0 дауыс
229 көрілді
Дональд Трампқа жеңіс əкелген - оның бағдарламасы да, мінезі де емес, кəдімгі Big Data-ны сараптау екені айтылған.

Кездескен мақалалар ұзақ, қал-қадірімше түсінген басты тезистері мынадай:

- Психометрия дамыды. Енді юзердің əлеуметтік желідегі 68 лайкы арқылы - оның кім екенін 95% дəлдікпен анықтауға болады, тіпті нəсіліне дейін, жыныстық бағытына дейін;

- Клинтонның штабы сайлау кезінде таптаурын болған əдістерге сүйенсе, Трамп нағыз авантюраға (жақсы мағынасында) барған. Олардың волонтерлеріне əр үйдің саяси көзқарастарын, ішкі қыжылдарын біршама анықтайтын программа берілген. Сондықтан, үгіттеуге барарда əр отбасына келетіндей, жағатындай сөз дайындап барған. Ал Клинтонның штабы сол баяғы қазақы - бүкіл елге бір ұран, бір сөз дайындаған. Айтпақшы, трампшылар Клинтонның əрбір ісін өзіне қарсы шебер пайдаланған. Мысалы, Майамидегі сайлаушыларға - Клинтон Қорының Гаитидегі жер сілкісіне көмектесуден бас тартқанын сөз арасында қыстыра кеткен;

- Cambridge Analytica деген шағын фирма ендігəрі ақпарат, үгіт-насихат майданындағы жаңа бағытты көрсетіп отыр.

Менің қаупім. Ресей ғылымда маңдайалды болмағанымен, тез үйренеді. Болашақта Big Data принциптері арқылы мысалы, біздің солтүстік аймақтарда өздеріне қажетті көңіл-күйді 100% қалыптастыра алатын болады. Ал біздікілер оларға ескіше - қайраткер-ақсақалдың "беделді" көзқарасымен, қоғамдық пікір "лидерлерінің" "беделді пікірімен", БАҚ-тарды "субсидиялаумен" ескіше жауап береді. Сосын тағы сабалақтап жүреміз. Егемендігіміз қолда қалса кəнеки.

Менің жыным келетіні. Баяғыда облəкімшілікте жұмыс істегенде, кулуарлардағы өсекті үйге тасып, онымыз дəл келіп, ой бір данышпан боп көрініп қалушы едік. Бақсам, қазіргі отандық саясаттанушылар да тап сол, тек беті жылтыр жəне мінберден сөйлейді. Оларға шүйлігетінім, Трамптың табысының шын себептерін білмей, қарабайыр əлеуметтік негіздегі түсініктер бергендері үшін. Ақыры өздері де шатасып, Трамп жеңгенде, "саясаттанымаушылармен" бірге таң қалғаннан басқа қайраны болмады. Яғни, өз "мамандықтары" бойынша трендтерден хабарсыз. Қолдарында кілтті индикаторлар жоқ. Сол баяғы Бисмарктан бір, Макиавелиден үш-төрт қанатты сөз білетін публицист деңгейлерінде қалып отыр.

Енді əлем бұрынғыдай болмайды. Бұл бағытта ФОРСАЖДЫ режимде жұмыстар жасалмаса, сенің электоратың - көршінің электораты болады. Саясат черчилльдік авнтюраға емес ("бүгін болжам айтып, ертең оның неге болмағанын түсіндіріп жүре берем"), əлдеқашан есеп-қисап заңдылықтарына бағынады. Ақпараттық майдан қызығының көкесі əлі алда. Попкорн немесе бидай қуырып қойыңыз.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...