0 дауыс
171k көрілді

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі заманның зарлығы мен тарлығының белгілерін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз.

Эссе жазу

Емтихан ережесіне сәйкес, оқушы өзіне ұсынылған үш тақырыптың ішінен біреуін таңдайды. Таңдаған тақырыбы аясында 250-300 сөзден тұратын эссе жазады.

Эссе тақырыбын таңдағаннан кейін бітірушілер негізгі идеяны анықтауы (ол не туралы?), проблеманы жинақтауы, дәлелдер жазуы, тіл құралдарын және тілдік әдістерді (салыстырулар, эпитеттер, метафоралар, риторикалық сұрақ, кіріспе сөздер мен ұсыныстар т.б.) пайдалануы, эссенің жалпы қорытындысын қалыптастыруы керек.

Эссеге 3 астрономиялық сағат беріледі.

6 жауап

0 дауыс

Бағзы заманнан бері қарай өмір сүрген ақын, жыраулар қазақ жеріндегі замана көшінің бағыт-бағдарын елден бұрын бағамдап, өмір ағымының беталысын, тіршілігінің тынысын тамыршыдай дөп басып танып отырған. Іштен, тыстан келетін қауіп-қатерлерді алын-ала сезіп білген. Бұл өзгелерден артық туған ақын, жырауларға тәңірдің берген тән қасиеті болса керек. Олар қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман болса, шаттана, масаттана жырлаған. Ел басына күн туған аласапыранда отты жырларымен қалың қазақтың жігерін жанып, тұтастық пен бірлікке шақырған. Ал туған жеріне жатжұрттықтар сұқ көздерін сүзіп, шеңгелдеп қол сала бастағанда жыландай жылжып келе жатқан қасіреттен халқын сақтандырып жырмен зар жылаған. Жат пиғылдылардың елдің іргесін ірітіп, ырысын шашып, қазынасын қасықтап та, шөміштеп те таситынын елден бұрын аңғарған. Ақындар алмағайып заманда елдің жігерін жанып, төнген қауіптің бетін қайтаруға халықты үндеп отырған.

Біздің дәуіріміздің ХVІІІ ғасырынан бастап Ресей патшалығы қазақ жерінде де отаршыл, озбыр саясат жүргізе бастады. Орыстар қазақ елін еріксіз билеп-төстеп, елдің шұрайлы, құйқалы өңірлерін емін-еркін егеленіп, халықты жерінен, әдет-ғұрпынан, дінінен бездіруге әрекет жүргізді. Әлімсақтан атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы алтын тіндей жалғасып келе жатқан қазақ қоғамындағы қалыптасқан құндылықтар орыс озбырлығының әсерінен өзгеріске түсті. Ел басқарудың жүйесі бұрынғыдан басқа сипат ала бастады. Халықты қисыны жоқ салықтармен, ретсіз алымдармен қанап, түкпір-түкпірде отаршылдықтың дендеп енуі, одан халықтың зардап шегіп, күйзеліске ұшырауының ақыры - тарих сахнасына елдің мұңын мұңдайтын бір шоғыр "зар заман ақындарын" шығарды. Олар қазақ халқының сол кезеңдегі мұң мен зарын, тарта бастаған азабын, көріп отырған теперішін, алдағы күнін ойлаған ұлт қайраткері дәрежесінде танылды. Өз заманының тамыр соғысын елден бұрын сезетін, өмір ағысының беталысын алдын ала біліп отыратын көріпкелдей сұңғыла ақындар күңірене небір толғауларды толғады, күрсіне тіл қатты. Ұлтқа қауіп-қатер жақындай түскенін естірте отырып, елді ата-баба дәстүрін қаймағы бұзылмаған күйінде сақтауға, ұлттық болмыстан ажырап қалмауға жалынды жырларымен үндеді. Осы арқылы халықты ел басына төніп келе жатқан қасіреттен сақтандырды.

Зауалды заманда ғұмыр кешіп, отарлық езгіге, орыс патшалығының қанауына түскен халықтың тағдырын запыранды зармен, күңіренген мұңмен жырлаған ақындар шоғырын қазақтың әдебиеттану ғылымына "зар заман ақындары" деп атайтын термин пайда болды. Бұл терминді ғылымға Мұхтар Әуезов 1927 жылы енгізген және зар заман ақындарының дәуірін бір ғасыр көлемі деп көрсеткен.

Осы зар заман ақындары шоғырында елге белгілі ақындар Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асандар болды.

