0 дауыс
18.3k көрілді
Жоспар бар.

Кіріспе.

1. Туған жердің тарихы

II Негізгі бөлім.

а) Туған жерім кіндік қаным тамған жер.

ə)  Туған жерім киелі мекен

III Қорытынды

Мен туған өлкеммен мақтанамын

1 жауап

0 дауыс
Көркем табиғатымен, жайсаң тұрғындарымен ерекшеленетін Амантоғай ауылының мен үшін орны бөлек. Амантоғай ауылы - менің туып-өскен мекенім. Жайдары жандары, өзен-көлі, кең жазыққа ие байтақ даласы, табиғатты әсем етіп өрнектеген жануарлары, бәрі-бәрі маған ерекше ыстық болып сезіледі. Бұл жерде менің ой-санам қалыптасып, болашағымның іргетасы қаланды. Алғаш дүние есігін осы жерде айқара ашып, жарқын өмірге де осы жерде аяқ бастым. Алғашқы сезген иісім де кең даланың, яғни осы киелі мекеннің жұпары болатын. Алғаш аяқ тіреген жерім де осы даланың топырағы. Бұл киелі мекен адам жанын сергітіп, адамға рухани күш-қуат сыйлайды. Бой сергітер әсемдігіне қарап бейне бір жұмақ мекен дерсіз. Шыныменде. Бұл жерде әрбір атқан таңмен нұрлана оянатын дала әдемілігіне қарап еріксіз езу тартып, шаттана, шабыттана түсесіз. Табиғаттың шебер суретші екеніне көз жеткізесіз. Бұл мекеннің суы мол, шөбі шүйгін. Мұндай қасиетті мекенде өмір кешіп жатқан әрбір адам өзін өте бақытты сезінері сөзсіз.

Амантоғай ауылында 1441 адам тұрақтаған. Ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жатқан бұл елдімекен көптеген ауылшаруашылық салалары қарқынды дамыған. Мал шаруашылығы ауылымыздың басты шаруашылығы болып табылады. Өлкеде төрт-түлік малдың барлығы дерлік өсіріліп, бағылады. Мал шаруашылығы бойынша ауылымызда көптеген ірі шаруа қожалықтары бой көтерген. Олар бүгінде көптеген мал өсіріп,кең байтақ даланы тиімді пайдаланып,өз еңбектерінің жемісін көруде.Қосымша шаруашылық ретінде-бау-бақша шаруашылығы дамыған. Сонымен қатар дәнді-дақылдар өсіретін бірнеше кәсіпкерлер жұмыс жасайды.

Бұл өлкенің атап көрсетер ерекшеліктері көп. Соның бірі жылдың төрт мезгілі. Әр мезгіл айқын байқалып, өзіндік ерекшелігімен ерекшеленеді. Мен сол ерекшеліктерді қаламмен суреттеп көрдім:

Күзде дала қоңырқай түске боялып, адам жанын ерекше күйге бөлейді. Күзде жауған күз жаңбырлары дала үшін де айтарлықтай пайдалы болып саналады. Жаз бойы сайран салатын құстар жылы мекенге бағыт алып,кең даламен қимастықпен шулай қоштасады. Адамдармен қатар басқа да тіршілік иелері қыстық қамын жасаумен әлек болады.

Қысы қыңыр мінезді болғанымен,кең дала төсіне қарап қыңырлықты ұмытасың. Айналаға ақ кілем төселіп,жаның кіршіксіз тазалықты,пәктікті сезеді. Ақ мамыққа із түсіре жүгірген дала аңдарының ізі бейне бір кілем үстіне сырылған оюдай болып табиғатқа ерекше өң беріп тұрады. Боран дыбысы табиғат күйімен үндесіп, жаз құстарының орнын алмастырып тұрғандай күй кешеді.

Қыстан кейін келетін көктем мезгілі бұл мекенде ерекше байқалады. Табиғатпен бірге адам жаны жаңарып, табиғаттың әсем көрінісіне қарап ерекше күйге бөленесің. Қайта келіп жеткен құстар әні құлақ құрышын қандырып, айналаны әсем әуенмен жандандыра түседі. Осы сәтте күн де кең даланы жылуымен жылытып, нұрымен нұрландыра түседі. Көктемнің алғашқы жауыны жерге сіңіп жер бетін құлпырта түседі. Жайқала өскен дала гүлдеріне қарап еркіндікті, шексіз сұлулықты байқайсың. Көктеммен бірге келетін жақсылықтың, байлықтың,берекенің мерекесі-наурыз мейрамы бұл мекенде жоғары деңгейде аталып өтіледі. Ат шаптырып,дастархан жаю, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерімізді өткізу біздің ауыл үшін жыл сайын атқарылатын істер. Осы арқылы біз салт дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттаймыз. Бұл игі іс салт-дәстүрлеріміздің тасада қалмауы, ұлттық санамыздың сөнбеуі үшін өте қажет. Бұл мезгілдің тағы бір ерекшелігі төрт-түліктің төлдейтін уақыты. Ел ішін береке мен мерекеге толтыратын бұл мезгілді асыға күтеміз.

