Қазақ тілі | 132k қаралды

Асан қайғы туралы шығарма.Эпиграф,жоспар(3 жоспардан аспау керек оның өлеңдерңнен),қорытынды бүгінгі өмірмен байланыстырып.

4 жауап

Асан қайғы ХV ғ. екінші жартысында Алтын Орданың ыдырау дәуірінде өмір сүрген. Қалың бұқараның қамын жеп, елінің болашағын ойлап, үнемі қайғы-мұңға батып жүргендіктен, халық оны «Асан қайғы» деп атап кеткен. Ол алдымен Сарайда, кейін Қазанда Ұлұғ- Мұхамедтің ықпалды билерінің бірі болған, кейін Дешті Қыпшаққа (қазақ даласына) қайтып оралып, Жәнібек, Керей хандардың ақылшы биі болған. Асанды Ш.Уалиханов «көшпенділер философы» деп атаған.Тарихтағы Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі туралы бізге жеткен деректер тым аз.

Асанның әкесінің аты — Саятшы Сәбит. Қазақ тарихшысы Құрманғали Халитұлының «Тауарих Хамса» атты кітабының айтуынша, Асан қайғы — Шыңғыс ханның замандасы ұлы Майқы бидің алтыншы ұрпағы. Майқы би — Шыңғыс ханның тарихтан белгілі әскербасыларының бірі Үйсін Майқы.

ХV ғ. өмір сүрген Асан қайғының адамдарды ынтымақ-бірлікке, достық-татулыққа шақыруы, елге жайлы қоныс іздеп, отырықшы, бейбіт тұрмыс-тіршілікті аңсауы сол кездегі заман талабынан туғаны түсінікті. Асанның бізге жеткен толғаулары түгел дерлік Әз Жәнібек ханға арнай айтылған. Халық аңыздарында Асан жайында «бұл қария қашан да ханға жағынбай, жарамсақтанбай тура сөйлеуші еді» делінеді. («Ай, хан, мен айтпасам білмейсің»)

Асан толғауларынан тек сол заманға тән кейбір суреттерді, қазақ халқының құралу дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғалардың елесін байқауға болады. «Асан қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», — деп жазады Б.Кенжебаев.

Әбілхайыр ханнан бөлінуге қарсы болмағанмен Асан атамекеннен ұзап кетуді қош көрмейді. («Қырында киік жайлаған») Жәнібек көшін тоқтатпақ болып көптеген толғаулар шығарады. («Жем бойында», «Еділ бол да, Жайық бол», «Жиделі Байсынға сапар»)

Асан қайғы көптеген нақыл-термелер, философиялық толғаулар шығарып елге танылған. («Құйрығы жоқ, жалы жоқ…», «Таза мінсіз асыл тас…»). Асанның біраз шығармаларының бізге үзінділері ғана жеткен. Өйткені автордың айтпағы адам тағдыры, ел қамы, оның болашағы.Сондықтан шағын ғана айтылғандарымен шектелмеуге тиіс.

Сондай-ақ, Асан қайғының «Тақырлауға қонған қаз, тырна», «Әділдіктің белгісі», «Көлде жүрген қоңыр қаз», «Ердің құны сөз емес» тәрізді шағын нақыл өлеңдері де асылдың сынығындай үзік нұсқалар деуге болады. Ел арасында Асан мен Ежен хан, Асанның қайғы атануы, оның жер туралы айтқандары туралы аңыздар өте көп.

Жақсы Жауап

АСАН ҚАЙҒЫ

Асан қайғының тағы бір ныспысы – Асан Ата 

Асан қайғының тағы бір ныспысы – Асан Ата, халық оны әулие тұтады, ерекше жаратылған жан деп есептейді. Алайда Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі жайында бізге жеткен деректер тым аз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде өлгені белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде, Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда, Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан «Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр» деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан – 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда «оның жасы 120-да еді» делінеді. Халық әңгімелерінде дана, ақылгөй адамның қашан да тұғырдан таюға айналған ақ сақалды қария етіліп көрсетілгені мәлім, сондықтан мұндай деректерді нақты деп қабылдай беруге де болмайды. Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз: Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлұғ-Мұхамедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол – егде тартып қалған адам. Соған қарағанда, Асан қайғының өмір сүрген дәуірі – XV ғасырдың іші. Тарихи Асан туралы біздің білетініміз осымен шектеледі. Алайда тағы бір Асан бар. Ол – халық қиялы тудырған аңыздар мен әңгімелердің геройы Асан. 

Асан қайғы

Тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асан 

Асан қайғы жайындағы толып жатқан аңыздардың нәр алған көзі – тарихи Асанның тірлігі мен кешкен өмірі. Алайда «Біз білетін, желмая мініп жер кезген данышпан қарттың шын Асанмен ортақ несі бар, тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асанның арасындағы қатыс қаншалық, бұлардың соңғысына қарап алғашқысының кейпін елес­тете аламыз ба?» деген мәселелерді шешу өте қиын. Әйткенмен, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Аңыз әңгіменің тарихтық адамды біржола өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды... Әрбір аңыз әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын кескінінің түбегейлі ерекшеліктері жүреді». Сондықтан халық аңызы жасаған Асан қайғының бейнесіне бажайлап қарасақ, белгілі дәрежеде тарихи Асанның кейпін де көруіміз хақ. Жұрт санасынан орын алған Асан – халық бақытын, ел тыныштығын ойлаған дана қария. Ай, ағамыз, ағамыз, Болдың бізге панамыз. Ноғайдың жетім-жесірін Қойдай айдап сен бақтың. Аш-арық болған ноғайға Пана болып, оларға Тамақ беріп, жем таптың! – дейді ер Тоған Асан қайғыға Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батырында». 

Ол қалай Қайғы атанды? 