Халықты зар илеткен зобалаң заманды жыр еткендердің бірі - ақын Шортанбай Қанайұлы. Ол 1818 жылы Қаратау өңірінде, Түркістан жерінде туылып, 1881 жылы Қарағанды облысы­ның Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында өмірден озған. Шортанбайдың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары мен Бәйіш атты қызы болған. Сыр бойы мен Түркістан аймағындағы ірі дін өкілі Мәді (Маһди) қажы - (Диуана) қожаның ұрпағы Шортанбай жас шағында арабша оқып білім алған. Көкірек көзі ояу, білімпаз Ш.Қанайұлы көрген-білгендерін көңіліне түйіп, санасына орнықтырып отырған. Тәңірдің берген дарынының арқасында ол ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының тарихындағы ірі қоғам қайраткерінің бірі болған ақын. Өз дәуірінің өмір шындығын айқын көрсете білген бірден-бір көреген ақын заманның, қоғамның әр саласын кеңінен қамтып, шынайы өмірді көзбен көргендей етіп бейнелеп берген ірі суреткер, өткір тілді жампоз жырау болды.

Діни сауатты Шортанбай Қожа Ахмет Иассауидің "Диуани Хикметінен" сусындап, оны жаттап өскен. Ислам діні жолындағы оқуының нәтижесі Шортанбайды ишандық дәрежеге жеткізді. Шортанбай ишан Түркістан өңірінде ислам дінін тарату жолында қызмет атқарып жүріп, Сарыарқаның Қарқаралысындағы Жамантай төренің жанына біраз уақыт қоныс аударады. Кейіннен Жанғұтты бидің қолқасымен Ақсу-Аюлы бойына қоныс жаңғыртады. Онда барған соң мешіт салдырып, медресе ашып бала оқытады. Өмірден озғанға шейін Жанғұтты бидің қамқорында болады.

Бойына туа бітті тәңірден берілген ақындық шабыт дарын иесін осы жолға түсірмей қой­майды. Жан-жақты сауатты, өлең-жырға әуес, сөзге шешен Шортанбай жиын, той-думандарда жырға ден қоя бастайды. Ақырында толғау айтса - толғап айтатын, жыр айтса - төкпелеп төгетін ақынға айналады. Қасиетті Түркістан жері оны ишан дәрежелі дін иесі етсе, Қарқаралы байтағына арқалы ақын ретінде танылады. Шортанбай шығармаларында ХІХ ғасырдағы қазақтың өмірі шынайы болмысымен суреттеледі. Әсіресе, елдің тұрмыс-тірлігі, жоқ-жұтаңдардың жағдайы ақынды қатты толғандырып, жат жұрттық келімсектердің қазақ жерін талапайға сала бастауы ақынға шаншудай қадалады. Елге жасалған отаршылдық, халыққа істелген қиянат ақынның көптеген шығармасына арқау болды, зар заманның келгенін күңірене жырлап, халқын төнген қауіптен қорғады.

Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір кітаптарда жариялана бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Аталған жинақтарға ақынның "Тар заман", "Опасыз жалған", "Бала зары", "Байды құдай атқаны", "Атамыз Адам пайғамбар", "Өсиет-насихат сөздер", "Айттым сәлем", "Асан қожаға" тағы басқа да шығармалары енген.

Кешегі кеңес заманында бірқатар толғаулары мен айтыстары С.Сейфуллиннің 1931 жылы шыққан "Ескі әдебиет нұсқаларында", С.Мұқанов пен Қ.Бекхожиннің 1942 жылы жарық көрген "Қазақ әдебиетінің хрестоматиясында", 1962 жылғы "ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары" және1965 жылғы "Айтыс" жинағында жарияланған.

Ш.Қанайұлының "Бала зары" атты өлеңдер жинағы ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Қазан қаласында баспаханадан басылып шыққан.

Келешекті көрегендікпен болжау, алдағы күндердегі елдің даму сипатындағы өзгерістерді көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп шынайы бейнелеп жырлау секілді зар заман ақындарына ортақ қасиет Ш.Қанайұлында да бар. Бұндай сипаттағы өлең мен толғаулар оның шығармаларында көптеп орын алады.

Шортанбай ақынның шығармаларының дені дерлік "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" мамыражай заманды аңсап, заман ағысының кері кетіп бара жатқанына налудан туған. Мысалы, "Зар заман" деген толғауында өткен заманның жақсылықтарын аңсау байқалады. Мұнда ақын заман азды, заң тозды, бұрынғы зорлар қор болды, қорлар зор болды, ұрпақ ата-анасын тыңдаудан қалды деп торығады. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселені жырға арқау етіп, жұртқа төрелік айтатын билер мен ел билеушілерінің парақорлығы мен әділетсіздігін, ел ішіндегі алауыздықты тағы басқа да мін-қылықтарды шариғат жолымен кінәлап, бұрынғы өтіп кеткен замандағы билердің әділ іс-әрекеттерін аңсайды. Аласапыраны көп алмағайып замандағы өзгерістер мен жаңалық біткенді танығысы келмей, оған үрке қарап:

- Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман.

