0 дауыс
10.7k көрілді

Зар заман поэзиясының өкілдері

Арғы түбі ақырзамандық сарындар мен болжал өлеңдерден бастау алатын зар заман жырларының көп таралған кезі – отаршылдық дәуірі. Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды.Жерлері алынумен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды…..Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды.Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен ісі болса барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін болды.Зар заман ағымына анықтама берсек, ол отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелеуінің көрінісі.Асан ата айтып кеткен («Мұнан соң қилы-қилы заман болар,Заман азып,заң тозып, жаман болар»),Бұқар болжап берген («Күн батыстан бір дұспанАқырда шығар сол тұстан») дәуір келіп жеткен соң ақын-жырауларының  өлең-толғауларының тақырыбы өзінен-өзі зар заман ағымына ойысты. [1.144].Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар тұсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп, өркенделген, түйінделген ағым ретінде қарастырылады.Бұл сарынның ақындары қатарына Дулат Бабатайұлын1802-1871,Шортанбай Қанайұлын1818- 1881, Мұрат Мөңкеұлын1843-1906, Әбубәкір Кердері Шоқанұлын1858-1903 т.с.с. ақындарды қосуға болады[2.56].

Солардың көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай – орыс отаршылдығы тұсында қазақ қоғамына кірген әлеуметтік өзгерістердің сырын терең ашып бейнелеген суреткер.Қазақ даласына сауда капитализмінің кіруі, қоғамның бай не кедей болып жіктелуі, өкімдікке талас пен сайлау кезіндегі даулар ақын өлеңдерінде әсерлі суреттеледі.

Асылық азған заманда,

Алуан- алуан жау шықты.

Арам, араз хан шықты.

Қайыры жоқ бай шықты,

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты,- деп ол бірде қазақ даласына келген сауданы айыптаса, елдің бас көтерер азаматтарының байлыққа құнығуын, қанаудың күшейгенін сынға алады.

Қайыр кетіп байлардан,

Бұзауға ақша беріп тұр.

Пәлен тенгеторпақ деп,

Тиынға тиын болып тұр.

Залым туған сұмырайлар

Осылай жұртты еміп тұр,- дейді.Осының бәрін Шортанбай заманның азғандығы деп ұқты.[3] Шығыстағы Дулаттың, батыстағы Әбубәкір мен Мұраттың, Арқадағы Шортанбайдың бір – біріне ұқсас әуенмен ел мұңын жырлауы көп ойға жетелейді.Заманды сезіну ортақтығы деген осы.Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын оятты. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты:

Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді?

Ұлы өрісі қысқарып,

Кең қонысың тарылды.[4]

Шортанбай:

Нысапсыз екен бұл кәпір,

Жеріңді алды, малды алды.[5]

Талай ғасырдан бергі жаугершілік жорықтарында қасқыр мінез танытып, намысын ешкімге таптатпаған,кеудесі көтеріңкі, рухы биік қыр қазағы ептеген жағымпаздыққа бой алдырды. Бұл ең алдымен Дулат Бабатайұлының сынына ілікті:

Майырдан алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын.

Ел пысығы жортады-ай,

Өз елді қорқытып,

Одан өзі қорқады-ай.

Бұл тұрғыда М.Мырзахметовтің пікіріне жүгінсек, «қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет ұлттық санасы саналы түрде оянған жаңашыл ақын, халқының бозторғайы боп шырылдаған Дулат поэзиясында отаршылдық билік жүйесі және елін сатқан атқамінерлер  бейнесін тұңғыш галереясы жасалды» дейді.Жұртшылық арасында «Жаңа низам»  деп аталған 1868 жылғы реформа- зар заман поэзиясының негізгі тақырыбы болды.Қарапайым халықтың «Жаңа низамды»  қалай қабылдағанын, қандай күйге түскенін зар заман мектебінің өкілдері тайға таңба басқандай бейнелейді.Әсіресе, Дулат Бабатайұлының отарлаушылардың астарлы амал-айласы мен қитұрқы қулығын салғаннан-ақ аңғарды:

Батыстан патша түнегі,

Жеріңе келіп түнеді.

Жоныңнан таспа тіледі,

Дулат оны біледі.

Осыны Шортанбай да:

Осы күнде заманның,

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр.

