөкетов, қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров сияқты атақты адамдар Сарыарқаның атын шығарған. Осынау кең дала, сағым ойнаған самал желі туралы қанша айтсақ та сөзіміз таусылмас. Арқа даласы - көненің көзі асылдардың мекені.
Қырда ерік, жібек кілем, тау мен су бар,
Шулаған көңілге хош қаз бен қу бар.
Қалада жан азығы, шам шырағы,
Белгісі адамдықтың білім-ту бар.
Дала. Дала деп атын айтсаң-ақ ойдағы ерік, ендік, құлпырып тұрған көкорай шалғын, төбесі мұнарланып, тұманданып көкке тірескен асқар тау, күмістей таза бұраңдап ағып жатқан өзен, тағы санап түгесілмес жасағанның жаратқан табиғатының әдемілігі көңілге сап ете түсті.
Жаз жетті. Қыс бойы саңырау, шырт ұйқыда, шала жансар жатқан дала оянды, оған жан кірді. Ол бұрынғы ертегілерде айтылғандай күні кеше басы таз, мұрнынан боқ аққан, үсті-басы шіп-шикі қотыр бір жаман жан еді. Бір сілкінді, он төртіндегі айдай үлде мен бүлдеге оранған жаңа бойжеткен бір қыз болды.
Қыс бойы түтін, сасықтың арасында ауруға шалдығып шыққан дала баласы о да тірілді... қараңғы, сасық үйін тастап қашып, киіз үйін тігіп көкорай шалғынға барып қонды. Қалың күпі, ауыр тұмағын тастап, желісін қақты, биесін байлады. Бір жағынан сүрін жеп, ертеңді-кеш сапырып сары қымызын іше бастады. Ол бір жасап қалды. Көршілес үйдің отағасылары астарына бір-бір тері салып алып, қолдарына таяғын ұстап, есік алдына көлеңкеге жиылып...қысыр кеңеске кірісті, жастар үйде жоқ. Бай балалары не қысырақтың айғырын, не күйлі шыққан бір қысыр бедеуді мініп алып, қырда жылқыда. Кедей балалары солардың қасына еріп, дәнеге ойында жоқ, асау тай, құнан, байталдан қарқ боп, о да мәз боп жүр. Жас келіншек, қыздар олар да шат. Әсіресе қыс бойы бұзау суғарам деп қар тасып, боқ күреп, жүдеп шыққан, артық көндіге алмаған жаңа түскен келіншектер жұмыстан босағандарына қуанып, жастау қыздар шешесінің қыс бойы үйде құрылыс қыласың деп кигізбеген жаңа тіккен...көйлек, күміс таққан тақияларын киіп қуанып, қуаныштары, қойнына сыймайды. Көксе қыздар, бозбалалар елдің желеуі, биенің байлауы, жұрттың жиын болатын мезгіл де жетіп қалды-ау деп іштерінен қуанады. Биыл ойын-той, қызойнақ көп болғай деп тілейді.
Міне, жаз жетсе дала әдемі, көңілді. Жалғыз-ақ сол сүйкімді даланың орасан бір кемшілігі бар. Оның баласы білімсіз, ойсыз. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйықтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам.
Ал енді жаз жеткенде қалаға қарасаң, онда бұл әдеміліктің бірі жоқ. Құрғақ болып аз ғана жел тұрса, шаң, көз ашқызбайтын құм боран. Жаңбыр жауса жүргізбейтін батпақ болады. Дала баласына қала көңілсіз. Ол онда тұра алмайды, шыдай алмайды. Бірақ қаланың осы кемшілігін түгелдейтін бір артықтығы бар. Оның баласы білімді, ойлы. Ол таңқаларлық істер істейді. Отты дүние айналған теңізді кезеді. Айшылық жолды алты аттайтын атсыз арба жасайды. Майсыз шам жандырады. Неше жүз шықырым жерден сөйлесетін құрал жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа араласады. Түпсіз теңізге сүңгіп меруерт-маржан шығарады, қысқасы қала баласы асқан адамдар. Естімейтін нәрселері жоқ, қолдарынан бәрі келеді. Қала ол өнер-білімнің бесігі, анасы. Онда шын бүтін адамдар бар, онда адамды адам қылатын жұрттары бар. Онда өнер бар, онда білім бар, онда адамға жан бар.
Мағжан Жұмабаев
https://yvision.kz/post/309744