Асан жайындағы аңыздардың енді бір алуаны – оның қалайша Қайғы атануына байланысты. «Сенің талайыңа су перісінің әмірі су сұлтанының қызы несіп болайын деп тұр екен, – дейді бал аштырған жас Асанға балгер. – Төрт үлкен өзен бар: күнбатыста Еділ, Жайық – екі су, оңтүстікте ұзын аққан Сырдария, шығыста өр Ертіс. Бәріне де қармақ сал, бірінен болмаса бірінен ілінер». Перінің қызы Асанның қармағына Ертістің басынан ілініпті. «Адамзаттан өзге бөлек түрі жоқ, сұлулықта міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы – сөйлесерге тілі жоқ». Біраз тұрмыс құрған соң, түсініспеушілік нәтижесінде шарттарын орындай алмаған Асанды тастап, қыз көкке ұшып кетеді. Ғашықтық азабынан Асан мұңды болып, сол себепті Қайғы атанған екен. Әрине, халық ұғымындағы Асанның қайғысының төркіні махаббаттан емес. Бұл бір зары адамды мұңға батырып, сарқылмас азапты ойдың тұңғиығына тартып кетер қаза күйі іспеттес нәрсе. Асан қайғысы – күнделікті өмірдің күйбеңі туғызған әдепкі, пенделік қайғы емес, адам атаулының қайғысынан мүлде өзгеше хал. Айтылмыш аңыздың бір нұсқасында Асанның өзінің асылы періден делінеді. Асан қайғы шын әулие болса, оның сүйегінде адамзаттық емес, құпия бірдеңе болуға тиіс. Тарихтан белгілі, кейбір адамдардың халық аңыздарында нұрдан, күн сәулесінен жаралған немесе перінің қызынан туған болып көрсетілетіні де сондықтан. Асан қайғысының түп себебі – перінің қызынан айырылудың зары деп ұғыну да – Асанды көтермелеудің, Асанға табынудың бір көрінісі, Асан қайғысының кәдімгі пенделік қайғы емес екендігін атап көрсетуге ұмтылудан туған құбылыс. Перінің қызы мен адамзаттың қосылуы, бірақ, асылы басқа болғандықтан тұрмыстарының ұзаққа созылмай, айырылысуы – қазақ фольклорында ескіден келе жатқан сюжет. Алайда айтылмыш аңызды осы кезбе сюжеттің тағы бір көрінісі деп қана қарауға болмайтын сияқты. Асан мен перизат жайындағы хикаяның Қазақстанның әр жерінен жазылып алынған оннан астам нұсқасы бар. Соның бәрінің өзегі – Асанның бақытсыз махаббаты. Егер халық түсінігі туғызған перінің қызын жай қызбен алмастырсақ, оқиға шындықтан онша алыс болмай шығады. Хикаяның алғашқыда Асан өміріндегі белгілі бір оқиғаға байланысты тууы ғажап емес. Уақыт оза келе ертегіге айналуы мүмкін. 
  