Ал Әбубәкір  болса:

Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,

Штаттың  хабарынан білмей қорқып — дейді.[8]

Отаршылдық биліктің ел арасындағы өкілдерінің бейнесі зар заман поэзиясында типтік тұлға ретінде көрініс тапты. «Өмірдің шындық құбылыстары мен оқиғаларының қалың тасқыны арасынан қажетті типтік сипаттағы маңызды, мағыналы фактілерді көре білу үшін де зергерлік зерде керек» деген талап тұрғысынан қарасақ, халқының жоғын жоқтап,  мұңын мұңдау арқылы өзара үндестік танытқан замана жыршыларының шығармаларынан типологиялық ұқсастықтың мысалдарын көптеп кездестіруге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Мәдібай Қ.Зар заман ағымы.Алматы:Қазақ университеті.1997 ж.160 б.

2. Дәуітов С.Заман және зар\Егемен Қазақстан,1994 ж.17 қыркүйек.

3. Садырбайұлы С.Шортанбайдың ақындығы.\Қазақ әдебиеті,1992 ж.4 қыркүйек.

4. Өмірәлиев Қ.Дулаттың дәуірі мен ақындығы.\Замана сазы. Алматы: Жазушы,1993 ж.160 б.

5. Мәдібай Қ. Зар заман ағымы және Шортанбай мұрасы. Филол. ғыл канд.дисс.Алматы,1995 ж.142 б.

6. Ақыр заман .\Жұлдыз,1993 ж.№6.

 

Махамбет шығармашылығындағы құс бейнесі

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология  магистрі

Қалықпан – ерекше жағдайда сирек туатын қыранның бірі. Аңыз бойынша қарақұстың жетінші не тоғызыншы ұрпағына сәйкес. Махамбет Өтемісұлы өзінің мұндай іргелі қасиетке шешендік ой, ақындық тіл, ұшқыр ақылымен жете алатынына назар аударту арқылы метафора дәлдігін асыра түседі. Жеке ісімен ниетінің дұрыстығына сенім, қиялдағы күдік болжамы, диалогтық қатынасты елестету өлеңдегі аршындау, жан-жағына қарақтау, іштей сөйлесу, ашық пікір айту, өзіне-өзі сенімділік және оған басқа субъектілерді иландыру экспрессемалары – психологиялық драматизм кернеуіне лайықты мысал. Жорық падишаһы Махамбет адалдығы мен ақтығына шіркейдей күмән ұялатудан аулақ [1,10-15]. Контрастылық ыңғай, шендестіре сөйлеу, тұлға мен жалпы қауым интенцияларын шартты түрде шарпыстыра ой түю тағы да әдепті айқындау мазмұнын тиянақтай түседі.Сонымен қатар,ақынның ереуіл үстіндегі бар бітім-тұлғасын қазақ менталитеті үшін аса қадірлі текті құстар әулетімен салыстыра толғау үрдісі әрдайым қайталанып отырады[2,11].

Мен қарақұстан туған қалықпан,

Сөйлер сөзге жалықпан.

Көптер көзін тіккендей,

Көп соңыма түскендей,

Көптің несін алыппын?

Тыңда, халық, әлеумет,

Көп кісіден анықпын.

Махамбет жыралындағы ақынның айналасынан оқшау тұлғасын даралап көрсетуде «ақсұңқар» концептіне қатысты жолдар ерекше поэтикалық қуатпен биік әсерлерге бастайды. Мысалы:

Аспанда ұшқан ақсұңқар,

Қолымда тұйғын, лашын.

Қосылған жаста арудың

Көре алмай кеттім құлашын («Аспанда ұшқан ақсұңқар») – деп тұсауын кесетін  толғауда «ақсұңқар» — қол жетпес арман кейпінде сағыныш, ынтызарлық әуендерімен ұштасып жатады[3,181-183].

Диалогтық қатынас сақталатын өлең құрылымындағы «ақсұңқар» концепті символикалық мағынасын өзге шығармаларда да жоғалтпайды.

Мен ақсұңқардан туған құмаймын,

Бір сұңқарға жұбаймын.

Суырыма қамшы тигізіп,

Шаппай неғып шыдайын?!

Түбін қазған мен – бәйтерек,

Толқуменен құлаймын.

