0 дауыс
3.6k көрілді
Маған Елінің қайсар ұлдары деген тақырыпқа шығарма керек
елінің қайсар ұлдары  шығарма қажет
еді

1 жауап

+1 дауыс

Қазақ тарихының беттеріндегі адамзат баласының есінен кетпейтін қастерлі парақтардың бірі-отызыншы жылдардағы зобалаң уақыт. Кеңестік дәуірдің «зымиян саясаты» болып саналатын бұл уақыттың ұлт зиялыларының өміріне балта шапқан әрекеті қолына қалам ұстаған жандардың есінен бір сәт шыққан емес. Олай дейтініміз, естіген құлақ түршігетін «зымиян саясаттың» қанды құрығына іліккен азаматтар – ұлтымыздың маңдайына біткен марғасқалары мен жақсылары. Елім деп жылап туып, елім деп жылап өткен дарабоз тұлғалар. Туған ел үшін, туған жер үшін, туған Отан үшін олар жасап кеткен игілікті істердің барлығы – кешегі өткен тарих пен бүгінгі тарихтың сабақтастығы.Уақыт тілі ілгері жылжыған сайын отызыншы жылдардың құрбандарының ардақты есімдері бүгінгі ұрпақтың есіне жаңаланып, дараланып еске түсіріліп отыруға тиіс.

Елін сүйген, елі үшін күйген ерлердің есімі ел жадында. Солардың бірі – қазақтың қайсар ұлы – Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов.«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Бұл сөз мәйегін мәнерімен ұстаған қазақтың аталы сөзі. Небір хас таланттарды дүниеге әкеліп, тал бесігінде әлдилеп тербеткен Ақтөбе өлкесінің перзенті Ұзақбай Құлымбетовтің қызмет жасаған ортасы – кілең білімділер мен біліктілердің шоғыры. Жастайынан дүние дүрмегіне ширақ көзбен қараған өжет мінез иесін арманның биігіне шығарған – оның мұқалмас жігері. Шарболаттай рухын шыңдаған төс пен балғаның ортасында өткен заман қайшылығы.

Бүгінде аты тарихта қалған Ұзақбай Құлымбетовтің туған топырағы-Ақтөбе жері. 1891 жылдың 18 нау­ры­зында Ырғыз уезінің Аманкөл болысында жарық дүниенің есігін ашқан болашақ қайраткердің алғаш білім алған шаңырағы – ауылдық жердегі мұсылмандық мектеп. Сегіз жасында сауатын ашқан табанды баланың білім көкжиегін одан әрі кеңейтуіне көмектескен әкесі Желдірбай. Сұңғыла әке перзентінің тілегін қанағаттандырып, Ырғыздағы екі класстық қазақ-орыс училищесіне оқуға береді. Ұстаз сабағы зерделі шәкірттің орыс тілін жақсы меңгеріп, үздік оқуға ықпал жасаған бір мүмкіндік. А.Т.Афанасьев, П.Т.Матвеев, Бөлебай Сарыбатыров сынды ұстаздардан тәлім алған талапкер көкжиегі кең білімнің алысқа, ұзаққа адастырмай апаратын темірқазық жұлдызы екенін іштей сезген. 1910 жылы оқуын үздік бітірген Құлымбетовтің педагогикалық кеңестің шешімімен Ақтөбедегі педагогикалық курсқа жіберілуі – болашақ мемлекет қайраткерінің жанған жұлдызды сәтінің бір еді.

Кісі есігінде жалданып, күйбең тіршіліктің құрбаны болған әке тағдыры, сол тағдырды бастан кешірген отбасының өмірі жарқын күндерге ұмтылған намысқой баланы қай кезде де ойдың мұхитына батыратын. Үлкенді-кішілі білім шаңырақтарынан алған рухани азығы жалындап жанып тұрған жігітке күш-қуат берді. Зерек көңіл уақыт ағысымен болып жатқан қоғам бетіндегі аумалы-төкпелі заманды көрді. Өмір мұхитында аласапыран дәрменсіз күй кешкен қарапайым халқының ауыр халі толғандырды. «Күштінің құйрығы диірмен тартқан» дәуірдің ақжал толқындарына туған елінің тағдыры көміліп кетпей, аман қалса екен деп тілекпен белін буды. Мақсаты – елді сауаттандырып, көкі­рек-көзін ашу, қоғамда болып жатқан құбылыстарды жете түсіндіру.

