Қазақстанның археологиялық ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер орта ғасырлардағы ғалымдар мен тарихшылар, географтар мен саяхатшылардың еңбектерінде кездеседі. Олар өз еңбектерінде өздері тікелей көзімен көрген немесе өздеріне айту бойынша мәлім болған әдеттен тыс заттар, бейнелер, өз замандарынан көп бұрын болған қалалар мен қоныстардың жұрттарын, оқиғаларды айтып кеткен. Қазақстанның өткендегісін ғылыми зерттеуде I Петрдің көне мұраларға ұқыпты қарауға, оларды суреттеу мен жинауға әмір берген жарлықтары, сондай-ақ оның бастамасы бойынша Сібірді және Ресейге жапсарлас жатқан Қазақстан жерін зерттеу мақсатымен колданылған шаралар маңызды рөл атқарды. Осы әрекеттердің нәтижесінде 1707 жылы Тобыл боярының ұлы С.Ремезов жазған «Сібірдің сызба кітабы» жарық көрді. Онда географиялық деректермен катар, қазақ даласының археологиялык ескерткіштері туралы мәліметтер де келтірілген. Келесі археологиялық қызықты мәліметтер 1733 жылы Сібірге академик Г.Ф. Миллердің басқаруымен жасалған бірінші академиялық экспедицияның есептерінде айтылған. Экспедиция құрамында белгілі ғалымдар Л. Делаклоер, И. Фишер, геодезистер А. Красильников, А. Иванов, М.Ушаков жұмыс істеген еді. 1768—1774 жылдары Еділ бойының Оралдың, Сібір мен Қазақстанның тарихын, географиясын және олардағы халықтардың этнографиясын зерттеу мақсатымен ұйымдастырылған екінші академиялық экспедиция Қазақстанда археологиялық зерттеу ісін жалғастырды. Экспедицияға сол кездегі аса көрнекті ғалымдар П.С. Паллас, И.П. Фальк, И.Г. Георги, П.И. Рычков, X. Барданес қатысты. XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейде Орталық және Шығыс Қазақстанның табиғи байлықтарына қызығушылық күшейе түсті. Геологтарды ежелгі кен орындары, мыс пен қалайы өңдеген жерлердің үйінділері, тас қашаған орындар, үңгірлер, жартас суреттері, көне суландыру жүйелері қызықтырған еді. Орталық Қазақстанның ескерткіштерін сипаттап берген, мұнда түрлі дәуірге жататын археологиялық ескерткіштерді кездестірген тау-кен ісінің инженері И.П. Шангин жазбалары да қызығушылық тудырады. ХІХ ғасырдың орта шеніне қарай, негізінен, Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан бойынша едәуір материал жинақталды. Бұл кезең үшін мақсатты зерттеулер нәтижесінде емес, көбіне кездейсоқ, жол-жөнекей алынған мәліметтердің бастапқы жинақталу (қорлану) фактісін атап кетуге болады. Қазба жұмыстары жайлы да байсалды сөз айтуға болмайды. Кейбір зерттеушілер обаларды қазып көрді, әйтсе де қазба жұмыстарының әдістемесін меңгермегендіктен, алдарына нақты мақсат-міндеттер қоймай, тек заттарды жинаумен ғана шектелді. Дегенмен, ескерткіштерді тіркеу, олардың картасын жасау, белгілеу фактілерінің атқарылғандығы белгілі, олар істеген жұмыстың құндылығы да міне осында. Бұл салада сол кезде атқарылған жұмыстардың көпшілігі әлі маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақстан археологиясындағы осы уақытты бастапқы кезең ретінде сипаттауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласындағы көненің көздеріне Археологиялық комиссияның, Тарих музейінің, Мәскеу археологиялық қоғамы мен орталықтағы басқа да ғылыми мекемелердің назары ауа бастады. Құрамына Сырдария (Түркістан) және Жетісу облыстары кірген Түркістан генерал-губернаторлығының құрылуына байланысты жаңа өлкеге, соның ішінде оның өткеніне ден қою күшейе түсті. Ш.Ш. Уәлиханов Қазақстанның археологиясын зерттеуге мол үлес қосты. Ол Шеңгелдінің қираған үйіндісін, Шілік өзені бойындағы қаланы сипаттап, Талғар қаласына тоқталып өтті. Ш.Ш. Уәлихановтың Жетісу археологиялық ескерткіштеріне зор қызығушылық танытып, осы тақырыпта арнайы еңбек жазуға талаптанды. Қазақстанның тарихи ескерткіштеріне қатысты оның көзқарастары «Географический очерк Заилийского края», «Дневник поездки на Иссык-куль» мен «Очерки Джунгарии» сынды еңбектерінде көрініс тапты. Бұл жұмыстарында автор ескерткіштердің ең басты типтерін анықтауға ұмтылды. Оның ойынша, Орталық Қазақстанда қазір иесіз қалған көне кен орындары (жезді-Кеңгір маңында), егістіктер (Түндігүр шатқалы), плиталары құрастырылған және тігінен қойылған қоршаулар, тас мүсіндер, үлкен обалар, ерте орта ғасырларға жататын архитектуралық құрылыстыр секілді ескерткіштердің кешені ұшырасады. Жетісу ескерткіштерінен Ш.Ш. Уәлиханов көне қалалық қоныстарға ерекше тоқталып, олардың тарихи-мәдени маңызына мән берді, табылған қыштан жасалған су құбырлары, монеталар (мәнеттер) туралы жазды. 1862 жылдан бастап Қазақстанда В.В. Радлов археологиялық жұмыстар жүргізе бастады, алғашқы ғылыми негіздегі қазбалар оның есімімен тығыз байланысты. В.В.Радлов Солтүстік-Шығыс Қазақстан мен Сібірдегі ертедегі ескерткіштерді топтау және кезеңге бөлуді ұсынды. Бұл аудандар мәдениетінің тарихын ол мыс және қола ғасыры, көне темір ғасыры, жаңа темір ғасыры мен ертедегі орта ғасырлар кезеңдеріне бөлді. Алтайдағы тоң басқан ескерткіштерді, соның ішінде Берел қорымындағы обаларды ашып, қазба жұмыстарын жүргізу де В.В.Радлов еншісіне тиесілі, оның тоң астындағы ескерткіштерден алған жарқын материалдары жариялауы Алтайдағы «мұз құрсаулы обаларды» зерттеуге тың серпін берді. Ғалымның еңбектері Қазақстан археологиясының дамуындағы ілгері басқан үлкен қадам болды. 1867 жылы Археологиялық комиссияның тапсыруымен орыстың белгілі шығыстанушысы П.И.Лерх Түркістан өлкесін зерттеді. Ол Сырдария бойындағы Сауран, Сығанақ қалаларының қирандыларын қарап шықты, Талас алқабының бірқатар қалаларының орындарында болды, Жанкент қалашығында қазба жүргізді. Өзі кездестірген ескерткіштерді тіркеумен, мұқият сипаттаумен қатар, ол жазбаша хабарларды іріктеп, олар туралы үзінділерді талдады және түсініктеме беріп кетті. Жазбаша дерек көздерін өзі тапқан археологиялық олжалармен салыстырып, қираған орындарды нақты тарихи қалалармен баламалады. Археологияның дамуындағы үлкен бетбұрыс оқиға 1893-1894 жылдары В.В.Бартольдтың іссапармен осы аймаққа келуімен байланысты болды. Ол Шу мен Талас алқабының, Ыстықкөл қазаншұңқыры мен Іле өзені алқабының ескерткіштерін көріп шығады. Оның «Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью» («Ғылыми мақсатпен Орта Азияға сапар туралы есеп») еңбегі осы кезге дейін тарихи ақпараттың ғаламат үлгісі болып қалып отыр. Көптеген жазбаша дереккөздеріне сүйеніп В.