«Мен қарақұстан туған қалықпан» формасындағы құрылымнан өзгешелік – мұнда кішіден ірілену орынан жоғарыдан сәл төмендеу, әйтсе де дегдарлық сымбатынан айрылмау әрі жақсылық ұғымының құндылық өрнегін ата-тек өлшемімен құлпырту мақсаты шығармашылық үдерісіндегі ырықсыздық заматын табиғи талант құдіретімен түрлендірген. Өмірдегі көрініс, жағдаят атаулыны әсерге бөлеп, шығандата суреттеу романтизм эстетикасы талаптарына әбден сай. Өлеңде психологиялық ыңғайдағы намыс категориясы  поэтикалық астарлы бейне әрі риторикалық сұрау арқылы динамикалық серпін тапса, соңғы қос тармақтағы аллитерация және айқын метафора болмысы предикативті сипатымен дараланады. «Бәйтерек» жай бәйтерек емес, «түбін қазған» «бәйтерек», ол жай құламайды, «толқуменен құлайды». Қозғалыс суретінің шынайылығы эмотивтік ой-сезім қабаттарына эстетикалық ажар қосады. Әсер-түйсік іліктестігі заңдылығына сайсаңыз, осы жолдардағы эпитеттер Махамбет өмірін коннотативті жүйеде көп қырлы қалыппен бедерлейді. Фауна мен флорадағы егіздесу шағы соңғы мезетте мұңды кейіп алуы ақын тіршілігімен тағы бір жұп түйін құрайды. Сатылы, градациялы параллелизм үлгісіндегі сұлулық генотиптен алшақтамайтын қайсарлық, асқақтық, табандылық рухымен тұтасып жатыр.

Таудай болған талаптың

Назары қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көрініп,

Ақсұңқар ұшқан күн болған.

 

Негізінен Исатай өлімін аза тұту рәсіміне беріліп, толғауда жоғарыдағыдай керағар сезім тоғысулары кездеспейді, қайта бастан-аяқ түнеру,күйіну сағаттарына сәйкес біп текті ой ағымы, салыстырулар бедері белестеніп көрінеді.Киелі құс бейнесі Махамбет жырларында уақыт өте жеке субьект болмысымен терең ұштасыптұтасу үрдісіне көшетіндей.

-Томағалы сұңқар мен едім,

Толғамалы найзамен

Толықсып жауға шапқанда,

Бір озғанмын жұртымнан.

Ер дұшпаны көп болар,

Қатын-дұшпан жігіттер

Не демес дейсің сыртымнан ?

Махамбет эпитеттері сұңқар тұлғасын тым еркін күйде бейнелемейді.Қалың тобырдың бірі емес, топжарған жүйрік сазгер арқылы батыр артық туған қасиетін жасырудан аулақ. «Көп кісіден анықпын»деп қана кішірейе қататын лирикалық кейіпкер енді қиялдағы көңіл жақпас көріністерге ашына ,қыр көрсете сөйлейді.Махамбеттің жаулары алыста ғана емес, өз ішінде,қасында жүргені наразылық әсерін асқындыра түседі.

Лашын, ителгі, бүркіт,жапалақ, күшеген,қаршыға,қыран концептілері төңірегіндегі көркемдік бейне үзіктері Махамбет өлеңдерінтоты құстай түрлендіреді.Сұңқар ұғымының ақын автопортретін сомдаудағы эстетикалық тұжырымдамасы адамзаттың тәуелсіздік, азаттық рухы жолындағы қайтпас қайсарлық, ерлік,зәулім мұрат туралы поэтикалық түсініктерін толымды өрнектеген.Тарихқа біржақты баға беру, аруақтар сырын толық білмей жатып,талқыға салу-әр адамның арына жүк. Махамбет Өтемісұлының  жорық  көсемі әрі елдік пен ерліктің жыршысы,ұлы жырау екендігі анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Келімбетов Н. Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік   дәстүр жалғастығы. Автореферат.Алматы.2002.

2. Қ.Өмірәлиев ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. Алматы:Ғылым.1976ж.270б.

3. Қаратаев М.Дәстүр және жаңашылдық,І кітап,Алматы.1980.366 б. Ғылым.