Асан қайғының «Жер үйекті» іздеуі 

Асан жайлы аңыздардың ең таңдаулысы – оның «Жер үйекті» іздеуі. Асан қайғы елдің кешіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, мекен еткен қоныстарын жерсінбейді; халықтың болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша, жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмақ бар, оның аты – «Жер үйек». Бұл – кісісі жүзге келмей өлмеген, малы екі қайтара төлдеген, елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін мекен. Бұл – шөбі шүйгін, суы мол, шаруаға жайлы қоныс. Адамы қайғы дегеннің, қастандық дегеннің не екенін білмейтін, «ертеңім не болады?» деп ойламайтын, елге ырыс жер. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тірлік кешеді, ел аласы жоқ, ағайын арасы тату. Бірліктің, ырыстың, бақ-дәулетті тыныш, бейбіт тұрмыстың белгісі ретінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды. Міне, осы жерге қоныстану керек. Бірақ оған жету оңай емес. Ұзақ, азапты сапарға жылдар бойы әзірлену керек. Мал төлден тыйылуға, ер төсегінен безінуге тиіс. Соншалық төзім, шыдамды бастан өткерген соң ғана «Жер үйекке» сапар шегуге болады. Жол ауыр: шөлстан бар, аптап ыстық бар. Соның бәріне сабырмен, шыдамдылықпен төзген, жолда кездесетін барлық қиыншылықтарды көтере алатын, бақыт дегеннің, бақытқа жету жолындағы күрес дегеннің не екенін білетін ел ғана «Жер үйекке» қоныстанбақ. Бірақ сол «Жер үйек» қайда? Мұны ешкім де айта алмайды. Малға жай, елге ырыс жер барын Асан өзінің ғайыптан болжайтын даналығының арқасында білді, енді сол мекенді өзі табуы керек. Сөйтіп, Асан қайғы мал біткеннің жүрдегі, әрі шыдамдысы – желмаяға мініп алып, төңіректің төрт бұрышын түгел кезеді. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Бірақ арман болған «Жер үйек» табылмайды. Халқына мәңгі еркіндік, тозбас бақыт сыйламақ Асан қайғы өксіп келіп Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден көшеді. Әлем фольклорындағы ең таңдаулы легендалардың бірі осылай ауыр күрсініспен, мұңды толғаныспен аяқталады. Алайда адам өмірінің қысқалығына, қазаға, сол арқылы жаратушы хақ тағаланың өзіне қарсылық білдірген Қорқыт жайындағы аңызды туғызған халық – өр, тәкаппар; «Үмітсіз – шайтан» деген мақалды шығарған халық ешқашан да болашақтан күдерін үзбейді. Қазаға шара жоқ-ақ шығар. Қобызының күйіне аждаһадан айбарлы ажалдың өзін ұйытқан Қорқыт та өлімнен қашып құтыла алмаған. Бірақ, осы өмірді, осы азғана өмірді тыныштықта, молшылықта, бақытта өткізу қалайша мүмкін емес?! Сондықтан «халық мұңын ойлаған данышпан Асан қайғы, ғайыпты болжай алатын сәуегей Асан Ата «Жер үйекті» таба алмапты» дегенге жұрттың сенгісі келмейді. Жоқ! Олай емес! Бұл – ақылға сыймайтын сөз. Шындығында, Асан қайғы «Жер үйекті» тапқан екен. Бірақ... бірақ, амал не, жұрт «ұзақ дайындыққа, жол азабына шыдай алмаймыз» деп қорқып, «Жер үйекке» бармай қойыпты. Шын ойға алған болса, «Жер үйекке» жету мүмкін екен, бірақ жұрт өзінің алауыздығын, ақылсыздығын, топастығын көрсетіпті, сөйтіп, данышпан Асан Ата жол бастап тұрғанда арман болған «Жер үйекке» қоныс аудара алмай қалыппыз. Аңыз тағы да мұңмен аяқталады. Бірақ бұл да соңы емес. Аңыздың енді бір нұсқалары былай жалғастырылады: сөйткенмен, Асан Қайғы бір топ елді ертіп әкеткен екен, олар «Жер үйекке» жетіпті; қазір сонда шат-шадыман тұрмыс кешіп жатыр-мыс. Тарихи Асан желмаяға мініп жер шалып, дәл аңыздағыдай жүре қоймаған болар. Бірақ, қиялдағы мекен – «Жер үйек», ондағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тіршілік кебі жайындағы аңыздың барлық нұсқасының Асан атымен байланыстырылуына селқос қарауға болмайды. Шоқан Асан қайғыны көшпенділердің философы деп, әрине, әншейін атай салмаған. Біздіңше, Асан қайғының адам баласы бақытты тұрмыс кешетін қиялдан туған мекен «Жер үйек» жайындағы ойларын баяндайтын көлемді шығармасы болғанға ұқсайды. Бұл туынды жыраулық толғау түрінде келді ме, әлде Томос Мордың «Утопиясы», Кампанелланың «Күн қаласы» сияқты үлгіде жазылды ма, – ол арасын ажыратып айту қиын. Ал бізге жеткен легенда – сол философиялық шығарманың кейбір жұқаналарының аңызға айналып кеткен түрі. Халық қиялы «Жер үйекті» Асанның өзіне іздетеді. Жер жайында «Асан айтты» деген сөздер Желмаяға мініп жер шалған Асан қайғы жолай кездескен жерлерге, жайлау, қыстауларға өз бағасын бере отырады. Қазақ арасында шүйделі қоныстарды былай қойғанда, ұсақ өзендер, кішкене төбешік, сай-сала жайында да «бұл туралы Асан қайғы солай депті» деген сөздер жиі айтылады. Асан шықпаған төбе, Асан түстенбеген бұлақ жоқ сияқты. Сондықтан «...Жер-сулар, қоныс-қыстаулар ­жайында Асан айтты деген сын сарап, барлау, болжау сөздердің көпшілігі – сол жерлерді бертінде келіп қоныстанған елдердің өз жерінің сырын, жайын түсініп, танып болған соң, көп тәжірибе жылдарынан соң Асан атынан қосқан өз шығармалары, өз сындары» деген М.Әуезов пікіріне қосылуға тиіспіз. 