Азусызға тар заман,

Мұның өзі - зар заман...- деп, кейпі қашқан заманның кесір кепиетін ашына айтады, батыл толғайды. Қазақ жеріндегі ел билеушілерді сын садағына алып, Асанқайғыша толғанады әрі торығады.

Заман ағымының беталысының қалыптан ауып, адамдар арасындағы әлеуметтік теңдіктің ауытқуын, осыдан барып кедей мен жоқ-жұтаң елдің басына түскелі келе жатқан кесапаттан жұртты сақтандырып:

Мынау ақыр заманда,

Алуан-алуан жан шықты.

Арам, араз хан шықты,

Қайырымы жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Кедей қайтіп күн көрер? -

Сол себепті қорқамын! - деп, заманның түнеріп келе жатқан қара бұлтын ашық көрсетеді.

Шортанбай шығармаларының өзегі - беталысы өзгерген заман, қайырымсыз қоғам, берекесі кете бастаған халық тұрмысы, елдің өмір сүру ырғағының бұзылуы, қонысы мен жерінен шеттетуге негізделген қысым көрсету, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қоғамдық қарым-қатынастардан туындаған ел тонаудың небір түрлері, екі жүзді ел билеушілер, бұзақы тонаушы топтар. Патша отаршыларымен қатар елді қанауға малды байлар да, алып сатар саудагерлер де кірісіп жүргенін шығармаларында көрсетеді. Бұларға қоса князьдар мен генерал-губернаторлар, әскербасылар мен дуанбасылар, соттар, тілмаштар секілді сол кездің әкім-ұлықтары елдің тыныштығы мен дәулетін судай ша­шады. Осыны көріп отырған Шортанбай ақын:

Заман қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын,

Жандарал болды ұлығың.

Майыр болды сыпайы,

Айрылмайтын дерт болды,

Кедейге қылған зорлығың.

Князьді көрдің піріңдей,

Тілмәшті көрдің биіңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр алдыңда,

Қазылып қойған көріңдей, - деп, олардың барлығын елдің ырыс-несібесін жалмайтын ауызын ашқан аждаһадай етіп көрсетеді.

Ол "Бір тәңірге аян-ды", "Бір насихат айтайын" және тағы басқа да өлеңдерінде қараша халықтың ауыр тұрмысын, би-болыстар, ұлықтар мен байлардың ел билеудегі кейбір келеңсіз әрекеттерін, озбырлықтарын әшкерелеп көрсетеді.

... Кедейлерге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды, - деп, байлардың тойымсыздығы мен ашкөздігін өткір тілімен түйрейді, олардың бет-бейнесін ашып береді.

Отаршыл Ресей патшасының қазақты үйреншікті сүйегіне сіңген әдет-ғұрыптан, наным-сенімінен, иманынан, ел билеу салтынан айыруға жасаған әрекеті мен зорлықшыл әділетсіздігін көрген Шортанбай одан әрі:

...Осы күнде заманың

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр...- деп, түйіндейді.

Ш.Қанайұлы қазақтың бойындағы адами қасиеттердің айни бастағанын, ұлттық тұрпаты мен елдік сипатының бұзылғанын былай деп көрсетеді:

Заманақыр кезінде -

Ұл сыйламас атасын.

Қыз сыйламас енесін,

Ер жеттім деп егесіп,

Салыстырар денесін, - деп, қазақтың қанында жоқ жат қылықтардың өріс алып келе жатқанын ашына жырлап, ескертеді, кимелеп келе жатқан кесапаттың кері кеткен кейпіне ашынады.

Бұдан әрі мұсылмандық шарттар мен иманға жасалып жатқан қиянат, адал мен арамның ара қатынасы туралы да болашақ болжамын айтады.

...Зекетсіздің бұйырар

Сүндетсізге жиғаны.

Аузы түкті ие боп,

Қазаққа берер қиғанын, - деп, көреген ақын күйініш білдіреді.

Бұдан соң ақын ХХ ғасырда қазақтың басынан өткерер бар қияметі туралы:

...Қайран да халқым, қайтейін,

Кейісті көп тартасың.

Көппен көрген селебе,

Селебені елеме,- деп, егіле отырып, елін жұбатады.

Шортанбай ақын елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгеніне теңейді. Оның бұл жердегі ақырзаман дегені дүниені жойып жіберетін ғаламдық апат емес, отаршылық пен қанаудың аранына түскен ұлттың күйреуі мен тозаққа ұшырауы сипатындағы ақырзаман екенін көреміз. Ол осы тұрғыда:

Таңда махшар күн туса,

Таразыны аударар.

