0 дауыс
1.1k көрілді
Асан қайғының толғауларындағы заман  мен кәзіргі заманды байланыстырып,ұқсас жерлерін табу керек болып тұр.Көмектесіңіздерші!!!

1 жауап

0 дауыс

Мақалада ХV ғасырда өмір сүрген көрнекті философ-утопист, ақын, дипломат Асан қайғы бидің өмірі мен қызметі суреттелген. Көне жырау Асан қайғының есімі көптеген түркі халықтарының аңыздары мен ертегілерінде кездесетіні көрсетілген. Халық арасында оның «қайғы», яғни қайғы- қасіретті, қайғылы, сормаңдай атанғандығы, айтылған. Асан қайғы қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жəнібекті қолдағаны, олардың кеңесшісі болғандығы, өз шығармаларында халық тағдыры, хан билігінің əділ болуын қалағандығы көрсетілген. Бытыраған қазақ ру-тайпаларының бірлігі, топтасуы идеясын көтерген алғашқылардың бірі болғандығы жəне оның бұл мұңы «Жерұйық» атты шығармасында жырланғаны дəлелденген. Асан қайғының рухқа толы еңбектері, ауызша əдеби шығармашылығы халықтың мұңы мен сенімдерін білдіретін бірден бір құралы болғандығы туралы қорытынды жасалған. 

Кіріспе

Кейінгі ұрпақ əулие танып, аты аңызға айналған, Шоқан Уəлиханов «көшпелілер философы» атаған Асан қайғы ХҮ ғасырда өмір сүрген. Өз заманының үлкен ойшылы болған.

Асан қайғы (Хасан Сəбитұлы) 1361–1370 жж. шамасында Еділ бойында туса керек. Қазақтың данышпан ақылгөй ақын-жырауы, өз дəуірінің бас биі Асан қайғы — Шыңғыс хан тұсында жасаған Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Майқы Алтын Орданың қырағы данышпан адамы болған. Бірнеше хандарды қолынан өткізген.

Қазақстан Ғылым академиясының Қолжазба қорындағы көптеген аңыздарды салыстырғанда мынаны аңғарамыз [1; 242]: Асанның əкесі — саятшы Сəбит, шешесі — Салиха, ал оның əйелінің аты Күлжазира-сұлу, баласы Абат батыр екені көрінеді. Асанның енді бір баласы Жетім Жаңалы атаныпты. Ол əз-Жəнібекпен бірге қалмақ хақында бірнеше жыл кепілдікте жүрген. Оның жетім атануы, асылы, ол Асанға өкіл бала боп кеткен аға, інілерінің баласы болса керек.

Асан жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен, болжап толғанумен боп, шерменде бола беріпті. Осыдан жұрт оны, «қайғы» деген лақап есім қосып, Асан қайғы деп атап кеткен.

Асанның (Хасанның) əкесі Сəбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Шежіре- аңыздардың айтуынша, ол ұзақ жасаған. Он сегіз мың ғаламның: құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел, əулие, атақты саясатшы болса керек. Ал баласы Асанды ес білгеннен осы қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тəрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқының қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да өз тұсындағы хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосады. Ой, пікір жарыстырып, тайталасып ер жетеді. Сол бозбала кезінен-ақ ақындық, жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, əдет-ғұрып мəселесін шешерде оның ақылдығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді.

Бұл жерде ерекше айта кететін жай, Асан қайғының нақты қай жылы, қай жерде өлгені əлі белгісіз. Бір мəліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді [2; 10]. Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асан қайғы Сарыарқада дүние салып, оған Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Ш. Уəлихановтың жазуында Асан Ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған.

Профессор Х. Сүйіншəлиев: «Қазіргі Ақтөбе облысының жерінде «Асан Ата» есімінде ескі бейіт бар. Оны халық Асан қайғының моласы деп қатты құрмет етеді. Бірақ ол мола анық осы Асан қайғынікі ме, əлде басқа біреудікі ме — мұның өзі əлі анықталмаған мəселе», — деп жазады. 

Ə. Əбілқайырқызы «Дала данышпаны» деген мақаласында: «Асан қайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асан қайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан Ата кесенесі «Жеті əулие» қорымында орналасқан» [4; 8], — деген дерек ұсынады.

Бұл пікірге академик Д. Кішібеков қосылады: «Асан қайғы кесенесі Шиелі жерінде деген пікірге қайта оралсақ, өзім сол жердің тумасы болғандықтан ба, əйтеуір оған əбден қосыламын... Айтарым, Асан қайғы Шиеліге келді ме? Əрине, қазақ халқына Жерұйық іздеген əулие мұнда келмеуі мүмкін емес. Өйткені Шиелі тұрмысқа қолайлы жерлерге жатады. Қазақта жабайы шие шыққан жерді əулие жер дейді. Шиелі — жабайы шие өте көп шыққан өңір. Шиелі атауы да сол жағдайдан туындаған. Шиелінің жері өте бай болған» [5; 5].