Жер жайында «Асан айтты» деген сөздер тапқыр әрі көркем келеді 

 «Үш Алматы деген жер бар екен. Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей. Сол жерді қимадым», – депті Асан қайғы. Шымкент, Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар – малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар – баста береке болмайтұғын, базары жақын – байымас, мазары жақын – көбеймес», – деген екен. Семейтауды: Төс табаны төрт елі, Атан жүрер жер екен. Төсегінен түңілген Адам жүрер жер екен, – дейді. Асанның бұл реттегі сөздері бос мақалдау, жай тақпақ емес. Сөз етілмек қоныстардың малға, басқа жайлы-жайсыздығы айтылып, оның өзіндік ерекшеліктеріне дәл баға беріледі. Кейде жер аттарының шығуы да Асан есімімен байланыстырылады. «Шідерті» деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен, бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын жылқының жері екен», – деп... біраз жатқан екен. Сол себепті Шідерті атанған екен... «Түндікті» деген өзенді көргенде: «Он екі тұтам қазылық үй түндік, маңырап жатқан қой түндік, қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен» (деп) қимай артына үш қарағандықтан «Үшқара» атаныпты. Ерейментауды көргенде: «Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса – жылқы тұрмас, жылқы тұрса – ішіндегі құлын тұрмас ораздының жайлауы, жиырлының қыстауы екен, екі жағындағы ел бай болар да, қақ ортасын... қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бірімен-бірі төбелесетұғын кісі сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен», – дейді. «Терісаққанды» көргенде: «Уа, шіркін, Сары-Арқаның тұздығы екен; тек анда-санда обып қоятын жұты бар екен, бірақ артынан мал тез өсетін жер екен», – депті. Сары-Арқада небір шұрайлы жерлер болғанымен, аңыздың айтуынша, Асанға ешбірі ұнамапты. Өйткені Асанның іздегені – мал мыңғырып өсетін мінсіз, мүлтіксіз қоныс қана емес, жау қарысы жетпейтін мекен. Сондықтан Асан өзі көрген жерлердің қайсысынан болмасын мін табады. Асан сыны кейде тым ащы, аса өткір. Мәселен, Асан Шыңғыстауды көргенде былай депті-мыс: «Мына шіркіннің топырағы құтырған екен, оған шыққан шөп құтырады, оны жеген мал құтырады екен, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады екен; қаны үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен». Шыңғыстау қалмақтармен қақтығыстар мүлде дерлік тоқталып, қазақ – қазақ болғалы үзілмей келе жатқан сырт жаулармен ұрыс-соғыс бәсеңдеген кез – XVIII ғасырдың соңғы ширегінің өзінде найман мен тобықты руларының қақтығысының себепкері болды. Кейінірек патша өкіметінің тұсында да әртүрлі даулардың нәтижесінде туған ұрыс-қағыстар, руаралық керістер, өзімен көрші тайпалармен салыстырғанда, тобықты ішінде молырақ болған. Өзі тобықты Абай: «Елі бүлігі – тобықты», – деп әншейін айта салған жоқ. Жоғарыдағы «Асан айтты» деген сөз сол дәуірде шыққаны күмәнсіз. Және тобықтылардың өздері емес, көршілерінің шығарғаны. Осы ретпен айтылған сөздердің біразында кейбір жайлау қоныстары мүлде іске алғысыз етіліп көрсетіледі. Мәселен, Асан Баян Аула тауын көргенде: «Ат ерін алуға жарамайтын жер екен. Мына шіркінді жұрт қалай қоныс қылып отырған? Өзін бір көрген кісі «кәпір, сені желкемнің шұқыры көрсін» дейді екен», – депті-мыс. Баян Ауланы мекендеп отырған елдің өзінің мұндай сөзді айтпауы хақ. Алайда, жерге байланыс­ты Асан атына телінетін сөздердің бәрін де фольклорлық деп қарауға болмайтын сияқты. Қазақ хандығы XV ғасырдың орта шенінде Шу, Сарысу өзендерінің бойында құрылғаны мәлім. Жат өлкеден келген жұрт жаңа қонысқа, әрине, өз бағасын береді. Ондай сөздердің біразын елдің аузы дуалы қариясы Асан айтуы әбден мүмкін. Себепсіз құбылыс жоқ. Әу баста сондай бір түртпек болды демесек, қазақтың өзінің бар қонысына Асанға баға бергізуінің сырын түсіндіре алмас едік. Асанның Шу жөнінде айтқан сөзі: «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы қара қамыс, іші толы жолбарыс екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қыннан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен». Шуды жолбарысының көптігіне қарамай «пышағы қыннан суырылмайтұғын», яғни, тыныш, бейбіт жер екен деуінің мәні неде? Бізше, бұл сөздер сол кездегі тарихи оқиғалардан көрініс береді. Қазақ хандығын құраған рулардың атамекен Дәшті-Қыпшақтан кетуінің басты себебі – ондағы өзара қырқыс, күн сайынғы атыс-шабыс, Әбілқайыр мен Барақ ұрпақтарының арасындағы қақтығыс еді. Әбілқайыр ұлысынан кеткен соң қазақтар Моғолстанның батыс бөлігі Шу бойында біраз жыл бейбіт тұрмыс кешеді. «Мұнда олар тыныш өмір сүрді», – деп жазады Мұхаммед Хайдар «Тарихи Рашидиде». Әйелдің, яғни, ананың жат болуының да мәні бар: мұнда келгендердің көбінің туыстары сол Дәштіде қалып қойды, бүліншіліктің нәтижесінде қандас, рулас адамдардың аралары ажырады, қазақ болып бөлінгендер қиянға шығып кетті. «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен; қатыны семіз, ері арық, ел азғыны мұнда екен. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын жер екен», – депті Асан Қаратауды көргенде. Еділдің ен тоғайын, Жайықтың көк шалғынын жайлап келген ел жазы ыстық, орманы аз түстік өңірді өгейсіген, жерсінбеген тәрізді. Бұл сияқты жаңа қонысты ұнатпау, ескі атамекенді аңсау Асан толғауларында да бой көрсетеді. Яғни, жер жайында айтылған, Асан атына телінетін сөздердің кейбіреулерінің, шынында да, Асанның өзінікі екендігі байқалады. 

Асан қайғысы – ...ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы 

Асан мұңы – халық мұңы.

Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. «Тауарих хамсаның» авторы, өзі діндар Құрманғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы – бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі толмау бар. Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы. Сондықтан да өз толғауларында ол үнемі халық атынан сөйлейді. 

Жұлдыздар отбасы

Асанқайғы Сәбитұлы

XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ. Оның өмір сүрген тұсы қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Асанқайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. Асанқайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш. Уәлиханов, Г. П. Потанин, М. Ж. Көпеев, С. Сейфуллин, М. Әуезов т. б. айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру XIX ғасырдың соңында басталды.

Ол Алтын Орда хандығының негізін салған Ұлық Мұхаммедтің ең беделді кеңесшілерінің бірі болған. Шығыс Дешті-Қыпшақта өрбіген саяси күрес кезінде Әбілқайыр ханның қарсыластары Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар Керей мен Жәнібектің жағында болды.

Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған. Ш. Уәлиханов "көшпенділер философы" атаған. Асанқайғы жөнінде М. Әуезов былай деген: "Өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік, дерек береді".

Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде Асанқайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады.

Ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асанқайғы хан алдына өзінің "ымыраға келу теориясын" ұсынған. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, әділет тұрғысынан шеше білген. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасаған. Асанқайғы көшпенді халық тұрмысына жұт, табиғи апаттар көп нұсқан келтіретінін жете сезеді. Осыған орай Асанқайғының жанға жайлы, жері нулы, суы мол, барлық адамдар терезесі тең өмір сүретін "Жерұйықты" іздегені туралы аңыз да елге кең тараған. Асанқайғы "Жерұйық" адамдардың теңдігі мен бақытының мекені болуы тиіс деп санады. Жер бетіндегі адамзат адал болуы тиістігін ғибрат етті. Ол іздеген "Жерұйық" шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқының тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы. Елі мен жұртының болашағы туралы толғанған, тұла бойы ізгілікке толы, халқына Желмаясымен жер жанатын іздеген абызды халық Асанқайғы деп атаған. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген. Осы мақсатты көздеп ол сол хандыққа қазақ руларының түгелдей енуіне күш-жігерін жұмсаған.

