0 дауыс
3.5k көрілді
"Махамбет өлеңдеріндегі халық арманының көрінісі" эcсе керек болып тұр?

1 жауап

0 дауыс

ХІХ ғасыр әдебиеті алдыңғы әдебиетке қарағанда анағұрлым толысқан, кемелденген, жаңалығы мол, жанрлық ерекшелігі түрленген әдебиет. Көне дәуірден жалғасқан әдебиетте хандық кезең тұсында негізінен жыраулар поэзиясы алдыңғы орынға шығып, онда негізінен жыр үлгісінің түрлі жанрлары басым болды. Ал бұл кезеңге жаңа өлең түрлері тән. Сондай-ақ, дастан-поэмалар, лирикалық өлеңдер, айтыс өнері, ауыз әдебиеті үлгілері де айрықша мәнге ие болды. Қазақ өлеңі шын мәнінде жаңа сапаға көтеріліп, жазба әдебиеттің негізі қаланды. Махамбет, Дулат, Абай, Ыбырайлар шықты тарих сахнасына. Осылайша сөз өнері толысып, толығып, мазмұнын тереңдетіп, өз арнасын кеңейте түскені мәлім.

Жауынгер жырдың жүйрігі Махамбет Өтемісұлы өлеңімен ел өмірін жырлап, өлеңдерінде өз заманының бейнесін сомдап кеткен ақын. Бөкей Ордасындағы шындықты Махамбетше жырлап, асқақ үні мен дауылпаз жырын айналасына айқын танытып, жеткізіп кеткені кемде-кем. Ақынның қай өлеңінен болмасын өзі және өзіндік «мені» мен мұндалап тұратыны шындық. Сенімді серігі Исатайды да өзінен артық санап, өлеңдеріне қосты. Жәй қосып қана қойған жоқ, сөзбен суретін салып, санамызға өшпестей етіп «сіңдіріп» кетті. «Мұнар күн», «Соғыс», «Әй, Махамбет, жолдасым», «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» т.б. толғауларындағы батыр тұлғасын ешкіммен шатастырмай, сан буын алмасып, сан ұрпақ оқып, өсіп келеді. Өмірде де, өлеңде де ажырамастай бірігіп, шын достықтың символына айналып кеткелі қай заман? Ақын өлеңдерінде ел билеушілерінің де, халық өкілдерінің де, батыр-бағландардың да тұлғасы шынайы сомдалып, оқырман жүрегінен өшпестей орын алғанын айрықша мақтанышпен айтамыз. «Исатай-Махамбет қозғалысы патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған халық көтерілісі болған. Патшалық өкіметшіл саясат қазақ даласына біртіндепбасып кіріп, оны билеп-төстеудің үш сатылы реформасын жасап, әуелі ондағы дәстүрлі билік институттарын әлсіретуге ұмтылды. Онымен қоймай, қазақ жерін аумақтық тұтастықтан да, ұлттық тұтастықтан да ада қылуға күш салды. Осындай шұрайлы жерлерінен айрылып, алдындағы малы, жолындағы жайлауы қолды бола бастаған түста Исатай мен Махамбет тәрізді «ел қамын жеген Едігелердің» қол қусырып қарап жатқаны мүмкін де емес еді»[1, 10 б.].

Ақынның«Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер»,«Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б.өлеңдерінде көтеріліс сипаты, ерлік рух, бостандықты аңсаған ел арманы,ел тағдырын өз тағдыры санаған ер-азаматтың болмысы жан-жақты бейнеленген. Исатай туралы«Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде батыр бейнесі сан қырынан дараланып, айшықтала түскен.

Ел мен жердің тәуелсіздігі–Махамбет жырларының негізгіөзегі.Көтерілістің де билік өкілдерінің, хандардың шұрайлы жерлерді иеленіп, елдің наразылығын тудыруынан бастау алғанын ұмытпаған жөн.Жерден айрылған елдің, ата қоныстан қуылған қаймана жұрттың қандай күй кешетінін, қаншалықты сергелдеңге түсетінін басқа білмесе де, қазақ түсінеді.

«Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық,

Тептер үшін тебістік,

Теңдікті, малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік»,-

дегенақынның шырылдауынан егескен елдің, жандасқан жұрттың, қырылған қазақтың көз-жасы, бар қаракеті көрініс тапқан. Ел мен жертағдыры үшін басын бәйгеге тіккен алаш ұлдарының асыл арманы, теңдік үшін күрескен іс-әрекеті, болашақ үшін ғасырлар бойына алысқан айқасының лебі сеезіліп тұр. «Бұған түрткі болған ең басты себеп – орыс отаршылдығы. Жайық бойындағы жандасулар, Ертіс бойындағы егесулер жат жұрттықтардың пайдасына шешіліп, қазақ өзінің қасиетті де құнарлы жер-суынан қаралай айрыла бастаған мезетте, әлбетте, түйсік-танымы терең ақындарға тіл бітпей тұрмады».