В.Бартольд зерттеген ауданының тарихи-топографиясын суреттеді, археологиялық жағынан болашақтағы мәні зор ескерткіштерді анықтады және оларды ортағасырлық белгілі қалалармен сәйкестендірді. Ол Верный қаласының ауданындағы қалалық мәдениеттің ілкідегі қайнар-бастауларын атап өтеді. В.В.Бартольдтың осыдан кейінгі еңбектері Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өткен тарихының бет-пердесін ашып берді. Оның іргелі ізденістері көптеген қалалардың тарихи топографиясын, олардың локализациясын, ежелгі және орта ғасырлардағы тарихи оқиғалардағы рөлін, түрік-соғды байланыстары тұсындағы қалалардың қалыптасуы мен дамуы тарихын зерттеуге негіз қалады. 1895 жылы Ташкентте құрылып, жергілікті зиялылардың өлкенің өткеніне, оның тарихына, сәулет және өнер ескерткіштеріне ден қоятын өкілдерін, әскери адамдарды, шенеуніктерді, өткенге қызығушылық танытатындарды біріктірген Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің ұйымдастырылуы да В.В. Бартольд есімімен байланысты. Қоныстар мен қалалардың қирандылары, қорымдар, жартас суреттері, жазулар, мазарлар, эпиграфиялық және нумизматикалық материалдар, тас мүсіндер секілді нақты археологиялық ескерткіштер, ежелгі суландыру сауалдары үйірме отырыстарында көтеріліп тұрды. Үйірме мүшелері ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізді. Үйірме қызметінің нәтижелері Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесі Протоколдары (ПТКЛА) сынды арнайы басылымдарда жарияланды. Қазақстан аумағында 1904 жылы Түркістан үйірмесінің мүшелері К.А.Кларе мен А.А.Черкасов Отырар қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді. Олар тереңдігі 2 м-ге дейін жететін траншея түсіріп, қазбадан керамика топтамасын, ХVІ-ХVІІІ ғасырларға жататын монеталарды аршып алады. Қазақстанның көне мұрасын зерттеумен айналысқан үйірменің белсенді мүшелері арасынан В.А.Каллаур, Н.Н.Пантусов, Н.П.Остроумов, Ә.Диваев, И.В.Аничков, А.А.Семеновты ерекше атап кетуге болады. Николай Николаевич Пантусов Петербург университетіндегі шығыс тілдер факультетін тәмәмдап, шығыстанушы мамандығын алған еді. Ол араб географиялық әдебиеті туралы «С обозначением, как далеко простирались сведения арабских географов в глубь Средней Азии и какого достоинства эти сведения» атты шығармасы үшін алтын медальмен марапатталған болатын. Н.Н.Пантусов «студенттік кезден бастап-ақ үлкен үміт күттіргендер» қатарына енген. Бірақ, университетте профессорлық атақ алу үшін дайындыққа қал деген ұсынысқа қарамай, Түркістан өлкесіне қызметке шақыруды құп алады. 1872 жылдың қыркүйегінде Н.Н.Пантусов Түркістан генерал-губернаторлығына жіберіліп, Жетісу облысындағы әскери генерал-губернаторында ерекше тапсырмалар бойынша шенеунік болып тағайындалды. Бұл қызметте ол 1908 жылға дейін болды. Өз қызметін мүлтіксіз атқарған Н.Н.Пантусов тарих пен археологияны, нумизматиканы, этнографияны, лингвистиканы да зерттеумен айналысты. Н.Н.Пантусов Императорлық археология комиссиясының өкілі және Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Археология тарихында Н.Н.Пантусов есімі ең алдымен христиандық несториандық тастан жасалған құлпытастар мен оларға жазылған жазуларды Жетісудан тауып, зерттеуімен кеңінен танымал. Жетісу облысындағы әскери губернатор шенеунігі болғандықтан, Н.Н.Пантусов көптеген жерлерді аралады. Мәселен, Алтын-Емел болыстығына барған сапарында зерттеуші «оба, жартас жазулары мен суреттері» секілді «көненің көзі болып табылатын ескерткіштердің мол» екендігін айтып өтеді, Алтын-Емел тауларынан Асан тауларына дейін созылып жатқан ор (ойық) туралы аңыз-әпсананы жазып алды, Алтын-Емел тауы мен болыстығының атауының шығу төркінін саралады. Ол Теректі шатқалы мен Көксу өзенінің жағалауларын мұқият зерттеп шығып, арқар, жылқы, ит еріткен аңшылар, т.б. бейнелері бар көптеген жартас суреттерін тауып, сипаттап шықты және бедерін түсірді. Жол сапарларының бірінде Н.Н.Пантусов Таш-Рабат қирандыларын көреді де, оның толымды сипаттамасын және топографиялық жоспарын түсіріп, оны «құрылысшы бастапқыда үлкен етіп тұрғызуды ойлаған, бірақ құрылысы бітпей қалған» деп жазады. 1889 жылы Археологиялық комиссияның тапсырмасымен Н.Н.Пантусов үш оба қазады: олардың екеуі Көктем (Весновка) өзенінің оң жағалауынан, біреуі Қарасу мен Үлкен Алматы өзендерінің аралығынан қазылған еді. Ол 1890 жылы әскери инженер П.С.Нечогиннен алынған мәліметтерді тексеріп көру үшін Қызылағаш шатқалынан (Қапал қаласынан солтүстік-батысқа қарай) бірнеше оба қазады және Байқұлақ тауларының құздарындағы және Қаріпше шатқалындағы жартас суреттерін қарап шығады. Н.Н.Пантусовтың ерен еңбектерінің бірі ретінде археологиялық ескерткіштерді қорғауға күш салуын айтуға болады. Ірі шенеунік В.А.Каллаур да көненің көздерін қажымай зерттегендердің бірі болды. Түркістан археология әуесқойларының үйірмесі жұмыс жасаған алғашқы жылдан бастап-ақ В.А.Каллаур оның тұрақты мүшесі болып, жыл сайын Талас алқабы мен Сырдария аудандарындағы жаңа да қызықты көптеген мағлұматтарды жариялап тұрды. В.А.Каллаур тарихи топография мен топонимика бойынша материалдар жинастырды, ескерткіштердің орналасуы мен атауларын ежелгі авторлардың еңбектерінде ұшырасатын орындар мен атаулармен байланыстырды. Бұл мағлұматтарды ол «Древние местности Аулие-Атинского уезда на древнем караванном пути на запад от Аулие-ата к границе Чимкентского уезда» атты мақалаларында жариялады. Оған карта жасалып, онда сол кездегі орындар мен тұрғылықты мекендердің атауларымен қоса, жорамалмен ежелгі атаулары да берілді. Бұл жұмыс үшін ол Н.Ф.Петровский басып шығарған ежелгі араб сапарнамасын пайдаланды. 1900-1901 жылдары В.А.Каллаур Перовский уезіндегі Сауран және Приречный болыстық ежелгі қалаларды, бекіністер мен обаларды картаға түсірді және де онда В.В.Бартольдтың пікірінше, алғаш рет Ашнас пен Сығанақ қалаларының орнын дәл анықталған еді. В.А.Каллаур архитектуралық ескерткіштерге көп көңіл бөлді. Ол И.В.Аничковпен бірге Бесағаш ауылындағы ұстындарды (колонналардың) сипаттап жазды. Әулие-ата Қарахан, Ақ-Кесене, Көк-Кесене, Сырлы-там, Манас мазарларының да сипаттамасын жасады. В.А.Каллаур зерттеушілердің назарын Айша-бибі мазарына аударып, халық арасындағы аңыз-әңгімелермен бұл ескерткіш жайлы мағлұматтарды толықтыра түсті. 