Мүлік сүресі
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Сондай бүкіл әкімшілік қолында болған Алла, аса ұлы әрі Ол, әр нәрсеге күші толық жетуші. (1)
Ол сондай Алла, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан. Ол, тым үстем, аса жарылқаушы. (2)
Ол сондай Алла, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан. Рахманның жаратуында еш мүлтік көре алмайсың. Қайта көз сал. Ешбір ақау көре аласың ба? (3)
Тағы көзіңді екі қайтарып қара. Көзің саған шаршап, талған түрде айналады. (4)
Расында Біз дүние аспанын шамдар (жұлдыздар) мен безедік. Оны шайтандарды атуға жасадық. Сондай-ақ оларға жалындаған азап әзірледік. (5)
Сондай Раббыларына қарсы келгендер үшін тозақ азабы бар. Нендей жаман орын. (6)
Ішіне тасталған сәтте, оның қайнап, күжілдеген дауысын естиді. (7)
Долданғандығынан жарылып кете жаздайды. Қашан оған бір топ (қылмысты) тасталса, оларға оның сақшылары: “Сендерге ескертуші келмеді ме?”,- деп сұрайды. (8)
Олар: “Расында бізге ескертуші келді. Сонда оларды жасынға айналдырдық та Алла сендерге еш нәрсе түсірмеген. Сендер зор адасудасыңдар деп едік” дейді. (9)
“Егер біз тыңдаған немесе ақылға салған болсақ еді, бұл жалындаған тозақтықтардың ішінде болмас едік” дейді. (10)
Сөйтіп, олар күнәларын мойындайды. Ендеше, жалындаған тозақтықтар оңбасын! (11)
Дұрысында сондай Раббыларынан көрмей-ақ қорыққандар, олар үшін жарылқау әрі зор сыйлық бар. (12)
Сөздеріңді жасырсаңдар немесе әшкерелесеңдер де шәксіз Алла, көңілдегіні толық біледі. (13)
Жаратқан білмей ме? Ол тым жұмсақ, әр нәрсені толық білуші. (14)
Ол сондай Алла, сендер үшін жерді көнпіс қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер. Сондай-ақ Оның ризығынан жеңдер. Және барар жерлерің Сол жақ. (15)
Жер теңселген сәтте аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме? (16)
Немесе көктегінің сендерге тас жаудыруынан қауіпсізсіңдер ме? Ескертуімнің қалай екенін таяуда білесіңдер. (17)
Расында олардан бұрынғылар да жасынға айналдырған еді. Маған қарсы келу қалай екен? (18)
Үстеріндегі қанаттарын жайып, қомдап ұшқан құсты көрмей ме? Оларды Алла ғана тоқтатады. Сөзсіз Ол, әр нәрсені толық көруші. (19)
Сендердің Алладан өзге көмек беретін жасақтарың кім? Кәпірлер алдануда ғана. (20)
Алла ризығын тоқтатса, сендерді қоректендіретін кім? Әрине олар тоң мойындықта, жиреніп қасарысуда. (21)
Етпеттеп жүрген біреу турарақ па? Даңғыл жолда тік жүрген біреу турарақ па? (22)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезуді жаратқан. Сонда да аз шүкір етесіңдер” де. (23)
Оларға: “Ол сондай Алла, сендерді жер жүзіне таратқан және Сол жаққа жиналасыңдар” де. (24)
Олар: “Егер айтқандарың рас болса, осы уәде қашан?”,- дейді. (25)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Шын мәнінде оның мәліметі Аллаға тән. Мен ашық ескертуші ғанамын” де. (26)
Олар оны жақыннан көрген сәтте, қарсы болғандардың жүздері бұзылып кетеді. Оларға: “Міне осы сендердің тілегендерің” делінеді. (27)
(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Көрдіңдер ме? Егер Алла, мені әрі менімен бірге болғандарды жоқ етсе, немесе мәрхамет етсе, сонда кәпірлерді кім күйзелтуші азаптан құтқарады?”,- де. (28)
Оларға: “Ол Алла, аса қамқор. Оған иман келтірдік әрі Оған тәуекел қылдық. Кімнің ашық адасуда екенін таяуда білесіңдер” де. (29)
Оларға: “Көрдіңдер ме? Егер суларың құрып кетсе, сендерге, бір аққан суды кім келтіреді?”,- де. (30)
Уақиға сүресі
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атьмен бастаймын.