Бала тілегіне сенім артқан туған әкенің, жанашыр ағайынның, ауылдағы ұстаздардың үмітін ақтаған Құлымбетов Ақтөбедегі педагогикалық курсты бітіріп, 1912 жылы туған ауылы Сасықкөлге оралады. 1918 жылдың аяғына дейін Торғай, Ырғыз уезінің шалғай жатқан ауылдық мектептерінде оқытушы болып жұмыс жасайды. Білім жолында жүрген жас жігіттің өмірге деген көзқарасы өзгеріп, болашақта ел игілігі үшін үлкен жауапты істерге қатысып, өзінің азаматтық позиция­сын көрсету қажеттігін түсінеді. Толғамды ойлар, жаңа көзқарас, зия­лы ортада қалыптасқан соны пікір Ұзақбай Желдірбайұлын Ырғыз өңірін кеңестендіру жұмыстарына қатысуға ықпал жасайды. Оған сенім артқан басшылық Ырғыздағы Кенжеғара, Тәуіп болыстарын кеңестендіру жұмыстарына, ауылдардағы бас­қарудың жаңа халықтық жүйелерін құрып, ескі әкімшілік орындарын жоюға өкіл етіп жібереді. Өзіне тапсырылған жауапты жұмысты жеделдетіп, тиянақты орындағаны үшін Құлымбетов Ырғыз уездік Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Жылтыр бойында ақтармен болған шайқастарға қатысып, дұшпанның кім екенін түсінеді.

Тиянақты білім алып, елімнің бір қажетіне жарасам деген жалынды жастың шынайы бейнесін мына бір тарих үзігінен көруге болады: «Ұзақбай Құлымбетов контр-революцияшыл ақтардың, Кеңес үкіметіне қарсы қарақшылардың қалдықтарын құрту, ревком уәкілі ретінде елді, аймақтарды кеңестендіру, қару-жарақ жинау барысында көптеген жұмыстарды тындырды. Оның ерекшелігі – қолға ал­ған ісін тиянақтап, аяғына дейін жет­кізу, қалың қауыммен тығыз байланыста болу, оны сендіре білу, оған сену, шапшаңдық кеңесшілдік, туралық және әділдік. Ревком мүшелері, коммунистер Ұзақбайдың партия ісіне қалтқысыз берілгендігіне көзі жетіп, оны РК(Б) қатарына алуды қажет деп тапты. Оның да ойы осы деп» жазылды «Үш ғасыр перзенттері» атты кітапта (авторы Зәкіратдин Байдосұлы).

Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің соңына дейін халық мүддесі үшін қызмет жасап өткен Құлымбетов Калининге жазған хатында, Қазақ­стандағы балалар саны Одақ көлеміндегі панасыз балалардың үштен бірін құрайды, болашақ ел иелерінің талапқа сай оқуы үшін, олардың оқу орындарын жабдықтау үшін қосымша үш миллион сом қаржы бөлуін сұраған. Елдің келешегі- жастар екендігін, оларды дер кезінде оқытып, тәрбие беріп, қоғамның белді мүшесі етіп дайындау керектігіне ерте бастан қам жасау –қайраткердің қарымды істерінің бір көрінісі ғана. Елге, жерге деген жанашыр қамқорлығы – патриот ұлдың ұлағатты ойының тек, бір күнді емес, болашақты барлаған көрегенділігі екенін байқаймыз.

Табандылығымен, қайраттылы­ғымен, ептілігімен көзге түскен іскер азаматтың иығына жүктелген қайсар мінезді ердің ғана қолынан келетін, қауіпі мен қатері қатар жүретін өте жауапты әрі шұғыл атқарылатын іс-қимылдар. Ел басына түскен қарама-қайшылыққа толы, ызы-қиқы, қым-қуыт заманның қай ағынына түсерін білмей дел-сал күй кешкен алакөңіл халықты ақ шуағы енді туып келе жатқан жайма-шуақ заманға үйрету, үлкен мұхит бетінде аударылып, төңкеріліп жатқан тау-тау толқындар секілді мінез танытып, дауылдатып келе жатқан төңкерістің бейбіт күнге айналатынын сендіре қою-әрине, қиынырақ болатын.Тайғанақ мұздан басталған қауіпті өткел жолдың бас­тауы қайратты азаматты 29 жасында, 1920 жылы Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясына мүше етіп қабылдады.