1896 жылы қарашада ол ғылым үшін маңызды жаңалық ашты: Талас өзенінің жоғарғы ағысынан орхон жазулары бар тастар тапты. Көне қалалар мен қоныстардың орнын қарап шығумен қатар В.А.Каллаур ежелгі суландыру құрылыстарын, соның ішінде Талас өзенінің төменгі ағысынан Қалмақ арықты, Сырдарияның сол жағалауындағы «Құтлыкент, Майрам, Аққорған» қирандылары маңындағы суландыру жүйелерін, Көктал өзеніндегі бөгетті де қағазға түсірді. Түркістан археология әуесқойларының үйірмесінің мүшесі Н.П.Остроумов Мамаевка кенті маңындағы монеталар қоймасын, Балықшы кентіндегі қабір үсті ескерткішін зерттеді, Жуантөбе қаласының жанындағы қорым обаларында, Таяқ-Салды және Альванкенд қалаларында қазба жүргізді. Әбубәкір Диваев негізінен фольклорды зерттеумен айналысқанымен, археологиялық ескерткіштерге де назар аударып отырды. Ол Көк-Кесене мен Қорқыт ата мазарлары туралы мақалалар жазды. Археологиялық ескерткіштер жайлы қызықты мағлұматтарды үйірменің басқа мүшелері де хабарлап отырды: И.Т.Пославский Қаратау тас ғасыры құралдары мен Үшқарасу өзенінің жоғарғы ағысындағы тас мүсіндер (балбалдар) туралы, Н.В.Руднев Сырдарияның сол жағалауындағы қалалардың қалдықтары жайлы, В.П.Лаврентьев Әулие-Ата төңірегіндегі ескерткіштер жөнінде, В.П.Панков Талас аңғарындағы үңгірлер мен обалар туралы мәлімдеді. Солтүстік-Шығыс, Шығыс және ішінара Орталық Қазақстанның ежелгі ескерткіштерін Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімі, Семей әуесқой-өлкетанушылары, сондай-ақ 1883 жылы ұйымдастырылған Семей мұражайының қызметкерлері зерттеумен айналысты. Мұражайда Е.П.Михаэлистің белсенді әрекеттерінің нәтижесінде оның мұражайға тапсырған жеке топтамасының (коллекциясының) негізінде археология бөлімі ашылады. Мұражай топтамасын үздіксіз толықтырып отырғандар арасынан Ф.И.Альбрехт, В.Г.Герасимов, В.К.Галимонт, М.С.Сухотеринді ерекше атап кетуге болады. Батыс-Сібір бөлімінің қызметкерлері көне ескерткіштер туралы мағлұмат жинастыру және қазба жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жол сапарға шығып отырды. Бұл істе әсіресе Н.Коншин, В.Никитин, А.В.Адрианов, Б.Каменский, А.Белослюдов, Ф.Педащенко, В.Словцов қатты ынта-ықылас танытты. Мәселен, Н.Коншин Павлодар мен Қарқаралы қалалары аралығындағы Семей облысының археологиялық ескерткіштердің тізімін түзді. В.Никитин Қарақаралы уезіндегі обалы қорымдар, жартас суреттері, тас мүсіндер және басқа да ескерткіштер жайлы мәлімдеді. Ол алғашқылардың бірі болып Семей облысы тарихына қатысты очерктер жазды, онда археологиялық материалдар да кеңінен пайдаланылған еді. Отыз жылдай уақыт бойы Шығыс, кейіннен Батыс Сібір жерін А.В.Андрианов қажымай зерттеді. Ол ескерткіштерді тіркеу мен жан-жақты сипаттаумен қатар қазба жұмыстарын жүргізіп отырды. Кездестірген барлық ескерткіштерін зерттеуші оба, сақина тәрізді қаланды, бейнелі (фигуралы) қаланды, жазулар, тас мүсіндер, ежелгі кен орны секілді белгілі бір ескерткіштер тобына жіктейді де, бір жүйеге келтіріп, сипаттамасын жасайды. 1903 жылы Ф.Н.Педащенко Семей төңірегінен қызықты заттар топтамасын, соның ішінде тастан жасалған 72 дана, қоладан істелінген 54 дана, темірден дайындалған 8 дана бұйымдарды, көптеген қыш ыдыстардың сынықтарын жинастырып алады. Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің тапсырмасымен 1904 жылы Н.Коншин, 1909-1910 жылдары А.Л.Зуев Семей қаласының төңірегіне археологиялық барлау жүргізіп қайтты, Г.И.Бокий Шілікті өңірін аралап шықты. 1910 жылы В.Н.Каменский А.С.Белослюдов және В.Пилетичпен бірге Орта Азия мен Шығыс Азияны зерттейтін Орыс комитетінің қаражатына Семей облысындағы обаларды қазу үшін экспедиция ұйымдастырды, оның жұмысына сол кездегі тау-кен институтының студенттері Г.Бокий мен Н.Бобков қатысты. Ескерткіштерді қазу түрлі пункттерде жүргізілді: В.Каменский Кіші Қойтас шатқалында, Қызылсу және Қараөзек өзендерінде, Қаражал кентінің төңірегінде; Н.Бобков – Үйгенбұлақ, Ашутасбұлақ пен Базарқа шатқалдарында; ал В.Пилетич Марқакөл көлінің маңы мен Күршім өзенінде болды. 1911 жылы В.А.Обручев Н.Н.Павловпен бірге Қалба жотасындағы ежелгі заманда алтын алған кен орындарын зерттеп шықты. ХХ ғасыр бас кезінде археологиялық ескерткіштерді зерттеуге Орынбор мұрағат (архив) комиссиясы белсенді түрде араласа бастады. Оның мүшелері ескерткіштерді есепке алу мен сақтауға байланысты көптеген жұмыстар атқарды. Осы мақсатқа арналған арнайы сауалнамалар құрастырылып, мағлұмат жинастыру үшін жан-жаққа таратылды. Бұл есепке алынған ескерткіштер санын едеуір толықтыра түсті. Комиссия жанында мұражай жұмыс істеді, оның негізінде кейінірек Қазақстан Орталық мұражайы құрылды. Мұрағат комиссиясының мүшелері арасында И.А.Кастаньені ерекше атап кетуге болады. 1904 жылы ол Жақсы-Қарғалы өзені алабынан (Ақтөбе қаласынан 45 км жерде) 6 оба, 1909 жылы 1 оба, ал 1911 жылы Ақтөбе уезінен 2 оба қазды да, қазба жұмыстары мен обалардан аршып алынған материалдарды толымды түрде баяндап берді. Сонымен қатар И.А.Кастанье көптеген қорымдарды, архитектуралық құрылыстарды, қоныстардың қалдықтарын қарап шыққан, зерттеген. Осы кездері И.А.Кастанье 1910 жылға дейін белгілі болған Қазақстанның барлық археологиялық ескерткіштерінің толыққанды тізімін түзіп, сыныптамасын жасады. Әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде Қазақстан көне мұрасын зерттеудің қорытындысы толымды түрде баяндалды. Солтүстік-Батыс және Батыс Қазақстанды зерттеген басқа зерттеушілер арасынан Торғай мен Ақтөбе уездерінде қазба жұмыстарын жүргізген А.Л.Аниховскийді және де кездейсоқ табылған олжаларды жүйелі түрде хабарлап отырған И.В.Аничковты да атап кетуге болады. Көптеген қоғамдар Ресей орталық археологиялық мекемесі болып табылатын Археологиялық комиссиямен тығыз байланыстар орнатты, бұл мекеме археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге құқық беретін ашық парақтар берді және соңынан жұмыс қорытындыларын өз есептерінде жариялады. Комиссия атынан 1894 жылы В.Селиванов Көкшетау мен Атбасар қалалары маңында, 1898 жылы Г.Васильев Павлодар облысындағы Большая Владимировка селосы жанында, 1905 жылы Н.Козырев Ақмола облысында, 1911 жылы Ю.П.Аргентовский Петропавл қаласының төңірегінде, 1914 жылы Н.Я.