0 дауыс
14.5k көрілді

Қазақ жері тақырыбында шағын шығарма тауып бере аласыздарма. Ішінде сан есім молырақ болса өтініш тездетіп тауып беріңіздерші

2 жауап

0 дауыс

Бабалар жері

Қазақстан дейтін менің бар жерім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл  даланы анам анам жаспен суарған,

Бұл  далада атам қолға ту алған.

Бұд далаға жылап келіп, уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

Қ. Аманжолов

Әр адамның кіндік қаны талған туып-өскен жері болады. Ол – Отан. «Отан-  оттан да ыстық »- дейді халқымыз. Адам үшін ең жақын,ең қымбат адам бар. Ол-Ана. Біз Отанды анаға теңеп, Отан- Ана дейміз.Бізге өмір сыйлаған анамыз, қандай қымбат болса ,топырағын басып,ауасын жұтып,суын ішіп отырған Отан да сондай қымбат. Ана десе , Отан десе толқымайтын көніл тебіренбейтін жүрек болмайды . Сондықтан ақындар ана туралы,Отан туралы тебіресе жырлайды.

Жер бетіндегі қай халық болмасың  еркіндікті ,бостандықты арман етеді. Сол еркіндік үшін  жанын да аямайды.

Біз жеріміз кең-байтақ деп мақтан етеміз. Осы қазақ жерін талай ғасырлар  бойы ат үстінен түспей,найзаның ұшымен , қылықтың жүзімен,білектін күнімен , көзінің қарашығылдай  қорғап, ешқандай жауға  бермей  қорғапи сақтаған  бабалар  алдында бүгінгі ұрпақ –біз арқашан  қарыздармыз.  Қазақ халқының  басынан талай  қиыншылықтар өтті. Бірақ өр міңезді, намысшыл  бабаларымыз ешбір жаудан тайсалмады. Қасықтай қандары  қалғамша туған жерлерін қорғай білді. Бабаларымыздан аманат боп жеткен ұлтарықтай жерімізді қорғау,аялау,сақтау әрбіреуіміздің борышымыз.

Отанға деген махаббатты тек  қана шайқаста көрсету тиіс емес . Отанға деген махаббатты бейбіт өмірде де көруге болады. 

Тағдырынды тамырсыздың індетінен қалқала,

Әр адамда өз анасынан басқа да

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері-түп қазығы айбыны,

Туған тілі-сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр,салт-санасы-тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі,

Және туған тарихы, еске алуға қаншама,

Ауыр, әрі қасіретті болса да деп  Мухтар Шаханов тебіренгедей әр адамның осы төрт анасын қорғайтын-Тәуелсіздік,еркіндік. Ата жұрт үшінөр мінезді халқымыз талай боздақтырынан айрылды.Жерін, елін қорғау үшін  қаншама асылдарымыз  құрбан болды. Елім-ай  деп еңіренген Қабанбай,Бөгенбай,Наурызбай,Жәнібек,Ағыбай,Райымбек,Баян батырлар халқының  ұранына айналды. Оданг кейін бұғаудан шығамыз деп қылыш  сермеген Махамбет, Исатай,Кенесары,Амангелді сияқты боздақтар армандарына жете алмай қапыда кетті.

1986 жылғы 16  желтоқсан  оқиғасы азаттық  үшін  күрестің ең соңғы нүктесі  болды. Қайрат,Ляззат сияқты жастарымыз азаттың  жолындағы соңғы  құрбандары болды.

«Аққусыз көл жетім,басшысыз ел жетім»-дейді біздің дана халқымыз  1991 жылы 1 желтоқсанда бүкіл халақтақ сайлауда Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Осы жылы 16 желтоқсанда халқымыздың ежелден аңсаған Тәуелсіздігін  жарияладық. Қазақ тілі – ана тіліміз мемлееттік мәртебе алды. Осының бәрі Қазақстаның биіктен қыран құстай  самғауының дәлелі.Келешекте Қазақстан 50 дамыған едердің қатарында болады деп сенемін.

Міне, бүгін көп аспанда туымыз жебіріеп ,ән ұранмыз асқақтаған,тәуелсіздік  тұғырында беріп  тұрған  егеменді елміз.

