0 дауыс
1.2k көрілді
Cөздердің синонимін, омонимін, антонимін табыңыздаршы?

1 жауап

0 дауыс

Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер антонимдер деп аталады. Мысалы, елгезек бала – тілазар бала, шабан ат – жүрдек ат, іскер адам – олақ адам, жақсы мінез – жаман мінез, қисық ағаш – түзу ағаш, тату көрші – араз көрші, т.б. Тілімізде антоним сөздер мақал-мәтелдерде, жұмбақтарда көп кездеседі. Мысалы, Ащы мен тұщыны татқан білер, алыс пен жақынды жортқан білер. Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір, т.б. Осы мысалдардағы ащы-тұщы, алыс-жақын, аз-көп сөздері – мағыналары бір-біріне қарама-қарсы айтылған антоним сөздер.

Омоним – сыртқы тұлғасы: айтылуы, естілуі, жазылуы бірдей, мағыналары әртүрлі сөздер. Сыртқы тұлғасы жағынан омоним сөздер мен көп мағыналы сөздер ұқсас болып келеді. Омоним болудың негізгі белгісі сөздердің арасында мағыналық байланыс болмайды, яғни омоним сөздер әртүрлі мағынада қолданылады, ал көп мағыналы сөздердің арасында мағыналық байланыс болады, көп мағыналы сөздер бір сөз табынан болып, бір негізден тарайды. Мысалы, Басыңды жоғары көтеріп, аяғыңды жылдам бас деген сөйлемдегі бас сөзі омоним, себебі бірінші бас сөзі адамның дене мүшесі – не? деген сұраққа жауап беретін, заттық ұғым атауы болатын зат есім, екінші бас сөзі – не істе? деген сұраққа жауап беретін қимыл-әрекет атауы болатын етістік. Ал Талдың басына қарлығаш ұя салыпты. Жолаушылар бұлақтың басына келіп демалды деген сөйлемдердегі бас сөзі – көп мағыналы сөз, себебі 1) бір нәрсенің бастау алатын жері деген бірдей мағынаға ие болып тұр; 2) екеуі де бір сөз табынан зат есім болып тұр.

Айтылуы, естілуі, жазылуы әр алуан, мағыналары бір-біріне жақын, жуық мәнді сөздер синонимдер деп аталады. Синонимге тән негізгі белгілер: 1) синоним сөздер әртүрлі дыбысталады; 2) синоним сөздердің мағынасы бір-біріне жақын болып келеді; 3) синоним сөздер бір сөз табынан болады. Мысалы, Апатты аймаққа көмекші, жәрдемші топ келді деген сөйлемдегі көмекші, жәрдемші сөзі бірінің орнына бірін ауыстырып қолдануға болатын, мағыналары бір-біріне жақын, бір сөз табынан болған синоним сөздер. Тілімізде синоним сөздер зат есімдерде, сын есімдерде, етістіктерде және үстеулерде кездеседі.

...