«Соқтықпалы, соқпақты жолдармен жүріп, саяси сауатын шыңдап, оны ел қажетіне жаратуда аты шулы істердің басы-қасында жүрген Құлымбетов 1921 жылы Ақтөбе губерниясының құрылуына байланысты Ақтөбеге қызметке ауыстырылды. Бұл салада губерниялық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасап, Губкомның бюро құрамына сайланды. Тыңнан жол тауып, көздеген мақсатына жету үшін небір сын-сағаттан қаймықпай өткен өжет азаматтың жолын кесіп, көзін құрту үшін тап жауларының ұйымдастырған қитұрқы іс-әрекеттері жетіп, артылатын. Ырғыз, Қарабұтақ бойындағы шонжарлар Орынбордағы республикалық Атқару комитетіне, Жоғары Сотына, Халық Комиссарлар Кеңесіне, облыстық партия комитетіне Құлымбетовтің үстінен әртүрлі жала жауып, домалақ арызды боратады. Бұл мәселенің анық-қанығына жету үшін РСФСР-дың Жоғарғы Сотының Көшпелі Сессиясы арнайы қарап, Құлымбетовті ақтап шығарады» деген мазмұн-сипаттағы тарихи дерек Ұзақбай Желдірбайұлының ел саясатына етене араласа бастаған кезеңін аңғартса керек.

Құлымбетовтің 1923 жылы Ақмола губерниялық Атқару комитетінің төрағасы болып сайланған уақыты Қазақстан жағдайының өте ауыр уақытымен тұспа-тұс. Елдің басынан өткен бірінші дүниежүзілік соғыс, елге салынған түрлі салық, жердің жұтаңдығы, аштықтың етек алуы – халықтың басына түскен қиын жағдайларды ушықтыра түскен. Елдің ырзығы өсетін жер-анаға келген қуаңшылық халықты жейтін нанынан айырған. Күйзелген елдің қамын ойлаған Құлымбетов 1924 жылы Қазақ АКСР-ы Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллинге хат жазып, елдің басын жұтуға айналған қиын мәселені жеңілдетуін сұрайды. Дер кезінде жоғарғы билік тарапынан қолға алынған шаралар елді аштықтың құрсауынан біржола алып шықпаса да, өзекті мәселенің салмағының азаюына септігін тигізді.

Асылында болашағы биік адамның жаратылысы – бала жасындағы ерек­шеліктерінен бастау алса керек. Қиындықтың шырмауынан тайсалмаған арлы жанның азаматтық тұлғасының қалыптасуына өзі қызмет жасаған ортасының оң ықпалы болға­ны анық. Қазақ халқының сүт беті­не шық­қан қаймақтары Т.Рысқұлов, С.Меңдешов, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Дулатов, О.Жандосов, О.Исаев, Т.Жүргенов, С.Асфендияров сынды білім көкжиегі кең, парасат-пайымы жоғары, өмірлік тәжірибесі бар, биік пен тереңге шолу жасап үлгерген көрнекті азаматтардың шоғыры, жаңа қоғамды қалыптастыруға күш салысқан қазақтың алғашқы интеллигенциясының өкілдері, жарқын болашаққа ұмтылған жалынды жастар легі өзі жанғалы тұрған жүрекке от бергені шындық.Олар жүріп өткен жолдан қоғамның ақборан дауылы ескенімен, соңынан көктем шығып, жаңа өмірдің бүршігі жарды. Осындай ызғарлы заманның суығын жан жүрегімен сезінген Ұзақбай Желдірбайұлы сол қайнаған ортаның ауасын жұтып, суын ішті. Нар тұлғалы азамат иығына туған елінің ауыр жүгін артарын және сол артылған жүктің барар жеріне жеткізілу қажеттігін мойын­дау азаматтық парызым деп ұқты. Ат жалын тартқан тұлғаның жанында халықтың қамы жүретіні ақиқат. Адам арлы болса, ақиқаттан аттамай­тыны шындық. Жақсылардың сарқытын ішіп, ұлағаттылардың үлгісін көріп өскен Құлымбетовтің жастайынан ойынан терең, бойынан биік елдік мәселелерге ерте араласуының бір себебі осы болса керек.