Жаһаннам деген дозақта,

Шайтан болар жолдасы.

Құбыласын білмей құл

Сонда тартар жазасын.

Кешірмейді Құдайым

Бес намаздың қазасын.

Құрт-құмырсқа жиылып,

Сонда алады мазасын.

Жаһаннамның белгісі

Жалғанға болар расың.

Мұқып қылмай құдайым

Ол залымның тәубасын

Сақта құдай солардан,

Сол себепті қорқамын!- дейді. Осылайша келер нәубеттің зардаптарын тайға таңба бас­қандай күн ілгері айтып береді.

Ақын өмірден өтер алдында көптен сыйлас досы Жанғұтты мен Асанбұғы қожаны ша­қыртып алып, араздасады. Заман ағымы, ұрпақ болашағы, ел болу қам-қаракеті туралы олармен ой бөліседі, пікірлеседі. Екі ақылдасына келер заман туралы өзінің болжамын жаздырады.

...Отыз, отыз бірінші жылдары,

Елдің ері еренде,

Жалғыз-ақ қара қалады.

Ұялмастан бұл кәпір,

Оған да салық салады.

...Сол уақыттың кезінде,

Ұмытпасаң тәубаңды,

Түтін салар соқпаққа.

Түзу жолдан сан қилы,

Жолығарсың күрзі менен соқпаққа, -деп, алдағы күннің болжалды, келер ұрпақтың мойнына түсер ауыртпалықты көзбен көргендей, қолға ұстатқандай етіп айтып берген.

Шортанбай негізінен болжампаз, көреген, ақылгөй, өсиетшіл ақын. Сондықтан жырлары­мен де адами ақыл айтып, халықты түзу жолға салып, жөн сілтеуді өзінің зор мақсаты санаған болса керек. Ақын әр кезде терең толғап, өрнекті де өрелі сөз термелейді. Орынды да орнықты ақылдар береді, нақылды сөз айтады.

Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның кәрі-жасына арнайды. Елдің бас көтерер адамдарын тәубаға шақырып, бір күндік мал-мүлік пен дүние жинап қор болмай, халық үшін, бір Құдай­дың жолында қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салиқалы өмір кешуін уағыздайды. Ақирет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін қалайды. Адамдарды тойымсыздық пен опасыздықтан аулақ болып, қанағат пен рақымға жақын болуға үндейді.

Шортанбайды зар заман кезеңінде өмірден түңіле жырлаған жігерсіз, қайғы мен мұңның ақыны деп тұжырым жасауға келмейді. Жоғарыда келтірілген бірқатар өлеңдердің үзінділе­рінен-ақ ақынның бойындағы басым күш пен жігерді бағамдауға болады. Өлеңдер өзегінен елді бас көтеріп, серпілуге шақырып, батыл күреске үндеуді, халықтың сана-сезімін оятуды көздегенін көреміз. Шортанбай өмір сүрген зар заман деп аталған - тар заманда халыққа ұран тастап, үндеу жасап, алды-артын болжап бергеннің өзі үлкен ерлік, елге адал қызмет. Шортанбай шығармашылығын зерттеушілердің пайымдауынша, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Ол ел-жұртының қасіретін ерлерше арқалап, мұңын мұңдады, ақындық шабытынан күрескерлік жыр толғады. Өз елінің мінезін, мінін түзетпек болды. Жасығандардың жігерін жанып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды.

Сол замандағы қоғамның жай-жапсарын зерделеп, залалды зардабын елге түсіндірді, салдарынан сақтандырды, кесапаттың алдын алуға жатпай-тұрмай жұртын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішін дендей бастаған әр түрлі келеңсіздіктерге, талан-таражға, алауыздыққа, берекесіздікке, бейәдептікке, опасыздыққа қарсы халықты аянбай күресуге шақырды. Сол заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай еді.

Шортанбай өз заманындағы қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік пен өмір шындығын шынайы суреттей білген сұңғыла жыршы екендігімен қатар суырып салма айтыскер ақын болған. Кезінде ол Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сөз сайыстырған. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өн бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығымен тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, табан астында қарсыласының алдын орап кететін тапқырлығын танытады.

Шортанбай Қанайұлы өр мінезді өлеңдерімен қазақ әдебиетін түр, мазмұн жағынан байыта түскен, адами және бекзаттық қасиеттерді, ізгілік пен парасаттылықты жырлаған, оны елге насихаттаған ірі ақын.

Бір сөзбен айтқанда, Шортанбайды заманның тамыр соғысын дөп басып танитын, мезгіл мұғдарын алдын-ала болжап, күн ілгері көре білетін өз заманының да, одан бергі заманның жаршысы болған кемеңгер де көреген ақын деп бағалауға болады.