Алты атанға жүк артып, жылы, жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады. Әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді.

Жыраудың толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады:

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып неге терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?

Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді: "Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?". Осы бейнелер арқылы орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегендік танытады.

Асанқайғы есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай т. б.) кеңінен тараған.

Асанқайғының философиялық дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді:

Этикалық дүниетаным ұлы жыраудың философиялық ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тән ерекшеліктерімен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды.

Поэтикалық зерде және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді. Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімінің растығы, қоршаған ортаны тану мәселелері Асанқайғы философиясының басты бағыттары.

Асанқайғы гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асанқайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақындық ойы мен жыраулық философиясы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы Асанқайғы есімін үстемдікке, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды.

Асанқайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асанқайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан ата кесенесі "Жеті әулие" қорымында.

Асанқайғы баба туралы апамнан естіген әңгімем.

Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам!» — деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да,  жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ — түбі тұрақты қала бола алмас», — деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» — дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», — депті. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», — депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», — деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.

Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар-ау!» — депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.

Осы күнгі Мерке ауданындағы Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» — деп жүріп кетіпті. Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде бір шулағаның болмаса, ну қамысың еліңді жұтқа бермес», — депті. Шудың аяғында Сарысу елі шөп жимай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен. Әулие-Атаның (қазіргі Тараз қаласы) шығысынан аққан Талас, батысынан аққан — Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» — деген екен. Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты, егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, кәдіріңді егін салған ел білер», — депті.

Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен, әр бұтаның түбінде кесек етің бар екен! Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» — депті. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас!» — деп жүріп кетіпті. Нарын — Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» — депті. Шыңғырлау өзенін көргенде, түсе қалып, Желмаясын оттатып: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» — деп, қонып кетіпті. Бірақ Асан ол кезде шұрайлы, қоныс, нулы өлке таба алмапты. Ол Ұлытау жаққа келіп өліпті.Осы әңгімені апам айтып отырушы еді, соны бүгін өздеріңмен бөліскім келді.

Ғалымдар зерттеуі

Оның өмір сүрген тұсы Алтын орда және қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Асанқайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздер болып табылады. Асанқайғының шығармаларын жинап, зерттеуменШ.Уәлиханов, Г.П.Потанин,М.Ж.Көпеев, С.Сейфуллин, М.Әуезов тағы басқа айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру ХЫХ ғасырдың соңында басталды.Асан Қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш. Уәлиханов) атанған Асан Қайғы «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М.Әуезов).

Өмір сүрген кезеңі

Асан Қайғы Сәбитұлы ХЫВ ғасырда ғұмыр кешкен, Алтын Орда, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған "дала философы", осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы-қасірет кешкен Асан атына кейін "қайғы" сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре-аңыздардың айтуынша Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, құстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саятшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен-ақ туған халқынын қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосысады, ой-пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен-ақ ол ақындық-жыраулық, шешендік, тапқырлық өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет-ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді. Әз Жәнібек (туған жылы 1342) Бүкіл Алаш жұртын билеген, Алтын Орда ханы Асан жырау сол Әз Жәнібекпен бірге талай-талай мәселелерді баскаруға, шешуге араласады. Әз Жәнібек өлген соң Асан би Дешті Қыпшаққа қайта оралады. Алайда ордадан бөлінген рулар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң, ел іргесі берік, ағайын арасы тату болуы жолында күреседі. Асанқайғы ең алдымен хандық үкіметті күшейту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажет деп санайды. "Әз Жәнібек ханды уақытша табысқа мастанып кеттің, қазақ халқының, Алтын Орда болашағын жете ойламайсың деп сөгеді".

Асанқайғы қойға қошқар, жылқыға айғыр салмай, бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жылға дейін ту қылып ауған екен. Мұнысы көшкен елге төл аяқ байлау болмасын дегені болар. Сол ауып бара жатқан бетінде Алтын Орданың ханы Әз Жәнібекке кез болыпты. Бұрын үш рет той жасап шакырғанда Асанқайғы бармаған екен. Ауып бара жатып кез болған соң, Әз Жәнібек айтыпты:

- Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей коңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні күздеуге қонар мезгілде, қараша: "Ханның бәйбішесі ханымды шақырып алып, осы құрт пен майдын алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғым болар. Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас" - дейді.

Ханымды үйіне шақырса, қарашаның үйіне кіріп шығуға намыс қылып керіліп, "әне барамын, міне барамын" деп ақыры бармапты. "Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз" деп әлгі байқұстар ханымды сарғайып күтіп көп уақыт көшпей отырып калыпты. Күндердің күнінде ханым келе жатса, ханның кісі алатын бурасы оны қуыпты. Ханым сасқанынан, қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айткан екен:

Шақырса келмес ханымды,

Бура қуып келтірді.

Қалжы-бұлжы дегізбей,

Тура қуып келтірді.

Бастай көр қатын құртыңды,

Сала көр қатын майыңды, - депті. Сол айтқандай, үш рет тойыма шақырдым, келмедің. Ақыры қадірсіз, аяқсыз келдің-ау Асаным!

- Рас айтасың, Әз Жәнібегім. Ойың ұрғашыға ауған екен, - дейді Асан-қайғы. - Өз бойымдағы ағат ісіңе ие бола алмаған жан едің. Сондықтан айтып отырсың, сен өзің неге той қылдың, білесің бе? Бірінші рет той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші рет той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Оған несіне келейін, — деп Асан жырлап кетті:

- Ай, Жәнібек хан!