Бортвин Петропавлдан оңтүстік-батысқа қарай 8 км жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Кездейсоқ олжалар туралы мағлұматтар жүйелі түрде жарияланып тұрды, ал Археологиялық комиссия хабарларындағы қосымшаларда – түрлі қоғамдар жиналыстарында тыңдалған баяндамалар аңдатпасы (аннотациясы) және жергілікті газеттерде Қазақстан археологиясы жайлы берілген ақпараттар жарияланып тұрды. Сөйтіп, ХІХ ғасыр ортасынан 1917 жылға дейін созылған уақытты қамтитын Қазақстан археологиясындағы бірінші кезең көзге айқын түседі. 1917 жылғы революциядан кейін археологиялық зерттеулер жалғастырылды, бірақ олар мемлекеттік негізде жүргізілді. 1919 жылы Санкт-Петербургте Материалдық мәдениет тарихы академиясы, ал 1920 жылы Ташкентте Мұражай ісі мен көне ескерткіштерді, өнер мен табиғатты қорғаумен шұғылданатын Түркістан комитеті (Туркомстарис) құрылды. В.В.Бартольдтың ұсынысы бойынша, комитеттің ең таяудағы міндеті археологиялық карта жасау болды. Сөйтіп, ежелгі ескерткіштерді есепке алудың, зерттеудің, сақтаудың негізі қаланды. Революциядан (төңкерістен) кейінгі алғашқы жылдардағы еңбектер ішінен археологтар П.П.Ивановтың Сайрамда және В.Д.Городецкийдің Жетісуда, Қазақстанның оңтүстігінде жүргізген ізденістерін, Орта Азия ертедегі тарихының ең ірі зерттеушісі М.Е.Массонның Сайрам қалашығы мен Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесі туралы мақалаларын атауға болады. Батыс Қазақстанда 1926 жылы М.П.Грязновтың Киргильд-1 және Киргильд-2 қабірлерін, Орал-Сай мен Құнанбай-сайды ашып, қазба жұмыстарын жүргізуі бар материалдар берді және андронов мәдениеті тек Батыс Сібірге тән деп орнығып келген тұжырымдаманы түбірімен өзгертті. 30-жылдары бірқатар ірі экспедициялардың зерттеулері республиканың көптеген аудандарын қамтыды. Далалық ізденістер Павлодар аумағында да жүргізілді. Мысалы, П.Драверт Баян-ауыл (Баянаула) елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан Жасыбай көлі маңындағы жазуы бар үңгірді қарап шықты. Көлдің шығыс жағынан ол өзек тастар, пышақ тәрізді тілікшелер, жебе ұштары, қырғыштар, шлак кесектерінің топтамасын және мыс заттар жиыстырып алады. Мұндай материалдарды ол Сабынды көлінің төңірегінен де ұшырастырған, ал Баянауылдан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерден көлемді обалар тобын кездестіргенін жазады. 1930 жылы Қазақстанның солтүстік облыстарындағы археологиялық зерттеулерді Б.Н.Граков жүргізді. Ақтөбе облысынан ол 500-ден аса ескерткіштер тауып, картаға түсірген, олардың басым бөлігі қола дәуіріне жатады. Ақмола облысындағы жинақтау және тіркеу жұмыстарына Л.Ф.Семенов басшылық жасады. 1930-1936 жылдары Қостанай облысындағы Алексеев қонысы мен қорымында, ғұрыптық орында қазба жұмыстарын жүргізген О.А.Кривцова-Гракованың жұмыстарының ғылыми мәні жоғары болды. Өзіне дейінгі әріптестеріне қарағанда О.А.Кривцова-Гракова бір кезеңге жататын жекелеген бірнеше ескерткіштерді тұңғыш рет қатар зерттеді, бұларды кешенді түрде зерттеу мұнда өмір сүрген тайпалар шаруашылығын, тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін толыққанды қарастыруға маңызды мүмкіндік тудырған еді. 1932-1933 жылдары П.С.Рыков жетекшілік еткен Материалдық мәдениет тарихы академиясының (Ленинград) экспедициясы Орталық Қазақстанда көне мұраны зерттей бастады. Экспедицияның М.П.Грязнов, М.И.Артамонов және басқалар мүшелері қола дәуіріне жататын қоныстар мен қорымдар, скиф заманындағы обалар, ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы мола құрылыстарын тауып, зерттеді. Орталық Қазақстан ескерткіштерін зерттеуге В.А.Селевин басқарған жаратылыстану-тарихи Бетпақдала экспедициясы (1935) да өзіндік үлесін қосты, ол сусыз далада кездескен шақпақтастан және металдан жасалған құралдары, қыш ыдыстары бар бірқатар орындарды анықтады, мазар секілді сәулет өнерінің ескерткіштерін қарап шықты. 1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Материалдық мәдениет тарихы инситутының С.С.Черников басқарған экспедициясы құрылып, ол 1937-1939 жылдары Шығыс Қазақстандағы қалайы, мыс пен алтын өндірген кен орындарын зерттеді. Ол металл өндірудің әрқилы түрлерін бөліп көрсетті, кен алу техникасы мен ежелгі кеншілердің құралдарын суреттеп жазды. Ежелгі кен өндірген орындардың көпшілігін ол қола дәуіріне жатқызылды. Степняк қаласының төңірегін зерттеу мақсатында С.С.Черников 1938 жылы барлау жұмыстарына шығып, қола дәуірінің бірқатар қоныстарын зерттеді, алтын өндірген ежелгі кен орындарынан б.з.б. І-мыңжылдыққа жататын біршама материалдар жинап алды. 1938 жылы С.В.Киселев Қарағанды облысындағы Бесоба, Жаңауыл жерлерінде археологиялық ізденістерін жүргізді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде топырақ үйіндісінен тұратын сақиналар, тас үйіндісінен тұрғызылған обалар, «мұртты» обалар мен тастардың қаландылары секілді көптеген археологиялық ескерткіштер табылады. Қола дәуірінің материалдары алынған Бесоба қорымында қазба жұмыстары жүргізіледі. Сарыарқа ежелгі ескерткіштерін, әсіресе көне тау-кен ісі мен мыс қорыту өндірісін зерттеуге Қ.И.Сәтпаев та өзіндік үлесін қосты. Қазақстан археологиясының бұл кезеңіндегі кең көлемдегі ізденістер А.Н.Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясымен де тығыз байланысты. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі төрт далалық маусымда бұл экспедиция тарихи-археологиялық жағынан қызықты бірқатар қалаларда тікқазба (шурф) арқылы барлау жұмыстары мен стационарлық қазба жұмыстарын үйлестіріп, қызықты материалдар жинастырды. Ауқымы кең қазба жұмыстары ортағасырлық Тараз қаласы мен оның төңірегінде ескерткіштерде жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде алынған археологиялық материалдардың кезеңдестірілуі жасалып, ғылыми жұртшылыққа ұсынылды, қала дамуының негізгі кезеңдері анықталып, мәдениетінің қалыптасу жолдары анықталды. Бұл, Қазақстан археологиясы үшін ортағасырлық қаланы тарихи-археологиялық тұрғыдан кешенді түрде зерттеудің алғашқы тәжірибесі болған еді. Сол кездері құрылысы жүріп жатқан Үлкен Шу каналы өткен Шу алабы да интенсивті түрде зерттелінді. Археологиялық материалдар негізінде сол кездері жасалған Жетісу археологиялық ескерткіштерінің сыныптамасы мен кезеңдестірілуі уақыт өте келе толықтырылғанымен және нақтыланғанымен айтарлықтай өзгерістерге ұшырай қойған жоқ. 1939 жылы Іле алабындағы ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу басталды. Олардың орнын белгілеумен қатар, экспедиция Талғар және Дүнгене қалаларының үйінділеріне тікқазба (шурф) түсірді. Бұл зерттеулер солтүстік-шығыс Жетісу ортағасырлық мәдениетін тереңдете қарастыруға нақты жол ашты. Экспедиция жұмыстарын қорытындылаған мақаласында А.