Бойындағы адами қадір-қасиетінің молдығына, дарынды білім иесі болуына, елі мен жерін қастерлей білуіне байланысты Шортанбай ақынды ел бүгінге дейін әулие деп есептейді.

Әулие ақын дүниеден озған соң мүрдесі жерленген орынға зират салмауды өсиет етіп кет­кен. Ақынның атын атауға, оның шығармаларын насихаттауға ХХ ғасырдағы әміршіл саясат рұқсат бермеді. Оның жырларын айтуға тыйым салынды, өлеңін айтатындар болса олар қуғындауға ұшырады.

Осы тыйымдардың кесірінен кеткен олқылықтың орнын толтыратын кезең енді келіп жет­ті. Ол үшін қазіргі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Ұлттық ғылыми кітапханасында сақтаулы тұрған айтулы ақын­ның шығармаларының қолжазбасын толыққанды зерттеп, зерделеп, өлең-жырларын жинақтап жарыққа шығару, жұртшылық арасында насихаттау керек деп білеміз. Бүгінгі уақыт соны көрсетіп отыр.

Толығырақ.


0 дауыс
Эссе бұлай жазылмайтын еді ғой. Тақараптан ауытқымау қажет!
0 дауыс
С.Мұқановтың «Қазақтың XVІІІ-XІX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінде «Зар заманның жағдайы» деп айрықша назар аударған ғылыми проблемасы кейін үлкен науқанға айналып, кеңес үкіметі құлағанға шейін бет қаратпайтын саяси мәселеге айналып, оның өкілдері әдебиет тарихынан аласталған болатын.

1927 жылы кітап болып шыққаны болмаса, еш жерге таратылмаған, оқытылмаған М.Әуезовтің «Әдебиет тарихына» зер салсақ, «Зар заман деген XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» деген ат қойдық. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталған, арты Абайға келіп тіреледі. Зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады» [1,192б.] деген анықтаманың айтары әбден анық.

Бірақ осы атау Сәбит Мұқановтың 1942 жылғы «Очерктеріне» дейін айтылмай, жазыла қалса бұқпантайлана айтылып келе жатқан үлкен де даулы мәселе болатын. Оны алғаш ауызға алған М.Әуезовтың өзі соттан үш жылдық жаза алып, 1932 жылғы «Ашық хаты» шыққанша байшыл-ұлтшыл аталып келді де бұған шапағатын тигізгені бүгінде әбден аян. «Зар-заманды» әдейі айтып, жазып отыр мына кеңестік заманда» деп ойлағандар сол «Әдебиет тарихын» кітаптар түрмесіне салып қойған-ды.

Көзі тірісінде М.Әуезов бұл еңбегіне қайтып оралудың жөнін таппай, көңілі дауаламаған болатын. 80-жылдары М.Әуезов шығармаларының 20 томдығын жариялағанда 16 томға енген «Әдебиет тарихы туралы» түсініктеме берген ғалым М.Мырзақыметов «Қазақ әдебиеті тарихының тұңғыш оқулығы ретіндегі бұл еңбек тұтас қалпында жарияланбай, үштен бір бөлегі қысқартылп тасталды. Тіпті, кейде тұтас күйінде жіберілді деген тарауларының өзінен көптеген сөйлемдер мен кейбір әлеуметтік астары өткір пікірлері жұлмаланып» шықты [1,236б.] дегенді оқығанда большевиктік шовинистік идеологияның, оның қол шоқпары болған литоның жарамсақ жағымпаздары әлемді аузына қаратқан М.Әуезовтың әдеби мұрасына осыншама зорлық жасауларын тағылық, ғылымға, мәдениетке жат қылық демеске шараң қалмайды.

Осындай қасіретке ұшыраған зар-заман ақындарын С.Мұқанов білмеп еді деп ешкім айта алмас. Ал олай болса, 1942 жылғы «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінің сүбелі екінші тарауын «Зар-заманның жағдайы» деп бұлаңдата атауға қалай дәті барды, нендей мақсат көздеді деген сұсты сауалға жауап іздеп көрейік.

1927 жылдан 1942 жылға дейін арнайы аталмағанмен, зар-заманның ірі өкілдері мектеп оқулықтары мен хрестоматияларында даурықтыра аталмай, қатардағы ақындар ретінде қаралып келгеніне С.Мұқанов ерекше екпін түсірмей, әуелі орыс отаршылдығының екі түрін – жаулап алу мен жерді отарлау амалдарын тарихи деректермен дәлелдей келіп, «бас бостандығынан жерден айрылған кедейленген халық бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарп бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осылай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетті біз «Зар заман әдебиеті дейміз». «Зар заман» әдебиетінің негізін қалаушы қазақ ақын Шортанбай» [2,122б.] деп ой түйеді де, Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын білгірлікпен еркін талдайды.

