0 дауыс
21.9k көрілді
"Көркем əдебиет-қоғам өмірінің айнасы"деген Қайрат Жұмағалиевтің пікірінің мазмұнын ашыңдар?

3 жауап

0 дауыс

Көркем әдебиет

Қоғамдық сананың айрықша саласы-өнер; өнердің жалпы адамзат мәдениетінен алатын орны өзгеше, адамдардың парасат дүниесінде атқаратын қызметі орасан. Өнердің бірнешеу құралы-бояу, әншінің құралы-үн, бишінің құралы-қимыл болса, әдебиетішінің құлаы-тіл. Демек, әдебиет-сөз өнері.

Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиетті-көркем әдебиет.

Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері нақты, затты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебит кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылтып, құлпыртып көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін-бас өнердің бас, «өнер атаулының ең қиыны және күрделілісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, халқымыздың «өнер алды-қызыл тіл» деген қағидасы да соны растайды.

Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, солардың өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне ықпал етеді.

Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді…Қысқасы, адамның көңіл-күйінде сан сапа құбылыстартуғызып, із қалдырады. Бұл әдеби шығарманың, яғни көркем әдебиеттің эстетикалық әсері, оның таным, тәрбие тарапындағы мәні де осыған негізделген

Кітап және симфония, сурет немесе, мүсін не туралы деген сұрақтың жауабы бір-ақ: адам туралы, адамның әсемдігі мен асыл қасиеттері туралы адам рухының керемет күші мен қасиеті жайлы… Өнер дүниесінің (туындысының) бәріне ортақ мазмұн-адамның ойы, арманы, құштарлығы, мұраты; өнер туындысының қай түрі болсын, әрқайсысы өз тілінде өмірдегі, қоғамдағы адам тіршілігінің мәні мен мағынасын паш етеді.

Адам тағдыры-жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді тунадың өзгеше тәсілі.

Болмыстың көркем көрінісі мен адамды нақты қимыл-әрекет үстіндегі жанды бейнелеу-тек сөз өнерүінің ғана еншісі. Бейнелеу құралы-тіл. Тіл арқылы сөзбен сурет жасалады, яғнио кез келген көркем шығарманың тілсіз өрілуі мүмкін емес.

Көркем әдебиеті тілі-әдеби тілдің ауқымында жасалғанымен, ұғымдық аясы одан әлдеқайда кең. Бұл-оның шығармашылық қызметінен, образды бейнелеуші, кейіпкерді мінездеуші сипатынан туындайды. Өзінің осы ерекшелігіне орай көркем әдебиет тілі екінші және басты ерекшелікке-жалпы халықтық тілдің барлық қабаттарын (диалектілерді, жаргондарды, кәсіби сөздерді) керегінде қамтитын синтетикалық тұрпатқа ие болады.

Көркем әдебиеттің тілі-тіл мәдениетінің, тілдік талғамның ғана тарихы емес, қоғамдық өзгерістердің, әлеуметтік психологияның да тарихы. Өйткені жалпы ұлттық тіл мәдениеті аясында жасалған әр кезең әдебиетінде сол әдебиетті тудырған уақыт ерекшеліктері өзіне тән сөз саптау стилі арқылы таңбаланады.

Әдебиеттің пәні-адамның өмірі, қоғамдық қарым-қатынастар мен алуан түрлі қоғам өміріндегі құбылыстар, өз мінез-бітімімен дараланып көрінетін жеке адамдардың тағдыры. Әдебит қоғам өміріндегі сан қилы шиеленіс, тартыстарды, қақтығыс пен күресті бейнелейді. Сондай-ақ саяси, экономикалық, моральдық тағы басқа талай мәселелерді қорғайды. Алайда оларды дербес талдап кетпей, адамның тағдырын көрсету, кейіпкердің іс-әркетін, мінез-құлқын ашу қажеттілігіне орай, белгілі мөлшерде баяндайды.

Жазушы кейіпкерлер өмір сүретін, әркет ететін қоғамдық ортаны, жағдайды нақты бейнелейді, олардың іс-әркетінің, мінез-құлқының белгілі тарихи жағдаймен байланысын айқындап береді. Әдебиет өмірді көрккем образ арқылы бейнелейді, адамның дараланған характерін жасау, жеке оқиға, жағдайларды суреттеу арқылы қоғамдық өмірдегі аса маңызды заңдылықтарды ашып береді.