 

Көркем әдебиеттегі шығармалар да тарихи деректердің үлкен тобын құрайтыны белігілі, бұл әсіресе XIX ғасырға дейін ауызша әдеби  дәстүр берік сақталып, тарихы мен тағлымы, әдеби, мәдени мұралары ауыздан-ауызға жеткізіліп отырған Қазақстан тарихында  маңызы зор. Көркем әдебиеттегі тарихилық ерекшеленеді, өйткені әдебиет тарихи құбылыстарға деген адам қатынасын – олардың кісілік құлқы, әрекеті-харакеті, таным дүниесіндегі өзгерістері арқылы көрсетеді. Басқаша айтқанда, «белгілі бір дәуірдің нақты мән-мазмұнын, оның қайталанбас келбеті мен ерекше бейнесін көркемдік әдіспен игеретін әдебиеттің тарихилық» мәселесі осы қасиеті арқылы өзіне ерекше назар аударуды талап ететіні хақ [1,5б.]

Қазақ әдебиеті тарихында ойып алар орны бар ақындар мен жыраулар шығармаларының тарихилығы – бізідің халық ретінде бірнеше ғасырлар бойы адамзат баласының өзге де ұлт өкілдерімен, елдермен қатар өмір сүріп келе жатқандығымызды заңдастыратын, бүгінгі қазақтар мен олардың ата-бабалары тіршілік кешкен бұлыңғыр кезеңдердің арасын жалғастырар ежелгі керуен жолы секілді ерекшелігімен қастерлі.

Өз ұлтының төл тарихымен тамырлас қазақ әдебиеті тарихындағы XIX ғасыр «Зар заман» деп аталады. «Зар заман» - бұл белгілі бастау-бұлағы бар, даму арнасы, қалыптасу жолдары, тамамдалар тұсы айқын, қоғамдық ойдағы және әдебиеттегі құбылыс. Дегенмен, зар заман поэзиясы тек әдебиеттану ғылымының ғана емес, бұл әлеуметтік қоғамдық-саяси ой ағымы ретінде тарихшылар мен философтардың да зерттеу нысаны болып табылады. [2,6б.]

«Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданысқа енгізді. Ол өзінің 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде зар заман ақындарына арнайы бөлім арнап, күрделі кезең поэзиясына жан-жақты талдау жасады; зар заманның өкілдерін атады; бұл дәуірдің басы мен соңына дейінгі аралықты белгіледі, сондай-ақ, тарихи және теориялық негіздемелерін ұсынды. [3]

 Қазақтың ірі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлы М.Әуезовтың аталған еңбегі жарық көрген соң бір жылдан кейін, яғни 1928 жылы «Қазақ халық әдебиеті. Қысқаша очерк» деген ғылыми зерттеуінде өзі жіктеген поэзияның түрлерінің бірін  «зар заман» деп атады. [Досмұхамедұлы Х. Аламан.  Алматы, Ана тілі, 1991. – 176 б.]

Белгілі жазушы, зерттеуші Сәбит Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінің сүбелі екінші тарауын «Зар-заманның жағдайы» деп атайды.

1927 жылдан 1942 жылға дейін арнайы аталмағанмен, зар-заманның ірі өкілдері мектеп оқулықтары мен хрестоматияларында даурықтыра аталмай, қатардағы ақындар ретінде қаралып келгеніне С.Мұқанов ерекше екпін түсірмей, әуелі орыс отаршылдығының екі түрін – жаулап алу мен жерді отарлау амалдарын тарихи деректермен дәлелдей келіп, «бас бостандығынан жерден айрылған кедейленген халық бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарп бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осылай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетті біз «Зар заман әдебиеті дейміз». «Зар заман» әдебиетінің негізін қалаушы қазақ ақын Шортанбай» деп ой түйеді [2,122б.  Мұқанов С. Қазақстың XVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер.  Алматы: Арыс, 2002. ].

Әдебиетттану ғылымы саласында «зар заман» поэзиясы туралы пікір білдіріп, баға берген зерттеушілер өте көп.

Зар заман поэзиясының өкілдері саналған ақындардың шығармашылығы хақында әр жылдарда С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайлов, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, С.Талжанов, Х.Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Ғ.Мұсабаев, Т.Кәкішев, Р.Сыздықова, М.Бөжеев, Б.Қорқытов, Қ.Сыдиықов, С.Дәуітов, Қ.Мәдібаева, Т.Тебегенов, Ш.Керімов сияқты ғалымдар мен әдебиетшілер зерттеп, арнайы ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалаларын жазған [2, 41б.].