Азамат ердің баласы,

Аз ұйықтар да көп жортар,

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар».

Дұшпанда кеткен кегін қайтару үшін, барымтаға түскен малы мен азаматтың арына, намысына түскен дағы үшін, болашақ ұрпақтың алаңсыз өмірі, көрер бағы үшін атқа қонудың, аз ұйықтап, көп жортудың кезеңі келгенін ескертіп, ел келешегіне алаңдар шақтың туғанын аңдатады. Ел үшін туған ердің азаматтығы мен намысы, ары мен бары сыналар сын сағаттың кезі жеткенін жырлайды.«Арғымақтан туған қазанат» өлеңінде халықтың жарқын өмірі үшін жанын аямайтындарды үлгі етіп, ертеңгі күнге сеніммен қарауға шақырады. Ерлік іске үндеп, өнеге алуға үгіттейді.

«Асыл ердің баласы

Жауды көрсе, шыдамай

Көзін салар қияға.

Ермін деген жігітті

Кеңшілікте сынама»,- дейді.

Махамбеттің Орынбор генерал-губернаторы Перовскийге: «Генерал-губернатор мырза, егер қолыма бостандық пен билік берсеңіз, жер-суымды, байтағымды, атамекенімді келімсектерден тазартар едім…», - деген сөзінен ақынның азаматтық болмысы, атақоныс үшін адалдығы сезіліпқана қоймай, ата жауғадеген өшпенділігі де атойлап тұрғандай. Махамбет сөзінен, тайсалмас көзінен сескенген билік өкілі, абақтыдан шығарып жібергендеген мәлімет бар.

«Туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса?Атаның жолын қумаса» дегенде ақынның айтпағы ер-азаматтың намысын қайрау, күш-жігерін елазаттығы, бостандығы үшін күреске жұмсау, ел қатарлы ғұмыр кешуге,ұрпағының алаңсыз өмір сүруіне жағдай тудыруға шақыру болатын.

Аттанып едім көп үшін,
Көптің жинап мол күшін,
Дұшпанда кеткен сол көптің
Ежелден бергі кегі үшін.

Дұшпаннан кек алу, өш қайтару – Махамбет өлеңдерінің лейтмотиві.Ол «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай…, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей»ерлердіңісі бітпейтініналға тартып, көп жиналып, қол болмай күрестің алға баспайтынын айтып, қасындағылардың намысын жаниды.Мұндай ауқымды іске мойымайтын «... қатепті қара нар керек,... қабағын шытпас ер керек» депеліне сауын айтады.ұрандады.Ақынның аңсағаны -Еркіндікке қол жеткізу, халқына теңдік әперу.

Мысалы, «Нарын» деген өлеңін алсақ:

Қойды мыңға жеткізген

Нарынның анау құмдары,

Түйені жүзге толтырған

Көкпекті, шытыр жерлері,-

деп Нарынның қазақ үшін қандайлық құнарлы, қасиетті топырақ екенін еске салса, одан әрі:

Жатып қалған тайлағы

Жардай атан болған жер,

Жабағылы тоқтысы

Қой болып қора толған жер,-

деп суреттейді. Осынау ғажайып өлке өңінен айрылып, өзен-су, көлінен айрылып, ел-жұрты қазыналы жерінен айрылып, қайғылы күн кешуіне айыптыларды атарға оғы болмай, қамкөңіл күй кешеді.

