0 дауыс
238k көрілді

Бауыржан Момышұлы туралы шағын шығарма немесе эссе жазып бере аласыңдар ма?

6 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы –тау тұлға. Ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі – біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батыр Бауыржан Момышұлы – алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде. Бауыржан Момышұлы – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы, көркем бейнесі іспетті. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы жеке басы ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Баукең – әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.

Бауыржан Момышұлы – соғысты өз көзімен көрген жазушы. Ол – суреткер. Батыр Бауыржанның айтар ойы, жазар тақырыбы – соғыс шындығы. Ол өз шығармасының кейіпкері, өзінің образдарымен тұтасып кеткен тұлға. Барлық оқиғалардың бел ортасында өзі болғандықтан автор әнгімені өз атынан айтады. Ол сырт бақылаушы емес, белсенді қатысушы.

Қазақтың Бауыржан Момышұлындай ұлы перзентін таныстырып жату артық. Ел оның ерлігін, жазған кітаптарын біледі. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері де халықтың аузында жүр. Сөйтсе де сол сөздерді жүйелеп беріп, жинақтаса, ол жаңа бір сипатқа еніп, халқымыздың батыр ұлының абыздық қырын аша түседі.

Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі Баукең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. Баукеңнің нақыл сөздеріне айналған, оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп білгені, көкірек-көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ой-пікірлері.

Ал бұл ойларды жинақтап, мақал – мәтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы сияқты талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс.

Батырдың өсиет сөздерінің көбі Ұлы Отан соғысы кезінде орыс тілінде жазылған, себебі бүкіл Совет Армиясының командирлеріне арналған. Қазіргі уақытта бұл өсиеттер екі тілде де қолданысқа ие. Батырдың артына қалдырған өсиет сөздерін топтай келе, тақырып жағынан ауқымы кең екендігіне көз жеткізуге болады «Елім» деп еңірген ер ұлт, Отан, өмір, батылдық, тіл тағдыры, еңбек, оқу-білім т.б. тақырыптарда өзінің дара, дана ойын жеткізуге тырысқан. Осы өсиет сөздерінің ішінде көбірек қалам тербегені қолбасшылық, сардарлық, әскери борыш жайында жазылған афоризмдері екен.

Батырдың өзі , сегіз қырлы бір сырлы «ел деп еңіреген ер» болғандықтан, бар білгенін, бар тәжірибесін өсиет ретінде артына қалдырған. Бұл өсиеттердің зор құндылығы жан тебірентетін білгірлікте. Батыр тек қана еуропалық және ресейлік әскери ғылыммен, әскери өнерге сүйенбейді, өз ата-бабаларымыздың жауынгерілк дәстүрлеріне арқа тірейді. «Білек бірді жығады, ақыл-айла мыңды жығады», «Ер намысы – ел намысы», «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді » секілді аталарымыздың ұшқыр сөздерін Бауыржан Момышұлы орынды пайдаланған. Сондықтан батырдың өсиеттері қазақ жауынгерлеріне өте жақын, ойларына азық, бойларына қуат беріп тұрады..

Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болуы керек. Бәукең, міне, сондай адам. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. «Намысты нанға сатпа», «Ердің туы – намыс». «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тіке тұрып өлген артық», «Ұшқынсыз от тұтанбас», «Өзін сыйламаған басқаны сыйлауға қабілетсіз», «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамақ емес» т.б. сөздері жастың да, кәрінің де санасында жатталған ұлағатты сөздер.

Қазақтың сүт бетіндей қаймағы бар,

Өзіндік парасатты байламы бар

Баукеңнің ерліктері өз алдына

Елге айтқан әр сөзінің айғағы бар

Батыр, батыл, кемеңгер, кемел бабам,

Болмайды ешқашан да төмен бағаң

Талай жыл, талай ғасыр өтсе – дағы

Ерлігіңді ұмытпас келер қоғам.

Баукеңнің даңқы, рухы өзіне керек емес, ол бізге, ұлтымызға, келер ұрпағымызға керек. Баукеңнің даңқымен, рухымен, дана өсиет сөздерімен тәрбиеленген ұрпақ осал ұрпақ болмайтыны айдан анық.

Маңдайдағы наркескеннің өзісің

Ерлігіңмен, өрлігіңмен ірісің,

Халқыңменен біргесің сен, жан ата

Ұмытылмайды өнегелі ұлы ісің

Қорыта айтқанда, Бауыржандай алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік. Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, Бәукеңнің атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық.