Қоғамдық өмірде әдебиет қозғамайтын мәселе, назар аудармайтын жағдайлар аз-ақ, жоқтың қасы. Алайда әдебиет алдымен адамның тұтас тұлғалы бейнесін көрсететін болғандықтан, қоғамдық өмірдегі қай мәселеге болсын эстетикалық қатынас тұрғысынан қарап, оны шығармадағы көрсетілетін нақтылы өмірлік жағдайларға орай бейнелейді. Көркем шығармада өмір құбылысы, оның әр түрлі ерекшеліктері тұтас көрсетілсе де, ненің маңызды, мәнді екені айқын ажыратылып, дәл танылады. Уақиғалардың, адам бейнесінің әдебиетте нақтылы сереттеледі, оқырманға өмірдің өзін көріп отырғандай әсер беріп, шығарманың ой-сана күшті ықпал етуіне мүмкіндік береді. Әдебиетте қоғам өмірі, тарихи даму пройесі үнемі алға қарай бастайтын тура тартылған жол сияқты болып жатпайды, қайшылығы мол қиын жағдайлар, қақтығыстар, адамдардың тағдыры арқылы көрінеді. Жекелеген жағдайлар, сан түрлі адамның өмір-тағдыры арқылы жазушы қоғамдық заңдылықтардың, әлеуметтік құбылыстардың сырын ашып береді.

Әдебиет адамның байқағыштық, сезімталдық, көркем ой-қиялдан ләззат ала білу секілді қабілеттерін күшейте түседі, эстетикалық сезімін байытады. Әдебиет адамды биік қоғамдық идеялдар, зор арман-мұратарға жетелейді. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, табандылыққа баулиды, адалдық үшін күресуге жігерлендіреді. Оқырман әдеби шығармадан әлеуметтік мәселелерге жауап-шешім іздейді. Ендеше, көркем әдеби шығарма өзінің үлкен қоғамдқ, тәрбиелік маңыздылығымен де эстетикалық сезімімізге әсер етіп, өмірдегі адамның бойындағы, мінезіндегі, әдемілікті, әсемдікті қалай түсіну керектігін үйретеді.

А.Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқышы», ең алдымен, сөз өнерінің табиғатын, өнердің басқа түрлерінен айырмашылығын, артықшылығын сөз етеді.

…Сөзбен сымбаттаудың я кескіндеудің үлгісін көрсету үшін автор Абай өлеңдерінен мысалдар келтіреді. «Әдебиет танытқышта» ауыз әдебиетінің ең шұрайлы, ең бейнелі, мазмұны мен көркемдігі бай үлгілерін пайдаланған. Ағартушы өз айтқандай, «адамның насихатшысы» ретінде қазақ халқының көркем ойлау жүйесіндегі рухани қадір-қасиеттерге, жақсылық пен жамандық тартыстарына, ерлік пен батырлқ істерге, бірлік пен ынтымақ, сұлулық сырларын бейнелеген үлгілерген көбірек көңіл бөлген.

…ауыз және жазба әдебиеттің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық, әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөледі.

Әдебиет-сөз өнері

Суреткерге тән ерекшеліктер

Сезім. Нәзік сезімталдық

Бақылау. Жіті бақылағыштық

Қиял. Творчестволық фантазия

Интуиция. Сезімталдық

Өмірбаян. Тәжірибе молдығы

Парасат. Сананың саралығы

Шеберлік. Өнердегі шын шеберліккеапарар жол-еңбек. Шеберлік шексіз.

Шабыт. Шалқыған шабыт болмаса, шеберліктенде ештеңе шықпайды. 

Суреткерлік сипаты оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен басталады. Демек, оның жеке өз басының дара асиеті, оның рухани жан дүниесі, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескіні, дүниетанымы мен қоғамдық қызметі, білімі мен мәдениеті бір-бірімен ұштасып, бірін-бірі толықтырып, нағыз суретекердің өзіндік болмысын танытады.

Әрбір өнер адамының бәрінен бұрын жаны сұлу, адамгершілігі мол, мінезге бай, білімі терең және мәдениеті биік болуы керек.

Суреткер-өз дәуірінің перзенті, сондықтан ол-қоғғам қайраткері, өйткені қаламгерлік-қоғамдық іс. Әдебиеттің қоғамдық мәнін сөз еткенде, оның танымдық маңызын аттап өту мүмкін емес. Көркем шығарма адамға өмірді танытады, таныта тұра тәрбиелейді. (М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармасы туралы камерун жазушысы Бенжамен Матиптің пікірін келтіру) көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, тұрмыс-тіршілігіне әсерін тигізеді. (М.Өтемісұлынан, С.Мұқановтан, М.Мақатаевтан, Ә.Нұршайықовтан мысалдар айту)

Көркем әдебиеттің құдіретті күшін, немес, оның өмір таныту, атәрбиелеу жапйын ғана емес, күллі қоғамдық өзгертушілік қасиетін түсіну үшін, оның эстетикалық тбиғатын тану қажет. Эстетика-жан тебірентер, адамды баурап алар әсем әсер. Әдеби шығарма аамның күллі ой-қиялын, сыр-сезімін түгел баурап алар әсем әсері. Әдебиеттің әлеуметтік мәнін, оның қоғамдық-өзгертушілік күшін осы тұрғыдан түсіну шарт.