Айтпасам білмейсің.

Жайылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Өзеуреп неге сөйлейсің?

Қорған салдың бейнет қып,

Қызметшің жатыр ішіп-жеп.

Он сан ноғай бүлінді,

Мұны неге білмейсің?

Қатын алдың қарадан,

Айрылдың хандық жорадан.

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан.

Мұны неге білмейсің?

Құладың құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүні түледі.

Аққу құстың төресі,

Ен жайлап көлде жүр еді.

Аңдысып жүрген көп дұшпан,

Еліңе жау боп келеді.

Құлың кеп сені өлтірер,

Осыны Асан біледі.

Мұны неге білмейсің?

Осыны көрдім түсімде,

Біл десе де білмейсің.

Ей, Жәнібек, ойласаң...

Қилы-қилы заман болмай ма,

Суда жүрген ақ шортан,

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің?

Айтқан тілді алмасаң,

Енді мені көрмейсің!

Асанқайғының айтқанына басын шұлғығаннан басқа хан дәнеме демепті. Сол жолы екеуі дос болып, жалғыз жетім Жәнәліні сұрап алып қалыпты. Сол Жәнібек хан тұсында Қаратау атырабымен Түркістан тәңірегіне жан- жақтан анталаған көз тігушілер көбейеді. Шығыстан монғолдар, батыстан Әбілқайыр тұқымдары Түркістандағы өмірін жүргізіп, сауда-саттықты өркендетпек болады.

Бұл кезде Сарайшықта отырған Жәнібек хан Еділ, Жайықты, Жем, Ойылды тастап Түркістанға қарай үдере көшіп, қоныс аударады. Сонда Жәнібектін бұл әрекетін Асан би жақтырмай, оған былай деп сын айтады:

Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай елінің,

Ойына келген асын жейтұғын,

Жемнен де елді көшірдің,

Ойыл деген ойыңды,

Отын тапсаң тойынды,

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың.

Ойылдан елді көшірдің,

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген,

Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген.

Еділ деген қиянға,

Еңкейіп келдің тар жерге.

Мұнда кеңес қылмасаң,

Кеңестің түбі нараду...

Ақылды белден алдырдың,

Көңілді жаман қалдырың...

Нәлет біздің жүріске!

Еділ менен Жайықтың,

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал, қолыңды маларсың,

Алтын менен күміске!

 

Жәнібек ханға тілін алдыра алмаған Асан би Түркістанға қарай қаптап келе жатқан көш алдынан шығып, ондағы игі жақсы жасы үлкен қарияларға би, байларға бұрылып тағы мынадай ақыл-нақыл айтыпты:

Еділ бол да, Жайық бол,

Ешкімменен ұрыспа.

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа.

Ердің құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа.

Ақың болса біреуде,

Айыбын тап та ала бер.

Ерегісіп ұрыспа!

Сенікі жөн болса да,

Алтын шықпас дұрысқа.

Өзіңе біреу тимесе,

Кейін қарай жылыста.

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтып жуыспа,

Тәуір көрген кісіңмен,

Жалған айтып суыспа.

Өлетұған тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Жөнге баспай тырысып,

Орынсыз жерде жем болма.

Ашу-дұшпан, артынан,

Түсіп кетсең қайтесің,

Түбі терең қуысқа!

Асан ата мұндай ақыл-нақыл, толғауды Әбілқайыр ханға да талай рет айтыпты. Бір жолы Әбілқайыр хан ұзақ сапар шегіп, жер шолып қайткан Асан абыздан:

- Асан ата, Көкше жағы қандай екен, ордамды сол жаққа көшірсем калай болады? - деп сұрапты. Сонда Асан би:

- Қайда көшем десе ханның ықтияры ғой, бірақ мен көрген Көкше:

Төс табаны төрт елі,

Атан жүрер жер екен.

Төсегінен түңілген,

Адам сүрер жер екен...

- депті. Бір жазда Әбілқайыр хан өзінің Маңғыт деген әйелінен туған тұңғыш ұлы қайтыс болып, ас береді. Бұл ұлан-асыр ас Ұлытау мен Ақкөл аралығындағы көк орай шалғынды кең далада өтеді. Асқа аяқ жетер атыраптан көп халық жиналады. Ханды құрмет тұтқан жер-жердегі бай, бектер, сұлтан, билер бірінен бірі асыра тарту-таралғысымен артынып-тартанып жетеді. Ас бірнеше күнге созылады. Ат жарыс, бәйге, көкпар, күрес дейсің бе, әйтеуір қазақ дәстүрінде бар барлық салт-сана, ойын-сауықтың бәрі өтеді. Ақындар айтысады, күйшілер күй шертеді, әншілер ән салады. Хан сол бір асты өзінің ақылгөй абызы сарай жырауы Асанқайғыға басқартады. Бірнеше күнге созылған осы жиынды Асан жырау:

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас,

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады, -деп бастаған екен дейді ел. Осы ас өтерден бірер жыл бұрын Асанқайғы жырау халқынын болашақ қамы үшін қазақтың кең дала, қаласын шарлап, "Жерұйықты" іздеп оралған екен. Оны көптен бері көрмей, аталық ақыл, өсиетін тыңдай алмай, сағынып аңсап жүрген ел-жүрты сөз иіні келген кезде өздерінің сұрақ, өтініштерін тұс-тұсынан жаудырыпты. Біреулер: "Қалай еткенде елге әділдік орнайды?" дегенде ол:

Әділдіктің белгісі,

Біле тұра бұрмаса.

Ақылдының белгісі,

Өткен істі қумаса.

Жамандардың белгісі,

Жауға қарсы тұрмаса;

Залымдардың белгісі,

Бейбіттің малын ұрласа.

Надандардың белгісі,

Білгеннің тілін алмаса.