Зар заман әдебиетінің басты өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Кердері Әубәкір шығармалары кейінгі жылдарда жекелей және арнайы жинақтарға басылып шықты. Бұл іске С.Дәуітов [4], Б.Сандыбайұлы [5] және т.б.ғалымдар өз үлестерін қосты.

Белгілі тарихшы, зерттеуші М.Қойгелдеиев болса, зар заманды ағым ретінде көрсетіп; бұл ағымды туғызған тарихи-әлеуметтік себеп-салдарларды санамалайды; зар заман ақындары ретінде Дулат, Шортанбай, Мұрат шығармашылығын негізге алады.

Отаршылдық дәуірді жан-жақты зерттеген ғалым зар заман әдебиетінің дамуына себепші болған кезең туралы төмендегідей ой тұжырымдайды: «XIX ғасырдың алғашқы жартысы – Қазақстан үшін тарихи кезең, яғни саяси, мемлекеттік еркіндіктен біржола айрылып, отарлық ахуалдың, саяси тәуелділіктің дәм-тұзын тату кезеңіне қадам басу уақыты. Егер бұл мезгілді шартты түрде өтпелі кезең ретінде алсақ, саяси дербестіктен орталық тәуелділікке өтудің өзіне лайық рухани болмысы болатындығы мәлім. Дулат, Шортанбай, Мұрат туындыларының ортақ өзегі – тарихи жеңіліске ұшыраған ұлттық көңіл-күйдің күйзелісті жағдайын  терең де, дәл ұғынуға меңзей отырып, сапалы, азаттыққа бастайтын жаңа руахни серпіліске жол ашу еді» [6].

Зерттеушілер «Зар заман» ақындары қатарына Шортанбай Қанайұлы,   Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Кердері Әубәкір сынды ақындарды жатқызған.

Зар заман ақындарының еркіндікті аңсау, елдікті сағыну тақырыбындағы жырларының аясында қазақтардың сол кезеңдегі көршілес ортазиялық мемлекеттермен қарым-қатынастары туралы да айтылып өтетін тұстары бар. Дулат Бабатайұлы (1802-1871) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында туылған. Кедей ортадан шыққан. Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. Алайда көп іздену арқасында өз заманындағы көзі ашық, көкірегі ояу, ең білімді адамдардың бірі болғаны оның шығармаларынан да анық аңғарылып тұр [7, 388б.].

Зар заман ақындары деген баға алуларының өзі аталмыш кезең ақындарының өткенді аңсауы, еркіндікті сағынуы сарынындағы жырларына байланысты берілген десек, Дулат ақынның «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты шығармасында

-Сен Бұхарада кезіңде,

Бәтуа бар сөзіңде,

Келеді биің сенімді,

Қара бір халқы көнімді,

Тыныш еді еліміз.

Шаңына малың аунаған,

Дәулетің өсіп қаулаған,

Тел емес малды саумаған,

Бұхар-ай, шәрі дейтұғын

Өскен, өнген жеріңіз, [7, 159б.]  -деп елдің еркін кезіндегі, терезесі тең тату көршілік қарым-қатынастарды аңсау сарыны байқалады

Шортанбай Қанайұлы (1818-1881). Ақынның өмірбаяны туралы мәліметтер аз. Ақын жөніндегі деректердің көбі шашырап жеткен үзінді. Бір алуан мәліметтерге қарағанда, осы күнгі Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан өңіріндегі Қаратау деген жерде туылған. Екінші бір деректе Ақмешіт қожасы делінеді, бірақ өмір сүріп, ақындық құрған жері Қарқаралыдағы Бесата деген ел [7, 390б.].

Шығармалары XIX ғасырдың 70-жылдарында жарық көріп, «Бала зары» деген атпен Қазан қаласында бірнеше рет басылып шықққан.

Кей кездері қазақтар Ресей отаршылдық саясатының құрсауынан құтылу үшін әлі де болса өз дербестігін сақтап тұрған көршілес елдерге үміт артады. Мысалы Шортанбай ақын өзінің «Мына заман қай заман» деген өлеңінде: 

-Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, қазақтар,

Енді сенің торыңа.

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды.

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды.....

Бұхарға жетер күн болса,

Тыншытар ма едің ұйқыңды?- деп ашынып, көршілес Бұхара әмірлігінен жақсылық күтеді [4,111б.]