Махамбеттің ел аманатын арқалаған батырлығы, ел үмітін үкілеген ақындығы, жауапкершілікті сезінген азаматтығы қай ұрпаққа да үлгі, қай буынға да өнеге. Қайсарлығын, өжеттілігін қарсыласы да мойындап, кей тұстарда санасуға да мәжбүр болған. Ақынның Жәңгірге, Баймағамбетке қарата айтқандарынан есерсоқтың, кеудемсоқтықтың айтқаны деп емес, елін ойлаған, ертеңін ойлаған арлы азаматтың, жерден, атамекеннен айрылған халықтың болашағы не боларын алдын-ала сезіп, жаны күйінгеннен шерлі жырын ақтарған арқалы ақынның болмысын танып, парасат-білігін аңғарамыз. Бұлардың текетіресін біржақты бағалауға, таптық тұрғыдан саралауға келіңкірей бермейтінін кейінгі зерттеушілер айтып жүр. «Себебі ереуілдің көсемдері «тоқсан үйлі тобырдан» шыққан қара табан әлдекімдер емес, хан төңірегіне ықпал-ығытын жүргізуге сойы да, сұсы да лайық әлуетті тұқымнан еді. Ақсүйектік билік пен халық таңдаулыларының арасындағы шиеленістен және жер дауынан өрбіп-өрістеген оқиғалардың демократиялық сипатымен қатар, қазіргі саясат тілімен сөйлегенде, оппозициялық сарыны сезілгендігін де ақиқаттан алшақ дей алмаймыз»[2, 99 б.].Хан атаулының бейнесі кеңес кезеңіндегі жазылған шығармаларда біржақты сипатталып кеткенін мойындауымыз керек. Хан-сұлтандарды, би-болыстарды ағаш атқа мінгізуден ешкімді алдымызға шығарғанымыз жоқ. Таптық көзқарас, соцреализм дегенді желеу етіп, қаншама кінәсіз жандарға күнә артып, қаншасын идеологиямызға қайшы деп құрбандыққа шалдық... Оның есебін алып, біліп жатқан кім бар екен? Мұндай жайт кеңес кезеңіндегі қазақ қаламгерлерінің көбінен байқалды. Мәселен, Абылайдың, Құнанбайдың, Жәңгірдің, Кенесарының т.б. көркем бейнелерін еске түсірсек...

Әбілқайырдың ұрпағы Бөкейұлы Жәнібектің жастайынан алғыр, зерек, білімге құштар болып өскенін, еуропалық деңгейдебілім алғанын, 22 жасында хан сайланып, ел билігіне ерте араласқанын білеміз. Маңайына өнерлі, білімді адамдарды жинап, жастарды оқытуға күш салып, мектеп ашып, ислам шариғатын ұстанып, діндар, тақуа жан болғанын қайда қоясыз? Ішкі, сыртқы саясатта өзіндік ұстанымымен, сарабдал саясаткерлігімен танылған Жәңгір хан өз заманының көзі ашық, білімді, беделді адамдарының бірі болған. Оқуды және оқытуды жолға қойған, ілгерішіл ұстанымдарымен танылған. Саясаттың салқыны Махамбет екеуінің арасына сызат түсіріп, өзара қырқыстырып қойған.Бір кезеңде өмір сүріп, дәмдес-тұздас болып, қатар жүргенмен, ел мүддесіне, ұлт қажетіне, халық өміріне қызмет етуге келгенде, жол екіге айрылады. Бірін – құлқынның қамы, биліктің буы жолдан тайдырса, екіншісін «қара қазан, сары бала қамы үшін», қалың елі, қазағы үшін, сол елінің болашағы, азаттығы үшін күресуге белін бекем будырды. Халық жағына шыққан Махамбеттің жүзі жарқын, ісі өнегелі, өлеңі ғұмырлы болды. Ақынның айнымас мұраты, жарқын елдің жаршысы болуға ұмтылған азаматтық келбеті, ақындық үні бүгінгі «Мәңгілік Ел» ұстанымының ұстынындай бағалы, арқауындай ардақты.

Әдебиет зерттеушілері Махамбетті кей өлеңдеріне қарап, зар заман өкілі деп санағанмен, оның Шортанбай, Мұрат, Дулат өлеңдерінен болмысы бөлек, сипаты өзгеше екенін аңғару қиын емес. Қандай қиындық көрсе де, тауы шағылмайды. Мұңы басым өлеңдері болғанымен, түпкілікті торығудан, заманнан безінуден ада. Қайта бойын тіктеп, еңсесін көтеріп, еліне сүйеу болар сәті, өлеңдерімен дем берер кезі мол. Ел басына төнген қатерді, қауіп-қасіретті аз күнгі қиындыққа балап, жеңісті күндер алда екеніне сендіреді, елді еңсесін түсіндірмеуге, ерді мойымауға шақырады. Әлі-ақ Жайықтың бойын жайлайтын, күреңнің жалын күдірейтіп, жайлаудың көк шалғынын белден кешіп жүретініне жұртын иландырады. Оптимистік көзқарасқа, өмірге сын көзімен қарауға бейім ақынның ел ертеңінің кемел болатынына, болашағының баянды екеніне сеніммен қарауы ел шетін сетінетпеуге, ерік-жігерін құм құлмауға шақыратынын сеземіз. Жарқын болашақтың жаршысы атанған ақын арманының күмәнсіз орындалатынына сенеміз.

Жайықтың бойы көк шалғын,

Күзерміз де жайлармыз.