Талай қызықты да мәнді деректермен келтіріп, «Шортанбайдың көзінен мың қабат жас ағызған кім? Әрине, ол патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы халықтың көтерілісі басылғаннан кейінгі басына түскен ауыртпалық зары. Халық басына түскен қиыншылықты Шортанбай өзі өлгенше шын ықыласын сала, бойындағы бар ақындық талантын жұмсай, халық қайғысын қайғыра, халықпен бірдей жылап өтті. Сол кездегі халық тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ» [2,124б.] деп талай мысалдармен дәлелдейді. Оқушының көзін жеткізеді.

«Шортанбайдың үш зары бар: «Зар заман», «Бала зар», «Өлең зар». Осы зарларында да ол халықтың басына түскен зарды, замананың зарын айтқан. Бұл үш зар-үш поэма және сюжет жағынан біріне бірі жалғас, бірінің мазмұнын бірі өрбітетін поэма» [2,132б.], сондықтан «Шортанбай жырлары қазақ әдебиетінде жаңа дәуір» [2,133б.] деп қорытуы қазақ әдебиеттану ғылымында алғаш айтылған, тұжырымдалған пікір екеніне дау болмаса керек.

С.Мұқановтың идеологиялық саясаттың желімен «орыс» атауына еш шаң жұқтырмау ниеті күшейген 50-жылдары ешкімнен сескенбей айтқан ойына назар аударсақ, ол «орыс» деген атауды қалай түсінді, қалай түсіну керектігіне жол көрсетті. «Орыс-бүркіт, біз-түлкі», «Қуғындап орыс жеткен соң», «Орыстан жаман тым-ақ жау», «Қорқарма орыс қой дегенге», «Кәпірді көрдің пікіріндей», «Орыс кәпір жеңіп тұр», «Ит кәпірге жақындап…» секілді саясатшылар секем алатын Шортанбай тіркестеріне тағы да С.Мұқанов араша түсті. «Енді біреулер әдебиетте «Зар заман» сарынын Шортанбай туғызды, онысы қазақтың Россияға қосылғанына қарсылығы» дейді. Ол да сөз емес, орыс халқына, орыс мемлекетіне қарсылық сарын Шортанбайдың ешбір шығармасында жоқ. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы. Сол қарсылығын іске асыра алмаған ол өмірден тарығады да, бетін ахиретке бұрады» [3,16б.] дегенді «Зар заман» поэзиясын зерттеген профессор Б.Омаров соңғы кездегі түсінікпен баяндайды.

С.Мұқанов Шортанбай шығармашылығын талдау кезінде «реалист ақын Шортанбай – заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны. Сол кездегі қазақ тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ» [2,124б.] деп таптық айырмашылық, капиталистік озбырлық пен феодалдық кертартпашылықты көрсете келіп, елде ауызбірліктің жоқтығын, берекесіздік жайлағанын әр шығармасынан суыртпақтап шығарып, өзінің негізгі ойын былай тұжырымдайды: «Шортанбайдан сақталған жырлардың көлемі көп емес, жалпы шамасы 1500 жолдай ғана өлең. Бірақ осы аз көлемді жырға өз заманындағы қазақ халқының саяси-шаруашылық халін, ауылдағы тап тартысын, тұрмыс-салтын, ой-санасын түгел сыйғыза білген. Шортанбай жырлары қазақ әдебиетінде жаңа дәуір. Ол дәуір екі жақты қанаудан тұншыққан халықтың ащы зары, соңдықтан, Шортанбай өз заманының атын «Зар заман» деп тауып қойған» [2,129б.] деген қорытындыға тәуелсіздік, егемендік алған тұста әрең жетіп отырмыз.

С.Мұқанов Мұрат Мөңкеұлының поэзиясына тоқталғанда, ақынның «Үш қиян», «Қарасай-Қазы», «Шалгез» поэмалары мен Жас келін, Ораз, Жылқышы, Тыныштық, Жантолымен айтыстарын, басқа толғауларын талдай келіп, «Шортабай мен Мұраттың екеуі де «Зар заманның» ақыны бола тұра арасында айырма бар» деп алады да, Шортанбайды өз заманы тұрғысынан көріп, «Мұрат – өз заманының мұңын мұңдаумен қатар, елінің тарихына үңіліп, өз заманынан ғана емес, өткен тарихтың хал-жағдайын да жырлаған ақын. Мұрат Шортанбайдай «сөзім бітті, мен болдым, енді шықпас үнім» деп қайғының тұнығына батып кетпейді, Мұрат қайғы теңізіне құлаш сермеп батып кетпеуге малтып шығуға тырысады. Осылай жан сақтауға жанталасып малтыған Мұраттың қолына ұстар ескегі, астына мінер қайығы – халқының өткен тарихы» [2,158б.] деп мәнді ойын Мұраттың «Шалгез» поэмасымен нақтылай түседі.

