+1 дауыс
6.5k көрілді
Махамбет өлеңдеріндегі романтизм туралы шығарма және эпиграф керек?

1 жауап

0 дауыс

Махамбет поэзиясындағы романтизм

Романтизм – көркемдік, творчестволық әдіс. Егер реализмнің басты белгісі типтік жағдайда типтік образ жасау болса, романтизм өмірді, болмысты типтік бейнелеуге ұмтылмайды. Ол өмірді , болмысты не тым құлдыратып, не мүлде өсіріп, әсірелеп көрсетеді. Қиял дүниесіне бой алдырады. Писарев қиялдаудың екі түрлі формасын айта келіп, оның бірін азаматқа пайдалы қиял, ал екіншісін зиянды қиял дейді. Ал М. Горький романтизмді  пассивтік, активтік романтизм деп екіге бөледі. Қазақ әдебиеті тарихында  осындай екі бағытты ұстанған ақын-жазушылар болды. Шортанбай, Дулат сияқты ақындар ескілікке жармасты, артқа бет бұрды, хандық, феодалдық заманды көксеп жыр төкті, жаңалық атаулыға қарсы болды, келешектен күдер үзді. Сондықтан оларды біз керітартпа романтизм өкілдері дейміз, ал Махамбет болса  алдан үміт күтті, жақсылық өмірді аңсады, белсенді күрес жүргізді, елді ертеңге бастады.

Сондықтан да Махамбетті прогресшіл романтизм өкілі дейміз.Оның өлеңдерінде романтизм элементі жиі кездеседі. Бірақ бұл – көпшілікті күреске шақырған оптимистік, прогресшіл романтизм. Махамбет романтизмінің негізі – сол кездегі қанаушылыққа қарсы наразылық білдірген айналасына риза болмай, алға ұмтылған, алдағы күннен жақсылық күткен, сол жақсылыққа күреспен ғана жетпек болып, қарулы күреске шыққан шаруалар көтерілісі еді. Махамбет өлеңдеріндегі романтизм – сол мақсаттың көрінісі.

Махамбет өлеңдеріндегі романтизм басынан аяғына дейін жұртшылықты күреске шақырған, жақсылықты алдағы күннен күткен прогрестік, оптимистік романтизм. Күреске шақыру идеясы көтерілістің тек қана алғашқы кезеңіндегі сөздерінде емес, барлық өлеңдерінің де өзегі болып отырады. Исатай өліп, көтеріліс ыдырап, бірен-саран жолдастарымен қашып жүрген кезінде шығарған өлеңдерінде де сол сарыннан таймай, сары уайымға салынбай,болашаққа сенеді. Жеңілдім деп торығып, дүниеден безіп, өлім іздемейді. Жеңіліп қалғаннан кейін де:

Орама мылтық тарс ұрып, Жауға аттанар күн қайда?

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген, Арғымақтан туған асылды, Баптап мінер күн қайда?

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол тартып,

Жауырынына  мұз қатып,

Жалаулы найза қолға алып,

Жау тоқтатар күн қайда? –  дейді.

(«Ұлы арман»)

Мұнда ешқандай пессимистік сарын жоқ. Бұл – Исатай барындағы «жалаулы найза қолға  алып, жау тоқтатар»  күндерін іздеу, соны дәріптеу. Махамбет өзінің атақты «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңінде:

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей

Арып-ашып шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы  түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп түс қашпай

Тебінгі теріс тағынбай,

Темір қазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме ?! – дейді [2].

Бұл өлеңде сары уайымның ұшқыны жоқ, тура күреске шақырады. Алға қойған мақсатты орындап шығу үшін қанша қиыншылық болса да шыда, хан, патша, төре, сұлтан билермен күресте қажымауға, торықпауға, табанды болуға үндейді.

Махамбет «Мұңайма» атты өлеңінде хан әскерлерінің көтерілісшілерге және елге жасаған қысымын айта келіп, жолдастарын мойымауға, берік болуға үндейді.

Ханның ісі қатайды, Азамат ерден бақ тайды.

Қанды көбе киініп,

Ұрандап жауға тигенде

Кім жеңері талайды,

Жолдастарым, мұңайма! – деп,ерлікке шақырады.

Махамбет еш уақытта болашақтан күдер үзбеді. Мақсатты өздері орындай алмаған күнде кейінгілер орындаса, күрескерлердің жолын қуса дегенді арман қылды. Сондықтан ол:

Ақ жұмыртқа сары уыз Әлпештеп қолдан өсірген.

Туған ұлдан не пайда –

Қолына найза алмаса, Атаның жолын қумаса, – дейді.