Күмісті сынды күреңді,

Күдірейтіп күнде бойлармыз.

Жолдастарым, мұңайма.

Еділдіңбойы ен тоғай –

Елқондырсам деп едім,

Жағалайжатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім.

Ақын өлендерінде жиі кездесетін жер-су атауларының, әсіресе Еділ мен Жайықтың тек географиялық ұғым ретінде ғана емес, ел қонысы, халық мекені, болашақ тіршілік кепілі ретінде алынғанын анық аңғарамыз.

Дәстүрлі қазақ поэзиясында туған жер, отан, атамекен идеясын білдіру үшін «қос өзен» ұғымының кеңінен қолданғанын білеміз. «Туған жердің, ел отанының символы ретінде Еділ, Жайық деген заттық нышандарды алу күні кешегі Махамбеттерге дейін келді. Оның: Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім, Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз деген өлең жолдарында айтпақ идеясы – Еділ мен Жайық өзендерінің бойына ел қондыру, оны жаз жайлап, күз күзеу емес, нақты осы әрекетте емес, басқа, яғни «туған жерде емін-еркін өмір сүру» идеясы» [2,33 б.].

Ия, шынында өршіл ақынның отты, рухты өлеңдерінде кездесетінжер-су атауларының, туған өлке атырабының аталуынан біз оның туған жерге деген махаббатын, Отан сүйгіштігін, атамекен, құт қонысы «қос өзен» үшін жанын пида етуге даяр екендігін көреміз. Махамбеттің:

«Айналайын, Ақ Жайық!

Aт салмай өтер күн қайда?»-деуі,

немесе:

«Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген,

Таудағы тарлан біз едік»,

—деп елінің, жерінің тәуелсіздігін аңсайтыны, жыр толғайтыны сондықтан.

«Елдіңқамын жеді ғой;елқорғаған мен едім;елкұтқарар мен едім;мен де айрылдымелімнен; Халықтыңкегін қусайшы;халықтыңкөрген корлығын; Астанажұртынайналған және т.б. Міне, бұл жолдарМахамбет жырының тақырыбы мен идеясын танытатын жолдар. Біз Махамбетке дейінгі поэзияданхалық, ел, жұртсөздерінің осы әлпетте мол қолданысын кездестірмейміз»[3, 39б.].

Еділ-Жайық бойына ел қондырып, жағасына мал толтырсам деген ақын сөзінен оның қай кезде де жеке бастың қамын емес, ел мұңын, жоғын түгендеуге жанын салатынын аңғарамыз,Олқай кезде де жеке бастың мүддесін ойламайтыны. Анығы, қос өзен ұғымы жалпақ жұрт, қалың елдің атақонысы, дүйім алаш жұртының атамекені мағынасында айтылып тұрғанын жадымыздан шығармауымыз керек. Ақын ұғымындағы екі өзен – ен жеріміздің, кең байтақ даламыздың символы. Сол өлкеге теңдік әперсем, бостандық әперсем деген ақын арманының шырылын ұққандаймыз. Елге зәбірі өткен ел билеушілерінің түпкі арам ниетін сезген ақын олардың ой-ниеттерінің аярлығын, арамдығын бетіне басып, олар иемденген ақ орданы ел ынтымағын, тыныштығын ойлайтын ел ордасына айналдырсам деген ниетін аңғарамыз. Халқына пайдасы тимейтін ханның, елдің ығырын шығарған сұлтанның шаңырағын ортасына түсіріп, елді азаптан, жан-жақты қыспақтан құтқарар күнді аңсайды. Бостандыққа жетер, өз алдына тәуелсіз ел атанар сәтті сағынады. Ежелгі дұшпанды жеңіп, өз алдына дербес, тәуелсіз, баянды өмір сүруді ойлап, халқын жігерлендіреді.

Ақын арманы – еліне егемендік алып беру, тәуелсіз болғанын көру. Осы мақсатқа жету жолында ол ештеңеден аянбақ емес. Халқының азапты күндерін азайтуға, қиындықтан құтқаруға қай кезде де даяр, қай сәтте де атқа қонуға дайын болғанмен, қолдан келер шама, көрсетер шара бар ма?! Ел тілеуін тілеген ақын арманы аласармайды. Керісінше, ширығып, буырқанып, алысқанын жеңбей қоймайтын, айқанын орындамай тынбайтын ертегінің батырларындай кейіпке еніп, ел үмітін ақтауға барын салады.

Қорлықта жүрген халқыма,

Бостандық алып берем деп,

Қырық бір жасқа келгенде,

Ауыр әскер қол ертіп,

Жасқұсқа барып кіргенде.