0 дауыс

Бауыржан Момышұлы туралы қызықты 13 дерек

1. Желтоқсан айының 24 күні туған. Қыстың әбден қаһарына мініп тұратын шағында туған оның өміріне да аса ықпалы болған. Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» болғанын біреу білсе, біреу білмес.

2. Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген.

3. Әр саланың игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен. Қаржылық сауатты Момышұлы әскери саланы да тастамай қатар алып жүрген.

4. Соғысқа дейінгі жылдары әскерде өнерімен талайды тәнті еткен. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен.

5. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.

6. Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.

7. 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, т.б. ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды.

8. Қанқұйлы соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Әбілқайыр Баймолдин.

9. Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Совет одағының генералдары алдында дәріс оқыған асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр полковниктің кәсібилігін бірден мойындайды. Батыр ақын, алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.

10. Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барды. Кейін 1963 жылы тағы бірнеше мәрте шақыртумен арнайы сапармен барып қайтты. Бір айта кетерлігі, Куба елінің саяси күрескері Ф. Кастро түрмеде жатқан кезінде Момышұлының кітаптарын оқып, көзқарастарының нығаюына ықпал еткенін айтады.

11. Елге оралған соң, Қорғаныс комиссариатына (қазіргіше министрлік) басшылықтан ойы болған. Алайда елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Тіпті ректор Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған деседі.

12. Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етті.

13. Момышұлы өмірінде бірнеше рет үйленіп, шаңырақ көтерген. Алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызымен бас құрап, одан Елена Бауыржанқызы деген перзент сүйген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.

0 дауыс

Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә.

Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке ауаткомның хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады.