Ақынның қанша жасағаны да мəлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда оның жасы 120-да еді делінеді...

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ə. Сарай: «Асан қайғының туған, өлген жылдары туралы нақты дерек жоқ. Тек жүзге жетеқабыл ұзақ жасағаны күмəнсіз. Тарихи оқиғалар аясында топшылағанда, яки Жəнібек хан 1470–1474 жж. Еділ-Жайыққа ауғанда, оған кеңесші болуы, ұлы Абаттың Ноғайлыдағы тарихи уақиғаларға араласуы туралы басы ашық деректер негізінде Асан қайғы ХV ғасырды (1400–1500) бастан-аяқ жасаған сөз зергері екені анық аңдалады» [6; 5], — деп жазады.

Қазіргі таңда Асан қайғы туралы екі түрлі болжам бар. Бірі — оны аңыздардың жиынтығы ретіндегі бейне десе, екіншісі — Хасан Сəбитұлы — қазақ халқының мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ екендігі. Қазіргі ғалымдарымыз мен тарихшыларымыздың зерттеулері екінші болжамның дұрыстығына саяды. Себебі Асан қайғының қазақ жеріндегі Жерұйықты іздегенін, оның табаны тимеген жер біздің Отанымызда жоққа тəн екендігін өткен ғасырларда да ақын-жыраулар өз еңбектерінде айтып кеткен. Тіпті, Асан қайғы есімі туыстас халықтарға да (қарақалпақ, қырғыз, т.б.) кеңінен таныс.

Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас тарасты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді.

Асан қайғының Алтын Орда ханы Ұлық-Мұхаммедтің ықпалды билерінің бірі болуы

Атақты Берке хан (Жошының үшінші ұлы, Батудың інісі) дүниеден қайтқан соң (1266) Алтын Орданың тағына таласқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлық- Мұхаммед (Ұлұғ-Мұхаммед) болған.

Белгілі жазушы М. Мағауин өз еңбегінде: «Қазақ «Орманбет хан өлгенде, он сан ноғай бүлгенде» деп күй тартады. Халық аңыздарында қазақ-ноғайдың айырылуын Орманбет ханның есімімен байланыстырады. Тіпті Орманбет хан өлерінде айтқан екен деген бірер шумақ жыр да бар:

Таудан аққан бұлақтың Аяғы тартар теңізге, Санды айдаған бай болса — Қуанбай қоймас егізге, Жақсыдан туған жаманды Жамандай берме, жараңдар,

О да бір тартпай қалмас негізге.

Бұл Орманбетті қазақ шежіресі жəне кейбір зерттеушілер кəдімгі тарихтан белгілі Ұлұғ- Мұхаммед хан деп түсінеді» [8; 25], — деген пікірді алға тартады.

Ұлық-Мұхаммед — Алтын Орда ханы (1419–1420; 1427–1438), Тұқай Темірдің сегізінші ұрпағы, атақты Тоқтамыс ханның немересі. Хан тағы үшін бір мезгілде Мұхаммед есімді екі хан күрес жүргізгендіктен, жазба деректерде олардың бірін «Ұлұғ» — Үлкен, екіншісін «Кішік» — Кіші Мұхаммед деп атаған.

Асан қайғының ерен зор талантын ерте байқаған Ұлық-Мұхаммед оны өзіне ақылгөй бас би етіп, Сарайында ұстайды. Асан жырау сол Алтын Орда ханымен бірге ел басқаруға араласады.

Дала философы, ойшылы, ақыны, данышпаны, көріпкелі, абызы — сонау Алтын Орданың жер жүзін тітірентіп, жарты əлемді бауырына басып жатқан кезде-ақ, оның басына күн туатынын, əр түрлі ұлыс пен ұлттан құрылған алып мемлекеттің ыдырайтынын сол кезде-ақ білген сұңғыла саясатшы еді. Халық басына нəубет қайдан келетінін, отарлық кіріптарлыққа түспес үшін қандай қимыл қаракет жасау керек екенін алғаш көре білген сұңғыла көріпкел еді. Мысалы, ұлы жыраудың «Қырында киік жайлаған» атты тамаша толғауының [10; 25] мазмұнын ақтара қарап, сөз астарына ой жіберсек, өзара хандыққа таласып, қырқысып, елдің мазасын кетірген Алтын Орда хандарының əрекетіне наразылығын білдіргені көрінеді:

...Қырында киік жайлаған, Суында балық ойнаған, Оймауыттай тоғай егіннің Ойына келген асын жейтұғын, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің.