Қашанда халық өзі туып, өзі өсірген ұлын жасаған еңбегіне қарап бағалайды. Жасынан әр ісіне мұқият қарап, табандылық танытып өскен азаматтың өсу жолдары қиядан-қияға өрлеп, шыңға бастап апарған. Ауыл мектебіндегі мұғалім, күн қатып, түн қатып атқаратын елдік жұмыстарға, қоғамның саяси өміріндегі жауапты қызметтерге тартылған. Тарих бетінде жазылған мәліметтер Құлымбетовтің Ырғыз уездік қамсыздандыру бөлімінде қызметкер, ішкі басқарманың төменгі бөлім меңгерушісі, Ырғыз уездік ревкомының ішкі басқармасы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1921 жылы Ырғыз Төтенше Комиссиясындағы қылмысты ашу бөлімінің төрағасы, Ырғыз аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарғанын, Ырғыз уездік Атқару Комитетінің мүшесі, Қазақ КСР-ы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болғанын растайды. Осы жылдардан басталған жаңа сүрлеу-Құлымбетовтің өмірінің соңына дейін көзсіз ерлікке нар тәуекелмен баратын жұмыстарға жекті.Өзіне тапсырылған жауапты жұмысты абыроймен атқарған оған қандай іске де икемді, шебер басқарушы, білікті ұйымдастырушы деп, кеңес жұмыстары тапсырылған.

Тарих – өткен мен кеткеннің куәсі. Барды бағалап, жоқты іздейтін қымбат құжат секілді. Іздегенімізді тауып, көзайым болып жататынымыз да сондықтан. Осы тарих беттерін сараптап, қорытынды жасаған мына дәйекті оқуға болады: «Қазақ КСР-ы Орталық Атқару Комитеті 1925 жылдың 9 ақпа­нында республика орталығын Орынбордан Қызылордаға көшіру туралы Құжат қабылдады. Дәл осы тұста Қазақстан өлкелік партия комитеті 1925 жылдың 4 ақпанында Құлымбетовті Қазақ республикасы Орталық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы қызметіне бекітті. Жауапты қызмет бұрын Құлымбетовтің шаруашылықты ұйымдастырудағы басшылық тәжірибесін, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы өндірісіне жатқан губерниялық мектептен өткендігін, Қазақстан Орталық басқару жүйесінде орын алған әртүрлі топтардың ықпалынан жырақ жүргендігі себеп болды. Партия жұмыстарын тиянақты орындауы ескерілген еді.

Қазақстанда шаруашылық сала­ларының күрделене түсуіне байланыс­ты оларды жоспарлы түрде жүргізу, жоспарлаудың мазмұнын арттыру, сол бағытта жүйелі жұмыс жасау үшін тәжірибелі, іскер басшы қажет болды. Қазақстан өлкелік партия комитеті осындай аса жауапты қызметке Құлымбетовті дұрыс деп табады. 1926 жылдың 18 қыркүйегінде Республика Халком кеңесі төрағасының орынбасары және Мемлекеттік Жоспарлау Комиссиясының қызметіне бекітіледі. Ал 1928 жылы Қазақстандағы астық дайындау ісінің қауырт кезеңіне сәйкес бұрынғы қызметіне қоса республикадағы сыртқы және ішкі сауда халық комиссары міндетін қоса атқару жүктелді».Uzakbay

1937 жылдың маусым айында өткен съезде Құлымбетовке «ұлтшыл» деп айып тағылған кезде, Левон ­Исаевич Мирзоянның: «Құлымбетов – қазақтың бетке ұстар азаматтарының бірі, адал адам, оның адалдығына мен шек келтірмеймін. Сондықтан да, мен Құлымбетовті жақтап, дауыс беремін» деп, сөйлеген сөзін мысалға алады оның өмірін зерттеушілер.

Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің соңына дейін халық мүддесі үшін қызмет жасап өткен Құлымбетов Калининге жазған хатында, Қазақ­стандағы балалар саны Одақ көле­міндегі панасыз балалардың үштен бірін құрайды, болашақ ел иелерінің талапқа сай оқуы үшін, олардың оқу орындарын жабдықтау үшін қосымша үш миллион сом қаржы бөлуін сұраған. Елдің келешегі – жастар екендігін, оларды дер кезінде оқытып, тәрбие беріп, қоғамның белді мүшесі етіп дайындау керектігіне ерте бастан қам жасау – қайраткердің қарымды істерінің бір көрінісі ғана. Елге, жерге деген жанашыр қамқорлығы патриот ұлдың ұлағатты ойының тек, бір күнді емес, болашақты барлаған көрегенділігі екенін байқаймыз.