Егескен жауын жеңбей тынбайтынына, ел-жұртына берген сертіне беріктігіне сенгенімізбен, айласы мықты, құрығы ұзын жау оңайлықпен алдыра қоймасы кәдік. Ақынның өршіл рухына, бостандық сүйгіш жүрегіне ештеңе де кедергі бола алмайтынына көз жеткіземіз. Қандай алапат күш иесі болсын ақынның сағын сындыра алмайды, өршіл, күрескер болмысына қарсы тұра алмайды.

«Мен едім»

Боз ағаштан биік едім,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан.

Ел құтқарар ер едім,

Жандаспай ақылы бір тынбан.

Ақынның Нарыны – туған жері, атамекені – жер бетінің балқаймағындай құнарлы, қасиетті. Оның айтуынша, айналасы ат шаптырса жеткісіз Нарынның көркі көз тойғысыз, қойнауы табиғаттың таңғажайыбына толы, «шортаны қара бақандай, Бақасы сары атандай, Балдырғаны білектей, Баттауығы жүректей». Қасиет қонған, қыдыр дарыған мұндай өлкенің қолдан сусып бара жатқаны ақынды шошындырады. «Бөрідейін жол тартып, Жауырынына мұз қатып» жолға шыққан батырдың ойы анық, көздегені - «Анау Нарында жатқан, Жас баланың қамы». Ел кегін жоқтаған Махамбетті отаршылдардың ойсыз тірлігі мен ел атқамінерлерінің аяр әрекеті ашындырып, амалсыз атқа қондырып, қолына қару алғызады.

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға,

Қас үлектен туған қатепті

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қасарысқан жауға қарсы тұрар Исатайдай ер керек, оған серік боларлық, жау қашырарлық қайрат көрсетер қабылан жүректі бағландар қажет екенін аңғартады.

Елім, жерім деген азамат қана шыдар, бойын рух кернеген, намыс билеген баһадүр ғана жол бастар бұл сапардың оңай еместігін, халқын азаттыққа, бостандыққа жеткізудің жолы ауыр, машақаты мол, мехнаты көп екенін, оған «ат үстінде күн көрмей, арып-ашып жол көрмей» жете алмайтынын түсіндіріп, намысын қайрайды.

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Ерлердің ісі бітер ме?!

Ақын қолданысындағы қатын-бала, қараорман, байтақ, қарындас т.с.с. сөздердің ауқымы кең, мағынасы терең екенін бүгінгі көзіқарақты оқырманның сезетіні анық.«Қара қазан, сары бала қамы үшін» атқа қонған ерлердің ісі қай кезде де өнеге, ерін, жерін қорғаудағы ұстанымы қай ұрпаққа да үлгі болмақ. «Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік...»,- дегенінен бір аймақтың жер-су атаулары айтылғандай көрінгенмен, бұл сөздердің, ұғымдардың мағынасы әлдеқайда кең. Махамбетті түйсінсек, Еділ-Жайық-қос өзен – елдіктің символы, Атамекен, туған жер ұғымы Отан сөзінен кем соқпайды. «Айналасы ат шаптырса жеткісіз» Нарыны – қазақтың қимасы, ұлттың бөлшегі деген мағынамен пара-пар екенін саналы ұрпақ ұғып өсуге тиіс, біліп, түйіп жүруі қажет. Кім үшін «егесіп, жандасып», не үшін «қырылып, тебісіп» жүргенін өсер ұлттың баласына сәби шақтан сездіріп өсірсек, елге, жерге деген құрметін құнттап жүрсек, еңбегіміз еш кетпек емес. Қалың елі үшін ханның қорған, ерлердің – қалқан болғанын біліп өскен ұлан ұлтына – қамқор болып ер жететінін, отансүйгіштік рухта тәрбиеленетінін ұмытпағанымыз жөн.

Басына төнген қауіп-қатерге қарамастан қараорман халқының амандығын, бостандығын ойлау – жаратылысы бөлек жанның, жүрек жұтқан батырлықтың белгісі. Шамырқанған, шамданған шайырдың шайырының, шатынаған, қайралған батырдың батырының ғана қолынан келер іс. Оза көшіп, кең жайлаған, еркін жүріп, ен жайлаған елдің ертеңге апарар көшін түзеу, болашақ ұрпаққа жеткізер аманатын түгелдеу үлкен жауапкершілікті мойнына алған ердің ғана қолынан келер қайрат. Заманы жүктеген ауыртпалықты мойымай көтеріп, ел үмітін ақтаған Махамбеттердің бүгінгі ұрпақ алдында ары таза, айтқаны ақиқат.


group-global.org/

...