Сөз өнері-қоғамдық сананың әрі күрделі, әрі орасан маңызды саласы. Қоғамдық сана (идеология)-белгілі бір таптың мақсат-мүддесіне сәйкес көзқарастар жүйесі. Демек әдебиет-қондырма, яғни қоғамның белгілі бір дәуіріндегі экономикалық құрылысына, базиске негізделеді. Әр дәуірдің әдеиетінде сол дәуірдің ізі сайрап жатады, онда қоғамдық құрылыстағы іс-әрекеттерді даттау не жақтау болады; олардың дамуына ықпал жасайды, я құлдырауына әсер етеді. Демек, әдебиет-тіл сияқты бірнеше дәуірдің жемісі, емес, бір ғана дәуірдің жемісі. Тіл-бәріне ортақ және бейтарап.

Әдебиет-мәдениеттің бір бөлігі, ал мәдениет-қондырма.

Әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; көркем шығарма өзегі-шындық. Жазушы өмірдегі сан-салалы шындықтан зінің суреткерлік мақсатына керегін ғана таңдап, шығармасына арқау етеді. Ол өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Ал суреткердің бл қасиеттерін ол өмір сүріп отырған қоғамдық орта белгілейді. Ол өзі қаласын-бәрі-бір, белгілі бір «таптың көзі, құлағы мен үні» (Горький) болмақ. Демек-әдебиет таптық. Әдебиеттің таптығының жоғары түрі-әдебиеттің халықтығы.

Пайдаланатын әдебиеттер

А.Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» Кітапта: А.Байтұрсынов шығармалары. А.,1989

З.Ахметов «Өлең сөздң теориясы» А., 1973

Қ,Жұмалиев «Әдебиет теориясы» А., 1969

0 дауыс
Сынаптай жылжыған уақыт жүйрік жылдар мен арынды айлар бедерінде жалын сипатуға бірде көнсе, бірде көнбей өту үстінде. Қазақстан Жазушылар одағының ХІІІ Құрылтайы өткені күні кеше ғана сияқты еді. Содан бері де бес жылдай уақыт тарих толқындарының тасасына жасырынып үлгеріпті. Зырлаған заман биігінен көз салып қарағанда, қас-қағым ғана сәттей көрінетін осынау бес жылдың тәуелсіз Қазақстан үшін көтерген жүгінің аз болмағаны да белгілі. Бес жыл ішінде Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қасиетті қара- шаңырақтың астында да қоғамдық үдерістер мен уақыт сұраныстарына сай алуан-алуан шаралар мен іргелі істер кезең-кезеңімен атқарылып жатты. Қазақстан Жазушылар одағының ХІІІ Құрылтайы өткен 2007 жыл мен бүгінге дейінгі аралықтағы елеулі әдеби уақиғалар мен қаламгерлер өміріндегі айтулы сәттер өрнектелген дәстүрлі «Әдеби өмір шежіресі» атты жинақ жақын күндері жарық көріп, оқырмандар қолына тигелі отыр.
Біз бүгіннен бастап «Екі Құрылтай аралығында» деген айдар аясында осы кітаптан ықшамдалған үзінділерді оқырмандар назарына ұсынып отырмақпыз.