Біз еркін елдін жас құрандары бабалар  сыйлаған бақытты  баянды етіп,егеменді,Тәуелсіз еліміз-өріңеңсесін биік көтеріп,білім жолын құып,Тәуелсіздік  тізгінін  ұстаған  тұңғыш Президентіміз  Н.Ә.Назарбаевпен  бірге  келешекте еліміздің  терезесін  әлемнің басқа елдерімен тең ұстап , бір тұдың астына  жиналған  біртутас елжігімізден  айырылмайық.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығын  тойлағалы отырмыз. Осы өткен 20 жыл уақыт ішінде еліміз көптеген  жетістіктерге жетті. Қазақстанды бүгін әлем елдерді таныды. Қазақ халқы егемендіктің арқасында  өз еркімен  Сарыарқаның  төрінен астанасын сайлады.  Бірқатар беделді ұйымдарға мүше болды.Қазақстаның өзінің төл теңгесі бар.

Өткен жылы Астана қаласына шақырылған Саммит –Қазақстанның үлкен жеңісі.Қазақстан Саммит шақырушы, әрі төрағалық ел болып отыр.56 мемлекет  енетін сурападағ қауіпсіздік  жіне ыңтымақтыстық ұйымына  біздің елдің төрағалық  етуі әлем алдында еліміздің абыройын арттырып,келешектегі дамуына үлкен үлес қосылды деп сенемін.

Одан соң Алматы, Астана қалаларында өткен жетінші қысқы Азияда ойындары. Көптеген жерлестеріміз жүеделі  орындарға ие болып,бірінші орын алып, Қазақстан мерейін көтерді.

Осы жеңістердің  бәрінде бабалар үлесі бар  екенін ұмытпай,оларға  бас иеміз.Қасиетті бабалар  жерінің киесін ұмытпайық. Бабалар аманат еткен Қазақстаның кең-байтақ даласын бізде сақтап келер ұрпаққа табыс ететіп.

Көк аспан астында көп байрағымыз желбірген, әңұранымыз әуелеп асқақтай  берсін.Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Пай!Пай!Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер.

Тұлпарлар  дүбірлеп төккен жер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер.

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскен топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!

Мұқағали Мақатаев.

 Құдайбергенова Камила 9-сынып

0 дауыс
Көшпелілердің тұрмыс-тіршілігіндегі төрт түлкі малдың рөлі турасында

КІРІСПЕ

Дешті Қыпшақ көшпенділерінің негізгі кәсібі жайылымдық мал шаруашылығы болды. Осы арада мына бір жайтты айта кеткен орынды: орыстың «кочевник» (шығыстану термині) деген сөзі түркінің көш-көшу, қоныс аудару, сондай-ақ соғыс қимылдары кезіндегі қосынның тұрағы және бір тұрақтан екіншісіне орын ауыстыру деген мағынадағы сөзінен шыққан.

Жорықтық жүрістің тәуліктік нормасы шамамен жиырма бес – отыз километрге тең. Ортағасырлық мұсылман деректемелерінде мына тақылеттес ұғымдарды ұштастыруға болады: «қосынның орталығынан (ордадан) екі асу (көш) жерде анау бар, мынау бар; біз суыт жүріп отырып сол күні үш асу (көш) жер астық және тағы басқа».

Көшетмек, көшпек – қоныс ауыстыру, көшу. Тиісінше көшебе – көшпенді, номад (бұл көшпенділердің ежелгі грекше аталымы). Петербург ғалымы Анатолий Алексеевич Алексеевтің (Пушкин Үйі) өз зерттеулерінде атап көрсеткеніндей, «мал өсіруші», «малөсірушілік» деген секілді құрылмалар және осыған ұқсас мағына білдіретін орыс сөздері орыс тілінде алғаш рет тек XVIII ғасырда Тредиаковскийде және Радищевте келіп шыққан.

Түркінің көшебе деген сөзінің орыстың «кочевник» деген сөзіне айналғанына біз әсте таңданбауға тиіспіз. Шығыс славяндар мен Ұлы Дала түркілерінің талай ғасырлар бойғы қарым-қатынасы бұл халықтардың өмірінде елеулі із қалдырды. Ортақ түркі-славян, ал дәлірек айтқанда, мұсылман-славян лексикасының молдығы ғылымда жақсы мәлім факт. Мен ондаған ортақ сөздер мен шығу тегі шығыстық бірқатар орыс фамилияларын ғана келтіре кетейін.