«Бұл поэманы баяғы Шалгез ақын шығарды ма, әлде Мұраттың өзі шығарды ма ол жағы мәлім емес» деп ағынан жарылады да «Шалгез шығармасын, я өзі шығарсын бұл поэманы шығаруға Мұраттың мақсаты: отанын қорғауға, жауына айбынды болып, жауын үркітуге, бостандық алуға, тәуелсіздікке шақыру [2,164б.] деп табады да, «Шалгез» поэмасына мол талдау жасайды.

Ноғайлының он шалы қалмақтың көп жылқысын айдап келе жатқанда арттарынан қуғыншылар жетеді. Шалгез жолдастарына алаңдамай, жылқыны айдап жүре беріңдер деп, өзі қуғыншыларды жалғыз тосып алады. Мұндай жағдай 1465-1560 жылдары жасаған Тіленшіұлы Шалгез жыраудың «Ер Шобан» деген жырында баяндалған. Сәбит Мұқановтың қолында осы жырдың болмағандығы, мейлі Шалгез, не Мұрат шығарсын мейлі, әйтеуір жырдың көркемдік бейне жасау амалы күшті «Батырлардың образын бір- бірінен жекелеу, әр батырдың арнаулы сипат тауып, бір батырды екінші батырға ұқсатпауы күшті. Осы поэманы шығарған ақынның адам образын жекелеуге шеберлігін көрсету» [2,164б.] еді деп дәстүр жалғастығына үлкен мән береді.

Шынында, Шалгездің «Ер Шобанында» Жұмай, Мәмбет, Сұлтан, Қаян, Жылым, Баубек, Қолай, Жақсымбет, Жақан батырлар даралай суреттелсе, Мұраттың «Шалгез» поэмасында шындығына келгенде Қожақ, Жанай, Шора, Сойдақ, Қазы, Қосай, Арғын, Мамай батырлар аталады. Ал олардың аттары ғана емес, образдық келбеттері де басқа. Шалкиз бен Мұратты біріктіріп тұрған дәстүрлі машық, тіпті, әрі-беріден Мұрат Шалгез бабасының жырын естіп, соған ұқсатып жырлайыншы деген ниетінің өзі он батырдың бірі етіп Шалкезді атап, қалмақтың қолын қайтарған шешен батырға айналдырып жіберген. Суреттеу тәсілдері де бірдей.

Арғымақ аттың аласы,

Қас игінің баласы.

Алдаспан ауыр қылыш суырған,

Ажалға қарсы жүгірген.

Бұ жиынның ішінде,

Исалының ұлы Жылым бар [4,36б.],–

десе Шалгез жырау, ал Мұрат Мөңкеұлы:

Енді бірін кім десең?

Жеті аршын жарым бойы бар.

Адамнан артық біткен сойы бар.

Артынан келген дұшпанға,

Көрсететін тойы бар.

Жауырыны жазық,

Мойны ұзын.

Оқ тартқанда

Қолы ұзын.

Маңдайының арасы

Екі қарыс екі елі.

Дулыға симас шекесі,

Оның бір несін сұрайсың.

Теккеппер деп жалғыз аттанған,

Көкшенің ұлы Қосай бар,–

деген суреттеу амалы мен бір-біріне ұқсамайтын батырлардың образын жасағаны үшін Сәбит Мұқанов Мұратты «Зар заман ақыны» деп айтудың өзі обал-ау дегенге жақындап, «қандай тамаша бейнелер!» біздің совет заманының батырларына «болсаңдар, осы Мұрат сипаттаған қазақ батырларындай болыңдар дерлік емес пе?!» [2,164 б.] деп Мұрат ақындығына ризалығын жасырмай, бүгінгілерге үлгі етіп, өмір шындығына оралады. Кешегі мен бүгінгіні жалғастырып, дәстүрдің қасиетті ықпалын сездіреді.

«Жалпы еңбектерін тұтас алғанда Мұрат XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінен аса бағалы орын алады» деген қорытындысы өкінішке орай 1947 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет инититутының саяси өрескел қателері туралы «қаулыға ілікті де, бүкіл «Зар заман» ақындарының қатарында кете барады.

