Лингвистика (глоттология, тіл білімі; лат. lingua — тіл) — предлингвистикадан, микролингвистикадан және металингвистикадан құралатын тіл туралы ғылым. Әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және оның жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы.
Адамзаттың сөйлеу тілі Тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Адамдар арасындағы өзара түсінісу құралы саналатын кез келген тіл адамзат үшін, қоғам үшін қызмет етеді. 1980 жылғы мәліметтерге қарағанда дүние жүзінде 5661 тіл бар, олардың 1400-ден астамы бұл күнде өлі тілге айналған, 4200-і жеке, дербес тілдер. Тіл білімі күнделікті қолданыста жүрген тілдерді қарастырады. Адамзат баласы ерте заманнан-ақ өзіне ең қажетті құрал – тілдің ерекшеліктерін білуге, ұғуға тырысқан. Соның нәтижесінде тіл туралы ілім пайда болған. Адамның сөйлеу тілі Тіл білімінің ғана үлесі емес, ол – психология, физиология, логопедия, т.б. ғылымдардың қарастыратын саласы.