Құлымбетов туралы тарихтың бетіне түскен, сонымен қатар абзал азамат туралы бірлі-жарымды зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген қаламгерлердің еңбектерінде көрсетілген нақты мәліметтерден қорытып айтарымыз, Ұзақбай Жел­дір­байұлы Құлымбетов – табиға­тынан өршіл, намысқой, арлы адам. Адал жүріп, таза жүрген талабының арқасында қарапайым мұғалімдіктен қоғам, мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген нар тұлғалы азамат.

Қайратты азаматтың маңдай терін төгіп, қабырғасын сөгіп, тиянақты білім, ыждағатты талабының арқасында жасаған мынадай еңбектері бар: 1923-1925 жылдары Ақмола Губерниялық Атқару Комитетінің (Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары кіреді) Петропавл-Көкшетау теміржолын, Петропавл консерві комбинатын, Ақмола ағаш өңдеу зауытын, Риддер кенішін қалпына келтіріп, олардың жұмыстарын одан әрі жандандыруға көп күш-қайратын жұмсаған. Қазақстан бойынша кеңес қызметкерлерін дайындайтын тұңғыш курс ашып, оған кедей балаларының іріктеліп оқытылуына септігі тиді. Бұл курста оқып шыққандар кейін респуб­лика деңгейінде жауапты қызметтер атқарған. 1925-1935 жылдарда атқарған беделді қызметі кезінде республика деңгейіндегі пленум, конференция, съезде жасаған баяндамаларында орынды қозғалған мәселелердің негізінде Екібастұз, Атбасар комбинаттары қалпына келтірілген. Сол тәріздес Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді қозғаған. Сондай-ақ Құлымбетов көтерген өзге мәселелерде Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорындарының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал шаруашылығын дамыту, тері өңдеу, тоқыма кәсіпорындарын салу туралы бағдармалалар ұсынылған. 1934 жылы Құлымбетовтің тікелей араласуымен Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Қызылорда қалаларында екі жылдық мұғалімдер институттары ашылған. Көптеген қазақстандықтарды Мәскеуде оқытып, ел мәдениетінің дамуына үлес қосқан.

Адай көтерілісі айтылғанда қоғам қайраткері Құлымбетовтің де аты аталады. Тарих бетінде күні бүгінге дейін тәптіштеп айтылып, жазылып келе жатқан бұл көтерілісті туғызған – Голощекиннің қолдан жасалған қанұйлы саясаты.«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген мәтел де осы зобалаң жылдардың ауырт­палығынан қалса керек. Езілген елдің несібесі кеміп, Қазақстандағы 40 миллионға жуық малдан 4 миллион шамасындай ғана қалған. Аранын ашқан аштықтан қырылған адамның елде есебі жоқ. Халық санының азайып кетуін демографтар күні бүгінге дейін осы зұлматпен тікелей байланыстырады.

Адай көтерілісіне байланысты ұйым­дастырылған комиссияның алғаш­қы жиналысы 1931 жылдың 21 шіл­десінде Кендірлі кәсіпшілігінде бо­лады. Оған комиссия төрағасы Құлымбетов және оның мүшелері Рагозин, Асылбеков, Әлиев қатысқан. Осы маңызды мәселеге қатысты сөз сөйлеген Құлымбетов аудандағы ұйымның және оның жергілікті бөлімдерінің жағдайын талдап, түсіндіріп берген.

Көтерілістің мән-жайына те­реңірек үңілген комиссияның төрағасы бұқараның наразылығын, әлеуметтік-экономикалық себептерін мұқият зерттеп, талдап, асыра сілтеуді жоюдың шараларын бекітеді. Рес­публика басшылығына жолдаған жеделхатында өлкелік органдардың коллективтендірудегі жіберген кемшіліктерін атап көрсетіп, шұғыл түрде шара қолдану қажеттігін сұрайды.