Оңтүстіктің қазақтарын бір шетінен патшалық Ресей тықсырып, бір шетінен көршілес ортазиялық елдер тықсырғанда Сыр бойы қазақтарының арқасына қатты батып, тіпті көршілес хандықтарға қарсы көтеріліске шыққаны мәлім. Шортанбай ақын «Шалғын жайлар күйретіп» деген өлеңінде  осы туралы да айтып өтеді:

-Шалғын жайлар күйретіп,

Мың кісі мінер үйретіп.

Ақылы жоқ есер құл

Бір қайрылмас кеткен соң.

Көтерер ме осы жақ,

Кеткенде қайда барасың?

Алдыңызда Қоқан бар,

Орыстан жаман тым-ақ, жау. [4,115б.]

Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906). Кіндік қаны тамған топырақ – қазіргі Атырау өңірі, Қарабау ауылы. Жүрген жерлері – Еділ, Жайық бойы, Маңғыстау. Ата-тегі мал баққан шаруа қазақ. Мұрат жасында аз-кем молдадан оқыған. Он бестен асқанда өлең шығара бастайды.Мұрат бір жағынан өткен замандар тарихын өрнекетеген дастаншыл ақын болса, екінші жағынан, өзі өмір сүрген ортадағы халықтың мұңын-зарын айтатын әлеуметшіл ақын. Орыс отаршылдығының озбырлығын әшкерелеген ұлы сарынына байланысты, оның шығармалары кеңес үкіметі кезінде жөнді бағаланбай келген.

Ақынның өлең-толғауларын жинап бастырып, 1923 жылы өзінің «Аламан» аталатын жинағында алғаш ғылыми талдау жасаған – профессор Х.Досмұхамедұлы.

Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» атты өлеңінің 7-тармағында  өткен заманды аңсау, көршілес Бұқара мен Үргенішпен достық сауда қатынастарының болғандығын  аңсау сарынында айтып өтеді:

-Шаңдаттырып даласын,

Талқан етіп қаласын,

Атамыз қазақ болғанда

Әлденеше шапқан жер.

Қоралап айдап дұспанды,

Үргеніш пен Бұхараға

Әлденеше сатқан жер.

Алтын ала, ақ күміс

Қарық олжаға батқан  жер,

Алтыннан тұрман таққан жер-[4,139б]

Ақынның аталмыш шығармасының 24-тармағында қазақтардың еркіндікті аңсап, әлі де болса дербес жатқан көршілес елдерге жайлы қоныс іздеп, әрі-бері сергелдеңге түскені жайлы толғанады:

-Үргеніш пен Бұхарадан,

Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан

Орнықты қоныс таба  алмай,

Адыра қалғыр бұл қоныс,

Асан би шұбап өткен жер

Ноғайлы шұбап босқан жер![4,146б.]

Кердері Әубәкір Шоқанұлы (1861-1905) Орынбор, Троицкіде оқып, медресе бітірген. Орал, Орынбор, Орск, Ақтөбе қалалары маңында бала оқытып, молдалық құрған. Өлеңдері «Әдебиет қазақия» деген атпен екі рет (1903, 1905) Қазан қаласында Кәрімовтар баспасында басылған. Осы себепті де Қазақ жеріне шығармалары ең көп тараған ақындардың бірі-Кердері Әбубәкір. Ақын туған елі ғана емес, зиялылар, көзіқарақты хат танитындары бар, қазақ тілін түсінетін қырғыз, қарақалпақ, түркімен, өзбек, ұйғыр, татар, башқұрт арасында да мәлім болған [5,15б.]

Кердері Әубәкір де зар заманның басқа өкілдері сияқты өткенді сағынышпен, аңсаумен еске алады, «Өткен иманшылық заманды жоқтап айтқаны» атты шығармасында Хорезм, Үргеніш қалаларын сипаттап,  қазақтардың осы бір шаһарларға сапарлап тұратындығы туралы айтылады:

-Көңірсіген көң қыстап,

Тау жырасын ел қыстап,

Қысы, жазы бірдей жылы екен.

Арқаның киік құланы

Қара малмен тең екен.

Әулиесі қойдай күңіренген

Хорезм деген шәр екен.

Қыста нардың қомымен,

Жазда аттың жалымен

Азамат шығар қала екен.

Көзі көрген соларды

Ақсақалдар бар екен

Алатау мен Түркістан

Тамам судың өрі екен [5, 46-47бб.].

