Тәжібаев Төлеген (1910-1964) - қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі. Сырдария губерниясында (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы) туған. Шымкент педагогикалық техникумын, Мәскеудегі Н.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясын бітірген. 1938-1940 жылдары - Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының педагогика жөне психология кафедрасының доценті және меңгерушісі. 1940-1942 жылдары - Қазақ КСР-і Халық ағарту комисарының бірінші орынбасары, Халық ағарту комиссары, 1942-1944 жылдары - Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары қызметтерінде болды. 1944-1957 жылдары - Қазақ КСР-і Сыртқы істер министрі, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР-і Мәдениет министрі. 1957-1961 жылдары Үндістандағы КСРО елшілігінің кеңесші-өкілі. 1961-1964 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің педагогика және психология кафедрасының профессоры әрі меңгерушісі қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметтермен қатар ғылыми-зерттеу. жұмыстарымен де шұғылданды. 1940 жылғы «Халық мұғалімі» журналында жариялаған мақалаларында психологияның сол кездегі көкейтесті мәселелерін, классикалық психологияның тарихын, қалыптасу жолдарын талдауға алды. Осы еңбектері негізінде 1961 жылы «Жалпы психология» атты тұңғыш оқулық жазды. Тәжібаев Төлеген қазақ тілінде психология ғылымы терминдерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Оның К.Ушинскийдің, Л.Выгодскийдің психологиялық көзқарасы туралы зерттеулерінің зор ғылыми маңызы болды. Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің, оқу-ағарту ісінің дамуы және мектептер тарихын, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастарын жан-жақты зерттеген ғалым. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы оқу-ағарту ісімен педагогикалық ой-пікір дамуы жөніндегі зерттеулері көлемді, әрі маңызды зерттеулер қатарынан саналады. Бүгінде оның қазақстандық педагогика мен психология теориясының дамуына қосқан үлесі баға жетпес, ғылыми еңбектері жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу саласындағы ғылыми зерттеулерде бүгінге дейін оқу құралдарының қосымшасы түрінде қолданып келеді. Қазақ КСР ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаев Қазақ КСР педагогика қоғамының президенті, жоғары және арнаулы орта білім Министрлігінің педагогика және психология саласындағы ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, тағы басқа қоғамдық жұмыстар атқарған. 2-4-сайланған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. «Психология и педагогаческая психология К.Д. Ушинского», «Абай Құнанбаев жастарды тәрбиелеу туралы», «Философские, психологические и педагогические взгляды Абая Кунанбаева», «Просвещение и школы Казахстана во второй половине ХІХ века», «Педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХІХ века» атты еңбектері жарық көрген. Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 2010 жылы ақпан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақтың көрнекті педагог-психологы, республикадағы педагогика ғылымының тұңғыш докторы, профессоры Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтілді. Мерей тойына арнап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Төлеген Тәжібаевтің еңбектері мен шығармаларының толық жинақтарын шығармақшы. Маусымның 10-ы күні академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласында академик-ғалымның ескерткіші ашылды.
Дереккөзі.