2008 жылы 28 қарашада өткен «Жаңа кезеңдегі ұлт әдебиетін дамытудың өзек­ті мәселелері» атты жазушылардың ке­зекті Пленумында оқылған негізгі баян­дама мен жарыссөздерден үзін­ділер.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқар­ма­сының төрағасы:
Тәуелсіздіктің он жеті жылы біз үшін салмағы батпан ұлттық жауапкершілік пен сергелдеңі мол сезімнің, жалпы­ха­лықтық мүдде мен тегеуріні берік тө­зімнің алмағайып сынға түскен аласапыранды тарихи кезеңі болды.
Осынау тарихи кезеңнің тағылымын қалыптастырып, танымын бекітуде рухани айдынымызда, сол санатта ұлт әде­биетінде бірқыдыру шаруаның ат­қарылып отырғанын ешкім жоққа шы­ғара алмайды. «Жоқтан ештеңе бар бол­­майды, бар нәрсе ешқашан жоғал­май­ды» деген ежелден белгілі әлем ойшылдарына ортақ философиялық тұ­жырымға ден қояр болсақ, әлемдік өріс­ке әлдеқашан желкенін жайып, он­даған ғасыр беделінде буыны бекіп, қа­бырғасы қатайған қазақ көркемсөз өне­рінің тарих авансценасындағы өз ор­­ны­нан ығыса қоймағанын аңғару қиын емес.
Қазіргі кезеңде жаһандық тұтастану жеделдей түсті. Жерүсті өркениетінің жалпы дамуын аңғартар бұл процестен тыс қалу мүмкін емес. Алпауыт мұрат­тар­дың қанаты кеңейіп, айласы қа­лың­дай түсуде. Ақпараттар ағынының екпіні тө­тенше қатты. Ұлттың болмысын таны­тар нышандарды сақтаудың өзі қай ха­лық үшін де қиын сынға айналып отыр. Сан ғасырлық тарихымызда ұлт көзінің қарашығындай қорғалып, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келе жатқан «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртының да тарихи жады, ойлау машығы, тілі мен ділі үшін күрес жалпыхалықтық сипат алар кезең келді. Ұлтты, ұлттың пішіні мен мазмұнын сақтаудың басты кри­те­рийлерінен саналар бұл ұғымдарды қор­ғау, оны алғы күндерге жеткізу, қағынан жеріген құландай ана тілі мен ата дінінен іргесін аулақтатып жүрген қайсыбір ұл-қыздарымызды өз тілінде сөйлету, өз ді­ніне бет бұрғызу сіз бен біздің – ұлт зия­лыларының, барша қаламгерлер қауы­мының қасиетті борышына айналып отырғаны ақиқат.
Қазіргі Жаңа Қазақстан жағдайын­дағы шығармашыл зиялы қауымның рөлі қандай болуы тиіс? Ұлт әдебиетінің өр­кен жаяр үлгісі мен үрдісі қай бағытты бетке алуы керек? Меніңше, бұл сауалдар бізді ғана емес елдің әрбір көзі ашық, кө­кірегі ояу азаматын мазалайтыны күмәнсіз... Азаттықтың алғашқы жыл­да­рындағы әлеуметтік теңсіздіктер мен экономикадағы бей-берекет тоқырау тұсында буырқанған толқын үстіндегі қалтылдақ қайық мінген жолаушыдай болған қалың жұртшылықпен бірге жазушы қауымы да біраз есеңгіреп қал­ғаны мәлім. Шығарма – Баспа – Кітап саудасы арасындағы байырғы қалып­тасқан желінің үзілгенін, тіршілік тау­қыметін көтере алмай, көп қалам­гер­леріміздің күнкөріс қамында кетіп, қа­­ламын қаңтарғанын, әдебиет ауылын­да тек жанкештілер ғана қалғанын қа­лай жа­сыруға болады? Осы тұста «Әде­биет өлді...» деп айқайға сүрен қосқандар да аз болған жоқ... Әдебиеттің бары мен жо­ғын түгендеп, ары мен нарына таразы болар жалғыз ұйым – Республика Жазушылар одағының да орынсыз дау мен толассыз доданың берекесіз қыспағында қалғаны күні кеше ғана емес пе еді?! Иә, жұрт еңсесі түзелді. Тәуекел айтып, на­рық экономикасына бет қойған Қазақ Елінің рухани кеңістігінде де олжалы өзгерістер өмірге келді... Әлгінде ғана біз айтып өткен «Мәдени мұра» бағдар­ла­масының өмірге келуі, Елбасының әдебиет пен өнер тағдырына алаңдап, дүр­кін-дүркін сұхбат беріп, қаламгер­лер­мен арнайы әңгімелесуі, сөз жоқ, со­ның айғағы...
Суреткерлік – Алланың сыйы. Сол қа­сиетті өзгеден бұрын әуелі өзіміз қа­дірлеуіміз керек! «Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», демей ме дана хал­қымыз?! Өзіңді сыйлата білу, өз кә­сібіңді өзгеден бұрын өзіңнің сый­лауың – үлкен мәдениет пен парасаттың белгісі. Мына бірде сынапша сырғып, бұлақша жылжып аққан, енді бірде асау ақ тол­қыны аспанға шапшып, теңіздей тең­се­лер уақыт өзінің жаңа міндеттерін әркез алдымызға тосары хақ. Сол мін­дет пен парыздың қаламгер үшін ең үл­кені ұлы Абайша айтсақ: «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы?..» деген ұлы сауалға жауап із­деу екені даусыз.
2007 жылғы өткен ХІІІ Құрылтайдан соң­ғы ауқымды жобалардың бірі – жас қаламгерлердің Баянауылда өткен рес­публикалық бірінші форумы. Бұл жобаға Президент әкімшілігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, еліміздің «Тұ­ран Әлем» секілді банктерінен бас­тап, Павлодар әкімшілігі, жеке кәсіп­керлер, қо­ғамдық қорлар атсалысты. Соның нәтижесінде бірнеше жас арнайы сый­лықтарға, гранттарға ие болды. Үш жас қаламгер Жазушылар одағының мү­шелігіне қабылданды. 30-ға тарта ба­лауса таланттың тырнақалды туындылары мемлекеттік тапсырыспен жеке-же­ке кітап болып жарық көре бастады. Осындай қомақты жобаны ұланғайыр елі­міздің тағы бір аймағында алдағы жы­лы өткізуді ойластырып отырмыз.
Жанрлық секцияларда жаңа кітап­тарды талқылау, қаламгерлердің есебін тыңдау, түрлі пікір алмасулар, баспасөз конференциялары жүйелі түрде өтіп келеді. Әйелдер мерекесіне арналған «Қыз-көктем» кеші, репрессия құрбан­дары мен Алаш ардақтыларының рухына арналған Ас өзінің мазмұндылығы­мен, сонылығымен ел есінде қалды.
Астананың 10 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Дөңгелек үстел» басын­дағы келелі әңгіме әдебиетке, көркем аудармаға қатысты талай құнды пікірлер мен орамды ойлардың тарқатылуына ықпал етті. Бұл басқосуға алыс-жақын шет­елдерден белгілі әдебиетшілер, көр­некті қаламгерлер қатысқанын сіздер жақ­сы білесіздер.
Өткен жылғы үздік драмалық шы­ғармаларға мемлекеттік гранттың бе­рілуі осы жанрда қалам тербеп жүрген әріптестеріміз үшін шын мәніндегі ынталандыру шарасы болды. Грант – көркем шығарма тудырудың ең тиімді жолы екеніне көз жеткіздік. Мемлекет тарапынан әдебиеттің басқа жанрларына да тап осындай жанды қолдау көр­сетіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Кейінгі кездері түрлі әдеби конкурс­тар, байқаулар, жыр мүшәйралары көп­теп өтуде. Әсіресе, еліміздегі аса ірі өндіріс ошағы «Қазақмыс» корпорациясымен бірігіп өткізілген бірнеше әдеби жоба қаламгерлер көңіліне қуаныш ұялатты. Алпауыт кәсіпорынның ұлт әдебиетіне мойын бұруы өз нәтижесін бере бастады. Қарсақбай мыс зауытының 80 жылдығына орай өткен конкурс драма, проза, поэзия жанры бойынша бай­қау жеңімпаздарын анықтады. Әдеби бәй­ге жоғарғы деңгейде өтті. Бәйгеде жеңім­паз аталған шығармалар аталмыш корпорация күшімен жеке жинақ болып жарияланды. Екіжақты келісім арқа­сында осы корпорация бірнеше жылдан бері үздік шығармаларға беріліп келе жатқан Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығына демеуші болып отыр. Осы игі шара үшін кәсіпорын басшылығына, іс басында отырған ұлтжанды азамат­тарға баршаларыңыздың аттарыңыздан алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер! Осы аты аталған кәсіпорынның қолдауымен алдағы жылы Қазақ балалар әдебиеті ан­тологиясының екі томдығын (проза, поэзия) шығару жобаланып отыр. Балалар әдебиетінің озық туындыларын анықтаған дәстүрлі «Дарабоз» конкурсын да осындай санаттағы игі шара еке­нін атап айтуға тиіспіз.