Ойыл деген ойынды, Отын тапсаң тойынды, Ойыл көздің жасы еді, Ойылда кеңес қылмадың, Ойылдан елді көшірдің. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген, Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге, Мұнда кеңес қылмадың.

Кеңестің түбі нараду,

Нəлет біздің жүріске, Еділ менен Жайықтың Бірін жазға жайласаң, Бірін қысқа қыстасаң, Ал қолыңды маларсың Алтын менен күміске!...

Бұл туынды елді сергелдеңге салған Алтын Орда хандарының қырықпышақ болып, өзара хандыққа таласып, ыдырау дəуірінде айтылған өлеңге ұқсайды.

Кішік-Мұхаммед Сарай қаласын басып алғандықтан, Ұлық-Мұхаммед Еділдің жоғарғы жағындағы бұлғар жеріне кетеді. Сол жақтан Қазан хандығын құрады.

Ұлық-Мұхаммед Ордадан қуылғанда Асан қайғы өз əміршісімен бірге кетеді. Көп ұзамай Қазанда билік құрған Ұлық-Мұхаммедтің ақылгөйлері қатарында болған ақын, хан өлген соң Дешті- Қыпшаққа қайтып оралады. Ол Əбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі.

Қазан хандығы құрылғанда Асан жыраудың жаңа Орданың ұраншы-абызы болуы

Дешті-Қыпшаққа қайта оралған Асан би 1450 жылдан бастап, Əбілқайыр хан қарауында билік құрады. Бұл кезде де ол көптеген хандық, билік тартыстардың қайнаған ортасында жүріп, өзінің шешендік, пəлсапалық жыр-толғауларымен ел құрметіне бөленеді. Керей, Жəнібек сұлтандар бастаған рулардың Əбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асан қайғы болады. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан жырау жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.

Асан қайғының Қазақ хандығы құрылған тұста жасы ұлғайған ақылман, абыз дəрежесіне жеткені мəлім. Ол Алтын Орданың ыдырауын, сондай-ақ Солтүстік Кавказға, Азауға (Азовқа), Қырымға дейінгі өлкелерді қамтыған Ноғайлы империясының да əлсіреп, «он сан ноғай бүлініп, ел айырыла», тоз-тоз бола бастауын қайғыра бастан кешті. Олардың орнында пайда болған хандықтар арасындағы бір-бірін əлсіреткен бітіспен соғыстар күшейіп келе жатқан орыс патшасының Солтүстік Кавказ бен Қазанды, Сібірді жаулап алу құлқын ұлғайтқанын көрді. Сарайда, Қазанда Ұлық-Мұхаммедтің пəрменді билерінің бірі бола жүріп, Қыпшақ жұрттарының біртұтастығын сақтап қалуға күш салды. 

Кемеңгер жырау ұлы Даланың негізгі аймағын, яғни орта ғасырлардағы Қазақ Даласы аумағын қолда ұстап қалудың бірден-бір жолы Керей мен Жəнібек хандар қуатымен жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын нығайтып, өрісін кеңейту екенін түсіне білді. Сондықтан да ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынды. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, əділет тұрғысынан шеше білді. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасады.

Асан қайғының Жəнібек ханға арналған көлемді толғауы

Белгілі ғалым Ə. Қоңыратбаев өзінің «Қазақ фольклорының тарихы» атты еңбегінде (1991 ж. жарыққа шыққан) Асан қайғы туралы тұжырымды қуаттайтын көптеген дерек келтіреді. Біріншіден,

«Асан қайғы өмір сүрген уақыт XV ғасыр болса керек» деген болжам айтады. Екіншіден, «əйгілі жырау, көшпелі елдің философы, халықтың мұңын білдіруші» жəне де Хафиз Таныштың жазбаларына сүйене отырып, Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп бағалайды. Бұл кітаптың тағы бір құнды тұсы, оның «Асан қайғы творчествосының негізгі идеясы — Қазақ хандығы тайпаларының бірлігі!» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткендігі. Осыған қарағанда, Асан қайғы бабамыз Алтын Орда кезіндегі Жəнібек хан емес (1342–1357) одан берірек Қазақ хандығын құрған Жəнібектің маңында болғаны байқалады. Шынында да, қазіргі біздің тарихи шығармаларымызда «Асан қайғы Сəбитұлы 1370 жылы туылып, 1466 жылы қайтыс болды. Қазақ хандығының негізін қалаған Жəнібек ханның замандасы əрі кеңесшісі болды» деген пікір қалыптасқан.