1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Соғыстан соң Баукең Кеңес армиясы Бас штабы жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. Ал 1950-1956 жылдар аралығында әскери академияда сабақ берген және түрлі әскери қызметтерді атқарған. Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббатың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды. Баукеңнің ерліктері жөнінде осы уақытқа дейін көптеген еңбектер жазылды. Олардың ең танымалдарының бірі белгілі орыс жазушысы Александр Бектің «Арпалыс» («Волоколам шоссесі») повесі. Бұл кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылған. Бауыржан Момышұлы туралы шығармаларды қазақ жазушылары да көп жазды. Ол туралы түсірілген фильмдер де жеткілікті. Ал осыншама көпті көрген, белді қызметтерді атқарып, үлкен марапаттардың, атақтардың иесі атанған танымал тұлғаның өзгелерге айтары, кейінгі ұрпаққа қалдырары аз болмаса керек. Оның соғыстан кейінгі жылдары айналысқан шығармашылық жұмыстары мен жазып қалдырған еңбектері осындай ниеттен туған дүниелер деуге болады. Көрнекті жазушының орыс және қаза тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды. Бұл шығармалардың барлығы да көптеген елдердің тілдеріне аударылып басылды. Осы ретте, «Егемен Қазақстан» газетінде 2008 жылы сәуірдің 4-інде жарияланған Көсемәлі Сәттібайдың «Аңыз бен ақиқат» атты мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік. «...Көзінің тірісінде-ақ өмірі аңызға айналған халқымыздың қаһарман перзенттерінің бірі Бауыржан Момышұлы туралы әлі толық айтылып та, жазылып та біткен жоқ.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Жамбыл облысына орнығып, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі атанғалы бері атқарған көптеген сүбелі еңбектерінің бірін, міне, осы батыр мұрағатындағы сарғайған құжаттарды жинақтап, көптомдық әзірлеуге байланысты жасап жатыр десек, артық айтқандық емес. Бұл үшін ғалым алдымен университет қабырғасынан Бауыржантану ғылыми орталығын ашты.... - Бауыржан Момышұлы, сөз жоқ, батырлығына қаламгерлігі сай тарихи тұлға. Әрине, көзсіз батыр емес, алды-артын ақылмен, оймен барлай білген бірегей берен. Бірақ Баукең айтыпты дегенді көп естігенімізбен, ?Офицер жазбалары?, ?Ұшқан ұя?, ?Мәскеу ұшін шайқас? және сексенінші жылдары жариялана бастаған ?Қанмен жазылған кітабымен? таныс оқырмандар батырдың мұрағатында бұлардан басқа да осыншама мол қазына қалғанын естіп, қуанып отыр. Осыған байланысты өз ой-пікіріңізді білсек деп едік.? Дұрыс айтасың. Бауыржан Момышұлы ? әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұланғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер. Оның қазақ және орыс тілінде жазылған төрт томға жуық шығармалары бүгінде қалың оқырманның игілігіне айналуда. Сондықтан, мен айтып, жазып жүрген 30 томдыққа енетін тың туындылары қайдан және қандай деректер көзінен құралмақ деген сұрағың көкейге қонады. Баукеңнің жаңадан шыққалы отырған көптомдығы негізінен ҚР Орталық архивінде, Мәскеудегі арнайы әскери архивте, облыстық, қалалық архивтерде және ұлы Бақытжан Момышұлының үйінде сақталып келе жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбаларынан тұрады. Бұған қоса жеке адамдардың қолында және өзімнің архивімде тұрған санқилы жазба деректер де бар. Бұлардың барлығы батырдың тікелей өз қолымен жазылған. - Сонда бұл құжаттар қай жылдарды қамтиды? ? Бұл Баукеңнің 1928 және 1982 жылдар аралығында хатқа түсірген дүниелері. Яғни, батыр өмірінің 54 жылын қамтиды. - Батыр Баукеңнің 1910 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келгенін ескерсек, сонда қолына 18 жасында қалам алып, ой қаузай бастаған екен-ау. ? Рас, Баукеңнің жазушылық таланты ерте оянған. Оның ?менің әкімдік карьерім ? мансабым ауылдық милиционерден басталды. Бірақ әдебиеттегі жолымды сол кездің өзінде іздей бастадым. Ол заманда біздерде қазақтың сауатты жігіттерін, жаңа өмірді орнатушыларды саусақпен санауға да болатын. Жай жағдайдың ауанына лайық біздердің ағартушы да, баспагер де, әрі жазушы, әрі редактор да болуымыз керек. Бірақ әрқайсысымыз өзімізге әуелден тәңірі тағайындаған істі іздедік?, деп, өзінің маңдайына әскери өмірдің қиындығы мен қызығы бұйырғанын еске алып, тебіренетіні бар. Сұрап қалған екенсің, айтайын, мысалы, Баукеңнің тырнақалды тұңғыш очеркі 1928 жылы Жуалы ауданының (ол кезде Жуалы, Түлкібас, Сайрам ауданы бір) ?Социалистік мал шаруашылығы? деген газетінде ?Тау сағыз бен көк сағыз? деген атпен жарияланды. Осы очеркінің өзінде-ақ Баукеңнің қалам сілтесі, сөз саптауы жұп-жұмыр келіп, келешектегі жазушының табиғи болмысы елес беріп тұрады. Бірде інілік ізетпен: ?Бауке, баспасөзде тұңғыш жарияланған шығармаңыз қандай еді?? деп сұрағанымда, ?уақыт талабына үн қосып жазған шығармасымағым осы очерк болатын? деп айтып еді. - ?Тау сағыз бен көк сағыз? дегені не сонда? ? Бұрын елде резіңке деген бұйым тапшы болған. Сол кезде біздің жақтың басшылары еңбекшілерге бір арнайы шөп өсіртіп, содан резіңке айыратын. Небір замандар өтті ғой қазақтың басынан. Өзің сияқты мен де тұңғыш очеркінің жай-жапсарын Баукеңнен сұрағанымда осылай деп күліп еді. - Бірақ Баукең бір жағынан Кеңес өкіметінің саясатының ықпалы бар, екінші жағынан әскери қызметтің темірдей тәртібі бар, кезінде орыс тілінде өндіре жазған сияқты ма, қалай? ? Иә, бүгінде аса құнды рухани мұраға айналып отырған Баукең жазбаларының басым бөлігі орыс тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Бірақ бұдан ол кісіні тек қана орысша ойлайды екен деген ой туындамауы керек. Айтарының бәрі, сайып келгенде, Алаш пен ұлттың мүддесі, халық рухының еркіндігіне келіп тіреледі. Көркем шығарма болсын, тарихи-деректі дүние болсын, қазақ және орыс тілінде еркін жаза білетін жазушы ол кезде некен-саяқ болса, соның бірі Баукең еді». Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі» сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Кеңес одағының батыры" атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады.