Құрылтайдан бергі уақытта Жазушылар одағы басқармасының секретариаты өз жұмысын ізденіспен, ыждаһат­пен атқарып келеді. Осы уақыт ара­­­­лы­­­­ғында Астана филиалының өзі 40-қа тарта шара өткізіпті. Соның ішін­д­е Алаш арыстарына берілген Ас, «Бей­жің» жұлдыздары» жыр кеші, «Шәкәрім оқулары», «Ел тірегі – Астана» әдеби ке­ші, «Әлем әдебиеті» журналының алғаш­қы санын талқылау сияқты мағы­налы, мазмұнды шаралар жүзеге асты.
Мәдени-әдеби өміріміздегі жаңалық атаулыны, өмірімізге енген өзгерістерді қоғам дамуындағы жаңғырулардан бөле-жара қарауға болмайды.
Әдебиет – қоғам өмірінің айнасы. Әр дәуірдің өз ойы, өз сөзі, өз қуанышы, өз мұңы әдеби шығармалардан көрініс тауып жатуы – өмір талабы, уақыт үрдісі.
Жаңа қоғам, жаңа кезең көркем әде­биетімізден уақыт алға тартар міндеттер үдесінен шығуды жүктейді. Әсіресе, жаңа Қазақстан жағдайында әдебиетке қойылар талап уақыттың көш-керуе­ні­мен бірге салмақтанып, дараланып, саралана түсуде. Көркемдіктің көрігінен шыққан уақыттың бел баласындай ойлы туындыны оқитын қазақ оқырманы азайды десек қателесеміз. Оқырман азайған жоқ. Кітаптың таралымы азайды. Кітап саудасының қара көрігін үр­лейтін кітап дүкендері мен кітапханалар азайды. Биліктің жомарт көңілі бәсең­сіп, тығырықтан шығар жол іздеушілер­дің пейілі азайды. Айтып-айтпай не ке­рек, осының қай-қайсысы да ықылас түзу болса, арнасын, ағысын табар, ше­шілу мүмкіндігі бар мәселелер... Өкі­ніш­ке орай, ықыластың ақ желкенін жая алмай келе жатқан жоқпыз ба?! Жанға бататыны сол. Бүгінгі кезеңнің бүтін сөзін айтар туындыны өмірмен өзек­тестіре өр­нектер кез келгенін іштей өзі­міз де мойын­даймыз. Міне... Бүгін де сол қо­лы­на қалам ұстаған қауымды қобал­жытар тақырып әңгімемізге арқау болып отыр... Жаңа дәуір бізге не берді? Ұлт арманы мен қуанышы болған тәуе­лсіздік тарту еткен ой мен сана бостан­дығын ел игілігіне қалай пайдаланып отырмыз? Дәуір адам баласына тән қуа­ну, жек көру, шаттану, қайғыру тәрізді құбылыстарға қандай жаңарулар енгізді? Тас-талқан болған тағдырлар мен өзегін өзгерістер­дің өрті шалған, біреудің тасын өрге домалатып, енді біреудің басынан бағын ұшырған ұлы дәуірді көр­кемдіктің кемел елегінен толық өткізе алдық па?! Бұ­рын­ғыша жазу мүмкін емес, жаңаша жазу қиындық тудырар бүгінгідей жұмбағы мол, сырға сараң ке­зеңде қайтсек көркем әдебиеттің кө­сегесін көгерте аламыз? Осындай сан-сапалақ кәсіби сауал­дардың жауабын іздеп, сарсаңға түскен суреткер ойы мен санасына қол ұшын берер құдіретті күш бар ма?
Айналып келгенде, бәрі өлшем дей­тін кірпияз ұғымға тіреледі. Кез келген ұлт мәдениетінің негізгі өлшемі сол ұлт­тың көркем сөзі, кестелі ойы екені еске түседі... Ұлт өмірін өзі өмір сүріп отырған уақыт шындығынан іздеуіміз керек. Жаһандану жағдайындағы ел өмірінің көлеңкелі, күнгейлі ақиқатын толымды, толық суреттей отырып, тәуелсіздік дәуірінің кескінін, бейнесін жасау – бү­гінгі суреткердің басты парызы. Суреткер міндеті – нәзіктің нәзігі... Қиынның қиыны... Қиын істен қиялап жүріп, жол табу, нәзік міндетті нәшіне келтіріп ат­қару – біздің пешенемізге жазылған мех­­наты мол бақыт. Суреткер бақыты! Жаһандануға жем болмау, ұлттық дәс­түрлерімізді жоғалтып алмау, сөйте тұра адамзатқа ортақ сауалдар үдесінен шығып отыру. Міне, көркемдік өлшемнің басты мұраты – осы!
Осы өлшеммен таразылар болсақ, бү­гінгі отандық баспа «рыногында» шет­елдік, ең алдымен, ресейлік әде­биет­тің шектен тыс басымдық алып отырға­ны бізді алаңдатады. Қазақстандық және шетелдік әдеби шығармалардың рес­пуб­ликалық кітап саудасындағы өзара са­лыс­­тырмалы түрдегі мөлшерінің ара қа­ты­насы 11 мен 89 пайызды құрайды екен. Бұл билік институттарынан бастап, баршамыздың ойлануға тиіс мәселеміз. Бұл жағдай коммерциялық табыс тұрғы­сынан ғана қарап қазақстандық автор шығармаларына қолдау көрсетудің нақты тетіктерінің жоқтығынан туындап отыр. Құзырлы құрылымдардың әде­биетке жұмсалатын қаражаттың қайтарымы болатынына күмәнмен қа­рауы кітап нарығы механизмінің дұ­рыс жұмыс істеуіне кедергісін келтірмей отырған жоқ.
Шығармашылық қауымның ел өмі­ріндегі шешуші мәселелер бойынша қо­ғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлі өз деңгейінде емес. Қаламгердің белсенділігі оның қоғамдағы орнын анық­тар фактор екенін үнемі есте ұстай бермейміз...
Ұлттық әдебиет – халықтың сана-сезімінің, оның ана тілімен байланы­сы­ның, тілді дамытуда атқаратын рөлінің айқын көрінісі. Әдебиеттің тағдыры тіл тағдырына тікелей тәуелді екенін сөз­і­міздің басында айттық.
Ұлт әдебиетінің жемісті түрде дамуы үшін, ең әуелі, қолайлы тілдік ортаны қа­лыптастыру қажет.
Отандық әдебиеттің өз деңгейінде дамуы өзге де құндылықтармен, мем­лекеттік, қоғамдық және дүние­жүзілік ру­хани жетістіктермен тығыз байланыс­та болатыны кәміл. Тіл дамыту тандемі тұрғысынан қарағанда тілдік орта – ха­лықтың бүкіл шығармашылық тәжі­рибесін шоғырландыратын қасиетті фак­тор екені даусыз. Осының өзі, мемлекет пен қоғамның өз әдеби мұрасына және бұл саладағы мол мүмкіндіктеріне де­ген көзқарасын қайта қарауы, ұстанып отырған бағытын қайыра екшеуі аса қа­жетті пісіп жетілген мәселе екенін аң­ғартады.
Қалай болғанда да, жаңа кезеңдегі ұлт әдебиетін дамытудың түйткілі мол сәттері мен түйінді тұстары жетерлік.
Жаһанданудың жайы ұрып, жасыны ойнап жатқан кезеңде, сөз жоқ, төрткүл дүниенің иесі – жұмыр бас пендені алаң­датар сұрақ-сауал мол. Жауап іздеу – бәрімізге парыз. Ең бастысы, бұл кезең кез келген халықтан, ең әуелі, ұлт тұтас­тығы мен ұлттық мұрат бүтіндігі үшін бір анадан туғандай ұйысуды талап етеді.
Сөз соңында айтарымыз: Қоғам өмі­ріндегі өзгерістер, жаңа дәуірдің қуаны­шы мен қайғысы, суреткер қауымынан қай кезде де тереңдікті, кеңдікті, ғалам­дық ойлау биігіне көтерілер шеберлікті, оқырман жүрегін баурап, жаулап алар қағылездікті күтеді.
Иә. Тылсымы көп, тұңғиығы терең, асау мінезді, мына уақыт жарықтық бізден сондай жаратылысы жаңа, жанды сөз тосуда. Көштің керуені қыр асқан сайын халқының ақыл-ойы, абыройы саналар қаламгер қауымның атқарар міндеті ауырлап, алар асуымыз биіктей түсері күмәнсіз.
Сондықтан сол міндеттің үдесінен шығып, биік асулардан сүрінбей өтуге жазсын дейік...