«Қазақстан тарихы: энциклопедиялық анықтамалық» деректері [9; 262–263] бойынша, Жəнібек хан (Əбу Сайд) XV ғ. басы — 1470 жж. арасында өмір сүрген. Ол — Шыңғыс ханнан тараған Орыс ханның ұрпағы, Барақ ханның кіші ұлы. 1457–1458 жж. немере туысы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған. Керей ханнан соң 1465–1470 жж. арасында қазақтың екінші ханы болады. Жəнібек ханның тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Жəнібек ханның артында тоғыз ұл қалып, оның ұрпағы ХІХ ғ. дейін Қазақ хандығын билеп келді.

Жəнібек қазақ əдебиетінде едəуір орын алған хан. Жəнібек туралы ауыз əдебиетінде Жиренше мен Қарашашқа, Асан қайғыға байланысты аңыздарда жиі ауызға алынады. Ол туралы ақын- жыраулар поэзиясында, əсіресе Асан қайғы шығармашылығында айтылады. Жəнібек хан бейнесі жазба əдебиетте белгілі орын алған. Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романында ол басты кейіпкер ретінде жан-жақты бейнеленген.

Жəнібек ханның тұсында (1465–1470) Асан əбден қартайып, тоқсаннан асса да, жырау туралы деректер мен халық əңгімелерінің бəрінде оны осы Жəнібек құрған жас хандықтық мұңын мұңдап, сол хандыққа қараған қазақ елінің жоғын жоқтаған жырау ретінде көрсетіледі.

Асанның «Жəнібекке айтқаны» деп аталатын 33 жолдан тұратын толғауы Əлкей Марғұлан материалдарынан алынып, «Ертедегі əдебиет нұсқалары» атты 1967 жылы жарық көрген жинаққа енгізілген. Кейін 1989 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» жинағының бірінші томына бұл толғаудың он бір жолы қысқартылып, жаңадан он алты жол қосылып, барлығы 39 жол болып, бұрынғы атауы алынып тасталғандықтан, шартты түрде «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің...» деген алғашқы жолының атауымен жаңа нұсқасы енгізілді.

Толғаудың бізге жеткенше жинаушылар қолында, əр басылымдарда шашылған бөліктері соңғы нұсқасында бас-аяғы жинақталып, композициялық құрылысы жағынан əрқайсысы ханға деген ренішті, белгілі бір ойды білдіретін, «мұны (оны) неге білмейсің?!» деген рефренмен аяқталатын жеті тирададан жəне жыр соңындағы қорытынды бөліктен тұратын, біршама қалыпқа түскен сыңайы баp [12; 194].

Асан қайғының Жəнібек ханға айтқан реніш, өкпе-наздарын рет-ретімен басынан бастап қарастыратын болсақ, мына жағдайларды аңғарамыз.

Біріншіден, алғашқы тирадада көрсетілгендей, айнала аңдыған жауы, «Шабылып жатқан халқы...» тұрғанда оларды көздеп көрмей, сауық-сайранға салынып, «қымыз ішіп қызаруы» сияқты бейқам жүріске барып, уақытын бос өткізуі, əрине, елбасының үлкен кемшілігі:

Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. 

Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып Мастанып, қызып терлейсің, Өзіңнен басқа хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?!

Оның үстіне, халық əр басқан қадамын аңдып отырған басшыға «Мастанып, қызып терлеп, елеуреп сөйлеу» əдептен озған жарастықсыз іс.

Екінші тирадада Жəнібек ханның қорған, қала салуға байланысты жыраудың айтқаны келтіріледі:

Қорған салдың бейнет қып, Қызметшің жатыр ішіп-жеп.

...Оны неге білмейсің?!

Жəнібектің орыс шеберлерін алдырып, кəуірге қала салдырғаны қарт жырауға ұнамайды.

«Қорған салған бейнетің» бос əурешілік болды, — деп, ханды бұндай іске бармауға шақырады.

Үшінші тирадада текті сақтау, төре тұқымынан шыққан хан-сұлтандардың қара халықтан шыққан əйелге үйленбеу тəртібі сөз болады:

Қатын алдың қарадан, Айрылдың хандық жорадан, Ел ұстайтын ұл таппас, Айрылар ата мұрадан!

Мұны неге білмейсің?!

Асанның пікірінше, Жəнібек ханның «Қарадан қатын алуы» ата-бабадан келе жатқан «Айрылып хандық жорадан» салтты бұзуы. Бұдан барып ғасырлар бойы сақталып келе жатқан генетикалық тек бұзылады, оның салдарынан мемлекеттік іске зияны келуі мүмкін. Себебі ондай əйел: «Ел ұстайтын ұл таппас», одан туған ұл қажырсыз, əлсіз жəне тағы басқа кемшіліктері болып, «Айрылар ата мұрадан!» — ең үлкен қауіп осы.

Толығырақ: https://articlekz.com/kk/article/15712

...