Батыста туылған ақын Еділ мен Жайықтың қазақтар үшін тарлық ете бастағанын тілге тиек етіп, Хорезмге де ақырындап отарлау қамыты таяп қалғандығын білдіреді:

-Еділ, Жайық –екі су

Ел қонарға тар болды.

Қарағай, қайың, тал, терек

Тамыр түбі таусылып,

Қамшы сапқа зар болды.

Көлденең жатқан қара шың

Құлай-құлай бор болды.

Малға лайық жері  жоқ,

Жерге лайық елі жоқ,

Асыл заттар қор болды.

Мықтыға нашар зор болды.

Қар жаумайтын Хорезм

Тебінгіден қар болды.

Қараның ұлы хан болды

Құлдан туған паң болды[5, 49б.].

Ал «Қазағым» атты жырында қазақтардың өткен мамыражай күндерін, ертеректегі достық, сауда қатынастарының болғандығын айтады:

-Қыс болса қыстаушы еді қырға барып,

Көлденең шыңыраулы шыңға барып,

Жарлы деп жүз қой бітсе айтушы еді,

Қой, жылқы толықпаса мыңға барып.

Саралап ат, айғырын мырза, байлар

Үргенішке сатушы еді жылда барып.

Ат, айғыр айдаушы еді, атан алып

Мата мен қайтушы еді шапан алып.[5,71б.].

Осы «Қазағым» атты шығармасында қазақтар үшін негізгі орталық, сауда орталығы Үргеніш, Бұқара қалалары болғаны, бірақ Ресей отаршылдығының қанат жаюымен қазақтарда қалалар мен бекіністердің көбейе түскені жайлы айтады:

-Бұл күнде төре қалып, қара болған

Жас бала ақсақалдан дана болған.

Бұрынғы Үргенші, Бұқара жырақ болып,

Салулы қасымыздан қала болған[5, 75б.].

Кердері Әубәкірдің көршілес татар, ноғай, өзбек сияқты халықтар үшін ортақ ақын екені айтылады. Оның «Халыққа уағыз, насихат қылып айтқаны»  атты шығармасы да осының дәлелі сияқты, аталмыш шығармасында Ресей отаршылдығының қамыты ортазиялық халықтардың барлығына да  түскенін баяндайды:

-Қазандағы көп ноғай,

Есепке кірді ертерек,

Шылым тартып  бағзысы

Түтін атар мұрнынан.

Езгілері сондай боп,

Жүзінен жан қорыққан

Алусыз шаш пен мұртынан.

Крашин болған ноғайды-

Айыра көрме жасаған,

Мұсылмандық ғұрпынан

Және патша алады

Маһар (Мары қаласы)  түрікпен елінен.

Телеграмды жүргізді

Мединенің шөлінен.

Көп әулие шошынып,

Хорезмнің шөлінен

Баһаууаддин болмаса

Кереметке кім шықсын?

Қаралай босты өзбек, сарт

Бұқараның шәһрінен.

Жалаға есеп алып тұр,

Қарақалпақ, түрікпеннен,

Өзбек , сарт, қырғыз бәрінен [5,117б.]

Зар заман жырларында отаршылдықтың озбырлығы, зардап-залалы, кесел-кесапаты жан жақты айтылады. Ақындар жат пиғыл, жаулық ниеттің сырын әр қырынан ашып көрсетті, қауіп-қатерге ұрынудың себеп-салдарына үңілді. Қазақстанның отарлық саясат құрсауында қалған шағындағы басқа елдермен байланыстары, соның ішінде көршілес жатқан ортазиялық мемлекеттермен қарым-қатынастары туралы да осы сарында, яғни қазақтар үшін өткен замандағы әлі де болса өз тәуелсіздігінен айырыла қоймаған Бұхара әмірлігі, Хиуа, Қоқан хандықтарымен қазақтардың терезесі тең дәрежеде сауда, достық қатынастарын аңсау басым болса, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей қазақтардың қиын жағдайын пайдаланып, бауырлас елдерден көмек іздеген қазақтарға екінші жақтан қысым көрсеткен Қоқан және Хиуа хандықтары билеушілерінің озбыр қылықтары да айтылады. Зар заман ақындарының шығармаларының тарихи құндылығы қазақтардың көршілес жатқан ортазиялық елдермен қарым-қатынастарының, олардың достық сипатта, сауда қатынастары болғандығын көрсететіндігінде.

Сұраққа жауап беру үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз

...