0 дауыс

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында туған (Бұрын Шымкент облысымен бірге болған).Ұлы жүз, Дулаттан тараған Шымыр руынан,Шымырдан-Шілменбет-Құлый.

Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі. 

1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев және Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері-Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери мамаң ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді

0 дауыс
Бауыржан Момышұлының сырт келбеті қандай?
0 дауыс
«Ұлтын сүю - ұлтшылдық емес, ұлтжандылық» Бауыржан Момышұлы Отансүйгіштік сезім Отанға, туған жеріңе, өскен ортаңа деген сүйіспеншілік. Ұлтыңды құрмет тұту, тарихтан, ана тілден ажырамау – бұл жас ұрпақтың бойына сіңіретін қағидалар. Анығы, ұлтыңды сүюге тәрбиелеуі керек. Жалпы, ұлттың мақтан тұтар дүниесі – кімге болса да бұлжымайтын әрі қасиетті заң болуы тиіс. Ұлттық мақтаныш – ұлтшылдық пен шовинизмге қайшы: салт-дәстүр мен тілді сақтап, рухани даму және қоғамды жаңғыртуға, сонымен қатар, тәуелсіздікке қол сұғушылар мен басқа этникалық топтарды қорлауға тыйым салады. Патриотизм дегенде ең әуелі батыр Бауыржан Момышұлы еске түседі. 1943 жылы жарақат алған даңқты қолбасшы оңалту кезінде Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаевтың бастамасы бойынша Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенциясымен бірқатар кездесу өткізеді. Бір апта бойы Б.Момышұлы соғыстағы адам психологиясы жайлы лекция оқыды, бұл 1990 жылы шыққан «Психология соғысы» кітабының негізіне айналды. Туындыда патриотизмге терең әрі жан-жақты анықтама берілген. «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын, өзіңнің мемлекетке тəуелді екеніңді сезіну, мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау; қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен жəне болашағымен қарым қатынасын біріктіреді», – десе, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз», – деген болатын. Шынымен де, патриоттық тәрбиенің орны ерекше. Мұның ішінде әскери патриотизм тәрбиесі жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, ұлттық армия сапында адал қызмет атқаруға, Отан қорғауға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Жалпы, патриотизм ананың сүтімен бірге қалыптасатын құдіретті сезім. Бұл ел мен жерге, тіл мен мәдениетке сүйіспеншілікті арттырып, ұлттық құндылықтарға ұлықтауға бастайды. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың патриотизмді «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде – бір ұлтпен қарама – қайшылық туғызбау» деген ойы көңілге еріксіз оралады. Десе де, патриотизм өздігінен қалыптаспайды. Отансүйгіштік атты асыл қасиет бірқатар дүниені танумен пайда болады. Ең әуелі төл тарихты, екінші, ана тілін білу маңызды. Үшінші, бабадан балаға жалғасқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты білмек керек. Төртінші, тарихтан сабақ алып, тағылымын сақтау, дамыту. Бесінші, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру. Бұл ретте, «Отанды сүю отбасынан басталады» демекші, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор екенін айтпай кетуге болмас. «Еліңді сүйсең ерлік істейсің», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» т.б. мақал- мәтелдер сөзімізге анық дәлел. Мектеп қабырғасындағы патриоттық сезім Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеп құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеуден көрінеді. Әр оқушының еліне деген патриоттық рухты қалыптастыру үшін аға ұрпақтың Отан үшін жасаған ерлік, батырлық істерін жете түсіндіру – ұстаздың міндеті. Ерлігі мен өрлігі ел аузында қалып, өшпес ерлігімен аңыз болған ұлттың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсеновтердің ерлік істері өскелең ұрпақты патриоттық сезімге баулитыны сөзсіз. Патриотизм кіндік қаны тамған жерге деген құштарлықты,перзенттік махаббатты да білдіреді. Былайша айтқанда, ұлт патриоты білімі жоғары, көп білуге құштар, білімі мен білігін ең алдымен өзіне, содан кейін әке-шеше, отбасы, туыс-бауырларына, елі-жері жұртының игілігіне жұмсайтын ізденімпаз заманауи тұлға.

Ф.ҚОЗЫБАҚОВА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, ғылыми жоба жетекшісі.

Назерке Усербай,

филология және әлем тілдері факультетінің студенті.
...