«Адай даласында шаруалар қожалықтарын кәмпескелеуге ресми рұқсат жоқ бола тұрса да, жергілікті шолақ белсенділер 1370 бас малды, оның ішінде 1300 бас ұсақ және 70 бас ірі малды заңсыз кәмпескелеп жіберген еді. Мемлекеттік ­комиссия өзінің қаулысымен кезінде жазықсыз қамалып, ал енді түрмеден босатылған адамдарға және Адай жеріндегі көтеріліске байланыс­ты қателікпен көтерілісші ретінде айыпталған жазықсыз жандарға осы кәмпескеленген малдарды қайта таратып берді» (50-54 іс, 58-п.). деген мұрағат құжаттары көтеріліс кезінде қолдан жасалған қанқұйлы саясаттың бір көрінісінен хабар бергендей.

Оқырманға түсінікті болу үшін көтерілістің кезінен хабар беретін тағы бір деректі көрсеткеніміз жөн болар: «1931 жылғы Адай көтерілісі кезінде халық үш топқа бөлінген. 30 пайызы бейбіт жағдайда еңбек етсе, 60 пайызы көтерілісшілермен бірге, ал 10 пайызы қай жаққа шығарын білмей абдырап қалған. Көтерілісшілермен сөйлесуге келген Құлымбетов 121 тұтқынның 31-імен сөйлесіп, оларды босатты». («Маңғыстаудағы халық көтерілісі», Т.Омарбеков).

Қазақстан өлкелік партия коми­тетінің VI пленумында сөйлеген сөзінде Құлымбетов мал шаруашылы­ғының құлдырап кетуінің басты себебі, ауылдық жердің ерекшеліктерін ескермей, қолға алған жұмысты жоспарсыз бастап, жедел жүргізіп, отырықшылыққа көшуде күштеу әдістерінің қолданылуы дұрыс еместігін айтып, нақтылай түседі. Құлымбетовтің және басқа да қазақ азаматтарының бұл дәлелді сөзіне Голощекин бастапқыда көнбегенімен, кейінірек 1932 жылы қазан айында өткізілген бюро мәжілісінде арнайы қаулы қабылдайды.

Республикада болып жатқан жағ­дай­ды жоғарыда отырған басшылардан ғана емес, жергілікті жердегі жұртшылықтан да жасыруға болмайды. Қандай жағдай болып жатса да, ол жария болып отырылуға тиіс деген Құлымбетовтің пікірі қолдау таппай, айтылған жерінде қалады.

Адай көтерілісіне қатысты мұрағат материалдарында комиссия көтерілісті басумен қанағаттанбай, өзінің көздеген мақсаты – көтерілістің шығу себеп­терін анықтауға ықыласты болған және осы бағытта жұмыс істеген.

1931 жылғы Адай көтерілісіне «Бұл Маңғыстау өңірінің халқы үшін «Малы менен дәулеті түгілі, ақылы мен әулетінің қайда қалғанын білмей қалған кез болды» деп қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев анықтама берген болатын.

Құлымбетовтің мына бір сөзіне көз жүгіртсек: «Отызыншы жылдың мамыр айынан бастап, – деді ол: – 34-ші жылы мен түгелімен Қазақстан хал­комы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Өмірімнің бұл кезеңінің алғашқы жартысы (30-31-32жж) Қазақстан өлкелік басшылығының, совет және партия ұйымдарының жіберген қателіктері салдарынан ауыл мен селодағы асыра сілтеушілікке тұспа-тұс келді. Мен Өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктерге жауап беремін». (сонда, 31 бет, М.Қойгелдиев).

Құлымбетов Исаевпен бірге қазақ шаруаларының жағдайын жақсартуға күш салып, нақты шаралар қолдануға әрекет жасайды. Голощекиннен өлкелік партия комитетінің 1932 жылғы пленумнан кейін обком хатшыларының ауылдағы ауыр жағдайын талқылауға арналған кеңес өткізуді талап етеді. Бірақ Голощекин екеуіне: «Сендерге өзі не керек, күнделікті көрініс-көшіп кету әдетін тек, талқылаумен шешу мүкін бе?» деп жауап береді. «Онда біз, – деп жалғастырды ол –Голощекин жолдасқа, егер ол обком хатшылары кеңесін шақырғысы келмесе, мәселені Орталық Комитеттің алдына қоятындығымызды білдірдік. Әйтеуір, бұл мәселе бюро талқысына қойылды (баяндамашылар өзім, Каруцкий және Исаев болды). (Шестой Пленум Казахского Краевого Комитета ВКП (б).10-16 июля, 1933 г, отчет, 260 стр).Соның нәтижесінде обком хатшыларына ауылдағы жағдайды өзгертуге бағытталған нақты міндеттер жүктеледі (М.Қойгелдиев).