Адам жанын сергітер тағы бір мезгіл-жаз мезгілі. Жаз мезгілі өзге мезгілдерден күннің ыстықтығымен ерекшеленеді. Бұл мезгілде балалар суға шомылып, қуанышқа бөленеді. Күннің жылуы ерекше таралатын бұл мезгілде ауылдың әрбір адамы көтеріңкі көңіл-күйде жүреді. Балалар доп қуысып мәз-мейрам болып жүреді. Алаңсыз балалық шақтың дәлелі айқын байқалады. Маған бұл мезгілдің кешкі уақыттары қатты ұнайды. Қызарып батқан күн көрінісі адамға шабыт сыйлап,адам бойында ерекше бір сезім қалдырады. Әрбір шаңырақ қыстық қам жасап, азық дайындайды. Бұл мезгіл кез-келген іс жасауға өте қолайлы кезең болып табылады.

Табиғатымыздың тағы бір байлығы-өзені. Бойына құс қонып,жағасын құрақ жапқан бұл өзен - Жалдама деп аталады. Бұл өзен үлкен аумақта созылып жатыр. Ауылдың жанында орналасқан бұл өзенге жаз бойы балалар шомылып, балық аулап қызықтайды. Өзенде балықтың көптеген түрлері кездеседі. Жалпы айтқанда бұл өзеннің күллі тіршілік атаулына тигізер пайдасы орасан.

Сонымен қатар ауыл ортасында 200 ге жуық баланы біліммен сусындадып отырған білім ордасы жұмыс жасайды. Бүгінде бұл білім ордасы болашақ ұрпақтың сауатты, білімді болуы үшін қызу жұмыс үстінде. Мектептегі білім беретін ұстаздар өте мейірімді, ақкөңіл және білімді. Олар барлық еңбек күшін болашақ азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеуге,оларға білім беруге жұмсайды.Себебі, олар өз шәкірттеріне үлкен сеніммен қарайды.

Мектеп оқушылары өнерден де кенде емес, әрбір оқушы өзіндік қабілетімен, талантымен ерекшеленеді. Түрлі өнерге бейімделген бүлдіршіндер мен жасөспірімдер мектеп абыройымен қатар ауылымыздың атын асқақтатып жүр. Білім ордасы спорттан да қол үзбеген. Түрлі спорттық жарыстарда топ жарып, белсенділік танытады. Әрбір оқушы бойындағы қабілетті ашудағы ұстаздардың атқаратын рөлі ерекше.

Мектептен басқа ауылымызда бірнеше ірі ғимарат бой көтерген. Олар әр сала бойынша қызмет етеді.

Соның бірі қасиетті орын саналатын - Мешіт ғимараты. Бұл ғимарат халық игілігі үшін жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындары әр жұма сайын осы мешітте бас қосып,мұсылмандық парыздарын атқарып жатады. Бұл ғимарат біздің өлкенің сәні болып табылады. Ал қасиетті Рамазан айы келіп жеткенде ораза тұтқан барлық адамдар осы орында бас қосады.

Ауылымыздың тағы бір ерекше ғимараты-мәдениет үйі. Бұл өнер ордасы-талайдың талантын ұштап үлкен өмірге өнермен бірге қанат қақтырған. Өнер ордасында әр мереке сайын мерекелік іс-шаралар жүргізіледі.Іс-шараларға ауыл тұрғындарымен қатар, мектеп оқушылары ұйымдаса атсалысады. Сонымен қатар мәдениет үйінде ауылдық кітапхана орналасқан. Тұрғындарға, жеткіншектерге рухани тәрбие беретін бұл кітапхананың берер пайдасы көп.

Ауыл халқына қызмет ететін тағы бір мекеме - аурухана. Осыдан 2 жыл бұрын бой көтерген бұл мекеме халықтың көңілінен шығатындай қызмет көрсетіп жатыр. Бұл мекемеде ақ халатты абзал жандар халық денсаулығының жақсы болуы үшін талмай қызмет етіп келеді.

Осындай өнерлі, рухани бай адамдар мекендеген киелі мекенде қаншама ақын-жазушылар туып өсіп, қаншама ақын-жазушылар киелі өлкені ән-жырына қосып, шығармаларында тілге тиек еткен. Жергілікті ақын-жазушылар өз шығармаларында туған жерінің табиғатының әсемдігін, жұртының шексіз мейірімділігін, түрлі байлықтарын жан-жақты баяндап, суреттей білген. Олар дала төсінен шабыт ала отырып көркем шығармаларын дүниеге әкелді. Көркемдігі шексіз табиғат сыйлаған шабыт олардың өзіндік дара жолын салуына ықпал етті.

Туған жер жайлы сөз қозғағанда айтуға сөз жетпес. Оның әдемілігін,әсемдігін сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Туған жердің кереметтілігі шексіз. Туған жерге деген махаббатта өзге сезімнен бөлектеніп, ерекшеленеді. Жырақ кетіп сәл алыстасаң жүрегің туған жерді аңсап,туған жерім деп тулайды. Мен осындай керемет өлкеде туғанымды, кең далада еркін өскенімді, осындай ғажап мекенде  өмір сүретінімді мақтан етемін. Мен туған жерімді шексіз махаббатпен сүйемін. Мен осындай туған өлкеммен мақтанамын!!!
...