Шамаңша шалқып көре бер,

Қабірге әзір қоймаса.

Артыңда қалар атақ жоқ,

Тіріде данқың болмаса,-деп термелепті. Енді бірі "Не жетіспейді, не ғаріп?" деп сұрапты. Сонда қарт абыз:

Бұ заманда не ғаріп?

Ақ қал алы боз ғаріп.

Жақсыларға айтпаған,

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса,

Қария болар шын ғаріп.

Қадірін жеңге білмесе,

Бойға жеткен қыз ғаріп.

Ел жағалай қонбаса;

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз, үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп.

Мүритін тауып алмаса,

Азғын болса пір ғаріп.

Ата жұрты бұқара

Өз қолында болмаса,

Қанша жақсы болса да,

Қайратты туған ер ғаріп.

Ғалымды хатим еткендер,

Мақсатына жеткендер,

Жас кәрілер отырып,

Алдынан сабақ алмаса,

Қарамаса жүзіне,

Ғалым да болса ол ғаріп, -деп толғаныпты. Асанқайғы жырау осы ойын тағы да әрмен жалғастыра түсіп, айнала тәңіректеп отырған бай, би, төрелерге қарата мына сөзді айтыпты:

Ердің құны сөз емес,

Есебін тапқан сабазға.

Төрден орын тимейді,

Патша болсын малы азға.

Мойнын бұрып сөз айтпас,

Көңілі қалған аразға.

Атадан жауып айтпаңыз.

Алғаным асыл ару деп,

Күн шығарып жатпаңыз.

Атамның малы көп-ті деп,

Атты басқа тартпаңыз.

Есенінде, тіріде

Бір болыңыз бәріңіз.

Ақыретке барғанда,

Хақ қасында тұрғанда,

Қыдырдың өзі болғай жарыңыз.

Асан абыз кідіріп, сөл тыныстай бергенде, Әбілкайыр хан сөз бастап кетеді. Ол өзімен тұстас кейбір хандарды, бектерді, би-батырларды мінеп, өзін олардан зор санағандай сынай танытады. Өз қол астындағы бірқатар бай, шонжарларга, ауыл ақсақалдарына риза еместігін білдіреді. Өзіне де, өз қолы жеткен табыстарында місе тұтпағандай пиғыл танытады. Ханның осындай көзқарас, пікір, ойларын манадан бері көзін жұмып, міз бақпай тыңдап отырған Асан ата, енді басын көтеріп, ханға тіке қарайды да былай деп толғай жөнеледі:

Есті көрсең кем деме,

Бәрі тұйғын табылмас.

Қарындасың жамандап,

Өзіңе туған табылмас.

Адам әзіз айтар деп,

Көңілінді салмағын.

Нәпсі алдаушы дұшпаның,

Насихатын алмағын.

Бақыты оянған ерлердің,

Әрбір ісі оң болар.

Дәулеті күнге артылып,

Не қылса да мол болар.

Тазылары түлкі алып.

Қаршығасы қаз іліп.

Сөз сөйлесе жөн болар.

Не десе де жарасар.

"Бай", "байсың" деп ат қойып,

Ел аузына қарасар.

Арғымаққа міндім деп,

Артқы топтан адаспа!

Күнінде өзім болдым деп,

Кең пейілге таласпа!

Артык үшін айтысып,

Достарыңмен санаспа!

Ғылымым жұрттан асты деп,

Кеңессіз сөз бастама!

Жеңемін деп біреуді,

Өтірік сөзбен костама!

Сара жолдан жаңылған.

Ханға зират қазылмас,

Сөгілгелі тұр қабырғаң,

Кеселің бар жазылмас,

Тарқат ханым шеріңді,

Намазыңа асыкпа.

Құрыштан берік елімді,

Алауыздыкпен жасытпа!

Біреу өсірген қауынды,

Тұрсың босқа жарғалы.

Досыңнан іздеп жауыңды,

Тұрсың жалғыз қалғалы.

Үмыттың қазақ даласын,

Ұлғайттың жанды жарасын,

Бір атаның баласын,

Екіге бөліп барасын,

Жолын ханым талпасаң,

Бүлінеді барлық жұрт.

Таң боп қайта атпасаң,

Басқалы тұр қара бұлт...

Бұл сөз Асанқайғы бидің көптен бері ханға айтуға реті келмей жүрген іш құса ыза толғауы еді. Осы бір ащы, уытты сөз өңменіне қадалған оқтай болған Әбілқайыр хан "намаз уақтысы өтіп бара жатыр екен ғой" деп сылтауратып отырған орнынан тұрып, далаға шығып кетеді. Асан ата да, өзге отырған ел басшы игі жақсылар да ханның "намазды" сылтау қылып, сыртқа шыққанын іштерінен сезеді, сезсе де сыр білдірмегенсиді. Ал, көмейіне лықсып келген ойын бүкпесіз, бетке тіке айтатын Асан би сөзін былайша жалғастыра түсіпті дейді:

Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсің?

Қырда жүрген дуадақ,

Су қадірін не білсін?

Көшіп-қонып жүрмеген,

Жер қадірін не білсін?

Көшсе кона білмеген,

Қонса көше білмеген,

Ақылына көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін?