Арбуз, атаман, арқан, бакалавр, бүркіт, боран, арба, болван, вахта, казна, қарауыл, кафтан, кинжал, купол, курган, деньги, магазин, каторга, кабала, кибитка, киоск, карандаш, кисет, кистень, очаг, папаха, кепка, табун, тариф, телега, топор, тесьма, товар, карта, куртка, торба, тир, туман, халат, шаль, шатер, чулки, диван, капкан, лачуга, серьга, тулуп, шалаш, утюг, чек сөздері.

Ал шыққан тегі шығыстық бірнеше атақты орыс фамилиялары мынадай: Булгаков, Бухарин, Баскаков, Шеремет, Апраксин, Салтыков, Тургенев, Карамзин, Шарапов, Тимирязев, Чапаев, Колчак және басқалар. Атап айтқанда, түркінің қалшақ деген сөзі (қысқартылған нысана – қалша) «сан» дегенді білдіреді.

ӘЙТСЕ ДЕ ДЕШТІ ҚЫПШАҚҚА ОРАЛАЙЫҚ

Мал, көшпенділердің басты байлығы, оларға ішіп-жем тамақ, киер киім және баспана болды, сондай-ақ көлік болып қызмет етті. Ол сондай-ақ көрші халықтардан ең қажетті заттарды айырбастап алатын құрал да болды. Көшпенділердің өмірінде малдың мән-маңызын Ш.Ш.Уәлихановтан асырып анық айтуға болмайтын да шығар, ол былай деп жазды: «Көшпенді дала адамының ішіп-жемі де, киер киімі де малдан, ол үшін мал өзінің аман-тыныштығынан да қымбат. Қазақтардың алғашқы амандасуы мал-жан аман ба деп басталады. Жаннан ілгері малының амандығын сұрап-білу көшпенділердің тұрмыс-тіршілігін талай бет арнап сипаттағаннан гөрі неғұрлым анық білдіреді».

Ал Еуразия көшпенділерінің елі туралы біз аңғарғыш та пайымдағыш Ибн Рузбиханның шығармасынан былай дегенін оқимыз. Қыпшақ даласының кереметтігін сипаттап, онда мыңғырған малдың көптігін айта келіп, «Бұхара мейманының жазбалары» (1509) авторы мынадай пайымдауларға ойысады. «Бұл жердің, – деп жазады ол, – жем-шөбі аз ғана өңделгеннен кейін тіршілікке айналатын, ал тіршілік бұдан да гөрі тезірек аңға айналатын секілді болып көрінеді. Тегінде, мұның өзі солтүстік елдерінің бір ерекшелігі болса керек – бір күрделі қосылыс тез-ақ екіншісіне өтеді, өйткені олардың өсімдік текті азығы тез-ақ малға, мал адамға өтеді, ал топырақ пен су да тез арада-ақ азыққа айналатын сияқты».

НЕГІЗГІ БӨЛІМ: ҚОЙ

Дала халқы негізінен қой, жылқы және түйе өсірді, мүйізді ірі қара малдың көшпенділер шаруашылығында мәні онша емес, өйткені ол жыл бойы жайып асырауға және әсіресе қыста қар астынан азығын тауып жеуге әсте бейімсіз. Осының өзінде шаруашылық мән-маңызы жөнінен қой алдыңғы орында. Жошы ұрпағы Мұхаммед Шайбани ханның (1510 жылы өлген) сөзімен айтқанда Қыпшақ даласы көшпенділерінің басты байлығы отар-отар қой болған. Қойдың еті мен сүті тамақ болды, терісі мен жүнінен киім, аяқкиім, ыдыс және шаруашылыққа қажет көптеген керек-жарақ дайындалды. Қойдың майы мен иісті шөптердің күлінен қазақтар кір жуатын сабын қайнатты; түсі қара-қошқыл болғанымен, онымен жуғанда қандай кір болса да тап-таза болып ашылар еді. Көзімен көргендердің жазып қалдырғанындай, далалық қыпшақ қойлары төзімді, ірі, еті мен сүті өте жұғымды болған. Мысалы, XV ғасырдағы венециялық көпес, Танда (қазіргі Азов) бірнеше жыл тұрған И.Барбаро Дешті көшпенділері өсіретін малдың негізгі түліктері туралы былай деп жазды: «Бұл халық өсіретін малдың төртінші түлiгi - сирақты, жүні ұзын және он екі фунтқа дейін құйрықты өте ірі қойлар. Мен құйрықтарына арнайы жасалған арба сүйретіп жүретін осындай қойларды көрдім. Бұл күйрық майды татарлар тамаққа салады; оны сары май орнына жейді және ол тоңазып қатпайды».