Әкім ТАРАЗИ:
– Менің үйіме Мәскеуде шығатын «Литературная Россия» деген Ресей жазу­шыларының газеті келіп тұрады. Содан біліп жүргенім, орыс жазушы­ла­рының өздері жік-жікке бөлініп, тіпті адам ұялатындай айтыс-тартыс, ұрыс-керісті бастарынан кешіріп келеді екен. Ең соңғы нөмірінен оқығаным Ресей жазу­шыларының төрт қабатты үйі бар еді, енді соны тартып алып жатқан кө­рінеді. Құдайға тәубә деп айтайық, олар­мен салыстырғанда біздің төрт құбы­ламыз түгел. Біраз айтыс-тартыстар бол­­ды, бірақ соның бәрі білместіктен бол­ған шығар деп ойлаймын. Мен Қыр­ғызстанда, Өзбекстанда болып қайттым. Олардың жазушылары да екіге, үшке бөлініп кеткен. Ал енді, біз қарға тамырлы қазақпыз ғой, бір-бірімізге наға­шы, жиен, аға-іні деген сияқты. Сол бір туыс­тығымыздың арқасында Жазушылар одағын ыдыратпай, сол күйінде сақтап қалдық.
Жалпы айтар болсақ, жазушы де­геніміз – ол әдебиет, әдебиет дегеніміз – тіл. Тілсіз ұлт өмір сүре алмайды, сон­дықтан біз «үш тұғырлы тіл» дегенді қ­а­былдамауымыз керек. Ұлттың да, мем­лекеттік тіл де қазақ тілі. Сол се­беп­ті, өзіміздің ана тіліміз қашанда елі­міздің қай жерінде де басым болуы керек. Ал жаңағы «үш тұғырлы тіл» дегенді – алтын тұғырлы, қос қанатты тіл деп атасақ дұрыс болар еді. Алтын тұғырлы деге­німіз – ол қазақ тілі. Ол қашанда басым тұруы керек.
Ал енді, сөзімнің соңында пленум жұ­мысына жеміс тілеп, әріптестеріме шы­ғармашылық зор табыс тілеймін.