Қолына найза алып, ата жауына – хан, төре, сұлтан, билерге қарсы шығатын ұлдардың қандай болу керектігін айта келіп:

Асылдан болат ұл туса,

Екі жақ болып келгенде,

Егескен жерде шарт кетер,

Жауырыннан өтін алса да,

Жамандарға жалынбас ... – деп  суреттейді.

Прогресшіл романтикалық сарындағы Махамбет өлеңдерінің ішінде, әсіресе ерекше орын алатыны – «Бағаналы терек жарылса» атты өлеңі. Бұл өлең ақын өмірінің соңғы кезіндегі көңіл күйінің көрінісі деуге болады.

Бағаналы терек жарылса, Бақыраш жамап болар ма?

Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, Еменге иір бұтақ  бітсейші Қыранға тұғыр қыларға. Ханнан қырық туғанша

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы, Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік  сұрарға.

Исатай өлгеннен кейін де Махамбет көтерілісті ұйымдастырмақ болып, көп әуреленді. Бірақ хан-сұлтан, би-феодалдардың көтеріліске қатысушыларға қолданған қатал шаралары елді бас көтерместей етіп тұқыртып тастады. Мұны Махамбет жақсы түсінді. Елді ереуілге көтеруге енді белгілі бір жағдай керектігін де аңғарды. Жарылған бағаналы терекке бақыраш жамауға  болмайтыны тәрізді жеңіліске ұшырап, бытырап кеткен елдің басын қайта біріктірудің қиындығын да білді. Алайда бұрын көтерілісті ұйымдастыру үстінде, күрес тәжірибесінде ақынның  әбден көзі жеткен, соған қатты сенген ақиқат, шындық бар еді. Ол шындықты ақын:

Бәрін айт та, бірін айт,

Халық толқыса, тұра алмайды хан тағында, – деген өлең жолдарымен қорытады.

Өздерінің жеңілісін де, халықтың екінші рет қайта көтеріле алмауын да  мәңгілік нәрсе деп ұғынудан ол аулақ. Бұл – уақытша жағдай. «Ісім жөнге келгенде қамалаған көп дұшпан әлі де болса, қойдай қырып алармыз», – деп, ұрпағына оптимистік пікір қалдырады. Егер өз өмірінде мүмкін болмаса, келешекте «қарадан біреу туып», бұлардың ізімен, езушілерден халық кегін алуды, теңдікке қолын жеткізуді арман етті. Оны орындауды келешектегі ұрпақтан күтті [1].

Қорыта айтқанда, Махамбет поэзиясы өз дәуірінің, сол кездегі қанауға қарсы көтерілген шаруалар көтерілісінің айқын үні. Отанын сүйген патриот, өлеңдерін көпшілік мүддесі үшін жұмсаған, еңбекші шаруалардың жыршысы. Езуші таптың жауыздығын тайынбай әшкерелеп өткен реалист. Өмірінің соңына дейін жақсылықты алдағы өмірден күткен романтик. Өзіне дейінгі және кейінгі ақындардан өмірді басқаша танып, шындық болмысты дұрыс көре білген халық әдебиетінің өкілі. Кейінгі ақындар үлгі алған, өзіндік өлең құрылысы, тіл ерекшелігі, өз стилі бар ақын. Шығармалары табандылыққа, жауға мейірімсіз болуға, қиыншылықты жеңетін қайсарлыққа тәрбиелейді. Көркем әдебиет – қоғам өмірінің айнасы десек, Махамбет туындылары өз заманындағы халық бұқарасының мүддесін бейнелеген, езілген шаруалардың жоғын жоқтаған шығармалар.

Махамбет өлеңдеріндегі романтизм – болашақтан жақсылық күткен және елді күреске шақырған прогресшіл романтизм.

ӘДЕБИЕТТЕР

Әлімжанов, Ә. Махамбеттің жебесі / Ә. Әлімжанов – Алматы : Жазушы баспасы. – 1992. – 268 б.
Махамбет, Өлеңдер / Махамбет –  Алматы : Жазушы баспасы. – 1974. – 358 б. 

Г. Г. Қаржауова, аға оқытушы

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті

Мақалада Махамбет поэзиясындағы романтизм жайлы сөз болады. Махамбет өлеңдеріндегі романтизм – болашақтан жақсылық күткен және елді күреске  шақырған прогресшіл романтизм екені айтылады.

В статье рассматривается романтическое направление в поэзии Махамбета. Романтизм в стихах Махамбета – это прогрессивный романтизм, призывающий народ к борьбе и жаждущий от будущего решения прогрессивных преобразований.

Romantic direction in poetry of Mahambet is considered in the article. Romanticism in poems of Mahambet – is progressive romanticism, appealing people to struggle and craving future for the solution of progressive reforms.

...