XVI ғасырдың ортасында Арал теңірегі далаларында болып қайтқан ағылшын А.Дженкинсон да ол еңірдің қойлары өте ірі, құйрықтары үлкен, алпыс-сексен фунтқа дейін болады деп жазады.

XIX ғасырдың басында қызмет бабымен Орынборда және Орынбор төңірегіндегі қазақ даласында бірнеше жыл болған А.И.Левшин де қазақы (дешті) қойлардың құйрығы ерекше үлкен болатынын атап көрсетеді. Ол «тұтас қой кейде төрт пұттан бес пұтқа дейін тартады. екі пұтқа дейін май шығады; олардың ірі, мықты және биік болатыны сондай, он – он екі жастағы балалар ермек қылып, мініп алып жүреді» деп жазады.

А.Левшиннің қазақы қойлар туралы соңғы хабарына орайлас Мырза Хайдар Дулаттың Тибет туралы және тибеттіктер жайындағы адам таңданарлық әңгімелері ойға оралады. 1532–1933 жылдары ол Батыс Тибетте болып қайтқан және он жыл өткеннен кейін «Тарих-и-Рашидиде» былай деп жазған: «Тибеттің халқы екі бөлікке бөлінеді: олардың бір бөлігін йулпа, яғни «ауыл тұрғыны», енді бірін жанда, яғни «дала тұрғыны» деп атайды.

Тибет көшпенділерінің тұрмыс салты ғажап, басқа ешбір халыққа ұқсамайды. Бірінші ерекшелігі: етті және басқа кез келген тамақты шикідей жейді, ешқашан пісірмейді. Екінші ерекшелігі: олар аттарына жем орнына ет береді. Үшінші бір ерекшелігі: керек-жарақтары мен жүктерін қойларына артып алып жүреді және қойлары шамамен он екі шариғаттық ман жүк (шамамен, үш-үш жарым килограмм) көтереді. Олар соған арнап жолқоржын тігеді; оны төс айылмен таңады да, қашан қажет болғанға дейін, жазы-қысы сол қалпында қойдың арқасында жүреді. Қыста жанталар Үндістанға сапар шегіп, ол жаққа тибет, қытай тауарларын апарады. Ал Үндістаннан қойларына үнді тауарларын теңдеп алып, көктемде Тибетке қайтады. Асықпай, жол бойы қойларын жая жүріп, қысқа қарай Қытайға жетеді. Осылайша олар қойларына Қытайда теңдеген жүктерін Үндістанға жеткенде түсіріп алады, ал Үндістанда теңдеп алғандарын Қытайға барғанда түсіреді».

Әйтсе де «өз қойларымызға» оралайық. Жазбаша деректемелерде Қыпшақ даласының кешпенділерінде «қойдың көптігі» үнемі атап көрсетіліп отырады. Солай бола тұрса да, ұсақ мүйізді малды жайылымда жайып бағатын, күзететін адамдар саны тым аз болған. Мұндай адамдарды атап айту үшін ортағасырлық мұсылман авторлары әдетте парсы-түркінің шабан немесе шопан деген сөзін қолданады (қазақтарда қойшы деген сөз көбірек қолданылады). Шопандар көбінесе қолға түскен еріксіздер, жетім балалар және кемтар балалар болған. Шопандар дәстүрлі түрде көшпелі қоғамдағы дәрежесі ең төмендер қатарында саналған.

ЖЫЛҚЫ

Көшпенділердің өмірінде жылқының маңыздылығы туралы айтуға бола қояр ма екен. ІХ ғасырдағы атақты араб авторы әл-Жахиздің атап көрсеткеніндей «егер сен түркінің ғұмырының ұзақтығын зерттеп, күнге айналдырып есептер болсаң, онда оның жер басып жүргенінен гөрі ат үстінде өткізген уақыты көбірек болатынына көзің жетер еді».