"...Халқының болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін ұжмақ бар, оның аты - "Жерұйық". Бұл елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін, шөбі шүйгін, суы мол қоныс. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тіршілік кешеді, ел ал асы, ру таласы жоқ. Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген, Асанкайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады". Ертісті көргенде: "Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отрымас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер екен", - депті. Түндікті өзенін көргенде: "Он екі қазылық Ой Түндік, маңырап жатқан қой Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен", - деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан "Үш кара" атанған екен таудың аты. Қызылтауға келгенде: "Тау-тасы кеш болганда қой болып ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен", - депті. Баянауыл тауын көргенде: "Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар, ол тұзы ауыр екен; бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен", - депті. Сарысуды кешіп өтерде: "Мына шіркіннің екі жағы борбас екен. Баланың іші қуырылмайтын, пышағы қыннан суырылмайтын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен", - депті. Қаратауды көргенде: "Көкектен басқа құсы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ, жер азғыны мұнда екен", - депті. Ащы бойына келгенде, артына қарап: "А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, Ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен", - депті. Шідерті өзенін көргенде: "Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Жылқы шідерлеп койғанда тоқтайтын, жылқынын қонысы екен", - депті. Өлеңті өзенін көргенде: "Тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. Аз тұрып: "Өлеңтінің суы - май, Шідертінің шөбі - май", - деп жүре беріпті. Сілентіден өтіп Жалаңаштын тұсына барғанда: "Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің", - депті. Есіл өзенін көргенде: "Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен", - депті. Торғай өзенің көргенде: "Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен", - депті. Терісаққан өзенін көргенде: "Сарыарқаның тұздығы екен", - депті. Сулы Келес, Құрлы Келес өзендерін көргенде: "Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін кара! Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен".

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерін-ай,

Ағайының аралас,

Тату екен елің-ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім-ай,

Сыймаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім-ай! -

 

депті. Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: "Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің", - депті.

- Ерейментауына қарап тұрып "Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде кұлын тұрмас... панасы жоқ сары дала сықылды тау екен" дейді.

- Қарақойын - Қашырлы деген жерге келгенде "Бауырында бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе жылқы үзілмейтін жер екен" деп ескертеді. Бұл жерде бір үлкен көл бар екен, көлге жазда ыстықтап, қыста ықтап келіп түскен жылқы батып кететін түбі батпақ - құян болса керек".

- Батыста Асанқайғы Маңғыстауға үш барып, үш кайтыпты. Екі баласы: "Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?" - деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: "Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас" - деген екен.

- Шыңғырлауды көргенде: "Ай Шыңғырлау жылқы өзі өскен жоқ Шыңғырлау сен өсірдің" - деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: "Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап қунап кетейік", - депті.

- Жуалының қара топырақты, қыртысы құнарлы жерін көргенде: "жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер" дейді.

Шу өзенін көргенде: "Ей, Шу, атыңды теріс койыпты... мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес" депті. Сыр бойын көргенде: "Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен", - депті. Ақмешіт тұсындағы (Қызылорда) жерді көргенде: "Ей Акмешіт жерің шаң екен, суың жар екен. Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол" - деп ескертіпті. Осы күнгі Мерке жеріндегі Аспараны көргенде "Ей Аспара көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер" деп жүріп кетіпті. Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: "Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жок, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола қоймас" - деген екен. Сайрам, Шымкент маңын аралағанда Асан әулие айтыпты:

- Екі бассаң - бір базар

Саудасы кызған жер екен.

Екі бассаң - бір мазар

Молдасы азған ел екен -

депті. Сөйтіп, Асан туралы аңыз "шұрайлы қоныс, нұрлы өлке - Жерұйықты таба алмапты" дейді. Ол туған жерін аттап кетпейді. Жиделібайсынды бөтен елден іздемейді, қазақ топырағынан іздейді.[3]

Толғаулары

Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады («Қымыз ішіп қызарып, мастанып неге терлейсің, өзіңнен басқа хан жоқтай елеуреп неге сөйлейсің?»). Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді («Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан, Қарағай басын шалмай ма?»). Асан Қайғы осы «ақ шортан» мен «қарағай» бейнесін келесі бір толғауында кеңірек ашып, орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып, көрегенділік танытады. Халық басына төнген бұл қауіптің зардабын, оның немен тынатынын да дәл болжайды («Ол күнде қарындастан қайыр кетер, Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер, Ұлы, қызың орысқа бодан болып, Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер?»). Асан Қайғы Қаласының жыр, толғаулары негізінен үлгі-өсиет, мақал-мәтел іспеттес болып құрылады. Жырау ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады («өлетұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа»). Түсіністікпен үйлесімді өмір сүру үшін әр адам өзін-өзі жетілдіруі қажет, ізгілікті болу – бүкіл адамзат атаулының бәріне ортақ дейтін гуманистік тұжырым жырау шығармашылығының негізгі арқауы («Әділдіктің белгісі, біле тұра бұрмасауыл Ақылдының белгісі, өткен істі қумасауыл Жамандардың белгісі, жауға қарсы тұрмасауыл..»). Енді бір алуан жырлары тұрмыста түйген ой-тұжырым, болжау түрінде келеді («Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?»). Асан Қайғы есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай тағы басқа) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғарыдағыдай философия және психология мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше.

Философия дүниетанымы

Асан Қайғы Қаласының философия дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді:

этикалық дүниетаным – ұлы жыраудың философия ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шығыс өркениетіне тән ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды.[5]

Поэтикалық зерде және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді. Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері Асан Қайғы философиясының басты бағыттары.

Асан Қайғы гуманизмі, адамға деген сүйіс пеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан Қайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақындық ойы мен жыраулық философиясы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында Асан Қайғы есімін үстемдікке, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды. Асан Қайғы Оқшы ата қорымына жерленіп, басына кесене тұрғызылған.

Асанқайғының нақ жерленген жері белгісіз. Екі дерек бар: біріншісі бойынша, Жезқазған облысының Ұлытау ауданында, ал екіншісі бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Шиелі ауылынан 16 шақырым жерде жерленген екен. Асанқайғыға арнап жасалған ескерткіш Асан ата кесенесі "Жеті әулие" қорымында.

Вторая мироваю война воисхадила
125,567 сұрақ
316,958 жауап
153,268 пікір
70,870 қолданушы