Н.Бернштам мұндағы отырықшылық-егіншілік мәдениеттердің даму жолдары туралы бірқатар пайымдаулар жасады. Жетісудың ежелгі және ортағасырлық археологиясына мейлінше ден қою экспедицияға қысқа мерзімде ірі көлемдегі барлау және қазба жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндіктер туғызды. Жаңа материалдарды жүйелеу ортағасырлық қалалардың тарихи географиясына, соғдылықтар мен түріктердің мәдени байланыстарына, қалалардың қалыптасуына қатысты сауалдарды ғылыми тұрғыдан негіздеуге жол ашты. Мәселен, жаңа ескерткіштердің ашылуы, олардың дәлме-дәл мерзімін анықтау өз кезегінде А.Н.Бернштамға бірқатар қалаларды шынайы сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Қазақстан ғылыми мекемелерінің осы жылдарда қызметі жандана түсті. Қазақстанның Орталық музейі ескерткіштерді тіркеу, кездейсоқ табылған олжалардың есебін алу ісін және шағын қазба жұмыстарын жүргізеді. Баспасөзде Көксу өзеніндегі қалашық орны туралы және Жетісу ескерткіштері, бақанастық қалалар жайлы М.Тынышпаевтың және В.Д.Городецкийдің Талғар қонысы туралы мақалалары шығады. 1938 жылы Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерін қорғау мақсатында Жамбылда Г.И.Пацевич басқарған Археологиялық пункт ұйымдастырылады. Г.И.Пацевич 10 жылдан астам уақыт бойы көне мұраларды тіркеуге алып отырды, Тараз бен оның төңірегіндегі қазба жұмыстарына жетекшілік етті және кездейсоқ табылған олжаларды жинақтады. Пункт Жамбыл облысының оңтүстік аудандарына және Шу өзенінің орта ағысындағы аудандарға экспедиция ұйымдастырды, ортағасырлық Тараздан Испиджабқа (Сайрам ауылы) дейінгі керуен жолдарының бойында орналасқан материалдық ескерткіштерді, яғни қала, бекініс қирандыларын, қоныстар мен обалы қорымдарды зерттеп, картаға түсірді. Одан басқа, олар Үшбұлақтау, Көйке-Білтау тауларының солтүстік сілемдері мен Жабағлы тауында барлау жұмыстарын жүргізді. ХХ ғасыр 20 жылдарының бас кезі мен 40 жылдардың бас кезін Қазақстан археологиясының дамуындағы екінші кезең деп санауға болады. 1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына байланысты археологиялық жұмыстардың көпшілігін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты жүргізеді. Осы кезден бастап археологиялық зерттеулер орталығы Алматыға ауысады, археология бөлімі ашылады, оның алғашқы жетекшісі болып Ә.Х.Марғұлан тағайындалынады. Археология бөліміне Е.И.Агеева, Г.И.Пацевич, Т.Н.Сенигова, А.Г.Максимова жұмысқа қабылданып, белсенді түрде ғылыммен айналыса бастайды, кейінірек олардың қатарына К.А.Ақышев, Г.В.Кушаев, Ә.М.Оразбаев, М.Қ.Қадырбаевтар қосылады. Жалпы алғанда, 1946 жыл Қазақстан археологиясының дамуындағы жаңа кезеңнің, үшінші кезеңнің басы болды. Құрылған бөлімнің алғаш ұйымдастырған археологиялық экспедициясы Ә.Х.Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) болды. Күні бүгінге дейін бұл экспедиция Сарыарқадағы көненің көздерін жүйелі түрде іздестіріп, зерттеп келеді, оның жұмысы жер ауқымдылығымен ғана емес, сонымен қатар зерттелетін ескерткіштердің хронологиялық диапазонының кеңдігімен де ерекшеленеді. Экспедиция неолит және энеолит дәуірлерінің тұрақтарын, андрон және дәндібай-беғазы мәдениеттерінің қоныстары мен зираттарын, б.з.б. VІІ-І ғасырлардағы жерлеу ғимараттарын, түрік заманы обаларын, ортағасырлық қалалар мен қоныстарды тауып, зерттеді және қазу жұмыстарын жүргізді. Ә.Х.Марғұлан орта ғасырларда Орталық Қазақстанның көшпелілер елі ғана емес, сонымен қатар отырықшы және қала мәдениеті орталықтарының бірі болғанын дәлелдеп берді. Мұнда Нұра және Сарысу алқаптарында, Ұлытау етегінен қолөнердің, сауда мен егіншіліктің орталықтары болған ортағасырлық қоныстар мен қалалардың қалдықтары табылды. Қалалар мен қоныстардың көпшілігі мыс, қалайы, күміс, қола, алтын өндіретін орындар болды. Соғыстан кейінгі А.Н.Бернштам мен Е.И.Агеева басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) екінші ірі экспедиция болды. Оның жұмысының қорытындысы Отырар шұраттарындағы, Шу-Талас өзендері аралығындағы, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі, Сырдария алқабындағы қалалар мен қоныстар анықталған орындардың үлкен тобын зерттеу, картаға түсіру және хронологиясын анықтау болған еді. Қала топографиясын зерттеу мен қыш ыдыстарды сыныптау қала мәдениетінің мәдени-тарихи кезеңдерін түйіндеуге, Орта Азиямен болған қолөнер мен сауда, этносаяси байланыстардың бағытын анықтауға мүмкіндік берді. Өткен ғасырдың 50 жылдарында ОҚАЭ-ның мәнді де маңызды жұмыстарының бірі деп Арыс өзені алабындағы Жуантөбе қаласы мен Бөріжар қорымындағы, Баба-Ата қаласындағы кешенді зерттеулерді айтуға болады, өйткені ортағасырлық ескерткіштер алғашқы рет кең ауқымда қазылған еді. Қазақстанның оңтүстігіндегі Қаңлы мемлекеті мәдениетімен салғастырылатын қаңлы-қаратау (отырар-қаратау) мәдениетін жіктеп берген, сонымен қатар Ақтөбе қонысындағы қазба жұмыстарды, Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі қола дәуірі мен петроглифтер анықтаған зерттеулерді де ерекше атап кетуге болады. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясымен және Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясымен қатар 1945 жылдан бастап КСРО ҒА-ның С.П.Толстов жетекшілік еткен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы Қызылорда облысында археологиялық зерттеулер жүргізді. Шірік-Рабат, Баландыда қазба жұмыстары басталып, Жетіасар шатқалындағы ескерткіштер, оғыздардың қалалары зерттелінді. 1947 жылдан бастап С.С.Черников басшылық жасаған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедицияның негізгі міндетіне Өскемен мен Бұқтырма ГЭС-терінің салынуына байланысты су астында қалатын аймақта орналасқан ескерткіштерді анықтау және зерттеу кірді. Бұл жерден неолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі көптеген ескерткіштер тіркеліп, Шығыс Қазақстанның өткен тарихын сипаттайтын материалдар алынды. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ТАЭИ археология бөлімінің қызметкері А.