Құлымбетовке 1930-31 жылдары Қазақ­станда болған Созақ, Қарақұм, Абыралы, Қызылқұм, Адай көтерілісін Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Сей­фул­лин, т.б. сынды белгілі қайрат­кер­лер­мен бірге ұйымдастыруға қатысты деген айып тағылып, 1938 жылы 25 ақпан­да атылып кетті.

Тағылымды тарихтың тағы бір жаңа парағы-биылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұлы мереке ретінде атап өткелі отыр. Ата-бабаларымыз армандап өткен азаттықтың ақ таңдарымен бірге тойланатын осы бір дүбірлі той қарсаңында қазақтан туған қайсар ұл Желдірбай Құлымбетовтің 125 жылдық тойы сәні мен салтанаты жарасып, тойланып өтсе, тарихтың жаңа бетіне ұлағатты ұрпақтың парасат-пайымымен жасалған игіліктің бір көрінісі өз құрметімен жазылған болар еді. Халқын сүйсе де, халқы үшін жаны күйсе де небәрі 47 жасында елі үшін өмірін берген, арманда кеткен асыл ер-Құлымбетовтің тойы тек, Ақтөбе облысында ғана емес, көзінің тірісінде ерен еңбек жасаған Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында да аталып өтіп жатса, қайсар мінезді өжет ұлдың аруағы риза болмас па?

Бұрын да, бүгін де «Құлымбетов Адай көтерілісін ұйымдастырушы» деген әңгімені түйіндеуге нақты дәлел жоқ. Сондықтан, біз бұл мақалада тарих бетіне түскен құжаттардан, мұрағаттағы мәліметтерден бұл сұраққа қатысты деректі көре алмадық. Біздің білетініміз, Құлымбетов өзі өмір сүрген қоғамда елдік істерге араласып, халық мүддесін қорғаған ел азаматтарының бірі.

Балалық шағы қарапайым отбасынан басталған Құлымбетов өмірдің нешетүрлі қиындықа толы бел-белестерінде аяғынан тартқан дұшпанның тегеурініне төтеп беріп, бүкіл іс-қимылы халқының мұң-мұқтажымен үндескен. Қазан төңкерісі тұсында әйелдер теңсіздігін жою, елдің сауаттылығын арттыру, Қазақстандағы жетім балалардың білім алуына көмектесу, елдегі ашаршылықтың жағдайын жеңілдету мәселелерін қозғап, олардың түбегейлі болмаса да, азаюына септігін тигізген еді. Елі үшін ерен еңбек етіп, ел ішіндегі қайшылықтармен аяусыз күрескен қайсар мінезді қазақ ұлы 20 жыл өткен соң, айыбы жоқ деп ақталған. Жұбайы Әйіш Құлымбетова «АЛЖИР»-дің тауқыметін 10 жыл тартқан жан.

Құлымбетовтің көзін көрген үзең­гілестері ол туралы: «Құлым­бетовтің көрегендігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі-көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері болған. Екі тілде бірдей сөйлейтін әділ, турашыл азамат еді» деп еске алады екен.

Асылдың ісі мен мұрасы туған елінің аспанынан алыстаған емес. Бұл сөзімізге нақты дәлел –Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қол­дауымен 1991 жылы Алматыда, Ақтөбеде, Ырғызда Құлымбетовтің 100 жылдығының аталып өтуі. Елі ардақтаған асыл азаматтың атына берілген Алматы, Ақтөбе қаласындағы көшелер – елі үшін туып, елі үшін өлген аяулы ұлына деген халқының құрметі.

Елім деп туған ердің есімін ардақтап, ол туралы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын игілікті істер жасау – біздің парызымыз. Халқының бақытты болашағы үшін ұланғайыр іс жасап, соңына өлмейтін іс қалдырған асыл азамат туралы бүгінгі ұрпақ жете білуге тиіс. Сонда ғана қазақ елінің жадында жүрегі елім, халқым деп соққан Құлымбетовтей білімді, парасатты, іскер ұлдардың есімі мәңгілік сақталатыны ақиқат.