Шынында көшпеліні оның атынан бөлек бөліп айтуға келмейді, ол тіпті үй арасында жаяу жүрмейді. Көшпендінің үғымында ат ердің қанаты. Кезінде шығыстанушы Н.И.Веселовский (1848-1918) аңғарып, атап көрсеткен мынадай қағида да осындай ұғымның нәтижесінде орныққан: екеуара жолығысқанда екіншісіне сый-құрметін білдіргісі келгені атынан түсіп жаяулап жақындайды. Тең, тұстас адамдар ғана бір-бірімен ат үстінде отырып сәлемдесе алады.

Көшпенділер жылқыны салт міну және жүк тасу үшін ғана пайдаланып қойған жоқ, жылқы оған жесе тамақ, кисе киім болды. Бірде-бір той-томалақ, бәйгесіз, көкпарсыз өтпеді. Жал-құйрығы төгілген айғырлар бастаған үйір-үйір жылқыны тамашалау көшпенділердің көңілін көншітетін көрініс болатын.

Осы орайда «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторының қазақ ханы Қасым (1518 жылы дүние салған) айтқан деп келтіретін сөздері әбден орынды айтылған деуге болатындай: «Біз – дала тұрғындарымыз; бізде ілуде бір ұшырасатын қымбат дүние де, тауарлар да болмайды, – дейді ол моғолдардың басшысы Сұлтан Саидқа. – Біздің ең басты байлығымыз жылқыда. Етін сүйер асымыз деп әспеттейміз, терісін киім қыламыз, біз үшін ең сүйкімді сусын биенің сүтінен ашытылатын қымыз; жерімізде бау-бақша да, зәулім ғимараттар да жоқ; көңіл көтеретін жеріміз шөбі шүйгін жайылым, табын-табын жылқы; жылқыға барып небір керемет аттарды сүйсіне тамашалаймыз».

Қыр жылқысы күй талғамайтын, ерекше төзімді болды, сірі қар мен мұз астынан өз қорегін тауып жеп, жыл бойы аяғынан жайылатын жағдайға бейімделді. И.Барбароның сөздерін келтірсек, «дешті жылқылары тағаланбайды, аласа келеді және сұлы жемейді. Қазақтардың жылқыларын А.Левшин де осы тақылеттес сөздермен сипаттайды: «олар аса биік емес, керім келістілері де аз, түстері сан түрлі, бірақ қылаң түстілері көбірек». Бұл орайда оның айтуынша Қазақ даласының солтүстік бөлігінде жылқы көбірек, әрі оңтүстік бөлігінің жылқыларынан көрі ірірек болады.

Жылқы тұқымының жегін көлікке, салт мініске бейімделген түрлері және сәйгүлік-арғымақ тұқымдары өсірілді. Деректемелерде Дешті Қыпшақ елі асыл тұқымды жылқы өсірмейді. Сондықтан таза қанды ұзын мойын сәйгүліктер Қыпшақ даласында әлімсақтан көп болмайды деп атап жазылады.

Моғол ханы Сайд «Тарих-и-Рашидидің» болашақ авторына өзінің 1513 жылы қазақтың Қасым ханының ордасында болғанын былайша әңгімелеп берген:

«Біз барғаннан кейін хан бізге бүкіл малы мен жылқыларын көрсетіп тұрып:

– Менде бір өздері бүкіл табынға бергісіз екі ат бар, – деді». Ол екі атты алып келгізді де. Сұлтан Саид кейін Мырза Хайдарға ол екі аттай керемет аттарды өмір бойы көрмегенін бірнеше мәрте айтып жүріпті. Аттарды алып келгеннен кейін Қасым Саид ханға былай депті:

–Дала адамдарына атсыз күн күн емес; мына екі ат мен үшін ең сенімді, ең лайық аттар. Екеуін бірдей тарту ете алмаймын, бірақ ең қадірлі мейманым болғандықтан, қай ұнағанын таңдаңыз, оған ризамын, тек біреуін өзіме қалдырыңыз».

Қасым хан екі аттың да қасиеттерін сипаттап айтып берген. Сұлтан Саид хан біреуін таңдап алған. Бұл аттың аты «Оғлан-Тарұқ» екен. Мырза Хайдар Дулаттың жазғанына қарағанда, ол да мұндай керемет атты ешқашан көрмеген.