Г.Максимова өңірдің қола дәуірі туралы кандидаттық диссертациясын дайындады. 1948-1950 жылдары Қазақстанның батыс аудандарында И.В.Синицын жетекшілік еткен Саратов мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы өзінің жұмыстарын жүргізді. Үлкен және Кіші Өзен өзендері аңғарында, Қамыс-Самар құйындысы мен Дұңғұл ауданындағы каспийлік құмдарда зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде сарматтар дәуірі мен орта ғасырларға жататын көптеген ескерткіштер анықталып, қомақты заттық материалдар жинақталады. 1950 жылы Батыс Қазақстандағы Сарайшық қаласында Ә.Х.Марғұлан жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (БҚАЭ) жұмыс істеді. 1953 жылы Т.Н.Сенигова басқарған БҚАЭ неолит дәуірінің тұрақтарын, қола ғасырына және ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштер табады. 1954 жылы Тарих, археология және этнография институты болашақта Қапшағай ГЭС-нің суы астында қалатын аймақты зерттеу мақсатында К.А.Ақышев басқарған Іле археологиялық экспедициясын ұйымдастырды. Алғашқы бір маусымның өзінде-ақ экспедиция сақтар үйсіндер дәуіріне жататын обалардың үлкен тобын тапты, олардың арасынан зерттеуге үлгі-өлшеуіш (эталон) ретінде Бесшатыр қорымы таңдап алынды. Оңтүстік-батыс Жетісу аумағында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясы жұмыс істеді. Мұндағы археологиялық ізденістерді Г.И.Пацевич пен Л.И.Ремпель басқарды. 40-жылдар соңы мен 50 жылдары Қазақстан аумағынан бірнеше қызықты кездейсоқ олжалар табылды, олар жөніндегі ақпараттар ҚазКСР ҒА басылымдарында жиі басылып тұрды. 1954-1956 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның көптеген облыстарына арнайы археологиялық зерттеулер ұйымдастырылды, нәтижесінде қирай бастаған ескерткіштер жай-жапсары қаузалды. Қазақстан археологиясының 50-жылдардың орта шеніндегі аса жарқын жаңалықтарының бірі Оңтүстік Қазақстандағы Қаратауда ежелгі палеолиттік тұрғын-жайлардың табылуы болды. Оларды геолог Г.Я.Ярмак пен археолог Х.А.Алпысбаев тапқан еді. Бұл жаңалық қазақстандық археологияның жаңа бағытын – палеолитті зерттеудің негізін қалады. Сайып келгенде, өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғы мен 50-жылдары археологиялық зерттеулердің кең өрістетілуімен ерекшеленді. Олар Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыды да, жұмыс аясына әртүрлі хронологиялық ауқымдағы ескерткіштерді енгізді. Бұл жылдардағы маңызды жаңалықтар арасында Қазақстанның оңтүстігіндегі палеолит ескерткіштері, Іле өзені аңғарындағы сақтар мен үйсіндердің обалары, Таңбалытас шатқалындағы суреттер бар еді. Осы кездері Іле өзеніндегі Бесшатыр қорымында, Сырдария өңірі Шардара шатқалындағы үңгіме жерлеу (катакомба) орындарында, Баба-Ата ішкі қамалында (цитадель) қазба жұмыстары басталған еді. Қазақстандық ғалымдармен бірге ескерткіштерді зерттеумен Мәскеу мен Ленинградтың (Санкт-Петербург - авт.) белгілі археологтары С.П.Толстов, А.Н.Бернштам, С.С.Черников, И.В.Синицын да айналысты. 1946 жылы басталған Қазақстан археологиясының дамуындағы бұл үшінші кезеңді 1960 жылы жарық көрген «Археологическая карта Казахстана» жинағы өзінше бір қорытындылап өтті, ол көп жылдарға созылған кең ауқымды археологиялық жұмыстардың қорытындысын жасады және оның ең перспективалы бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Қазақстан археологиясының келесі төртінші даму кезеңі 60-70 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңге жаңа ескерткіштерді тауып, оларды сипаттаған зерттеулер ауқымының кеңдігі ғана емес, сонымен қатар ірі ғылыми проблемаларды тереңдете шешу үшін көпжылдық стационарлық қазба жұмыстарын ұйымдастыру да тән еді. Ә.Х.Марғұлан, кейіннен М.Қ.Қадырбаев, С.М.Ақынжанов басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы бұрынғыдай қола ғасыры мен ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеуді алдарына басты мақсат етіп қойды. Нәтижесінде тасмола мәдениеті мен андронов мәдени-тарихи қауымдастығының қорымдары зерттелді. Осы уақыттары қола дәуірінің 30-дай қоныстары зерттелінді. Олардың арасында Атасу, Ортау, Бұғылы, Ақсу-аюлы, Байбола, Жамантас, Тағыбайбұлақ секілді ескерткіштер бар. Бетпақдаланың солтүстігінен Ақсай, Сартабан қорымдары, Атасу аңғарынан Қараөзек қорымы, сондай-ақ кен орындары зерттелінді. Қарқаралы және Баянауыл тауларының аудандарынан көптеген андроновтық ескерткіштер табылып, зерттелді. 1966 жылы Орталық Қазақстан археологиясына арналған Ә.Х.Марғұлан, К.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, Ә.М.Оразбаев дайындаған іргелі зерттеу жұмысы жарыққа шықты. Кейінірек, 1979 жылы Ә.Х.Марғұлан 50-60 жылдары шоғырланған материалдарды пайдалана отырып Сарыарқаның жарқын феномені болып табылатын беғазы-дәндібай мәдениетіне арналған монографиясын жариялайды. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кең көлемді қазба жұмыстарын жүргізген Г.Б.Зданович алынған материалдарды мұқият талдап, ескерткіштердің жаңа кезеңдестірілуі мен хронологиясын жасап шықты. В.В.Евдокимов қола дәуіріндегі Орталық Қазақстан тұрғындарының экономикасы мен демографиясына қатысты сауалдарды зерттеді. Қазақстанның оңтүстігінде, Қаратау шатқалдарында, Сырдария алабында Х.А.Алпысбаев тас дәуірі ескерткіштерін қарқынды түрде зерттеумен шұғылданды. Мұндағы жұмыстарының кейбір қорытындысы Бөріқазған, Кемер, Қызылрысбек, Тоқалы, Дарбаза секілді ескерткіштердің материалдары берілген оның 1979 жылғы монографиясында көрініс тапты. Солтүстік балқаш маңының орталық бөлігіндегі палеолиттік ескерткіштерді А.Г.Медоев басқарған отряд, Орталық Қазақстан палеолит дәуірі ескерткіштерін М.Н.Клапчук зерттеді. Бұл жылдары тас дәуірінің ескерткіштері Батыс Қазақстаннан, Маңғыстаудан табылып, зерттелді. Ертіс алабындағы, Павлодар облысындағы неолиттік тұрақтарда Л.А.Чалая басқарған экспедиция нәтижелі жұмыстар жүргізді. Өткен ғасырдың 60-жылдары Жетісудағы сақ және үйсін ескерткіштерін зерттеу де өз жалғасын тапты. Іле алқабындағы сақ және үйсін мәдениетіне арналған монографияларында К.А.Ақышев сақтар мен үйсіндердің шығу тегін қаузады, жебе ұштарының хронологиялық сыныптамасын жасады, ал Г.А.