0 дауыс
405 көрілді
Бүгінде «теракт» десе діни ағымдар өкілдерінің бірі «салафиттер» қоса аталатын болды. Алматыдағы қанды оқиға ресми түрде теракт деп аталып, оған кінәлі — салафизмге қызығушылық танытқан деп айтылды. Ал, Қазақстандағы салафиттік ағымдағылардың нақты санын ешкім айта алмай отыр.

Мәдениет және спорт министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің айтуынша, Қазақстанда исламның салафиттік бағытын ұстанатындар санын толық ешкім білмейді. «Дәстүрлі емес діни ағымдарға, оның ішінде салафизмге тереңнен сенетіндер саны шамамен 15 мыңдай адам. Соңғы екі жылда мұндай адамдар саны қысқарды», деді ол жақында Астанада өткен пікірталас отырыстардың бірінде.
Алайда, бұл мәліметке күмәнмен қарауға тура келеді, өйткені, кейінгі оқиғаларды еске алсақ, олардың саны көбеймесе, азайды деп айтуға болмайды. Өйткені, шенеунік өзі де «бірақ бұл «айсбергтің» жоғарғы бөлігі ғана. Олар айтарлықтай көп, идеяларын тығып жүреді. Идеясынан бас тартқандармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз» деп мойындап отыр деді.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыдағы 18 шілдеде болған оқиғада полицейлерді атып өлтірген Руслан Күлекбаевтың түрмеде салафиттермен жақындасқаны туралы айтты. Түрмеде салафизм кеңінен етек жайып отыр деген мәлімет мұның дәлелі болса керек, оған қоса бұл ағым уағызшылары ғаламторда дәрістерін емін-еркін жүргізіп жүргендері белгілі. Мысалы, түрмеден жақында шыққан бір таныстарымыздың айтуынша, онда салафиттік кітаптар бар екен, жабық мекемеге олар қалай өтті деген сұрақ туындайды. Бұл жайтты, тиісті органдар тексеру қажет шығар.

Сонымен қатар, мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Айдар Әбуовтың пікірінше, қазір Қазақстанда салафиттік сайттарда 80 мың адам отырады. Оның 15 мыңы Астанада екен. «Бұл олардың бәрі белсенді деген сөз емес. Олардың ішінде тек қызығушылық танытқаны немесе енжар қатысушылар бар. Кейбір мамандар төзімді (умеренный), либералды, қауіпті емес салафизм бар дейді. Сонымен бірге, радикалдысы бар. Салафизм — бұл бір ілім. Оның бастапқы сатысын ұстанып жүргендер бар. Бірақ, бастапқы сатысындағылар олар жоғарғы сатыда өздерін не күтіп тұрғанын білмейді. Бұл – такфир мен жиһад», — дейді Әбуов.
Күні кеше, Астана прокуратурасы, Қазақстанда экстремизм мен терроризмді насихаттаған үшін 94 сайт жабылды деп хабарлады. Ол нақты қандай ресурстар екен айтылмады.

Алматыдағы оқиғадан кейін қоғамда салафизмге заң түрінде тиым салу керек деген мәселе қайта көтеріле бастады. Осыған байланысты ҚР Дін істері жөніндегі комитет бүгінде салафизм ағымының болашағын талқылап жатқан көрінеді. Діни ағымдарға тыйым салу туралы ұсынысты жасайтын да осы мекеме.

«Тыйым салу оңай шаруа емес, әсіресе, үлкен бір діни ағым туралы сөз болып отырған сәтте. Ол үшін нақты дәлелдер керек. Қазір бұл мәселемен тиісті органдар айналысып жатыр”, – дейді Дін істері комитетінде.
Ал, қоғамда салафизмнің жоғары жақта мықты арқасүйерлері бар деген пікір қалыптасқан.

«Көзiм жеткенi – елiмiзде орын алып жатқан қайғылы оқиғаларды халыққа ақпарат ретiнде таратуда қоғамда уахаби-салафи деп танылған журналистер мен блогерлер жедел және белсендi әрекет етуде. Құдды оларды IIМ немесе IIД баспасөз қызметкерлерi дерсiң… Неге? Өйткенi, олар террористердi елден бұрын айыптай отырып, терiс дiни ағымдағы адасушылар немесе уахаби-салафилер деп айтқызбауға тырысады. Ерте ме, кеш пе, олар мұртсыз сақалдылар, шолақ балақтылар, сұқ саусағын көкке шошайтқан экстремистер екенi әшкере болғаннан кейiн үндемей қалады.

Сөзiм өтiрiк болса, неге аяғына дейiн уахаби-салафилердi айыптап, оларды экстремистiк ағым деп тану туралы халықтың талабына үн қоспайды?! Алдана бермейiк, арбала бермейiк!», деп жазады белгілі «Фейсбук» қолданушысы ақтаулық Берік Дәуенов өз парақшасында.

Айта кетейік, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғада 7 адамның өмірін жұтқан терактінің артында салафилердің тұрғанын президент Нұрсултан Назарбаев та айтқан еді. Алайда, мұнымен келіспеген мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев салафилерден келетін қауіп жоқ деп сұхбат берді. Ал, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов саудиялық әріптестерімізді ренжітіп алмау үшін салафизмге тыйым салуға болмайтынын айтқан. Осыған қарағанда, салафизмнің жоғары жақта жақтаушылары бар деген сөздің жаны бар секілді.

Ал егер бұл ілімге қазақстандықтар қалай ілініп жүр деген сұраққа келсек, бұған жауапты жан-жақты іздеу керек сияқты. Жастарды теріс ағымдар қатарына итермелеп отырған діни сауатсыздық па әлде елдегі жаппай әлеуметтік әділетсіздік па? Сондықтан, бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек деген ойдамыз.

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...