Валерий МИХАЙЛОВ:
– Мен Қазақстанда тұратын орыс­тілді жазу­шылардың «Простор» жур­на­лының Қазақстан Жазушылар одағына қайтып келгеніне байланысты қуаныш­тарын жеткізгім келеді. Біздің Қа­зақс­танда Шы­ғармашылық одақтар арасында ең мықтысы осы Жазушылар одағы болып табылады. Оның жылжымайтын мү­ліктері, жазушылар трибунасы – басылымдары бар. Ең бір өзекті мәселе – қа­ламақы болып отыр. Үкі­метіміз ай­қай-шу көтермеу үшін жазу­шыларға болар-болмас тиын-тебен берген болады. Бірақ бұл қыруар еңбектің өтемі қайдан болсын. Енді міне, елімізде қар­жы дағдары­сы басталды. Ол кемінде он жылға со­зылады-мыс дейді. Дегенмен, үкімет бұл дағдарыстан ертерек шығамыз деп уәде беріп отыр. Экономикамыз оңалса, қа­ламақы мәселесі де шешіліп қалар деген ойдамын. Дегенмен, бір нәрсені ортаға салғым келеді. Ол кітап тарату мәселесі. Қазір жекемен­шік бас­палар көп. Олар еліміздің ірі қала­ларына шоғырланған. Бірақ кі­таптар сол қаладан сыртқа таралмайды. Кейбір авторлар кітаптарын өз қар­жы­ларымен шығарып жүр. Ал мем­лекеттік тапсырыс­пен шығарылатын кітаптардың таралымы 2000 дана ғана. Олар тек қана кітапханаларға үлестіріліп беріледі. Қазақстанда он мыңнан астам кітапхана бар екенін ескерсек, бұл кі­таптар сол кітапханалардың барлығын қамти алмайды. Қазақстанда тұратын қазақ, орыс және де басқа ұлт жазу­шы­ларының кітаптары кітап дүкендеріне түспейді. Сондықтан оқырман қауым қандай авторлардың жарыққа шығып жат­қа­нынан мүлдем бейхабар.
Енді журнал туралы бір ауыз сөз айтуға тура келіп тұр. Журналымыз небары бір жарым мың таралыммен ғана шығып отыр. Егер біз Ресейдің қалың журналдарымен салыстырсақ, адам басына шаққанда біз олардан көш ілгеріміз. Сонымен қатар, біз интернетте де өзі­міздің сайтымызды ашып, сол арқылы көптеген оқырман біздің журналмен таныс болып отыр.
Биылғы жылы біз журналымызда әдеби өміріміздегі елеулі мерейтойларды атап өттік. Соның ішінде қазақтың ғұлама ақыны Шәкәрімнің туғанына 150 жыл толған мерейтой. М.Әуезовтің «Абай жолы» романының жаңа аудармасы. Келесі жылы да оқырмандары­мыз­ды жаңа да, қызықты шығармалармен қуанта бермекпіз.
Кітапқа қарағанда біздің журналымыз ауылдағы, аудандағы жазылған әрбір оқырманның үйіне барады. Сон­дықтан ол әдебиетіміз бен оқырман­дарымызды жалғастырып отырған бай­ланыс құралы десек, артық айт­қандық емес. Алдағы уақытта да осы тұрғыда жұмыс істей бермекпіз.