Көшпелі мал шаруашылығында жылқы табында жайылып бағылады. Бір айғырдың үйірінде әдетте он екі – он бес бие болады. Үйірдегі жылқы ішіндегі айғыр шашау шығармайтын бақташы іспеттес болады деуге келеді. Егер үйіріндегі қайсыбір бие басқа айғырдың үйіріне қосылып кетсе, айғыр оны қайтып өз үйіріне жолатпайды. Бірнеше үйір, әдетте үш үйір, яғни үш айғыр мен қырық-елу бие бір табын болады. Орайы келгенде айта кетейік, түркі-монғолдың табын деген сөзі жалпы алғанда, саны қырық-елу шамасындағы қандай болсын топты атауға қолданылады. Ел көшкенде не мал айдағанда бірнеше, әдетте, үш табыннан бір үлкен табын құралатын. Әрбір шағын табынға бір табыншы тағайындалады. Табынның үш түрі болған. Жазбаша деректемелерге қарағанда, табыншыны келебан, улақшы, ақташы, жәмші деген секілді сөздермен атаған; қазіргі қазақ тілінде жылқы табынын бағатын малшыны жылқышы деп атайды.

ТҮЙЕ

Көшпенділердің шаруашылығында түйе өсіру маңызды орын алды, көшкенде және жүк тасығанда түйе таптырмайтын көлік болды. Ибн-Рузбиханның жазғанына қарағанда бұл түлік өгіз секілді дөңгелек арба-үйлерді алып жүру үшін пайдаланылды. Бұған қоса түйе жүнінен киім тоқылды, ал жұғымды әрі сіңімді түйе сүтінен қымызға барабар сусын – шұбат дайындалды. Дешті Қыпшақ көшпенділері қос өркешті түйе өсіретін. Ал бір өркешті түйелер (нарлар) дештіліктерде сирек болатын, өйткені, делінеді деректемеде, «өз жерінің климаты олар үшін тым қатаң деп санайды» және қос өркешті түйелеріне де қақаған аязда жабу жауып ұстайды.

Түйе бейбіт тіршіліктің белгісіндей болды. Бұл елде, деп жазды Дешті Қыпшақ туралы А.Дженкинсон «Орта Азияға саяхатында» (XVI ғасыр) бейбіт адамдар түйелері көп керуендермен ғана жолға шығады, сондықтан түйе ізі жоқ, жылқы өткен жаңа іздер қашан да қауіптің хабаршысындай болып көрінеді.

Айтқандай, керуен турасында. Керуен деген бір-біріне тіркестірілген түйелер тізбегі (қатар). Әрбір шағын керуеннің бір қоңырауы болды. Басқаша айтқанда, керуен дегеніміз бір-біріне тіркестірілген, қатарында металл қоңыраудың күмбірі естіліп тұратын түйелер тізбегі, әдетте бұл жеті-сегіз түйесі болатын тізбек. Үлкен керуеннің ондаған, кейде төрт жүз-бес жүз, тіпті одан да көп түйесі болатын. Түйе айдаушылар (түйекеш, денеджи) керуенбасына (түркіше – керуенбасы, парсыша: керуенсалар, кафелесалар бағынды. Керуен жетекшілері адалдығымен, беделділігімен танымал адамдардан таңдалды; олар түйе айдаушылардың адалдықтан айнымайтындығына көпестер алдында кепіл болатын. Керуеннің басында, алдыңғы түйемен жүріп отыратын керуенбасы жолдың дұрыс болуына, көлік шалдыратын және қоналқа жердің таңдалуына, керуен тоқтаған жерлерде түйелердің азықтандырылуы мен суарылуына бас-көз болды; түйе айдаушылар арасындағы кикілжің-керістерді де керуенбасы жайғап-реттеп отырды.

Қой, жылқы және түйе өсірумен қатар дештіліктер мүйізді ірі қара мен ешкі де өсірді. Алайда бұл түліктердің шаруашылықтағы маңызы оншалық болған жоқ.

Пайдаланылған әдебиет: Тұрсын Сұлтанов: Алтын Орда. – Астана: «Мектеп» баспасы, 2018 жыл.

Сұлтан МҰСТАФИН,
...