Қиямет уақиғасы болған кезде, (1)
Оның болуын өтірік деуші болмас. (2)
(Ол) төмендетеді, жоғарлатады. (3)
Сол уақытта жер тұтас сілкіндіріледі. (4)
Таулар мүлде үгітіледі. (5)
Ұшқан тозаңдай болады. (6)
Сол уақытта сендер үш бөлімге бөлінесіңдер; (7)
(Амал дәптері оңынан берілген) оңшылдар, нендей жақсы ол оңшылдар. (8)
(Амал дәптері солынан берілген) солшылдар, нендей жаман ол солшылдар. (9)
Озаттар алдынғы қатарда болады. (10)
Міне солар, Аллаға жақын болғандар. (11)
Жұмақта нығметке бөленеді; (12)
Бұрынғылардан көбірек. (13)
Соңғылардан азырақ. (14)
Безенген тақтар үстінде. (15)
Олардың үстінде ерсілі-қарсылы отырады. (16)
Оларға өзгермес жастар айналып, қызмет етеді; (17)
Ағып жатқан арақтан толтырылған шелектер, құмандар және кәселерменен. (18)
Ол; бас ауыртпайды да, мас қылмайды. (19)
Қалаған жемістері бар. (20)
Көңілдері соққан құс еті бар. (21)
Бота көз хұрлар бар. (22)
Сақтаулы інжу сияқты. (23)
Бұл істеген амалдарының сыйлығы. (24)
Олар жаннатта бос не күнәлі сөз естімейді. (25)
Бірақ “Сәлем, сәлем” деген сөзді ғана естиді. (26)
Оңшылдар, ол оңшылдар нендей бақытты. (27)
Олар тікенсіз сидыр (ағаштары); (28)
Жемістері үсті-үстіне шоғырланған банан ағаштарының, (29)
Созылған көлеңкенің астында болады. (30)
Сарқырап аққан су бар. (31)
Мол жеміс бар; (32)
Ешбір түгеп, үзілмейтін, ешкім қорымайтын, (33)
Биік төсектерде болады. (34)
Расында хұр қыздарын жаңадан жаратамыз. (35)
Оларды ер көрмеген қыздар етіп, жаратамыз. (36)
Күйеуін сүйгіш құрдас болады. (37)
Бұл айтылғандар, оңшылдар үшін болады. (38)
Бір топ бұрынғылардан (39)
Бір топ соңғылардан.(40)
Солшылдар, сол солшылдар нендей сұмырай. (41)
Олар ыстық бу, қайнар суда болады. (42)
Қара түнек көлеңкеде болады. (43)
Салқын да емес, жайлы да емес. (44)
Өйткені олар, бұдан бұрын (дүниеде) тоң мойын әуесқорлар еді. (45)
Зор күнәда қасарысушы еді. (46)
“Өліп, топырақ және сүйектер болсақ та шын тірілеміз бе?”,- дейді. (47)
“Бұрынғы аталарымыз да тіріле ме?”,- (дейді). (48)
(Мұхаммед Ғ.С.): “Сөзсіз бұрынғылар да, соңғылар да.”,- де. (49)
“Әлбетте, мәлім күнде белгілі орынға жиналады” (де). (50)
Сосын сендер әй адасқан өтірікшілер! (51)
Әлбетте ағаштан, Заққұмнан жейсіңдер. (52)
Одан қарындарыңды толтырасыңдар. (53)
Оның үстіне қайнар судан ішесіңдер. (54)
Шөлдеген түйеше, сіміресіңдер. (55)
Міне олардың қиямет күнгі сыйлықтары. (56)
Сендерді Біз жараттық. Сонда неге мойындамайсыңдар? (57)
Сендер тамызған мәни суын көрдіңдер ме? (58)
Оны сендер жаратасыңдар ма? Немесе Біз жаратамыз ба? (59)
Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім озалмайды. (60)
Сендердің бейнелеріңді өзгертіп, сендер білмегенді жарата аламыз. (61)
Расында бұрынғы жаратуды білесіңдер, ендеше түсінбейсіңдер ме? (62)
Ал енді еккендеріңді көрдіңдер ме? (63)
Оны сендер өсіресіңдер ме? Не Біз өсіреміз бе? (64)
Егер қаласақ, оны қоқымға айналдырар едік. Сонда күңкілдесе берер едіңдер; (65)
“Расында зиянға ұшырадық,” (66)
“Тіпті мүлде бос қалдық” (дер едіңдер). (67)
Ішкен суларыңды көрдіңдер ме? (68)
Оны бұлттан сендер жаудырасыңдар ма? Немесе Біз жаудырамыз ба? (69)
Егер қаласақ оны ащы қылар едік. Ендеше, шүкір етпейсіңдер ме? (70)
Жаққан оттарыңды көрдіңдер ме? (71)
Оның ағашын сендер жараттыңдар ма? немесе Біз жараттық па? (72)
Біз оны бір ескерткіш және жүргіншілер үшін пайдалы қылдық. (73)
(Мұхаммед Ғ.С.) Ендеше Раббыңды ұлы атымен дәріпте. (74)
Ал енді жұлдыздардың орындарына серт етемін. (75)
Егер білсеңдер, ол, зор серт. (76)
Шын мәнінде ол ардақты Құран. (77)
Кітапта (Лаухы Махфұзда) сақтаулы. (78)
Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды. (79)
Әлемдердің Раббы жақтан түсірілген. (80)
Сендер осы сөзді құр көресіңдер ме? (81)
Расында берген ризыққа шүкір етудің орнына оны жасынға шығарасыңдар ма? (82)
Ал жан жұтқыншаққа келген кезде; (83)
Сол уақытта сендер қарап қаласыңдар. (84)
Негізінде ол өліп бара жатқанға Біз жақынырақпыз. Сендер көрмейсіңдер. (85)
Ал сонда егер жазаланбайтын болсаңдар; (86)
Егер шын айтсаңдар, оның жанын қайтарыңдаршы. (87)
Ал егер өлген кісі, Аллаға жақындардан болса; (88)
Сонда оған рахатты шаттық әрі нығметті жұмақ бар. (89)
Ал енді өлі оңшылдардан болса; (90)
Саған оңшылдардан, “Сәлем” (делінеді). (91)
Егер өлі, жасынға шығарушы адасқандардан болса; (92)
Сонда оның қонақ асысы, қайнар судан болады. (93)
Әрі тозаққа салынады. (94)
Сөзсіз міне анық шындық осы. (95)
(Мұхаммед Ғ.С.) ұлы Раббыңды атымен дәріпте. (96)