Смағұл ЕЛУБАЕВ:
– Осы халықтың сөзін сөйлейтін, еш­қандай жан-жағына жалтақтамай сөй­лейтін трибуна болатын болса, ол Жазушылар одағының трибунасы. Оны жақ­сы білесіздер. Дәл осы жерде айтыл­маған сөз еш жерде де айтылмауы мүм­кін. Сондықтан біздің артымызда тұрған халық та, алдымызда тұрған билік те сол қаламгерлер қазақтың келелі сөзін айтады ғой деп тосып отыр. Әрине, бір сөйлегенде бәрін айтып жату мүмкін емес, мен бір-ақ нәрсені айтқым келеді. Мынау халқымыздың басына түскен қасірет 20-30 жылдардағы ашаршылық, өздеріңіз жақсы білесіздер, көп айтылады, көп жазылады. Бірақ, осы қасіретті ұлықтау әлі де өз дәрежесінде біздің мемлекетімізде қолға алынған жоқ. Бір­де-бір рет ресми мәлімдеме бұған байланысты қабылданған жоқ. Бір рет қана қадам болды. Қазақ Парламентінде осынау 4 миллион қазақты жалмаған ұлы қасіретті еске алатын күнді белгі­лейік деп. Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алатын күнді белгі­леді, 31 мамыр. Өкінішке қарай, ашар­шы­лық деген сөз соның бір сатысында түсіп қалды. Содан кейін, Астананың кіре берісіне репрессия құрбандарына деп белгі қойды да, қазір оны алып тас­тады. Сол жерде де ашаршылық деген сөз түсіп қалды. Осыған қарап, бір күдік келеді. Осы біз 4 миллион қазақты ұмыт­­­қымыз келе ме? Әлде, тіпті, соны ай­налып өткі­міз келе ме? Бұл не деген мас­қа­ра, әруақ­тардың алдында? Кімнің қо­лымен жасалынып жатқаны белгісіз. Неге олай болуға тиіс? Сондықтан егер тиісті орындар ұмытып кеткен болса, есіне салып отыру міндетіміз, парызымыз. Біз, осы отырған жазушылар, түгел қол көтереді ғой деп ойлаймын. 31 мамыр туралы заң қайта қаралып, соған толық­тыру енгізіліп, «ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп қайта қалпына келтіру үшін Парламент қайта қарасын деп мен өз қолымды кө­теремін. Сіздер де қарсы емессіздер ғой? Ондай болса, біздің бәріміздің ойымыздан бір хат баруға тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, ашаршылық құрбанда­рына арналған бірде-бір ескерткіш қойылған жоқ. Астанада да, Алматыда да ондай белгі жоқ. Көзі тірі қаламгер­лерге киелі де, ауыр да міндет жүктелген екен мойынымызға. Өйткені, Қазақ мемлекетінің іргесі қаланып, іргетасы қойылуда. Дәл қазір, сол іргетасты қалай қою осы зиялы қауымның міндеті. Ағайындар, бізден күтіп отырған халық­тың да, биліктің де ойында келелі сөз. Ылғи да осы трибунамыз келелі сөздің трибунасы болғай!
0 дауыс
Художественный автобиографияға қыз балаға мысал жаза ласыздарма!!!Пж
...