С.Мұқановтың игі ниеті мен шыни танымына ілігіп, құнды да толымды пікір айтқызған ақын – Мұрат. Өзін жалпы қазақ ақыны, халық ақыны санаған және тарихын терең білген Мұрат «қазақ халқының сорлы ел еместігін, отанын, бостандығын қорғау жолында күресе алғандығын» [2,155б.], «Қазтуған», «Шалкиіз», «Қарасай-Қазы» дастандары мен «Үш қияны» көркемдігі мен идеясы жағынан өте құнды шығармалар» екенін нақты талдаумен дәлелдеп, олардың авторын «данышпан, ұлы жүректі Мұрат ақын» деп таныды.

Жалпы, очеркте «Зар заман» әдебиетінің жай-күйі, Шортанбай, Мұрат сынды ұлы ақындар шығармашылығы барынша жанашырлықпен насихатталып, толымды зерттеу жүргізілген. Осы баяндалған шындықтар әлі күнге дейін қалың оқырманның қолына толық тимей жатуы, әрине, өкінішті.
0 дауыс

Зар Заман – қазақ әдебиетіндегі кезең атауы. Аталған кезең Ресей империясының отарлау саясаты салдарынан Қазақ хандығындағы бұрынғы ел басқару жүйесінің жойылып, халықтың саяси, экономикалық және рухани езгіге ұшыраған тарихи уақытты сипаттайды. Алғаш Шортанбай Қанайұлы осы кезеңнің ауыртпалықтары туралы “Зар заман” атты зарлы толғау шығарып, ол ел ішінде кең таралды. Бұдан кейін басқа да ақындар осы тақырыпқа көптеген өлең-жырлар шығарды. Оларды қазақ әдебиетінзе «Зар Заман ақындары» деп атайды.

Қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шортанбай Қанайұлы. Ол 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында дүниеге келген. Ақын 63 жасында қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданында қайтыс болған.

Шортанбай Қанайұлының шығармасын алғаш зерттеген орыс зерттеушісі Радлов. «Зар заман» толғауы арқылы бір дәуірге ат Берген шығарманың астарынан көп нәрсені аңғарамыз» деп, отаршылдықтың қазақ ұлтына әкелген зияны туралы Радлов та айтады.

Шортанбай әуелі бұрынан көп айтылып келе жатқан заманға қай заман екенін атап, ат қояды.

Мынау ақыр заманда

Алуан, алуан Жан шықты

Арам, араз хан шықты

Қайыры жоқ бай шықты

Баяғыдан құбылып, бұзылып келе жатқан заман өзге заман екен. Бұл арада дін ұғымы мен ескі қазақ көзқарасы бір араға қосылғандай болады.

Заманның жаман белгісі «Зар заман» ішінде көп айтылады

Мұның өзі зар заман

Зарлығының белгісі

Ұл сыйламас атасын….

Қазы, болыс, хан қойды

Некесіз туған шатасын…

Сол заманның кезінде

Қыз сыйламас шешесін

Ер жеттім деп шаштасып…

Бұның бәрі-заман бұзылғанның белгілері. Енді осы заманды бұзған кім? Бұған да ақын жауап береді.

Заман қайтіп оңалсын…

Байлар ұрлық қылады

Көзіне малы көрінбей

Билер жейді Параны

Сақтап қойған сүрідей

Сол себепті:

Заманның түрі бұзылды

Текеметтің түріндей

Заманның зарын айтқан, ел келешегіне назаланған Шортанбай Қанайұлының еңбектерінің тақырыбы мен идеясы өз заманының қайғы, мұңы еді.

0 дауыс
_______________________________________________________________

Зар заман белгілері                  |     Бүгінгі заман белгілері     
_______________________________|__________________________________

кесте жазууу керек едііі қалай жазуға болады??? көмекк бересіздер ме??
0 дауыс
Бағзы заманнан бері қарай өмір сүрген ақын, жыраулар қазақ жеріндегі замана көшінің бағыт-бағдарын елден бұрын бағамдап, өмір ағымының беталысын, тіршілігінің тынысын тамыршыдай дөп басып танып отырған. Іштен, тыстан келетін қауіп-қатерлерді алын-ала сезіп білген. Бұл өзгелерден артық туған ақын, жырауларға тәңірдің берген тән қасиеті болса керек. Олар қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман болса, шаттана, масаттана жырлаған. Ел басына күн туған аласапыранда отты жырларымен қалың қазақтың жігерін жанып, тұтастық пен бірлікке шақырған. Ал туған жеріне жатжұрттықтар сұқ көздерін сүзіп, шеңгелдеп қол сала бастағанда жыландай жылжып келе жатқан қасіреттен халқын сақтандырып жырмен зар жылаған. Жат пиғылдылардың елдің іргесін ірітіп, ырысын шашып, қазынасын қасықтап та, шөміштеп те таситынын елден бұрын аңғарған. Ақындар алмағайып заманда елдің жігерін жанып, төнген қауіптің бетін қайтаруға халықты үндеп отырған.
...