Еліміздегі құпиясы ашылмаған тылсым күшке толы жердің бірі "Айқай құм" деп аталады.
Алматы қаласынан 250 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан құм төбенің айқай құм деп аталуының себебі, жел тұрған уақытта ұзыннан ұзақ жатқан құм төбеден кәдімгі сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас үннің шығуына байланысты аталған екен. Бұл құм төбе тек жай ғана ырғақтағы әуен ғана емес, тіпті жел күшейсе, оныңда дауысының күшейгені соншалық, қатты айқайды естіп бейне бір құбыжықтың келе жатқанындай қорқынышты күй кешіп, таңғаласың.
Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге сүйенер болсақ, айғай құмдағы дыбысты қара пиғылды, тұла бойы қара ниетке толы адамның құм астында қалып, жаны қиналып қысылған уақыттағы айқайлаған дауысы десе, кей біреулері дуаланған сұлудың дауысы деп жатады. Ал діндар адамдардың сенімі бойынша, таудың астында құдайдың қаһарынан қорқып тығылған шайтан жатқанын айтады. Ол жасырынамын деп құмның астынан шыға алмай қалған екен. Сол себепті далаға шыққысы келіп айқайлап, ащы дауыстар шығаратын көрінеді.
Тағы бір қызығы, бұл құмды тау өте биік көрінбегенімен төбесіне шығу оңай емес, егер осы құмды таудың басына кімде-кім қиналмастан шығатын болса, онда сол адамның барлық арманы орындалады, ал жете алмаған адам, күнәсі көп адам деген сенім-наным да бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құмды төбенің ары-бері жылжып тұратын сәттеріде бар екен, бұны естігенде, шынында бұл жердің тылсым күшке ие екендігін мойындағың келеді.