Тағылымды тарихтың тағы бір жаңа парағы – биылғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұлы мереке ретінде атап өткелі отыр. Ата-бабаларымыз армандап өткен азаттықтың ақ таңдарымен бірге тойланатын осы бір дүбірлі той қарсаңында қазақтан туған қайсар ұл-Желдірбай Құлымбетовтің 125 жылдық тойы сәні мен салтанаты жарасып, тойланып өтсе, тарихтың жаңа бетіне ұлағатты ұрпақтың парасат-пайымымен жасалған игіліктің бір көрінісі өз құрметімен жазылған болар еді. Халқын сүйсе де, халқы үшін жаны күйсе де небәрі 47 жасында елі үшін өмірін берген, арманда кеткен асыл ер-Құлымбетовтің тойы тек, Ақтөбе облысында ғана емес, көзінің тірісінде ерен еңбек жасаған Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында да аталып өтіп жатса, қайсар мінезді өжет ұлдың аруағы риза болмас па?

Тәуелсіздіктің алтын ұясы Алматы қаласында тұратын Ұлы Отан Со­ғысының ардагері, ҚССР Министр­­лер кеңесінің бұрынғы орын­басары Сұлтан Жиенбаев ағамыз бастаған бір топ зиялылар Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа хат жолдап, Құлым­бетовтің 125 жылдығына байланысты бірқатар мәселелерді көтерген болатын. Олардың қатарында, Ақтөбе қаласындағы педагогикалық колледжге немесе орта мектептердің біріне Құлымбетовтің есімін беру, Құлымбетовтің шығармаларын екі томдық кітап етіп шығару, Алма­ты­­дағы мемлекет және қоғам қайрат­кер­лерінің ескерткіш-мүсіндері орна­тылған алаңға Құлымбетов­тің де ескерт­кішін де қосу туралы мәселелер бар.

«Өзі жоқтың, көзі жоқтың» сөзін сөйлеп, арын арлаған ел зиялыла­рына ризашылығымды білдіре отырып, ұлтжанды азамат, Ақтөбе облы­сы­ның әкімі Бердібек Мәшбекұлы Са­пар­баевтың осы көтерілген мәселеге түсіністікпен қарайды деген сенімім бар.

Тарих – бұл уақыт ­тамыршысы. Ақиқатты сөздің түбінде ел тарихының соқтықпалы, сынамалы кезеңдерден өткен, аумалы-төкпелі жылдарды бастан кешірген, ызғарлы тағдырдың ықпалынан ажырап, кемелді күнге жол тартқан бір күдік, бір үміттің соңы жарқын болашаққа жалғасқан даңғыл жол жатыр. Осы даңғыл жолдың бойында Елбасының сарабдал саясатын қолдап өсіп келе жатқан жас ұрпақ – кеше елім деп еңіреп өткен Құлымбетовтердің өмірінің жалғасы деп айтсақ, артық болмас. Білімі мен тәжірибесін бір арнаға тоғыстырған Құлымбетов ел өміріне тыңнан түрен салып, еніп жатқан саяси қозғалыстардың басы-қасында болып, бар мүмкіндігін туған халқының пайдасына сарқып, қызмет жасап, үлгере алмаған ұланғайыр істерін бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. Сол аманаттың бір көрінісі – Көшбасшымыздың қолға алған тың идеяларының шұғыл түрде жүзеге асырылуына күш-қайрат беріп келе жатқан біздің жастарымыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін жасалынып жатқан орасан зор шаралардың мәні мен мазмұнынан жасалатын бір түйін, ол – ел мүддесі, ел игілігі, ел бақыты.

Ертеңгі ел болашағының тізгінін ұстайтын бүгінгі жастар-ертеңгі ел тұлғаларының халқының тамыры тереңге тартқан төл тарихын жете білуі – зор қуаныш. «Өткенін құрметтемеген адам, бүгінінің қадіріне жетпейді» деген нақыл сөзді есімізге салсақ, тарих толқынында жатқан шеті, шегі жоқ рухани мол қазыналарымыздың бізге беймәлім парақтары күн өткен сайын ашыла беретіні шындық. Ұлтымызды өміршең ететін де сол қымбат бағалы тарихымыз.


Дереккөзі.
...