Кушаев Жетісудағы үйсін мәдениетінің кезеңдестірілу этаптарын айқындап берді. Әлемдік маңызы зор Қазақстан археологиясындағы елеулі жаңалық «Есік» обасының ашылуы болды, ол сақ мәдениетін, олардың мифологиясын, өнерін, жазуын, әлеуметтік құрылысын зерттеуге жаңа серпін берді. Ғылымда бұл олжа «Алтын адам» деген атпен кеңінен белгілі. Оның алтын әшекейлерін, киімін, бас киімін, қару-жарағын, керамикалары мен ыдыстарының біріндегі жазуын зерттеу сақ эконмикасы, олардың мәдениеті мен мифологиясы жайлы таным-түсініктерді өзгертті. Оған байланысты отандық және әлемдік ғылымда үлкен резонанс туғызған К.А.Ақышев пен Ә.К.Ақышевтің бірнеше мақалалары жарық көрді. Орталық Қазақстандағы ескерткіштері «тасмола мәдениеті» деген атау иеленген сақ мәдениетін М.Қ.Қадырбаев зерттеді. Ғалым бұл мәдениеттің өзіндік ерекшелігін көрсетіп берді, кезеңдестірілу сауалдарын айқындап, ежелгі тайпалардың шаруашылығына талдау жасады. Сармат уақытының құнды олжалары Батыс Қазақстандағы Лебедевка қорымынан табылды, одан ауқатты сарматтар мен ортағасырлық көшпенділердің жерлеу орындары аршылған. Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жусалы ауданындағы жетіасар мәдениетінің ескерткіштерін Хорезм археологиялық-этнорафиялық экспедициясының мүшелері С.П.Толстов, Л.М.Левина, Б.А.Андриановтар зерттеді. Жетіасар шатқалындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, одан көптеген қоныстар мен қорымдар анықталды. Жаңа мәліметтер мен материалдар негізінде б.з. І-мыңжылдығындағы керамикаға арналған монография дайындалды. Арыс өңіріндегі отырар-қаратау мәдениетінің қоныстарын зерттеуді Н.П.Подушкин, кейіннен А.Н.Подушкин жүргізді. 70-жылдары Қазақстан археологиясының тағы бір бағыты – петроглифтерді зерттеу айқындалды. Егер бұрын осы археологиялық дерек көздерін зерттеу ретсіз және жүйесіз түрде жүргізіліп келсе, енді олар М.Қ.Қадырбаевтың, А.Н.Марьяшевтің, А.Г.Медоевтың арнайы зерттеу нысанына айналды. Қаратау сілемдері, Маңғыстау және басқа аймақтардағы жартас суреттеріне арналған қорытындылаушы ірі еңбектер солардың есімдерімен тікелей байланысты. 1969 жылы ҚазКСР ҒА Отырар археологиялық экспедициясын ұйымдастырды, ол 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (ОҚКАЭ) болып атауын өзгертті. Оны К.А.Ақышев басқарды. Отырар шұраттарындағы Отырар, Қостөбе, Көк-Мардан, Мардан-Күйік, Құйрықтөбе; Қаратаудың солтүстік беткейіндегі Түркістан, Раң және Күлтөбе қалалары көп жылдық тұрақты қазба жұмыстарына негізгі нысан етіп алынады. Қалалар мен қоныстардың орындарына қоса, экспедиция мүшелері түрлі дәуірдің обаларын, соның ішінде белгілі және бұрын зерттелген Бөріжар обасын, Шағаны, Көк-Марданды да зерттеді. Отырар-төбе қаласының орнындағы ХVІ-ХVІІІ ғасырлар қабаттарының деңгейінде кең көлемді қазба жұмыстары ұйымдастырылды. Көптеген тұрғын махаллалары, қыш және кірпіш күйдіру шеберханалары, қоғамдық құрылыстар – мешіттер, кесенелер, моншалар қазылып аршылды. Ауқымды қазба жұмыстары б.з. І-мыңжылдық бірінші жартысындағы Көк-Мардан қонысында да жүргізілді, одан да махаллалар, үйлер мен ғибадатханалар аршылған болатын. Құйрықтөбе қаласының ішкі қамалында VІ-ІХ ғасырлар деңгейінен сарай құрылысы аршылды, оның салтанатты залынан құдайлардың бейнелері мен ақсүйектер көрінісі қашап жасалған бірегей тақталар табылды. Қала шахристанынан VІ-ҮІІІ ғасырлардың, ІХ-ХІ ғасырлардың, ХІІ ғасыр құрылыстарының кешендері, ХІІІ-ХІV ғасырларға жататын темір соғатын шеберханалар және Х-ХІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған алқалы мешіт аршылады. Бөріжар қорымын қазған кезде жерлеу ғұрпына және ертедегі, орта ғасырлардағы тұрғындардың діни көзқарастарын көрсететін қызықты материалдар алынды. Экспедиция тобы Отырар шұраттарында, Қаратаудың оңтүстік және солтүстік беткейлерінде, Сауран маңында ирригациялық зерттеу жүргізді, кейінгі орта ғасырлардағы кәріздер жүйесін тапты. Солармен қатар палеоэтнографиялық зерттеулер, атап айтқанда, қазақтардың отырықшылану үрдістерін анықтау мақсатында қазақ қыстауларын қазу жұмыстары жүргізілді (С.Ж.Жолдасбаев). Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының жұмыстары республикалық археологияны жаңа деңгейге көтерді, соның нәтижесінде бірқатар жаңа ғылыми бағыттар белгіленді. Жұмыс қорытындылары бойынша К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, В.А.Грошев дайындаған бірнеше монография жарыққа шықты. Тараздағы жұмыс нәтижелері осы қала жайлы жазған Т.Н.Сенигова монографиясында кеңінен баяндалды. Сырдариядағы Шардара ГЭС құрылысы аймағында 1959-1963 жылдары қазақстан-ресейлік археологиялық экспедиция жұмыс істеді. Материалдарын Г.А.Максимова, М.С.Мерщиев, Б.И.Вайнберг, Л.М.Левина жариялады. 60-жылдардың орта шенінде Р.З.Бурнашева, В.Н.Настич есімдерімен байланысты қазақстандық нумизматика дами бастайды. Отырарды, Құйрықтөбені қазу барысында ауқымды мәнеттік (монеталық) материалдар жинақталды. Бұл бірен-саран олжалар ғана емес, көмбе қоймалары да болатын. Мәнеттер тарихи мерзімді анықтайтын материал ретінде, сондай-ақ орта ғасырлардағы Қазақстанның саяси және экономикалық тарихын, оның сауда және мәдени байланыстарын зерттеуге арналған дереккөзі ретінде де зерделенді. Нәтижесінде, Қазақстандағы Отырар, Испиджаб, Түркістан, Женд, Сығанақ, Тараз, Алматы қалаларында мәнет сарайларының жұмыс істегендігі анықталды. Бұл кезеңдегі археологиялық жұмыстардың қорытындылары «Қазақ КСР тарихы» атты бестомдық еңбектің екі томында (Алматы, 1977, 1979) түзілді, онда археологиялық дереккөздері талданып, ежелгі және ортағасырлық Қазақстандағы тарихи үрдістер динамикасы көрсетілді. Кезекті, бесінші, Қазақстан археологиясы тарихының кезеңі өткен ғасырдың 80-жылдары басталды. Ол ұйымдастыру жұмыстарындағы өзгерістермен сипатталынады. Облыстарда археологиялық орталықтар қалыптасады, археологиялық жұмыстар кеңейе түседі. Археологияның өзекті проблемаларына арналған көптеген мақалалар, монографиялық жұмыстар жарыққа шығады, археологияның жаңа бағыттары қалыптасады, археологияда жаратылыстану ғылымдарының әдістері қолданыла бастайды. Айталық, 1981 жылы Алматыда Қазақстан мен Орта Азия ортағасырлық қалаларына арналған бүкілодақтық жиын өтеді. Онда кейінгі орта ғасырлар археологиясы сынды жаңа бағыт дараланған еді. 1987 жылы Алматыда көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысына арналған Халықаралық симпозиум өтті. Көшпенділер мен отырықшы елдердің өзара байланысын зерттеу оған қатысты ілімнің шоғырлануынан және де осы проблемаға қатысты бұрынғы стереотипті бұзуға бағытталған ғылымның дамуынан туындаған еді. Осы кездері тарихтың түрлі кезеңдеріндегі мәдениетаралық байланыстарды және де бұл процестің жалпы да, белгілі бір өңірге (региондық) тән негізгі заңдылықтарын айқындауға деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатқан болатын. Осы кездері республика аумағындағы барлық ескерткіштердің ғылыми тізімдемесі – «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштерінің Жинағын» жасау оның негізгі міндеттеріне айналды. Мұндай энциклопедиялық басылым археология саласындағы стратегиялық зерттеулерге негіз болуға, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау ісін жақсартуға қызмет етуі тиіс еді. Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстанның тау-кен ісі мен металлургиясын, мал шаруашылығы тұрпаттарының барлық кезеңдерде дамуын, қолөнер, сауда және ақша айналымын, ауыл шаруашылығы мен ирригациясын қамтитын палеоэкономикалық зерттеулер де кең қанат жая бастайды. Осы жылдары Қазақстанның далалы аймақтарында жарқын ашылулар болды. Мәселен, В.Ф.Зайберт бастаған археологтар Ботай қонысын ашып, энеолитке жататын ботай мәдениетін бөліп көрсетті. Қазіргі таңда бұл қоныстың кейбір мәдени қабаттары неолит дәуіріне жататындығы да анықталып отыр. Сонымен қатар қола дәуіріндегі мал шаруашылығы мен малшылық-егіншілік өркениеттердің Қазақстан мен Оралдың сыртқа жағында болғандығын айқындайтын байырғы қала (протогород) типіндегі кешендер негіздемесін кеңейту мен тереңдетудің де сәті түсті. Шүлбі ГЭС құрылысы аймағында 1980-1983 жылдары алғашқыда А.Г.Максимова, ал кейіннен С.М.Ақынжанов жетекшілік еткен Шүлбі археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Кең ауқымды археологиялық ізденістер тас, қола, ерте темір, ортағасырлық көшпелілер ескерткіштеріндегі қазба жұмыстарын, петроглифтерді зерттеу ісін қамтыды. Оның құрамында Ж.Қ.Таймағамбетов, З.С.Самашев, Ю.И.Трифонов, А.С.Ермолаева, т.б. жұмыс істеді. Қимақтар мен қыпшақтардың жерлеу ескерткіштеріне қатысты материалдар отандық тарихнамада алғаш рет С.М.Ақынжановтың монографиясында толымды түрде көрініс тапты. Тас дәуірінің ескерткіштерін зерттеу Қазақстанның географиялық жағдайы мен аумағының ауқымдылығы палеолиттік мәдениеттер эволюциясы мен ежелгі миграциялық үрдістер үшін маңызды екендігін көрсетіп берді. Айталық, Қаратау палеолит ескерткіштері Орта Азия, Қытай, Пәкістан, Үндістан, Моңғолия секілді іргелес және алыс жатқан өңірлердегі тұрақтармен ұқсастығы бар екендігі анықталды. Бұл ұқсастық көне мәдениеттердің даму жолы бір екендігін көрсетеді. Қазақстан палеолитін одан ары тереңдете зерттеу мақсатында әрі сенімді хронологиялық жатыстыру үшін стратиграфиясы сақталған, мәдени қабаттары бұзылы қоймаған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ (Оңтүстік Қазақстан), Шүлбі (Шығыс Қазақстан) ескерткіші секілді кешендердің маңызы зор екендігін Х.Алпысбаев, Ж.Таймағамбетов ізденістері көрсетіп берді. Бұл зерттеулердің нәтижелері, жаңадан алынған материалдар Қазақстан аумағын алғашқы адамның қоныстану уақыты мен жолдарын жаңадан қарастыруға мүмкіндік берді. Орталық Қазақстан мезолиті Қарағанды-ХV және Әкімбек тұрақтарының материалдары бойынша өрбітіледі. Қазақстан неолиті мен энеолиті ұзақ уақыт бойы аз зерттелініп келді. Жиыстырылған материалдар іргелес аумақтарда орналасқан ескерткіштердің оған ұқсас бұйымдарымен қатар қарастырылды. Өңірдегі неолит ықшамаудандарын бөліп көрсету, неолиттік индустрияның салыстырмалы-типологиялық сипаттамасы мен талдауының жасалуы атбасар секілді археологиялық мәдениетті бөліп көрсетуге жетеледі. Орал-Ертіс өзендері аралығындағы энеолит сан алуан шаруашылық-мәдени типтер арқылы бағамдалып, мал шаруашылығы (жылқы шаруашылығы) басым болған көп салалы шаруашылық ретінде сипатталынды. Айтылып отырған кезеңдегі андроновтық зерттеулер байырғы қала мәдениетін кең түрде қарастыру және социум, идеология мен палеоэкономика арқылы зерделеулер бойынша дамыды. Өз кезегінде оған Еуразия қола мәдениеттерін зерделеуге жаңадан тың серпін берген Арқайым, Сынташты (Синташта), Кент секілді ескерткіштердің ашылулары да себепкер болған еді. Ғылыми айналымға солтүстік Бетпақдалада орналасқан қоныстар мен қорымдардың жаңа мәліметтері енді. М.Қ.Қадырбаев пен Ж.Қ.Құрманқұлов монографияларында Атасу-1, Мыржық, Ақ-Мұстафа, Ақмая секілді ескерткіштердің материалдары бір жүйеге түсірілді де, ғылыми талдаудан өтті, археологиялық нысандардың орналасу заңдылықтары анықталды. Аумағы 15 мың шаршы метр жерді алып жатқан, қоланы балқытатын және одан қола бұйымдар жасайтын орталыққа айналған Атасу-1 ірі қонысынан алынған нәтижелердің маңызы өте зор. Қоныс аумағынан металл балқытатын кешендер мен шұңқыр-пештердің қалдықтары табылған. Сонымен қатар Жетісу қола дәуірі бойынша да материалдардың шоғырлану үрдісі жүріп жатты, андронов мәдени-тарихи қауымдастығының ірі орталықтарының бірі болғандығын айғақтайтын бұл аймақтан ондаған қоныстар мен қорымдар табылды (А.Н.Марьяшев, А.А.Горячев). Батыс Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу барысында қызықты нәтижелерге қол жеткізілді. Г.А.Кушаевтың айтуынша, Батыс Қазақстанға андронов және қима мәдени-тарихи қауымдастықтарының тоғысуы тән, бұл қауымдастықтардың шекарасы Ор және Елек өзендерінің аралығынан өткен. Ерте көшпенділердің ескерткіштерін және сақ, сармат, үйсін, қаңлы, хуннулар мәдениетінің проблемаларын, әлеуметтік-экономикалық өмірін зерттеу дәстүрлі түрде Қазақстан ғылымында маңызды орын алған. Айталық, К.А.Ақышев ізденістерінде Алакөлден Таласқа дейінгі өңірде патша қорымдарын картаға түсірген материалдар негізінде Жетісу сақтары қоғамының бейнесін айқындаған тезис одан ары дамытылды. Сақ (скиф) өнерінің шығу тегі де қарастырылды. А.К.Ақышев пікірінше, құлан бейнеленген алтын сырғалардың табылуы «аң» стилінің жергілікті негізі бар екендігін нақты дәлелдейді. Скифтердің шығуы сауалдарына арналған ізденістер де пайда болды. Мәселен, оған қатысты еңбек жазған Р.Б.Исмагиловтың жазуынша, Қара теңіз жағалауындағы «патша» обалары кейбір белгілеріне қарағанда Жетісудағы сақ мәдениетін қалдырған көшпенділер тобының миграциясымен байланысты.
http://e-history.kz/kz/contents/view/337